Тимур Бектұр: Қандай тәтті еді сол кезең…

Асхат Еркімбай өзінің балалық шағын, «Ұлан» газетіне қатысы барын, тіпті біреулер сияқты емес (өзімді айтам-дағы) мақаласы шығып тұрғанын да тілге тиек етіпті. Марқұм боп кеткен анасының өзінің балаң жетістігіне қуанып, көршілерден сүйінші сұрағанын, әкесінің баласының жетістігіне іштей сүйініш білдіргендігінің куәсі іспетті визитка туралы айтқан жерлерін тебіренбей оқу мүмкін емес…

Айтпағым не еді… Айтпағым, мына төмендегі суретті қараңыздаршы? Авторы кім екенін білмедім, осы сурет «Ұлан» балалар газеті мен осы күні дырдай журналист болып жүрген талай аға-апаларымыздың, біздердің, жазудан нәпақа тауып жүргендердің бала кездегі ұшқыр көңілін, газет бетіндегі жазбалар арқылы қиялдарға қанат бітіріп, көкке қарай самғап кететін кездерін әп-әсем бейнелеп тұрған жоқ па, айтыңыздаршы?
«Өскенде журналист боламын!» деп өскен балалардың, бүгінде қырқадан асқан ұрпақтың мектеп табалдырығын аттағанына көп болмаған ұрпақпен сабақтастығын үзбей жалғап келе жатқан бұл газеттің қазақ журналистикасына қосқан үлесі үшан теңіз емес пе?!
Әлі есімде, Әділ Балта ағамнан: «Айналайын, Тимур інім! Мақалаң жақсы екен. Тек тым шұбалаңқы. Әлі де жаза түс. Құрметпен, Әділ Балта ағаң» деген хаты келгенде, мақаламның жарияланбай қалғанына емес, «Тимур інім! Әділ Балта ағаң» дегеніне төбем көкке екі елі жеткенше қуанғаным ұмытылмайды ғой ұмытылмайды. Ақ конверт, машинкамен жазылған сары қағаз. «і» әрібі леп белгісі арқылы жазылған. Оқушы Тимурға келген алғашқы хат… Қандай тәтті еді сол кезең…

Құрметті журналистер, мерекелеріңіз құтты болсын! Арымаңыздар! Жаза түсіңіздер!

Тимур Бектұр

Facebook-тағы парақшасынан

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: