Бала ойнайтын батутты зиянсыз деп кім айтты?!

Әр сенбі-жексенбі сайын баламды қыдыртамын. Қыдырғанда баратын жеріміз белгілі. Ойын алаңдары, балалар саябағы, ойын-сауық орталықтарына бас сұғамыз. Бас сұғамыз деген аты ғана ғой, балалар алаңына бір кірсең, қайта шығуың екіталай.
Барлық бала сондай ма, әлде біздің баланың әдеті ме, батут көрсе болды жаны кіреді. Әлгінің ішіне кіріп алады да, құмары қанғанша секіреді. Басқа балалармен қуаласып ойнайды. Негізі кім шығарса да, батут бала үшін таптырмас ермек болды. Әйтсе де, пышақтың екі жүзі болатыны сияқты, батуттың пайдасына қарағанда зияны көбірек пе деп қалдым.
Ілгеріде ұлымды Ғ.Мүсірепов театрының жанындағы батутқа апардым. Бәрі мәз-мейрам болып, ойынның қызығына кіріп кеткен. Сүтпісірім уақыт өтпей іштегі бір бала баж ете қалды. Баламызды күтіп отырған бес-алтауымыз жылан шаққандай жүгірістік. Сөйтсек, жасы үштерді шамалаған бір бүлдіршін күйіп қалыпты. Бала жалаңбұт секіріп ойнай берген. Батут болса, пеш құсап қызып тұр. Бала секірген сайын, саны ыстыққа күйе берген. Сөйтіп, ақыр соңында, аяғын баса алмай қалыпты. Шешесі шыр-пыр болды да қалды. Батутқа қарайтын қыз қалбалақтап кетті. Мұны көрген біздің бала да, басқа балалар да көздері бақырайып атып-атып шықты…
Жуырда тағы бір жайтқа куә болдық. Балам батутта секіріп, қаннен-қаперсіз ойнап жүрген. Ойламаған жерден үрмелі батуттың желі шығып кетті. Балалардың бәрі ортаға іркес-тіркес құлап, үймелеп жатты. Баланы қайдам, сырттай қызықтап тұрған біз қорқып кеттік. Жапа-тармағай жүгіріп, үйменің ішіндегі баланы әзер аршып алдық. Балалардың да шошынып қалғаны сонша, жұбатқанға көнбейді. Сол арада белсенді ата-аналардың бірі батут иесіне шағым түсіреміз деп шуласқан. Бірақ, баланы батутқа кіргізген өзіміз екенін түсініп, тез-ақ тарқадық.
Осы екі жағдайдан кейін батутқа бармайтын болып келіскенбіз. Жексенбіде саябақта қыдырып жүрсек, алдымызда тағы бір батут тұр. Алдындағы жағдайлар жайына қалып, балам мені тағы сүйреді. «Бала мен ит қорыған жерге өш» деген сөз рас екен. Батутқа не кіргізерімді, не кіргізбесімді білмей мен тұрмын. Сосын құдай сақтасынға салып, еркіне қоя бердім…
Батуттың бұл жолғы иесі Мәдина деген жас қыз екен. Тек отырмай, әңгімеге тартып едім, ашыла кетті. Айтуынша, батутта түрлі жағдайлар болады екен. Дауыл тұрса, аударылады. Бір жерінен жел шықса, не жарылса, жапырайып қалады. Жаңбыр жауса, балалар тайып жығылып, жарақат алады. Жалпы алғанда, бұл қыз батуттан болатын түрлі бәлені жайып салды.
«Батутты жұқпалы ауру таратады деп көп айтады. Тіпті бірнеше рет санитарлық дәрігерлер тексеріп кетті. Күн сайын батутты хлормен жуып тұрамыз. Былайша, біздің батуттан ауру тарайтындай жағдай болған жоқ. Сосын балалар жарақат алатын жағдайлар болып тұрады. Олар енді бала ғой. Бала болған соң, секіріп жүріп бір біріне соғылып қалуы мүмкін. Кейде тайып жығылады. Содан келіп, батутты кінәлап шығады», – деді Мәдина.
Баланы батутқа жіберетін өзіміз. Алайда батутта ойнатамыз деп өз ақшамызбен бүлдіршіндерді қатерге жібереді екенбіз.
Полипропиленді ойыншықтан зардап шеккен сәбилер жайлы көк жәшік күнде айтады. Батутта секірем деп қайта-қайта құлай берген баланың дене қалыптасуында ақаулар болады екен. Сондайлардан сақтандырады. Бірақ… біздікі сол, құдай сақтасын. Себебі, сұрап алған ауруға ем жоқ.

Сіз не дейсіз?

Сейіткәрім Тастанбаев, Алматы қалалық санитарлық-гигиена бөлімінің меңгерушісі:

Батутта химиялық реагенттер көп

Батутта балаға зиянды химиялық реагенттер өте көп болады. Сол себепті, батутты дайындар алдында, оны гигацепт, лизофармин, сутек тотығы сияқты заттармен жуып-тазалау керек. Сонда ғана химиялық зиянды заттар азаяды. Артынша, оны сүрту қажет. Осындай шаралар үнемі жасалып тұрса, балалар жұқпалы аурулар мен түрлі жаралардан аман болады.

Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: