Айбек Нұғымаров, түйепалуан: Ауыл баласы қандай болады, Мен сондаймын…

Қазір қазақ даласының қай түкпіріне барсаң да, Барыстарды жазбай танып жатады. Әсіресе, ауыл балалары төбелескіш, күрескіш келеді ғой. Өткенде сондай бір «айқастың» үстінен түсіп қалдым. Балалардың бірі – Бейбіт, енді бірі – Ұлан, тағы бірі Айбек болып күресіп жатыр. Төртінші бала – төреші. Олардың Бейбіт, Ұлан, Айбек екенін сол төреші жариялап жатыр. Қызық көрініс емес пе? Қазақ балаларының Барыс болып ойнағанына қарағанда, «Қазақстан барысы» турнирінің атағы Алты Алашқа түгел жария болып кеткендей. Сол Барыс бұйырса биыл да өтеді. Түйе балуандар төртінші рет белдеседі. Естеріңізде болса, былтырғы бәсекеде «Шығыс барысы» Айбек Нұғымаровқа тең келер ешкім болмаған еді. Ал биыл Айбек алтын белбеуін қорғай ала ма? Балуанның турнирге дайындығы қандай?

Күрестен 15-тей автокөлік мініпті

– «Қазақстан Барысы – 2014» додасы басталатын күн де жақындап келеді. Барыстар тыңғылықты дайындық үстінде шығар. Сіздің дайындығыңыз қалай? Биыл алтынды ақтай аласыз ба?

– Жуырда Қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты болды. Ең жоғары салмақ бойынша 1-орынды жеңіп алдым. Енді Барысқа дайындалудамын. Оқу-жаттығуларын жасау керек. Ал енді доданың қалай өтерін кілем көрсетеді. Әзірге дайындығым жаман емес сияқты. Алланың маңдайға жазғаны болады. Алтынды ақтап қалу үшін екі есе жаттығу жасап жүрмін. Қайткенде де алтынды ақтап, намысты қорғау керек.

– Қазақ күресі, дзюдо, самбомен айналысып жүрсіз. Қайсысынан жетістігіңіз жоғары?

– Үш күреспен де күресе берем. Дзюдо мен самбодан спорт шеберімін. Жарыстарына қатысып тұрам. Үшеуінен де бағындырған белесім көп. Ал қазақша күрестен үш дүркін ел чемпионымын. Азия чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Әлем чемпионы атанған кездерім болды. Алайда, ең үлкен жетістігім – «Қазақстан барысы» болғаным.

«Қазақстан барысы» – ұлтымыздың рухын асқақтататын жоба. Шүкір, жылдан-жылға төл күресімізге жағдай жасалып жатыр. Қазақ күресінің деңгейі көтеріліп келеді. Мұның бәрі де ұлттық спортымызды төрге шығарып жүрген Арман Шораев сынды азаматтардың арқасы.

– Демек, өзіңізге қазақша күрес жақын болғаны ғой?

Күресті 17 жасымда осы қазақшадан бастағам. Сол кезде маған кейбір ағалар «өте кеш келдің» деген болатын. Алайда, арада он бес күн өткенде облыс чемпионы атандым. Сөйтіп, Қазақстан чемпионатына жолдама алдым. Содан кейін маған дұрыс қарай бастады. Менің бағымды ашқан – қазақша күрес. Сондықтан да, қазақша күресті қолай көремін.

– Қазақша күрес бағыңызды ашқаны рас. Олай дейтінім, осы күрестен 8 автокөлік мінген екенсіз.

– Негізі 15-тей болып қалыпты. Бәрін де туған-туыстарыма үлестіріп бердім.

– Былтыр «Қазақстан Барысынан» ұтып алған 150 мың долларды да жұмсап үлгерген шығарсыз?

– Керегіме жараттым. Не тапсам да отбасымның игілігіне жұмсаймын. Үй сатып алдым. Қазір Астана мен Семейдің ортасына жол салып жүрмін.

Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

– Додаға түскен сайын тілеуімді тілеп отыратын әкем мен шешем бар. Айжан есімді әйелім, Айша атты 1 жасар қызым бар.

– Ал достарыңыз ше? Достарыңызбен басқосу, қыдыруға жиі барасыз ба?

Өкініштісі, бізде қыдыруға бос уақыт бола бермейді. Бірақ, досқа баймын. Балуандардан Шалқар Жоламанов, Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Мұсаевтармен доспын. Керек кезде бір-бірімізге кеңес беріп жүреміз. Менің жауым жоқ. Барлығымен араласамын, барлығын жақсы көремін.

– Балуандарды досым деп отырсыз. Ал бозкілемге шыққанда достық жайына қалады емес пе? Кейіннен ренжісіп жүрмейсіздер ме?

– Кілемде достық жоқ. Өміріміздің өзі – күрес. Сондықтан, күрес үшін ренжісіп көрген емеспіз.

Абайдың өлеңдерін жатқа айтады

– «Қазақстан барысына» қайтып келейікші. Бұл атақ сізге не берді? Өміріңізге өзгеріс әкелді ме?

– Барыстан үшінші орын алғаннан кейін ел ептеп біліп жатқан. Бірақ, «Қазақстан Барысы» болудың жөні бөлек екен. Қайда барсаң да, бар қазақ танып жатады. Барыс танымалдылықты арттырды. Ал былайғы өмірімде пәлендей өзгеріс бола қойған жоқ, баяғы Айбекпін.

– Сырт көзге сабырлы, салиқалы көрінесіз. Айбектің шынайы бейнесі қандай?

– Ауылдан шыққан балалар қандай болады, мен де сондаймын. «Мінезім мынадай» деп айтсам, мақтанғандай болармын.

– Ал бала Айбек қандай еді?

Балалығым Семейден 200 шақырым қашықтықтағы Абай ауданының Құндызды ауылында өтті. Бес баланың үлкенімін. Үйдің тұңғышы болғасын ба,кішкене тентектігім болды. Бірақ, қатты бұзық бала болған жоқпын.

– «Кішкене тентектік», «қатты бұзық» деген сөздеріңізге қарағанда, талай баланың тұмсығын бұзып жіберген сияқтысыз ғой…

– Жо-о-оқ, ешкімді ұрып-соғып атымды шығарған емеспін. Бірақ, ұл бала болғаннан кейін төбелестің ортасынан табылатының заңдылық қой. Бәлкім, қорғанып жүріп, қолым тиіп кеткен кездер болған шығар. Бірақ, өздігімнен біреуге тиіскем жоқ. Күрестің өзіне кеш келдім емес пе?!

– Сізді Барыс деп кумир тұтатын балалар бар екен. Ал сіздің бала кездегі кумиріңіз кім еді?

– Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымызды құрметтеймін. «Бұл кісілерді бала кезден кумир тұтып едім» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Ол кезде ауыл баласы кімді таныр дейсің? Кейін спортқа келген күннен бастап, осы кісілерді үлгі тұтып, еліктегеніміз рас.

– Абай ауданында тудым деп айтып қалдыңыз. Менің білуімше, Абай ауданының қыз-жігіттері ақынның жырларын жатқа біледі. Абай атамыздың бір өлеңін оқып беріңізші.

– Жатқа білем, әрине. Абай атамыздың өлеңін Абай ауданы ғана емес, бүкіл қазақ даласы жатқа білуі керек шығар?!

Балалық өтті, білдің бе,

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе,

Кәрілікке көндің бе?

Кім біледі, байғұстар,

Баяндыдан сөндің бе,

Баянсызға төндің бе?

Әлде, айналып, кім білер,

Боталы түйе секілді,

Қорадан шықпай өлдің бе?

– Әй, жарайсыз!

«WhatsApp»-та ғана бар екен

– Күш-қуатты, тұлға-тұрқыңызды қалай сақтайсыз? Бәлкім тамақтану тәртібіңіз бар шығар? Мәселен, Илья Ильин жылқының етін жейтінін айтып жүреді.

– Негізінен, денені сақтау күнделікті жасап жүрген жаттығуға байланысты. Әрине, жарысқа дайындық кезінде, жарыс алдында дұрыстап тамақтану керек. Қазы-қарта, жал-жаядан кенде емеспіз. Жылқы еті күш-қуат береді. Қымыз бен шұбат ішкен де дұрыс. Бірақ, менің ойымша, жеңіске жету тамақтануға байланысты емес.

Сонда жаттығуға қанша уақыт бөлесіз?

– Күніне екі уақыт дайындалам. Әрқайсысына екі жарым-үш сағаттай уақыт кетеді. Бес-алты сағатым күрес залында өтеді екен.

– Бос уақытта не істейсіз? Әлеуметтік желілерде отыратын шығарсыз?

– Қолым қалт еткенде, отбасыма қарайласамын. Желілерден «WhatsApp»-та ғана бармын. Қалғандарында жоқпын. Отыруға болар еді, уақыт жоқ, уақыт. Әлеуметтік желі уақытты жейтін нәрсе екен.

– Соңғы сұрағымыз болсын, жазда қайда демалғанды хош көріп отырсыз?

– Құдайдың бұйырғаны болады ғой. Жарыс қалай өтеді? Көңіл-күйге байланысты нәрсе. Әзірге ешқандай жоспарым жоқ.

– Ендеше, жарыс жолында жеңіс тілейміз! Барыстың екі дүркін чемпионы болып, Алаштың абыройын асыруыңызға тілектеспіз!

 

Бірінші Барыс – Ұлан Рысқұл

«Қазақстан барысы» ең алғаш 2011 жылы Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткізілді. Ол кезде жарысқа 744 балуан қатысты. Балуандардың 64-і ғана финалға іріктеліп алынды. Ақтық сында түйепалуан Ұлан Рысқұл «Қазақстан Барысы» атанды. Ұланға 250 мың доллар сыйақы берілді. Ал күмісті Бейбіт Ыстыбаев, қоланы Шалқар Жоламанов қанағат тұтты.

 

Екінші Барыс – Бейбіт Ыстыбаев

Ал 2012 жылы екінші рет өткізілген «Қазақстан барысы» атағына еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларынан жиналған 749 балуан таласты. Алайда соның 32-сі ғана Астанада өткен ақтық сында айқасуға мүмкіндік алды. «Сарыарқа» велокешенінде өткен финалда Бейбіт Ыстыбаев бас жүлдені жеңіп алып, алтын белбеу мен 150 мың АҚШ долларына ие болды. Сондай-ақ, Бейбітке алтын тайтұяқ пен темір тұлпар тарту етілді. Бұл кезде күміс жүлдені Шалқар Жоламанов, ал қоланы Айбек Нұғымаров жеңіп алған болатын.

 

Үшінші Барыс – Айбек Нұғымаров

Үшінші рет 2013 жылы өткізілген «Қазақстан барысы» додасында еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 32 балуан бақ сынады. Бұл жарыстың өзгешелігі даулы болуында еді. Жарыстың жартылай финалында қарағандылық Ержан Шынкеев пен 2012 жылғы «барыс» Бейбіт Ыстыбаев кездескен болатын. Алайда, төрешілер Ержан Шынкеевтің әдіс жасауын ескермеді де, жеңісті Бейбітке берді. Көрермендер бұған наразы болды. Кейін төрешілер шешімді өзгертті. Сөйтіп, Шынкеев күміспен күптелді. Бұған өкпелеген Бейбіт Ыстыбаев қола жүлде үшін болған айқасқа шықпады. Ал финалда Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаров белдесті. Таза жеңіске жеткен Айбек алтынмен апталды. Қола жүлдені Жұманазар Ерсұлтанов қанағат тұтты.

 

Биылғы барыс қалай өтеді?

Еліміздің бар аймағында «Қазақстан Барысы – 2014» турниріне іріктеу сыны аяқталды. Іріктеу сынынан өткен 32 балуан финалда бақ сынайтын болды.

Әр облыс (аймақ) ақтық сынға екі балуаннан үкілеп қосты. Алайда, төртінші рет өткелі отырған «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық сынына кейбір танымал балуандар ілікпей қалды. Соның бірі – тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы). Қызылорда облысында өткен іріктеу сынында Ұланды балуан Руслан Әбдіразақов сан соқтыртты. Екінші жолдаманы Айбек Серікбаев жеңіп алды. Ұланның не үшін ұтылғанын сұрағанымызда: «Іріктеу сайысында жығылып қалдым. Жығылуыма жарақатым әсер етті. Екіншіден, дайындығым жақсы болған жоқ», – деп жауап берді. Сол сияқты тәжірибелі балуандар Мұрат Кеңтонов (Қостанай облысы) пен Самир Мамедов (Павлодар облысы) іріктеу сынынан оңбай құлады. Көрермендер көзайымына айналып жүрген Максим Гербер (Қостанай облысы) мен Виктор Демьяненко (Алматы қаласы) да биылғы бәсекеге қатыспайды екен. Себебі, жарақат алып қалыпты. Соған қарағанда, әр өңірдегі іріктеу сындары тартысты өтіп жатқанға ұқсайды.

Биылғы сынның тағы бір ерекшелігі – төрешілер қысқартылады. Былтыр 12 төреші болса, биыл 6 төреші болады. Төрешілер емтихан арқылы таңдалынды. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев: «Жыл сайын жеңімпазға құны 75 мың доллар тұратын «Hyundai» көлігі берілетін. Биыл бұл үрдісті бұзамыз. Себебі, турнирден кейін Барыстар онсыз да облыс әкімдері тарапынан көлікке байып қалатыны сөзсіз. Сондықтан да, биыл бұл көлікті финалға дейін жеткен, әдемі ойын үлгісін көрсеткен балуан алады», – дейді.

Айтпақшы, биылғы балуандардың ерекшеліктерімен де таныс болыңыздар. Биылғы ең ауыр балуан салмағы 160 келі тартатын Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО) болды. Ал ең жеңілдері – 82 келілік Леонид Станеев (Ақмола облысы) пен Рүстем Бурбаев (Ақтөбе облысы). Балуандардың ішіндегі ең ұзыны бойы 198 сантиметр болатын Рүстем Жұмаев (СҚО) екен. Ал ең аласасы – бойы 174 сантимер Батырхан Жүнісов (Павлодар облысы). Ең жасы үлкен балуан – 35 жастан асқан Шалқар Жоламанов (ШҚО), ал балуандардың ең кішісі 18 жасар Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау облысы) болып шықты.

«Қазақстан Барысы» жобасының биылғы ақтық сыны 29 маусым күні сағат 13:00-де Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Жеңімпазға алтын белбеу, тайтұяқ және 150 мың АҚШ доллары табысталады.

 

Серікбол Хасан

(«Ақ желкен», №6. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: