Біз менсінбейтін мамандықтардың табысы қанша?

Қандай мамандық таңдаймын деп, үрең-сүрең болатын уақыт та келді. Екінің бірі заңгер, экономист болғысы келеді. Соңғы бес жылда «Құқықтану», «Қаржы», «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандықтарына құжат тапсырушылар саны күрт көбейген. Солардың ішіндегі кейбірі «Жоғары білімім болмаса, жақсы жұмыс таба алмаймын» деген стереотипті сіңіріп алып, университетте әупірімдеп оқып жүр. Диплом алған соң, жұмыс тауып, өз күнін өзі көріп кететіндері сирек. Таппағандары құр сенделіп, әке-шешеге масыл болады. Негізі, кәсіптік колледж не арнайы курстарды оқып-ақ, тәп-тәуір тірлік жасауға болады ғой. Әншейінде менсінбей, мұрын шүйіре қарайтын мамандықтар – біле білсек, табыстың нағыз көзі екен…

Шаштараздың күндік табысы – 15 мың

Алматылық Айнұр Мұсаеваның шаштараз болып жүргеніне, міне, 9 жыл. Мектепті бітірген соң, үш ай шаштараздық курс оқып, тәжірибе жинақтапты. «Сүйікті ісімнен ешқашан жалыққан емеспін. Әрі табысым да жақсы. Мысалы, маған күніне жиырмадан астам кісі келеді. Әрқайсысынан түсер пайда әртүрлі. Балалардың шаш қидыртуы 500 теңгеден басталады. Ал ересек ер кісілердікін 800 теңгеге қиямын. Әйелдердікіне қойылар баға шаштың ұзындығы мен қалыңдығына байланысты. 1000 теңгеден бастап, одан да жоғары», – дейді ол. Айнұрдың жанында екі көмекші қыз бар екен. Әрқайсысы ғимаратты жалға алғаны үшін төлейтін ақшадан бөлек күн сайын 15 мың теңгеден аса пайда көріп отыр.

Тігінші 20 минутта 1200 теңге табады

Шаштараздан шыққан соң, тізгінді тігіншіге бұрдым. Көйлегімнің етегін қысқартқаны үшін 1000 теңгемді қағып алған болатын өткен жолы. Барсам, бір клиентпен сөйлесіп тұр екен:
– Сәлеметсіз бе?! Мына юбканың сырғытпасын (замок) ауыстыру қанша теңге тұрады?
– Егер сырғытпаны өзіңіз ала келсеңіз – 1200 теңге, біз беретін болсақ – 1800.
– Түу… Қымбат қой?!
– Біз сапалы етіп тігеміз, – деп жымиды тігінші қыз.
Ә дегеннен әңгімеге көштік. Жадыра Кәрімбаева 2009 жылы Алматы сервис колледжін тігінші мамандығы бойынша бітіріп шығыпты. Сол уақыттан бері көк базар маңындағы дүңгіршекті жалға алып, осы іспен айналысуда.
– Пайда көп түсе ме? – дедім.
– Сенбі мен жексенбіде клиент көп. Демалыста күніне 10-15 мыңға дейін табыс табамын. Ал басқа күндері 8-9 мың…
– Таңнан кешке дейін істейсіздер ғой?
– Иә. Өзіңіз көріп отырсыз, бұл маңда тігіншілер көп. Сондықтан өзара қызу бәсеке. Жұмыста таңғы 8-ден бастап, кешкі 8-дерге дейін отырамын.
– Әр қызмет түрінің бағасы қандай?
– Ол біріншіден, матаның сапасына, екіншіден, жұмыстың қиындығына байланысты. Мысалы, мына көйлектің етегін қысқарту керек. Байқап отырсаңыз, матасы қатты, сапалы. Мұның жұмысы 1200 теңгедей болады.
– Ал оған қанша уақыт кетеді?
– Көп емес. 20-25 минуттай…

Механиктің айлығы – 300 мың

Автокөлік жөндейтін шеберхананың маңы – қашан көрсең ығы-жығы мәшине. Көлігі көп Алматыда мұндай орындарға келетін кісі саны ешқашан үзілмейді. Мен де солардың біреуіне бас сұқтым. Көкпеңбек «Королланы» көтеріп тастап, астындағы бөлшектерін ауыстырып жатқан ағайдың жанына жақындадым.
– Іске сәт, ағай!
– Рахмет. Иә, көлігің сынып қалды ма?
Көлігі бар кісінің кейпіне көштім.
– Амортизаторды ауыстыру керек еді…
– Бағасы 3 мыңнан басталады.
Суыртпақтап, сөзге тарттым. Аты Асқар екен. Мұнда істеп жүргеніне 10 жылдан асыпты. «Менің негізгі мамандығым – бухгалтер. Сол мамандықпен бірнеше жыл жұмыс жасадым. Ұнамады. Ақшасы да аздау болды. Сосын бірден осында келдім. Бала кезімнен көлікке икемім болған соң шығар, еш қиналмадым. Көліктердің бөлшектерін ауыстырамын, компьютерлік диагностика жасаймын. Күніне табатын табысым жұмыстың көлеміне байланысты. Мәселен, мәшиненің қозғалтқышын (двигатель) ауыстыру 60 мыңнан бастап, 150 мыңға дейін барады. Ондай кездері менің қалтама да көп пайда түседі. Жалпы орта есеппен айына 250-300 мың теңге табыс табамын», – деді механик ағай.
Бұдан шыққан соң, сұлулық салонына тарттым. Мұндағы бағалар да ұшып тұр. Кеңесші қыз әкеп берген прейскурантқа көз жүгірттім: кірпік ұзарту – 3500 мен 10000 теңгенің арасында, макияж – 5000-нан 12000-ға дейін, бетке пилинг – 7000 теңге. Салонның эстетист-косметологы Томирис Күзембаева екен. 19 жастағы бойжеткен бұл мамандығын «Сұлтан» оқу орталығында алыпты.
– Күніне шамамен қанша табыс табасың?
– 10 мыңнан асады.
– Тұрақты клиенттерің бар шығар?
– Әрине. Жұмысымыз сапалы болғандықтан, кісілер де бір-бірінен естіп, осында келеді.
– Әр қызмет түріне қанша уақыт кетеді?
– Қас жұлуға жарты сағат, кірпік жалғауға 1 жарым сағат, массаж үшін 2 немесе одан да көп уақыт жұмсаймын…

Электриктің табысы заңгердікінен де көп

Орынбек Имашевтың есімін ғаламтордан көзім шалып қалды. «Электрлік монтаждау жұмыстарын орындаймын» деп жарнама беріпті. Дереу телефон шалдым.
– Сәлеметсіз бе, Орынбек! Қызмет түрлерінің бағасын айтыңызшы?
– Коттеджді электромонтаждау жұмысы – 150 000, жер үйдікі – 70 000 теңге. Розетка мен ажыратқыш (выключатель) орнату – әрқайсысы 1500 теңгеден. Ал аспалы шам қондыру үшін 2000 мен 5000 теңге көлемінде ақы аламын.
Орынбек Ақтөбедегі аграрлық-техникалық колледжді электрик мамандығы бойынша тәмамдаған. «Бала кезден заңгер болғым келген. Бірақ 9-сыныпты бітірген соң, ол мамандықты оқуға мүмкіндігім болмады. Содан электрик болуды ұйғардым. Қазірдің өзінде 15-20 тұрақты клиентім бар. Күніне шамамен 10 000-дай табыс тауып жүрмін. Менің табысым қазірде заңгер достарымдікінен де жоғары», – деп, мақтанып қалды ол сөз арасында.
Айтпақшы, ұялы телефон жөндейтін шеберханаға да бас сұға кеткем. Өзін Дінмұхаммед Досбергенов деп таныстырған аққұба жігіттің мұнда істегеніне 5 жылдан асқан екен. Алматыдағы №3 кәсіптік лицейді бітірген.
– Бір жақсысы, ешқашан клиент үзілмейді. Күніне кемінде 8 мың теңге пайда түсіремін. Тапсырыс көп болған күні 25-30 мыңға дейін барады.
– О-о-о, жаман емес қой?!
– Әрине. Мысалы, сіздің мына айфоныңыздың экраны сынып қалса, оны 15 мың теңгеге ауыстырамыз, – деді сыбырлап.
Түйін: Бәрің бірдей тігінші, шаштараз не механик болыңдар демейміз. Бастысы, кез келген кәсіптің көзін таба білсеңдер болғаны. «Еңбек еткенге бақыт та басын иеді».

Ботакөз ИКРАМОВА
(«Ұлан», №28. 15.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

1 пікір

  1. Серғазы айтады:

    Бәрі жақсы, бірақ осы кәсіптің бір жаманы-екісінің бірі- көзі қараңғы болып келеді және болашақтағы зейнетақы мәселесіне келгенде де төмен болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: