Жанна Исабаева – жазушының қызы

Кинорежиссер Жанна Исабаеваны біреу жақтырады, біреу жақтырмайды. «Бұл өзі қайдан шыққан, кім?» деушілер де бар. Жанна – есімі елге белгілі қазақ жазушысының қызы. Әкесі Ұзақбай Доспанбетов тарихи романдар жазумен көбірек көрініп жүр. Жаннаның жайын әуелі әкесінен сұрадық.

– Жанна менің тұңғыш қызым, – деді бүгінде жетпістің үшеуіне келіп отырған Ұзақбай ағамыз. – Кіші қызымның аты – Зәуреш. Сендер сұрап отырған үлкен қызым ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазақшаға бере алмадым, орыс журналистикасын бітірді. Журналист болып жұмыс істеген жоқ. Қазір кино түсіріп жүр. «Қаройдан» кейін «Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым» деген кино түсірген. Содан соң 14 сериялы «Отдел особого назначения», 8 сериялы «Цена свободы» деген фильмдерін экранға шығарды. Оны «КТК» телеарнасы көрсетті. Орыстілді басылымдардың біразы мақтап мақала жазды. Соңғы түсіргені – «Нағима» деген фильм. Бұл үшін Францияда өткен Азия фильмдеріне арналған кинофестивальде Гран-при алды. Ол телевизордан көрсетіліп, газеттерге шықты. Енді қазақтар қалай киіз үй тігеді, қалай той өткізеді, соның бәрін көрсететін шағын бағдарламалар түсіріп жүр. Көгілдір экраннан беріліп жатыр. Творчествосының биік шыңы «Нағима» фильмі деп айтуға болады. Жаннадан екі жиен немерем, бір шөберем бар.

– Жанна қызыңыз кішкентайынан қазіргі кәсібіне бейім болып өсті ме сонда?

– Иә, 6-7 сынып оқып жүргенде Лев Толстойдың «Война и мир» романын оқитын. «Сен үшін ауыр ғой, түсінбейсің» дегеніме қарамай, оқи беретін. Жалпы, орыс жазушыларын түгелдей оқып шықты деуге болады. Кіші қызым әдебиетке аса мойын бұрмағанмен, классикалық шығармаларды оқыды.

– Қызыңыз кино түсіретін кезде сізбен ақылдаса ма? Бір ауыз кеңес сұрайтын шығар?

– Бір-ақ рет ақылдасты. Пәлен деген кино түсіремін деп. Сол кезде ақыл айтып ем, тыңдамады. Бірақ, ол киноны әлі түсірген жоқ.

– Қызыңыздың «Қарой», «Алматыда пәктігінен айырылу» деген фильмдері қазақы ортада біраз сыналды. Сіз қандай көзқараста болдыңыз?

– «Қарой» жақсы фильм. Венеция кинофестивалінде осы фильмімен лауреат атанды ғой. «Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым» фильмі әлгі «Киношок» деп жүрген кинофестивальде екі мәрте сыйлық алды. «Отдел особого назначения» деген фильмінің де 7-8-сериясы өте жақсы. Қалған сериялары босаңдау сияқты деп, өзіне айтқанмын. Бірақ, фильм шығып кеткеннен кейін айтам ғой. Жалпы менімен ақылдаспайды.

– Жанна Исабаеваның өзінен сұхбат алайық деп едік. Бірақ, шетелге көп шығады екен. Бізге сұхбат беруге уақыты болмады ғой деймін… Қазақша түсінгенімен, еркін сөйлей алмаймын деп қалды. Негізі өзінің мінезі қандай?

– Ол кезде қазақ мектебі біреу-ақ болатын. Оны мектепке апару үшін үш автобусқа ауысып отыру керек. Өзі 1968 жылы туылды. 1975 жылы мектепке барды. Ал ол кезде қазақ мектебі жалғыз. Шынын айтқанда, апарып оқытуға біздің жағдайымыз болған жоқ.

– Оны түсіндім. Мінезін сұрап отырмын…

– Мінезі тіктеу. Алты жасына дейін ауылда кемпір-шалдың қолында өскен. Ауылдан қазақша жақсы біліп келген. Бірақ мектепті орысша оқыды да, қазақшаны ұмытып қалды. Кемпір-шалдың қолында өскендіктен, бізге аса бағынбайтын. Бірақ, бұзақы қылығы болған жоқ.

– Жанна қазақ жазушысының қызы екеніне мән береді ғой, әйтеуір. Қызыңызды қоя тұрайық, ал өзіңіз қай шығармаңызды жоғары бағалайсыз?

Көптеген кітап жаздым, соның ішіндегі негізгі шығармам «Жылусыз от» деген романым. Атақты Нұрмолда Алдабергенов туралы «Шың мен шыңырау» атты роман-дилогиям да өзіме ұнайды. Одан кейінгі басты еңбегім төрт томдық роман-эпопея. Оның алғашқы екі томы «Қызыл жолбарыс» деп аталады. Ал үшінші, төртінші томы «Абылайдың ақ туы» деп аталады. Бұл романның бас кейіпкерлері – жалайыр руының көсемдері Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық әулие Дербісәліұлы, Қабан жырау Асанұлы. Одан кейінгі бас кейіпкерлер Абылай хан, Төле би болып жалғаса береді. Ескелді би Төле бидің үлкен қызынан туған жиен немересі. Абылай хан, Төле би, Ескелді бидің бірігуі содан. Жоңғар шапқан кезде бірінші болып Талдықорған өңірінде оларды қарсы алған осылар болатын. Жалайыр, басқа да жақтас рулар жоңғарлар әскеріне қарсы төтеп бере алмай, Сырдың бойына дейін шегініп барды. Кейін менің бұл бас кейіпкерлерім қалмақтарды кері қайтарып, атамекенді азат ету жолындағы барлық шайқастарға қатысты. Мысалы, Аңырақай шайқасы, Торғай атырабындағы шайқас, Ташкент қаласы маңындағы шайқас, бәріне қатысты. Жетісуға қайта оралған олар өз елін жер-жерге бөліп орналастыруда да ересен еңбек етті. Оның арты, өздерің білесіңдер, «Ақтабан шұбырындыға» созылған… Ал қазір ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жетісу өңірінде қазақтарды отырықшылыққа үйреткен Жәлменде би Байшығашұлы туралы роман жазып жатырмын. Оның алғашқы үш тарауы биыл «Жұлдыз» журналының үшінші, төртінші нөмірлерінде басылды. Одан кейін «Үшқоңыр» газетінің біраз нөмірінде басылды. Негізі көптеген әңгіме, повесть жаздым. Сын мақалалар да жаздым.

– Жаннаның «Нағимасы» шынында да жақсы бағаланып жүр. Тағы не түсірмек екен?

– «Талғат» деген кино түсірген. Әлі экранға шыққан жоқ. Қазақта аттары белгілі бірнеше Талғат бар. Бірақ бұл кино олар туралы емес…

– Жанна қызыңыз тағы бір сенсация дайындап отырған шығар. Дегенмен сәттілік тілейміз!

Кино туралы Жаннаның өзі не дейді?..

Кино – өте мистикалық нәрсе. Өзімнің тағдырым әр кинода бар, біреуінде сәтті, біреуінде онша емес. Оны көп адам жасайды. Әркім өзіндегі барды салады. Бірақ, салынған энергия ешқайда кетпейтіні заңды. Қанша көп салынса, көрермен соншалық көп нәрсе алады. Кино мен үшін әрқашан сиқыр. Оның «кухнясын» іштей жақсы білемін. Бірақ бұл маған кино көруге, қанша талантты қолдан шықса да материалға шым батып кетуге еш кедергі келтірмейді. Жарнама саласына келген себебім, бұл сала киноға жақын еді.Бірақ бір кезде мұның бәрі «День сурка» деген фильмді еске түсіріп, іш пыстыра бастады. Кино түсіре бастадым, өйткені арман орындалатынына сендім. Өз қалауыңды істеу – кез келген материалдық құндылықтан маңызды.

Режиссерлік туралы

Режиссерлік – артықшылық. Бір нәрсені айтуға мүмкіндік алып, сосын бәрін аузыңа қаратып қою. Мен режиссерліктен басқа белгілі бір деңгейде санаға әсер ететін мамандықты білмеймін. Жетістікке жетудің бір ғана жолы бар – өзіңе қадірлі нәрсені істеу, өткен күннің артқан жүгі мен бөтен адамдардың пікіріне қарамай, алға қарай жүру. Егер маған бір оқиға ұнайтын болса, мен оған басқаларды да қызықтыруға күш саламын. Жанр, стиль, тіл таңдауда өзімді шектемеймін. Қазір маған қазақ тілінде комедия түсіру өте қызық. Ертең мүмкін орыс тілінде экшн түсіретін шығармын, жаныма не жақын, соны істеймін. Сосын көп созбақтағанды ұнатпаймын, бәрін тез-тез істеймін. Бұл табиғи болмысым.

Әртістер туралы

Әртістердің жаратылысы тылсым сырға толы, мен оларға үлкен құрметпен қараймын. Көшеден кәсіби емес мамандарды киноға шақыру деген тенденцияны түсінбеймін. Қайраткерлікпен айналысуды да ұнатпаймын. Типажды адамдар жарнама түсіргенде ғана ақталады, ал киноға түсу үшін потенциал болу керек. «Ойпырмай немесе қымбатты менің балаларым» фильмінде актер таңдауда біздің жолымыз болып кетті…

P.S. Айтпақшы, Жанна Исабаева Фейсбуктегі парақшасында «Нағима» фильмін Солтүстік Кореядағы бір кинофестивальге шақырғанын жазыпты. Ол кинофестивальге сол елдің президенті Ким Чен Ын да келетін болыпты…

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №6. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: