ВИДЕО: «Шыбық тимей, шыңқ етер…»

«Ақ желкеннің» сәуір айында шыққан санында белгілі тележүргізуші Маржан Сұлтанбайдың Туиттердегі жазбалары туралы «Маржаннан үлгі ала көрмеңдер» деген «Үш қыздың» пікірін жариялаған едік. Оймақтай ойымыз жарық көре салысымен, Маржанның өзі Туиттер мен Инстаграмдағы парақшасын әбден шулатты. «Сапырма үш қатынды тауып беріңдер, шаштарын жұлам!», – деп Туиттерді бұрқ-сарқ қайнатты. «Мен туралы бекерден-бекер жазбайды. Өздеріне пиар жасау үшін жазды», – деп өзінше болжам жасады. Тіпті қызды-қыздымен, «байын қызғанған журналист-қатынның жазғаны», – деп бір-ақ түйді. Маржанға ғана емес, жалпы оқырмандарымызға айтайын дегеніміз:

«Үш қыз» біреуді жамандап жазып, ешқашан ұпай жинаған емес. Жалпы, «Үш қыздың» әу бастағы мақсаты да бұл емес. Көзге шыққан сүйелдей боп тұратын оғаштау нәрсені шұқып көрсетіп, өліп қалған ұят пен сөніп қалған намысты ояту бірден-бір мақсатымыз десек, артық айтпаған болар едік.

Маржан тұрмақ, Маржаннан зорғылар да «Үш қыздан» сын естіп қалған. Біреуі тулады, екіншісі бетімізге айтты, енді біреуі «сендердің де кезектерің келер» деп, әлі іштерінен тынып жүр. Бірақ, көбі үндемей қоя салған. Әйтеуір, «Үш қызбен» санасатындар да баршылық екенін байқап та, бағамдап та жүрміз. Сондықтан, Маржансыз-ақ «Ақ желкеннің» рейтингі жоғары. Өз жарнамасы өзінде, қысқасы.

«Үш қыз» басқаларға қарағанда мемлекетшіл, ұлтшыл, намысшыл. Әсіресе, әңгіме балалар мен жасөспірімдерге келгенде аянып қалмайды. Өйткені, жастардың санасына «Ақ желкен» арқылы ықпал етіп отырғаннан кейін, басы-қасында жүргендіктен, жастардың санасын, тікелей әсер ететін нәрселермен «Үш қыз» айналыспай тағы тұра алмайды. Біз мұны оқырман алдындағы жауапкершілігіміз деп білеміз.

Маржан Сұлтанбайдың мәселесіне келетін болсақ, Маржан замандасымыздың айғай-шуынан кейін «Хабар» телеарнасының «Біз» бағдарламасы «Әлеуметтік желідегі жұлдыздар жауапкершілікті сезіне ме?» деген тақырыпта пікірталас өткізді. Оған ақын қызымыз Айнұр Тұрсынбаева бастаған, белгілі дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева қостаған біраз адам қатысып, өз көзқарастарын ортаға салды. Арасында әлеуметтік желінің белсендісі Маржан Сұлтанбай да бар. Сөз кезегі Маржанға келген кезде әңгіме былайша өрбіді:

«Біз»: 39 мың оқырманыңыз бар. Осы оқырмандарыңыздың алдындағы жауапкершілік мәселесіне қалай қарайсыз?

М.С.: Туиттерде 40 мыңдай, Инстаграмда 25 мыңдай оқырманым бар. Бір әріптесім әзілдеп күліп еді: «Сен бір облыстық газетті ұстап отырған сияқтысың ғой» деп. Расында жауапкершілік бар. Екі мыңнан оқырманым аса бастаған кезде ойлана бастадым. Басында «мені кім оқиды дейсің?» деген оймен, құрбыңа айтқың келеді, оның қолы бос емес, сырласқың келеді, сондай кезде «танымайтын адамдар ғой» деген оймен кірдім. Қазір көп адам оқиды. Ықпалы өте зор. Қазақта жақсы мақал бар. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген. Маржан керемет екен, идеал екен, осыдан үлгі ал деп ешкім айта алмайды ғой. Кез келген адамның жақсы жағы, жаман жағы болады. Жақсы жағынан үлгі алсын. Интернеттің бір жақсы жері, ол көз алдыңда жататын газет емес, журнал емес. Кез келген уақытта оқысаң оқы, оқымасаң оқыма, еркіндік бар.

«Біз»: Кейін, 10 мың, 20 мың оқырманыңыз болғаннан кейін де, депрессиялық жазбаларыңыз белгілі. Оларға әсер етеді деп ойламайсыз ба? Мысалы, мынандай ой айтасыз: «Бізде арнайы заң жоқ. Туиттерге әркім өз ойын еркін жаза алады. Неге мәдениетті жазбайсыз?» деп ақыл үйретпеңдер!» деп жазасыз. Осыны қалай ақтаймыз?

М.С.: Мен боқтап жазып отырған жоқпын. Болмаса суицидке апаратындай, өмірден түңіліп кететіндей ойлар жазбаймын. Кейде болады ғой, мен де қыз баламын, әлсіз тұстарым бар, көңіл-күйің болмай қалады. Ондай жағдай кімнің басында болмайды? Туиттер бола ма, Инстаграм бола ма, менің жазбаларымнан мәдениеттілікті іздеудің қажеті жоқ. Саяси шиеленіс, болмаса ұлтараздық қақтығыстар тудыратындай нәрселер жазып отырған жоқпын.

«Біз»: Бұл жерде жауапкершіліктің шегі қай жерде?

М.С.: Мен көңіл-күйім болмай отырса да, «міне, асылып өлейін деп жатырмын» деп жазған жоқпын ғой. Көбіне ақындардың өлеңдерін келтірем, астарлап жеткізем. Танымал адамдарды емес, ең әуелі журналистерді жөндеу керек. Журналистерге өкпем қара қазандай, шындап келгенде. Журфакты бес жыл оқыды. Неменеге оқыды? Менің парақшамды кімдер оқымай жатыр? Дипломы бар журналист менің парақшамды оқиды да, мақала жазады, елді дүрліктіріп. Ол республикалық жасөспірімдердің журналы. «Маржан былай жазады, олай жазады» деп. Кешіріңіз, мен де ауылда сары кемпірдің қолында болғам. «Ұрғашы, еркек, жексұрын, сұмпайы, сүмелек» деген сөздерді бала кезімде естіп өскем. Кез келген филологыңызды шақырыңыз. Ол қазақтың сөзі.

Келесі қонақ: «Ұрғашы, жексұрын» деген сөздер бір қарасаңыз қазақтың анайы сөздері ғой…

М.С.: Неге анайы сөздер?

Келесі қонақ: Сүмелек деп жақсы адамға айтпайсыз ғой енді!

М.С.: Ха-ха-ха-ха!

«Біз»: Айнұр ханым, айтыңызшы, мұндай сөздерді қолдана беруге болады ғой?

Айнұр Тұрсынбаева: Әркім өз аузынан шыққан сөзге өзі жауапты деп ойлаймын. Әркімге әрқалай. Біреулер оған үйреніп кеткен. Мысалы, өз басым ондай сөздерді қолдана алмаймын.

«Біз»: Сұмпайы десе маған өзі жауап береді, иә?

Айнұр Тұрсынбаева: Әрине! Маржанның тілі еркін. Орысша да, қазақша да еркін сөйлейді. Журналистердің бәрінде кінәрат… Негізі өзі де журналист.

М.С.: Бірақ, дипломы жоқ…

Айнұр Тұрсынбаева: Өзіне де көп айтам: «Әлеуметтік желіні көп қолданасың» деп. «Аузым күйіп қалды, бұл шәйді бұлай ішуге болмайды екен» деп. Жаңа айтып жатырсыз, «жүйкеңізге әсер етпей ме?» деп. Жоқ, «Жүйкем түсіп кетті, өмірден түңілдім, кетем» деген сөздеріне күлем, мысалы.

«Біз»: Жаңа өздеріңіз сөз еткен «Ақ желкен» журналында «Маржаннан үлгі ала көрмеңдер» деген материал шыққан. Сол материалға байланысты сотқа берем деген сияқты сөздер айтқансыз. Осыны ашып кетейікші. Сотқа беретін не нәрсе бар? Мүмкін олардікі дұрыс шығар, сізге қатысты.

М.С.: Мені кімдер жамандап жазбай жатыр. Әңгіме онда емес. Шашымды тықырлап алып тастаған кезде де, орамал таққан кезде де өсек-аяңның астында жүрмін. Менің жынданғаным, менің ашуланғаным, ол журналист ретінде, 30-40 жыл стажы болса да, ешқашан басылымда немесе телеарнада: «Сен мынадан үлгі ал, сен бүйт» деп айтуға хақысы жоқ.

«Біз»: Сіз БАҚ-тың жауапкершілігін айтып отырсыз. 60 мың ілесушісі бар әлеуметтік желіні қолданушы ретінде де жауапкершілік бар…

М.С.: Сіз мынаны айтыңызшы. Мен өзімнің парақшамды жүргізіп отырмын. Ол үшін маған ешкім ақша төлемейді. Ешқандай жеңілдік алмаймын. Салығымды төлеп отырған осы республиканың азаматымын. Ал олар, журналистер министрліктен ақша алып отыр. Олар республикалық көлемде жасөспірімдердің көз алдында тұратын журнал шығарып отыр. Оқыса да оқиды, оқымаса да оқиды. Ал менің Туиттер аккаунтымда оқысаң оқы, оқымасаң оқыма деген таңдау бар, түсенесіз бе? Менде емес, оларда жауапкершілік болу керек, ең бірінші.

«Біз»: Осы ретте біз аталған журналдың бас редакторынан сұхбат алғанбыз. Назар аударып көрейік:

Жадыра Нармаханова, «Ақ желкен» журналының бас редакторы: «Әлеуметтік желіні бала да, шаға да оқиды. Маржан Сұлтанбаеваның түр-тұлғасы телевизия арқылы көпшілікке танымал. Туиттерге кірген бала міндетті түрде Маржан Сұлтанбаевамен дос болғысы келеді, оқиды. Сосын ол бала не ойлайды? Интернет деген иесіз ит емес қой. Маржанға қарап жас қыз балалар еліктейді, сондай «жұлдыз» болғысы келеді. Тіпті ол үшін Маржанның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып көрінуі мүмкін. Сондықтан Маржан дұрыстап сөйлесе,байқап сөйлесе деген мақсатпен жаздық.

«Біз»: «Үлгі ала көрмеңдер» деген сөзде адамның құқығы тапталып тұрған жоқ па? Сөз бостандығы деген бар ғой…

Ж.Нармаханова:«Үлгі ала көрмеңдер» дегенде ешқандай құқық тапталып тұрған жоқ. Біздің журналымызды оқыған бала, міндетті түрде Маржанның да Туиттердегі жазбаларын оқиды. Керісінше, «үлгі ала көрмеңдер» деп жанашырлық танытсақ, бұл балаларға деген жауапкершілігіміз.

«Біз»: Одан жирендірудің орнына жарнама жасап берген жоқсыздар ма?

Ж.Нармаханова: Бала өзінің бағытын білсін деген мақсатта жазылды.

М.С.: Осы жерде бір нәрсе айта кетейін. Осы сөзді айтып тұрған редактор редактор ретінде оны жариялауға да қақысы жоқ еді. Жарайды, мен-ақ жаман болайын. Оған еш қысылмаймын да, ештеңем кетпейді де. Осыған дейін қандай мақала жазды екен деп әдейі қарадым. Битіп жазыпты: «Илья Илин инстаграмға тек қана жаттығу кезіндегі видеосын салады. Темір көтерген суреттерін салады. Сен олимпиада чемпионысың, Илья.Есіңді жи!» – дейді. Журналистің әлемді бағындырған адамға есіңді жи деп ескерту айтуға хақысы бар ма?..

«Біз»: Әріптестерімнің жазғанына байланысты мынандай бір сипаттама бере кетейін: Әлеуметтік желінің жауапкершілігі бар. Кез келген адам ойына келгенді емес, белгілі бір жүйемен жазсын дегенді айтқысы келген. Бұл ұсақ-түйек пе сонда?

Мейіржан Әлиақпаров (асаба): Мен ұсақ-түйек деп ойлаймын. Қазір Маржанның қасында эмоциясына қарап отырып, дау-дамайдың ортасында жүргені Маржанның өзіне ұнайтын сияқты. Маржан, соның бәріне жауап бермей, үндемей қоя салуға болмай ма? Бұл барып тұрған жүйкені тоздыратын нәрсе ғой, қарап тұрсаңыз»…

Осылай у-шуға толы болған, айғай-ұйғайға, базарға айналып кеткен пікірталасты қағазға толық түсіруге аса құлықты болмадық. Қалың шудың ішінде дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева: «Танымал адамдар этикалық нормадан шығып кетпесін дегені шығар. Жасөспірім балаға танымал бола тұрып, жауапкершілігіңде бәленбай адам болатын болса, неге имандылыққа үйретпейсің? Неге түзу жолға салмайсың? Ол сенің мұсылмандық парызың ғой…», – деген пікір айтып қалды.

Біздің ақылымызды тыңдайын деп тұрған құлақ жоқ екенін білеміз, әрине! Бірақ бұл журналистің ескертпе айтуға құқы жоқ деген сөз емес. Айтыскер ақын қыздарымыз Айнұр мен Сараның қасында жүрген Маржанды әпкелері сабырға шақырмаса, біз айтайық енді: «Мынауың дұрыс, мынауың бұрыс» деп айту арқылы адамдар өзара рухани тазарып отырмаса, сыйластықтың сиқы қайсы? «Біреулер жалаңаш суретке түсті, соны көрмей менің орамалыма тиісті» дегендей қылып сабырсыздана бермей, «Ақ желкеннің» сол нөмірінде шыққан мақалаларды неге оқи салмады екен? Мысалы, «Ізінен аңыз ерген» айдарымен шыққан бір ғана мақаланың өзі ойлы адамға қаншама ой салады. Негізі, Маржанның орамалына тиіспеген де едік қой. Құдай үшін, Маржан, орамалыңызды да, ұзын көйлегіңізді де тастамаңыз. Сізге әйбәт жарасады. «Әдетте басына орамал салып, етек-жеңін жинап жүрген қыз баланың санасында үлкен төңкеріс болады, кейбір орынсыз қылықтардан арылып, жақсы нәрсеге ұмтылады» деген наз ғана айтпақ болғанбыз. Мақаланы 100 рет оқып шықса да осыны түсінгісі келмегеніне таңғалдық. Ал Маржанның редакциямызға телефон шалып: «Какой то мелочь журнал, менің дырдай атыма кір келтірді», – деп қоқаңдағаны қай сасқаны? Айтар уәжі болса, журналымыздың беті ашық екенін ескерткеніміз де есінде шығар. Сол «мелочь» деп отырған журналдың 85 жылдан астам тарихы бар. Қит етсе сотқа сүйреп, қолынан келсе журналды жаптырып тастағысы келетіндер, көзі ашық сізсіз де табылады, Маржан құрбы. Алла сақтасын дейік, 1937 жылдағыдай науқан келетін болса, сын көтере алмайтындар бірінші болып Сібірге айдаттырып жіберетін түрі бар ма деп қауіптеніп қаламыз кейде. Оны Маржан құрбымыз бізден кем білмесе керек. Сондықтан ақпарат айдынында бір-бірімізді қолдап жүргенге не жетсін демекпіз.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Ескерту: Кейіпкерлердің сөздері редакцияланбай берілді.

(«Ақ желкен», №6. 2014 жыл)

«Біз» бағдарламасының видеосын мына сілтеме бойынша көріңіздер.

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: