Дұрыс тамақтана білеміз бе?

Артық салмақтан зардап шегіп жүрген балалар кез келген ортада бар. Ондай балалардың көбі «мен семізбін» деген комплекспен өмір сүреді. Мұндай ой баланы өз ортасынан алшақтатады. Дене сымбатына көңілі толмау, достарынан үнемі өзін төмен санау да балаға психологиялық жүк. Артық салмақтан қалай арылуға болады? Дене салмағын қалыпты ұстау үшін дұрыс тамақтана білеміз бе? Бұл сұрақтардың жауабын Қазақ Тағамтану академиясының аға ғылыми қызметкері Гаухар Датхабаевадан білген едік…
Артық салмақтан арылудың және қалыпты салмақты ұстап тұрудың бірінші жолы – ешқашан ашықпау және таңғы асты міндетті түрде ішу. Ұзақ уақыт бойы аш жүру зиян. Мұның себебі, тамақ ішкен бойда ағза неғұрлым көп май қорын жинауға тырысады, себебі май – ағза үшін маңызды қуат көзі. Ал күнұзақ аш жүру артық тамақ жеуге итермелейді. Нәтижеде ағзамыз асты қорыта алмай, артық ас калориялы май түрінде жиналып отырады.
Дене бітімін сымбатты сақтау үшін, күніне 4-5 рет қалыпты мөлшерде тамақтану керек. Кешкі асты ұйықтардан кем дегенде 2-3 сағат бұрын ішкен абзал. Ұйықтауға бір сағат қалғанда бір кесе айран ішуге болады. Асқазан-ішек жолдары түнгі ұйқы кезінде демалуы керек. Ал түнгі мезгілде тойып тамақ жеу артық салмақ қосуға жол ашады.
Ағза құнарлы тағамдарды қажетті мөлшерде қабылдаған жағдайда ғана, сымбаттылықты сақтауға қабілетті бола алады.
Адамның ағзасы әртүрлі нәрлі заттарды көп мөлшерде талап етеді. Олар: аминқышқылдар (ірімшік, ет, балық және жұмыртқа), дәрумендер, минералдар, биологиялық белсенді заттар және глюкоза.
Глюкоза – ағзаға күш беретін әрі ми үшін бірден-бір қажет және ауыстыруға болмайтын негізгі қуат көзі. Ағзамыз қуат көзіне зәру. Глюкозаны біз көмірсуға бай тағамдардан аламыз. Мектеп жасындағы балаларға құрамы көмірсуға бай тағамдарды көп тұтыну қажет.
Алайда, артық салмаққа алып келетін де көмірсулар екенін естен шығармаған жөн. Көмірсулар ағзада жылдам еритін және баяу еритін деп бөлінеді. Жылдам еритін көмірсуларға: рафинадталған қант, кәмпиттер, тәтті батондар, жоғары сұрыпты ұннан дайындалған барлық тәтті өнімдер, фри және поп-корнды жатқызамыз. Баяу еритін көмірсулы тағамдарды қолданғанда, қандағы глюкозаның мөлшері күрт өседі. Ағзадағы артық қант тері астындағы майға айналады.
Көмірсу мөлшері артық салмаққа алып келмесін десеңіз, қантты аз мөлшерде ғана тұтынып, күніне 10-15 гр мөлшерде ғана тәтті жеу керек. Қанттың орнына кептірілген жемістер, бал, мармелад, пастила және зефирді қолдануға болады. Дегенмен, бұлардың бәрін белгілі мөлшерде қолданған дұрыс, мысалы, балды күніне 1-5 шай қасық қана.
Ал глюкозамен ағзаны қалай қамтамасыз етеміз? Мұның ең дұрыс жолы – баяу көмірсулы тағамдарды қолдану. Мысалы, табиғи тазартылмаған жармалар, көкөністер, жемістер, бұршақ тұқымдастар және аскөктер. Мұндай тағамдар қанды біртіндеп глюкозамен қанықтырады, глюкоза артық салмақ қосудың алдын алады.
Күнделікті ас мәзіріне мына тағамдарды енгізген жөн: 300-500 гр көкөніс, 150-300 гр жеміс, 50 гр жарма, 150-200 гр ақ нан немесе 70-100 гр қара нан, аз мөлшерде жаңғақ, 1 ас қасық зәйтүн майы, 40 гр сары май, 500-600 гр сүт немесе сүт өнімдері, аптасына 5-6 рет 140-200 гр тауық немесе қоян еті, 1 жұмыртқа, аптасына 2-3 рет 50-70 гр балық.
Таңғы асқа сүтке пісірілген ботқа немесе жұмыртқа.
Түскі асқа сорпа, етті тағамдар.
Кешкі асқа көкөністен жасалған тағамдар дұрыс. Жүрек жалғағанда кәмпит-печенье сынды тәттілермен емес, жеміс-жидек, жаңғақтар, йогурт, ірімшіктен жасалған бутерброд жеген абзал.

Жазып алған Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: