Сырым ҚАШҚАБАЕВ, актер: Менің трагедиям – балаларымның орыстілділігі

Егер мен Астанада болсам, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылымдарынан қалмас едім. Себебі, ол театрдағы Абайға да, Гамлетке де, Ромеоға да, Кенесарыға да, Кебекке де сенемін. Ал бұл рөлдердің бәрінде – актер Сырым Қашқабаев. Ағаларыңды «Жас ұлан» тәрізді кинолардан да көріп жүрсіңдер. Өнерлі отбасында туған. Әкесі Әбдіқадыр – актер, анасы Торғын – әнші-музыкант. Актердің өнердегі қыры мен өмірдегі кейбір сырлары туралы сұхбаттасқан едік.
Ұлан: Сырым, қойылымдарда көбіне басты рөлдесіз. Абайды да, Гамлетті де, Ромеоны да, Хан Кенені де, Кебекті де, Қозы Көрпешті де, Дон Жуанды да сомдадыңыз. Театр фестивалінде Кенесары үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын да иелендіңіз. Театр актері ретінде тағы қандай арманыңыз бар?
Сырым: Енді келбетті бейнелерді сомдағым келіп жүр. Шекспирдің Король Лирін айталық, мәселен. Тағы бір арманым – жақсы бір көркем фильмде басты рөлді сомдау. Асанәлі ағамыздың атын шығарған «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» деген фильмдер, «Қыз Жібектегі» Бекежан рөлі. Ертеңгі күні ауыз толтырып айтатын сондай үлкен рөлім болса деймін.

Кинодағыдай жаман емеспін, жаман емеспін

Ұлан: Азды-көпті болса да, сізді кинодан да көріп жүрміз ғой. Режиссер Сұлтан Срайыловтың «Қалжасындағы» эпизодтағы рөліңіз – кинодағы дебютіңіз. «Астанаға көктем кеш келеді», «Жаным» сынды киноларға да түстіңіз. Жағымсыз рөлдерді көп ойнайтын сияқтысыз ғой?
Сырым: (Күлді) Енді оны менен емес, сол рөлге шақыратын режиссерлардан сұрау керек шығар?! Жағымды рөлдерім де бар. Мәселен, «Ұлжан» телехикаясында. Айтпақшы, «Жас ұлан» фильміндегі лейтенант Ғалымов та жақсы сипаттағы кейіпкер ғой. Қатаң сардар болса да, тәртіпке үндейді. Кейде бір кісілер де сіз сияқты байқап, «енді жаман рөлдерге түспеңізші» деп жатады (жымиып).
Ұлан: Өзіңіздің мінезіңіз қандай сонда?
Сырым: Ақыш Омаров деген актеріміз бір спектакльде жағымсыз образды сомдапты. Спектакль аяқталғанда бір көрермен ол кісіге гүл ұсынған. Сонда ол гүл берушіге «негізінен ондай емеспін, ондай емеспін» деп айтып күлдірген екен. Мен де сол сияқты «кинодағыдай жаман емеспін, жаман емеспін» деп ақталып қалайын (күліп). Өмірде өте қарапайыммын.

Кенесарыны түрікше сөйлеткенмін

Ұлан: Театр сахнасында қай образыңызды шығаруда қиналған едіңіз?
Сырым: «Кенесары-Күнім-жан» драмасында Кенесарыны ойнаймын. Осы қойылымды Түркияда түрік тілінде қойғанбыз. Үш ай дайындық жүрді. Қазақшада бір сөзді ұмытып қалсаң, орнына синонимдес сөзді айтып, жалғастырып әкетуге болады ғой. Ал түрікшеде бір сөзді ұмытсам, басқа сөзін орнына айта алмаймын. Сол үшін дәл мәтіндегідей сөйлеуге мәжбүр болдым. Сахнада жүргенде не айтып жүргенімді өзім онша түсініңкіремей, біраз әбіржідім. Сосын Шекспирдің «Гамлеті» мен Байронның «Дон Жуанына» дайындық барысында қолымды шығарып алдым. Ауруханаға түсіп қалып, екі премьерада да өзім өнер көрсете алмадым. Іштей өкініш кернеді, әрине.

Әкем райымнан қайтармақ болған

Ұлан: Актер болуға қай жастан бел будыңыз?
Сырым: Балабақшада бірнеше бала құмда ойнап отырғанбыз. Бір бала тұрды да, «әкем сияқты дәрігер болам» деді. Екіншісі «әкем сияқты милиция болам» деді. Сосын мен де қалыс қалмай, «әкем сияқты актер болам» деппін. Мүмкін, сол сөзді Құдай аузыма салды ма, ақыры актер болдым. Бала күннен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың табалдырығында өстім ғой. Әкем сонда 25 жыл актер болған. Анам да сол шаңырақта қызмет етті. Оқушы кезімде диктор болуды армандадым. 9-сыныпта Алматыдағы №138 гуманитарлық өнер лицейіне ауыстым. Орта мектептің бағдарламасымен қоса актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография пәндерін оқыдым. Ағылшын тіліне жетік едім. Содан не халықаралық қатынастар факультетіне, не актерлік мамандыққа тапсыруды ойладым. Біріншісіне түсу-түспеуім екі-талай дедім де, актерлікке тапсыруға тәуекел еттім. Содан 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына, Рахилям Машурованың сыныбына оқуға түстім.

«Ұланның» анықтамасы
Туған жылы: 04.01.1979 жыл
Туған жері: Алматы қаласы
Сүйікті ақындары: Абай, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Сарин, т.б.
Жазушылары: І.Есенберлин, М.Әуезов, Мольер, т.б.

Ұлан: Химия мен физиканы ұнатпайтын, ал гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушы болдыңыз ба?
Сырым: Иә, дәл солай. Сегізінші сыныпты аяқтағанша үздік оқушы болдым. Ал лицейге ауысқан соң, сабақ та, тәртіп те аздап бұзылды. Төбелестерімді айтпай-ақ қояйын.
Ұлан: Балаларыңыз театрға жақын ба?
Сырым: Қызымыз 12-де. Ұлымыз 8-де. Қызымнан гөрі ұлым жақындау. Іштей балаларымның әртіс болғанын қаламаймын. Әйтсе де, жұбайым Әнел де – өнер адамы, биші. Сазгер Әбілахат Еспаевтың немересі. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өнер жолы ауырлау ғой. Кезінде әкем де «ойлан, балам» деп мені райымнан қайтармақ болған еді.

IT саласына жақынмын

Ұлан: «Хабар» арнасында бағдарлама жүргізе бастадыңыз. Телевидениедегі қадамыңызға әзіргі өз бағаңыз қандай?
Сырым: «Орталық хабарға» жүргізуші болуға шақырғанда, іштей қорқасоқтап барғам. Кішкене өзіме сенімсіздеу болдым. Бірақ, бір-екі бағдарламаны түсірген соң, үйреніп кеткендеймін. Өзіме ұнап жүр. Осыдан оншақты жыл бұрын «Астана» телеарнасында таңғы бағдарламаны жүргізгенмін. Ол жүргізушілігім бір айға ғана созылып еді.
Ұлан: Негізгі табыс көзіңізді атаңызшы?
Сырым: Негізгі табысым – тойда. Концерттерді де қосуға болады.
Ұлан: Әртіс болудан басқа қолыңыздан келер қандай іс бар?
Сырым: Бала күнімнен электроникаға жақынмын. Егер актер болмасам, бәлкім IT саласының маманы боп жүрер ме едім, кім білсін?!
Ұлан: Қазір бәрі Әлем чемпионатын жата-жастана көріп жатыр. Сіз де спорт жанкүйерісіз бе?
Сырым: Иә. Әр дүйсенбі сайын әріптестерімізбен футбол тебеміз. Үстел теннисін де бір кісідей-ақ ойнаймын.

«Көзімнің қарындасы» дегенмін»

Ұлан: Ел алдында «жаздым, жаңылдым» деп, ұялған сәттеріңіз болып па еді?
Сырым: Болды ғой. Тілге қатысты бір мерекелік концертті жүргізіп тұр едім. Концертке қатысушы әртістердің «мен қашан шығам, мені не деп хабарлайсың?» деп сұрай беретін бір әдеттері бар. Әрқайсысының көңіліне қарап, жауап беріп тұрмын. Сахнадан бишілер түсіп бара жатыр. Опера әншісі Қияқбай Асанбаевты хабарлауым керек болатын. Содан «Абай, «Көзімнің қарындасы» демесім бар ма?! Дереу кешірім сұрап, «Абайдың әні «Көзімнің қарасы» деп түзетіп айттым. Енді орындайтын адамды хабарлау қажет. «Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының бишілер тобы» деп тағы оңбай жаңылдым. Негізі «Опера әншісі» деуім керек қой. Қияқбай ағам сахнаға шықты да, әнін бастап кетті. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, әнін аяқтағанда аты-жөнін көрерменге қайта дұрыстап айттым. Бұл оқиға анекдотқа айналып кетті. Ал әнші ағамыз ренішін көрген жерде әлі күнге айтады.
Ұлан: Театрда трагедияда көп ойнайсыз. Жеке басыңыздың қандай да трагедиясы жоқ шығар?
Сырым: Бар. Балаларымның орыстілділігі. Екеуі де қазақ мектебіне барады. Әйтсе де, ауыз-екі тілде қазақшадан орысшалары жүйрік. Достарымен серуендесе де, сабақта үзіліске шықса да, өзара көбіне орысша сөйлесетінін байқаймын. Соған қынжылам. Мүмкіндігінше қазақы етіп тәрбиелеуге тырысып жүрмін. Сендер де, балалар, ана тілдеріңде таза сөйлеңдерші?!

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

 

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: