Әділ нәпақасын мия теріп тауып жүр

Өткен сенбіде Жаркентке бардық. Біз мінген жеңіл көлік тас жолмен жүйткіп келеді. Кенет алдымыздан бір бала жүгіріп өтті. Қайта тежегішті дер кезінде басып үлгердік. Қатты қорқып кетсе керек, жылап жіберді. Көз жасына қарамай, сұрақтың астына алыппыз…
– Атың кім?
– Әділ.
– Жасың нешеде?
– 13-те.
– Мұнда неғып жүрсің?
– Мия теріп жүрмін.
– Жалғыз өзің бе?
– Жоқ. Достарым бар. Соларға асығып бара жатыр едім. Жіберіңізші.
– Сен не істегеніңді білесің бе? Көлік қағып кетсе, не болады? – деп жатырмыз.
– Байқамай қалдым, – деген Әділ өксіп жылап жіберді. Қолында сөмкесі бар екен.
– Мияны не үшін теріп жүрсің?
– Қытайларға келісін 11 теңгеден өткіземіз.
– Күніне қанша келі тересің?
– 100-150 келі.
– Мия тергеніңе көп уақыт болды ма?
– Екі аптада 15 мың теңге таптым.
– Күн болса ыстық. Басың ауырмай ма?
– Жоқ. Түсте демаламыз. Үйден әкелген тамағымызды ішеміз.
– Кәмелет жасына толмаған балаларға күні бойы жұмыс істеуге болмайды. Жұмыс істеп жүргеніңді ата-анаң біле ме?
– Апай, кешіріңізші. Мия теретінімді бәрі біледі. Бір ауылдан төрт бала бармыз. Тіпті, үлкен кісілер де бар. Бізді күнде таңертең «Алматы-Қорғас» тас жолынан автобуспен алып кетеді. Кешке әкеліп тастайды. Бүгін автобустан кешігіп қалдым. Асыққаным да сол еді…
– Қытайларға мия не үшін керек екен?
– Дәрі жасайды дейді. Қақырық түсіріп, жөтелді басатын дәрі. Бүйрекке де ем. Қызыл жылтырақ мияның тамырын сорсаң, шөлің басылады. Шөл қысқанда, тамырын сорамын.
– Ал біздің елде қызыл мияның «Қызыл кітапқа» енгенін білесің бе?
Білмеймін. Бірақ біздің елде дәрі жасамайды ғой. Қажет болса тегін-ақ теріп берер едім.
– Ақшаңды дұрыс төлей ме әйтеуір?
– Иә. Қазір күн ыстық. Каникулға шыққан кезде бастауыш сыныптың бүкіл оқушысы мия терген. Кейін бармай қойды.
– Мия терген қиын емес пе?
– Түк те. Тек жыланнан қатты қорқамын. Күнде жұмысқа шыққанда жылан туралы ойламауға тырысамын. Сабаққа киім мен қажетті оқу құралдарымды алуым керек. Сол үшін жұмыс істеп жүрмін.
– Ата-анаң қайда?
– Анам үйде кішкене ініме қарайды. Әкем де үйде.
– Әкең неге үйде?
– Сол… үйде…
Бiздің әңгімемiз осымен аяқталды. Қаршадай баланың ен далада мия тергенiне жаным ашыды. Мүмкін жұмыс iстегенi де жөн шығар. Бiрақ көлік қағып кетсе не жылан шағып алса, кiм жауап береді? Баланы ерте есейтеміз деп өкінбесек болғаны.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: