Гүлшарат ЖҰБАЕВА, актриса: ТӨРТ ЖҮЗДЕЙ БИ КОСТЮМІН ТІГІППІН

Актриса Гүлшарат Жұбаеваны көпшілік «Келін» фильмі арқылы біледі. Келінді сомдағаннан кейін көпшілікке жақпай қалғаны бар. Гүлшарат одан кейін де талай киноға түсті. Соңғы кездері ол «Фейсбук» әлеуметтік парақшасында өзі тіккен киімдерін жарнамалай бастады. Қазақы ою-өрнекті көйлектерді көріп, таңдай қақтық. Сосын «осының бәрін шынымен өзі тіге ме?» деген сауал туындады. Не де болса, бәрін өзінен сұрайық деп шештік.
Анам көрпе де көктейді, көйлек те тігеді. Қолынан бәрі келетін ісмер кісі. Мені бұл іске баулыған да анам. Бала күнімде мамамның жап-жаңа бір орама матасының гүлдерін ойып алып, содан «гүл көрпе» жасағаным бар. Ең алғашқы «еңбегім» сол шығар (күліп). Тігіншілікті оқымағанмын. Өзім әртіс болғандықтан ба, сахналық костюмдерді тігуге ерекше қызығам. Үйде апалы-сіңлілі үш қызбыз. Ортаншы сіңлім қолөнерге қызықпайды. Ал кіші сіңлім бұл іске біршама бейім. Өзі экономист. Ал менің негізгі мамандығым – биші. «Шабыт» атты жеке би тобымда 30 биші бар. Сол топтың барлық костюмін бір өзім тігіп келем. Қасымда Ақтоты деген шәкіртім бар. Сол қыз біраз көмектеседі. Әйтпесе, кесіп-пішу дегеннің өзі үлкен жұмыс.

Дизайнердің оқуын аяқтамағаныма өкінемін

Қандай да бір киімнің тігісін түсіне алмасам, соған ұқсас ескілеу бір киімімді тауып алам да, сөгіп жіберем. Сөйтіп, тігісін қараймын. Қалай тігу керектігін зерттеймін. Арнайы журналдарды парақтаймын. Көбіне интернеттің көмегіне жүгінемін. Қазіргі күні «іс жасаймын» деген адамға бәрі табылады ғой. Бүкіл тігетін көйлегімнің үлгісін, нобайын өзім сызамын. Біраз жыл бұрын дизайнердің оқуына түскенмін. Ақылы оқудың қаражатын төлеу қиынға соғып, тастап кетуіме тура келді. Соған өкінемін. Қазір өз бетіммен үйреніп жүрмін.
Тек қыздарға ғана емес, ер адамдарға да киім тігемін. Көбінесе қазақша үлгіде тігемін. Бүгінге дейін бас-аяғы 400-дей би костюмін тігіппін. Осы костюмдеріме арналған бір бөлме қажет боп тұр. Әйтпесе, бишілерге тіккен костюмдерімнің бәрі әр қолда жүр. Үйімнің бір бөлмесі – тігін цехы (күліп). 5-6 тігін мәшинем бар. Әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие. Мәселен, Typical, Gemsy маркалы тігін мәшинелерім бар. Ең жақсысы – Bernina. Ол тігін мәшинесі мата таңдамайды. Оны қолдануды үйрену де оңай.

Балаларымның мерекелік костюмдерінің де авторымын

Соңғы кезде жекелеген адамдардан тапсырыс көп түсе бастады. Бірақ, оған уақыт жағынан мүмкіндігім болмай тұр. Сол үшін жаныма бір-екі көмекші керек бола бастады. Ұл-қызымның балабақшадағы мерекелік костюмдерін де дайындаймын. Күнделікті киімдерді өзім тігіп кигенді жөн көрем. Актриса ретінде көптеген түсірілімдерге, кештерге қонаққа шақырады. Сондайда бір киіміңді қайта киіп бара беру де ыңғайсыз. Бір жағы әр көйлекті 50-60 мың теңгеге сатып алу да оңай емес. Одан да дүкеннен ұнаған матамды сатып алып, көңілім қалағандай стильде түрлі кофта, көйлектерді тігіп алғаным артық.

Енді етік тіксем деймін

Мен қазір сәукеле де жасайтын болдым. Ұлттық киімдерге арналған авторлық салонымды ашсам деген де жоспар бар. Тіккен костюмдеріме соған үйлесетін етігін немесе туфлиін қоса тіксем, тіпті керемет болмай ма?! Осы жылғы ең үлкен мақсатым – етік тігу. Үйреніп, ізденіп жүрмін. Арнайы етік тігетін мәшине алуым керек.

Кейіпкерлерімнің киімдері де өзімдікі

Кино мен театрдағы көптеген кейіпкерлерімнің костюмдерін өзім тігіп шықтым. «Әке серті» сериалында үй шаруасындағы әйелді ойнадым. Киім суретшісіне өз образыңа лайық киімді түсіндіріп жатқанша, өзің тігіп алған жеңіл. Содан кейіпкерімнің киімдерінің көбін өзім тігіп шықтым. Есесіне, түсірілімнен кейін үйге киетін киімдерім дайын болды. Қазір «Қара шаңырақ» атты сериалға түсіп жүрмін. Айнұр есімді кейіпкерді сомдаймын. Ол шамамен 100 сериялы туынды. Көп ұзамай көрерменге жол тартады деген жоспар бар.

Жазып алған Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: