ҰБТ үздігіне көлік сыйлаған дұрыс па?

Ақтөбе облысы әкімдігі ҰБТ-да үздік нәтиже көрсеткен екі мектеп бітірушіге автокөлік мінгізді. Облыс әкімдерінің Олимпиада чемпиондарына көлік мінгізіп, пәтер сыйлап жататынына құлағымыз үйренген ғой. Түлектерге темір тұлпар мінгізгені бізге тосындау көрінді. «Лада Гранта» көлігін иеленген үздіктердің есімі – Жанар Болатова, Айдана Мұрат. Жанар – М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың, Айдана – «Сымбат» жеке мектебінің түлегі. Екі түлек өңірдегі ең жоғары 124 балды жинапты.
ҰБТ-дан соң мектептердің көрсеткіші пайызға шағылып, аудан, облыстардың рейтингісі түзіліп жүр. Сол нәтижеге сәйкес, әкімдердің ҰБТ үздіктерін марапаттау жоралғысы жер-жерде бар. Ноутбук, планшет сынды заттардан бөлек, кейбір аудандардың шетелге жолдама сыйлайтынын да естігенбіз. Мәселен, Алматының Жетісу ауданы былтыр жоғары балл жинағандарға Түркияға 10 күн демалып қайтуға жолдама берген. Ал биыл екі түлекке әрқайсысы 1 миллион 630 мың теңге тұратын темір тұлпар тарту етіп, Ақтөбе облысы елді аузына қаратты. Оңтүстік Қазақстан облысы 125 балл жинаған екі қызға 500 000 теңгенің сертификатын ұстатыпты.
Үздік оқыған оқушыға сыйлық беріп ынталандыру жақсы-ақ. Бірақ көлік сыйлап, жүз мыңдап ақша ұстату дұрыс па өзі? Біз осы сауалдарды қаузап көрген едік.
Берген тарту-таралғысына қарап, жергілікті атқамінерлердің атымтай жомарттығын бағалайтын түсінік те қалыптасқандай. Осы мақаланы жазу барысында ең жоғары нәтиже көрсеткен мектеп бітірушілерге хабарласқанбыз. Осы жолы 125 балды төрт қана түлек жинады ғой. Олар: Ержанова Ұлпан Ержанқызы (Оңтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектеп), Ахметжанова Шахзода Әнуарқызы (Шымкент қаласы, Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицей), Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы (Алма-тыдағы №178 лицей), Марат Әсия (Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия).
Оңтүстік Қазақстан облысы 125 балл жинаған екі үздігіне 500 000 теңге сыйақы берді дегенді естігенде де ел елеңдеп қалды. Сол үздіктердің бірі Ахметжанова Шахзодаға хабарласқанымызда, анасы Үмида Саиповадан: «Өзге облыстарда 124 балл жинаған балаларға автокөлік беріп жатыр. Менің қызым 125 балл жинады. Бізге бар болғаны 500 000 теңге берілді. Облыс әкімінің мұндай сый жасағанына рахмет, әрине. Бірақ сый-құрмет барлық облыста бірдей жасалуы керек қой» деген әңгіме естіп қалдық. «Алтын белгі» иегерінің анасының көңіліндегі кірбің – Ақтөбенің автокөлік бергені.
«Менің қызым – Қазақстан бойынша 125 балл жинаған 4 оқушының біреуі. 500 000 теңге емес, көлік мінгізсе де артық етпейтін еді. 11 жыл бойы үздік оқыды. Тіпті, түсіп тұрған жерінен Прибалтикадағы Еуропалық гуманитарлық университеттің қаржы факультетінен бас тартты. Оқу жылының басында Шымкентте жазбаша емтихан тапсырып, Прибалтикаға жолдаған еді. Шахзодам ағылшын тілінен 570 балл жинап, Прибалтикадан грант ұтып алды. Әйтсе де, таңдауды өз елімізден жасады. Өзіміздің Қазақ-Британ техникалық университетіне тапсырамын деп отыр», – дейді Үмида Саипова.
Жақында алматылық түлектер Айғаным мен Әсия қала әкімі Ахметжан Есімовтің қабылдауында болды. Әсия Мараттың айтуынша, оларды қала әкімі «Құрмет грамотасымен» марапаттап, планшет сыйлапты. «Алтын белгі» алған алтын қыздарды өздерінің аудандары Алатау мен Медеу ауданы әкімдері де құттықтаған. Айғанымға аудан әкімі шаңсорғыш тарту етсе, Әсия тағы бір планшет алып, қос планшетті болыпты.
ҰБТ-дан үздік нәтиже көрсетіп, өз білімдерін дәлелдеген 92 астаналық түлек те «Алтын белгілерін» Иманғали Тасмағамбетовтің қолынан алды. Әйтсе де Алматы мен астаналық түлектерге Ақтөбедегідей автокөлік те, Шымкенттегідей 500 000 теңге де берілген жоқ. Мектеп бітірушілерге ноутбук, планшет сынды ертеңгі оқуына қажетті заттар сыйға беріліпті.
ҰБТ қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші орынға табан тіреді. Әйтсе де, ҰБТ үздігіне көлік мінгізгендері биыл ғана емес екен. Бұл – Ақтөбеде 5 жылдан бері келе жатқан жоралғы. Ақтөбе облыстық білім басқармасынан ұққанымыз, былтыр тіпті, 3 балаға әрқайсысы 1 миллион 285 мың теңге тұратын көліктің кілті табысталыпты.
Ал биыл берілген екі автокөліктің құны – 3 миллион 260 мың теңге. Үздік түлекке берілген сыйлықтың бағасын айтып, қызғанып отырған жоқпыз, Құдай сақтасын. Бар айтпағымыз, сый-сияпат берудің де өз жөні бар. Әрі 18-ге толмаған балада жүргізуші куәлігі де, көлік жүргізу тәжірибесі де қайдан болсын. Мұны ескермей болмас. Бес жүз мыңдап ақша ұстату да дұрыс емес, біздіңше. Одан да мектеп бітірушіге ертеңгі оқуына қажетті заттар сыйлаған абзалырақ. Биыл 500 000 теңге ұстатып, келер жылы 1 миллион теңге беріп, түлектерді марапаттауды атқамінерлер бәсекеге айналдырып жібермесе деген ой ғой, айтпағымыз.
Сіз не дейсіз?

Гүлжан ҚҰЛБЕКОВА, Ақтөбе облыстық Білім басқармасының бөлім меңгерушісі:

КӨЛІКТІ БАЛАНЫҢ ӨЗІ БОЛМАСА ДА, ӘКЕ-ШЕШЕСІ МІНЕДІ

Ақтөбе облысы «Алтын белгі» иегерлері саны жағынан жақсы нәтиже көрсеттік. 162 түлегіміз «Алтын белгі» иемденді. ҰБТ нәтижелері бойынша, облысымыз еліміздің бас қалаларынан кейін үшінші орыннан көрінді. Облыс бойынша орташа балл – 84,2. «ҰБТ үздігіне көлік сыйлау дұрыс емес» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Көлікті баланың өзі мінбесе де, әке-шешесі мінеді. Тіпті, сатып, қажеттеріне жаратса да өздері біледі. Үздік мектеп бітірушіні неге көтермелеске, неге қолдамасқа?! Мәселен, 124 балл жинаған екі қызды ғана емес, облыс бойынша «Алтын белгі» алған 162 түлекті, Халықаралық Олимпиаданың 70 жеңімпазын да марапаттадық. Оларға сыйға планшеттер бердік. Алған сыйлықтары оларды ынталандырады, мұны көрген кейінгі буын да үздік нәтиже көрсетуге талпынады. Ынталандыру сыйлықтарын біз сол үшін береміз.

Амалбек ТШАН, Республикалық спорт колледжiнiң директоры:

СЫЙЛЫҚ БЕРГЕНШЕ, ОҚУҒА ТҮСЕ АЛМАҒАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАСЫН

ҰБТ-дан үздік шыққан түлектерге көлік мінгізіп, жүз мыңдап ақша ұстатуды әпербақандық, дарақылық дер едім. Оқушы өзі үшін оқыды. ҰБТ-да өзінің білім деңгейін көрсетті. Облыстың атын шығару үшін жарысқа түскен жоқ. «Пәлен облыс 120 балдан асырған түлекке пәлен мыңның көлемінде сыйлық беріпті» деген ақпаратпен жарыспауымыз керек. Оның үстіне жаңадан мектеп бітіріп жатқан балаға көлік беру де көңілге қонымсыздау дүние. Бізде Олимпиада ойындарынан жүлде әкелген спортшыларға да миллиондап ақша беріп, көлік мінгізіп жатады. Өркениетті елдердің бірде-бірінде мұндай дәстүр жоқ. Облыс әкімдері ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге қомақты қаржы ұстатқанша, ол ақшаны жағдайы төмен отбасылардың оқуға түсуіне жұмсасын.

Айғаным ӘБДІЖАППАР, Алматыдағы №178 лицейдің түлегі:

«ТОЙОТА CAMRY» МІНГІЗІПТІ ДЕП ҚҰТТЫҚТАП ЖАТЫР

Шынымды айтсам, достарым, таныстарым хабарласып: «Қандай сыйлық берілді? Өзге өңірлер машина сыйлап жатыпты ғой?!» деп сұрайды. Тіпті біреулер: «Саған «Тойота Camry» мінгізіпті ғой» деп құттықтап жатыр. «Ондай сыйлықтар алғаным жоқ» десем ешкім сенер емес. Осындай әңгімелерді естігенде, біртүрлі болып қалады екенсің. Өзім әкімдіктер тарапынан ешбір сыйлық күткенім жоқ. Өйткені жоғары балды өзім үшін жинадым ғой. Мен өзімнің 11 жыл бойы жақсы оқығанымды дәлелдедім. Әйтсе де маған қомақты сыйлық беріледі деп сыныптастарымның күткені анық еді. ҰБТ үздігіне көлік мінгізіп, қаражат беруді дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын. Ол аудан, облыс әкімдерінің еншісіндегі шаруа ғой. Сыйлық алсам да, алмасам да ренжімейтін едім.

Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №26. 01.07.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: