Қазаққа қадірің болмаса, құның көк тиын, Мақпал!

Қайбір жылы Мақпал Исабекова «қазақ әншілерін тыңдамаймын» деп қалғанда, біраз адамның іші бүріп қалған еді. Кейіннен «орысша берген сұхбатымды журналист дұрыс жеткізбепті» деп ақталғандай болды. Солай-ақ болсын. ГИТИС-ке барып оқыған әнші қызға қарап: «Қарапайым ауылдан шығып, ешқандай таныссыз-ақ өзін-өзі сүйреп жүр», – деп сүйсінген де едік. Сөйткен Мақпалымыз тым орысша өмір сүретін болып кетіпті. Алғашқы продюсері Ерік Тастанбековтен енші алғалы бері Мақпал не істеп, не қоятынын енді өзі шешетінін бір сұхбатында айтып қалған. Күйеуінен қорлық-зорлық көрген әйелдің кейпін сомдайтын фильмге де түсті. Сол үшін бір жыл бойы Мақпал бокс пен таэквондоны жанына серік етіпті. Әйел құқығын қорғайтын фильмнің («Загнанная») саундтрегі Мақпалдың орындауындағы «Девочка из Гетто» әнімен кең таралды. Онда Мақпал қан-жоса болып адам өлтіріп отырады. Әнші қыздың біреудің қанына малынған кейпін көргенде жүрегің зу ете қалады екен. Батыстың қаңсығын қазаққа насихаттау деп қана түсіндік, бар болғаны. Онсыз да миымыз атала болып жүргенде, жетпегені осы еді?! Мақпалдың мұнысын өзгеше шығармашылық «ізденісі» деп-ақ қабылдайықшы. Әйтпесе, тағы да «қазақтарға ештеңе жақпайды, артта қалған» деп өзімізді ұрсып тастап жүрер. Бірақ, Мақпал да қазақтың қызы. Балалары шаң-топырағын басына көтеріп ойнайтын мынау тұрған Жаркенттен шыққан. Ол жердің халқы «гламур» болса, мұрнымызды кесіп берейік, кәдімгі қазақы орта ғой. Олай болса, Мақпалдың қазақтың қызына тән ибасын ұмытуға хақы жоқ.

«Котекстің» жарнамасынан көрген сайын қанымыз басымызға шабады. Онсыз да ішкиімнің ішіндегісін көрсеткен кезде ұяттан өліп кете жаздап жүрген жоқпыз ба осы?! Енді мұны қазақтың танымал қызы Мақпал Исабекова жарнамалайды. Жарнамасыз-ақ ол нәрсенің саудасы жүреді емес пе? «Қазақтың қызы» деген атқа үйлеспейді еш. Осы мәселені Мақпалдың өзіне айтайық деп телефон да соқтық. Журналист құрбысы екенімізді біле салып: «Менің телефонымды қайдан алдыңыз?» – деп шап ете қалды. Құдай-ау, журналистер қажет болса, кімнің телефонын таппайды дейсіз? Мұны естігенде: «Маған ешқандай журналист тікелей шықпайды. Бүкіл мәселені менеджерім арқылы сөйлеседі», – деп бәлсінді. «Бір ғана мәселемен хабарласып тұрмыз, «Котекстің» жарнамасына не үшін түстіңіз?» – деп біз де сұрақты төтесінен бір-ақ қойдық. «Менеджеріме хабарласыңыз. Мен сіздерге смс-пен жазып жіберейін нөмірін», – деді. «Смс-пен жаза алмайсыз, біз сізге қалалық телефоннан хабарласып тұрмыз ғой», – деп Мақпалдан қалайда жауап алып қалуға тырыстық. «Онда шамалыдан соң хабарласыңыз. Сол кезде айтам. А то сейчас не помню», – деп телефонын баса салды. Бірақ, шамалыдан соң да, бір сағаттан да соң да, үш сағаттан соң да Мақпал телефонына жауап бермеді.

Қанша жерден шетел болғың келсе де, шетел сені керек етпейді. Мықты болсаң, бірінші өзіңді қазаққа мойындатып, өз халқыңның алдында сүйкімді бол. Өз ұлтыңның алдында қадірің болмаса, құның көк тиын. Бізге дейін де солай болған, бізден кейін солай болмақ. Қазақтың қызы деген атқа лайық болайықшы, қыздар!

Оларды ақынның баласы деп кім ойлайды?

«Қазіргі айтылып жүрген әндер «құлақтан кіріп бойды алмайды». Құлақтың қуысынан өтпей, миыңның түбінде ызыңдап тұрып алады. Бұл – әріптесімнің ашынып айтқан сөзі. Өткенде қазіргі ән мәтіндері туралы журналистер өзара айтысып қалғанбыз. Бір қызығы, біріміз ұнатқан әнді біріміз ұнатпайды екенбіз. Қызды-қыздымен қып-қызыл даудың төрелігін жанымызда отырған ақын ағамыздан сұрадық. «Қазір шынайы сезім жоқ. Сезім жоқ жерде шынайы шығарма тусын ба?!» деп шорт кесті. Ол кісінікі де дұрыс шығар…

Кіл құрғақ, қарабайыр сөздер мен жолдардан құралған әндердің сөзін талдап, «тізесі шыққан тақырыпты» қозғағалы отырғамыз жоқ. Қазір осы тарапта әңгіме айтылса болды, әнші Айқын Төлепберген мен Бүркіттің репертуарындағы әндер бірден сын садағына ілінеді. Жігіттердің сөздің салмағына жете бойламайтыны қынжылтады. Әйтпесе Бүркіттің дауысы қандай! Ерекше жағымды тембрдің иесі. Ал айтатын әндері «тәттімсің, тәтті исің» деген арзан ұйқастан аса алмайды. Айқынның орындауындағы әндердің сөзі қазір айтылып, қазір ұмытылады тіпті. Есіңде қалмайды.

Басқасы басқа, ақындардың балаларының сөзден сыналып жатқаны ұят қой енді. Айқын ақын, сатирик Нұртан Төлепбергеннің баласы, мысалы. Бүркіттің анасы Айша Көпжасарова да ақын.

Соңғы кезде актриса Ақкенже Әлімжан да өзінің әншілік қырын байқатып жүр. Бірақ… Ақкенженің орындауындағы «Лаула-лаула» деген әнді тыңдасаң, қайталаулардан құлағың тұнады. Әйтпесе ол да ақынның қызы. «Әнді жарыққа шығармастан бұрын әкесі Баянғалиға бір қаратып алса қайтеді екен?» дейсің еріксіз. Бір кездері «Азия» тобы орындаған, талай тыңдарманның жүрегіне жол тапқан «Ғажайып күй» деген әннің сөзін оның әкесі Баянғали Әлімжанов жазған. Ал әнін Нұрлан Әлімжан шығарған. Әкелі-балалы адамдардан осындай тамаша ән туған кезінде. Келісіп пішілген тон қашанда келте болмайды ғой, айтпағымыз.

Мессиде мейірім, Александрда аяныш…

Лондон Олимпиадасының алтынын алып берген велошабандоз Александр Винокуровты жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар. Журналист Есей Жеңісұлы «Джиро д’Италия» велобәйгесіне барып келгенде: ««Қазақстан» арнасының тілшісі Дина Ысқақова «Астананың» жейдесін киген француз қызын жолықтырыпты. Александр Винокуровтың фанаты екен. 2006 жылдан бері біздің командаға тілеулес. Орыс тілін үйреніп алыпты, келесі жылға дейін қазақша біліп алмақ. Қазірдің өзінде «сәлеметсіз», «сау болыңыз» қатарлы біраз сөздің басын қайырады. Мінекиіңіз!» – деп мақала жазып еді. Қазақстанның атын осылай асқақтатқан Сашамызды қалай құрметтесек те жарасады. Бірақ, артық қыламыз деп, тыртық қылатын әдетіміз бар емес пе баяғы. «Билайнның» жарнамасын теледидардан күніне он рет көретін шығармыз. Сонда Сашаны мүгедектер арбасына таңып қояды. Әр көрген сайын жүрегіміз зырқ етеді. Сашаның бар кереметі – сол алтын аяғында ғой. Ол аяқты қалай жарымжандыққа қиямыз? Бұл жарнама жігер емес, адамдағы аяныш сезімін оятады. Атымызды аспандатқан ардақтымызға жөні түзу жарнама сценарийін жазып берсек қайтер еді? Оны қанша бала үлгі тұтады емес пе?

Ал Александрмен бірге отандық телеарналар жарыстырып беріп жүрген аргентиналық футболшы Мессидің түскен жарнамасын қараңызшы. «Лейс» чипсының жарнамасы арқылы Мессидің бір сәттік жұлдызды ғұмырына шолу жасайсың. Кішкентай балақайдың анадайдан «Месси, Месси» деп қолын шошайтып айқайлағаны қандай әдемі көрініс, мысалы. Ол жарнама арқылы Месси: «Мендей қарапайым болсаң, сені бәрі таниды, сыйлайды» деп күлімдеп тұрған сияқты, құдды.

Ал біздің Сашаға келсек… Құдай сақтасын, велошабандоз болмай-ақ қояйын деп ұнжырғаң түсіп кетеді.

«Баяғыдан сөйтулері керек еді»

Бұрын ақындардың қай-қайсысымен сөйлесе қалсаң: «Бізде маркетинг жолға қойылмаған, кітап жазып пайда таппақ түгілі, баспаға кеткен шығынды жаба алмайсың», – деп жылайтын. Осы әңгімені қаламгерлердің талайынан естідік. Сондайда «өзіңіз жүгірмесеңіз, кітабыңызды біреу сатып, кіріс жасап бермейді ғой» дегіміз келетін. Соңғы кезде қаламгерлер маркетингтің жолдарын меңгере бастағандай. Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүніс жалған намысты жиып қойып, «Ұлттық кітапхананың» алдына кітаптарын сатуға өздері шықты. «Баяғыдан сөйтулері керек еді» деген пікірді Фейсбуктен көп оқыдық сонда. Ақындарға жанашыр, тілеулес азаматтар өз еркімен олардың кітабының сатылуына көмектесіп, менеджердің қызметін тегін атқара да бастады. Айгүл Болатханқызы Фейсбукте жарнамасын жасап, Бейбіт Сарыбайдың «Мейірімін» бірқанша адамға сатып берді, мысалы. Ерболат Әбікенұлының «Министр» атты жинағын «400 теңгеден алып кетіңдер» деп күн сайын интернетке іліп отырғандар да бар. Осындай бірді-екілі жарнамамен жақсы кітапты оқырманның өзі іздеп келе бастады.

Ілгеріде «ұлт» деп, «тіл» деп шыр-пыр боп сөйлейтін бір ақынымызбен мектепке кездесуге бардық. Ақын ағамыз тілімізді, қазақтығымызды сақтап қалу туралы талай ойлар айтты. Тіпті, тіл үшін жалғыз өзі күресіп жүргендей ышқына сөйлеген. Екі сағаттан артық ұлттың болашағы туралы әңгіме айтты да, кездесу біткен соң «2000 теңгеден жинағымды сатып алыңдар» деп кітабының сатылуын күйттеп кетті. Оқушы мен айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімнің қалтасында 2000 теңге қайдан болсын?! «Кітабымнан көбірек алмады» деп ақын ағамыздың қабағы ашылмай қайтқан сонда. Қазір, шыны керек, қаламгерлердің кейбірі кітабын өткізудің бір жолы ретінде мектепті пайдаланады. «Бәлен кітабымды сатып алсын» деп жоғарыдан міндеттеп тастайтындарын да талай мұғалімнен естігенбіз. Оның жанында жастардың әлеуметтік желі арқылы жүргізген жарнамасы да, кітапханалардың алдына барып кітап оқитын адамдарға сатқаны да дұрыс қой дейсің.

«Ұлымнан қызым пысық»

Биылғы ҰБТ-да төрт түлек ең жоғары 125 балл жинады. Ержанова Ұлпан Ержанқызы (Оңтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектеп оқушысы), Ахметжанова Шахзода Әнуарқызы (Шымкент қаласы, Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицей), Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы (Алматыдағы №178 лицей), Марат Әсия Жандосқызы (Алматы қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия).

Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылы 125 балл жинаған түлектер саны жетеу болған. Олар – Әйткенова Әсел (Екібастұз қаласы), Ысқақ Аида (Шымкент қаласы), Тоқтамыс Марғұлан (Алматы қаласы), Құспанғалиева Ботагөз (Алматы қаласы), Қамзаев Нұржан (Атырау қаласы), Сахтанов Ақ-Бөкен (Атырау қаласы), Құмарова Самал (Атырау қаласы).

Байқап қарасаңыз, биыл ең үздік көрсеткішке қол жеткізгендердің саны ғана азаймаған, жағрапиялық ауқымы да тарылған. Тағы бір таңданарлығы, биыл олардың қатарында ұл балалар жоқ. «Ұлыма қарағанда, қызым пысық» деген сөздің жаны бар ма деп қалдық. Қазір ата-аналар арасында ұлынан гөрі қызын мақтау көп ұшырасатыны өтірік емес. Өстіп жүріп ұлдарды мүлдем жүнжітіп жібермесек болғаны, әйтеуір. Ана мекемеге барсаң да кілең қыздар жұмыс істейді, мына мекемеге барсаң да кілең қыздар жұмыс істейді. Сонда біздің ұлдар қайда?

Биылғы ҰБТ қорытындысы біздің осы күдік-күмәнімізді күшейте түсті. Бір кезде «мектепте ұл балалар еліктейтін тұлға жоқ, мұғалімдердің арасында ер адамдар саусақпен санарлықтай ғана» дегендей мәселе көтерілген болатын. Қазір қоғамда қандай, нендей өзгерістер болып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ па деп қалдық. Әйтпесе «неге бұлай?» деп ойланар еді ғой.

Сөйтіп, биылғы жылы бірде-бір ұл бала, яғни министр Сәрінжіповтің інішектері десек те болар, ең үздік көрсеткішке қол жеткізе алмай қор болды. Ал, қыздар тіпті 125-тен де жоғары көрсеткіш болатын болса, оны да оп-оңай жинап алатындай құлшынып тұрды. «Бөріктінің намысы бір» деген мағынада айтып отырмыз мұны. Шынына келсек те солай, бұл жағдай елеусіз қалмауға тиіс. Мұғалімдердің тамыз конференциясында да, басқа басқосуларда да айтылуы керек. Қысқасы, ұл балаларды да үздіктер қатарынан көргіміз келеді.

ҰБТ балаға бәле болды!

«Ойбай, тесттің ішінде сыра зауыты қашан ашылғаны туралы сұрақ бар екен» деген даурықпа әңгімені естігенде, шамданбаған ата-ана қалмаған шығар. Онсыз де ҰБТ-ға ашуланып жүргендер «әне!» десіп шыға келді. Тіпті бір журналист анық-қанығын тексермей жатып, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке тәмам елдің алдында осы сұрақты қойып, қатты састырды. Сөйтсе, ондай мәлімет шынымен тарихта бар екен. Алматының Верный болып тұрған кезінде алғашқы болып ашылған зауыттардың бірі осы сыра зауыты екені оқулықта жазылыпты. Алайда, ол сұрақ биылғы тестіге енбепті. «Мен мұны кез келген адамға дәлелдеп беремін», – деп Тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев қадап айтты. «Осындай сұрақ болды деп, дүйім жұртты шулатқан Айнұр деген қыз кешірім сұрасын. Жалпы биылғы тестте түсініксіз сұрақтар жоқ», – деді шамырқанып. Сол қыз, міне, жазбаша түрде министрден кешірім сұрады. «Биылғы тесте барлық сұрақтар нақты болды. Мектеп бағдарламасына сай келеді», – деп жазыпты онда. (Балалар да, ата-аналар да өтірік айтпау керектігін енді түсінетіндей сабақ алды, бір жағы. Әйтпесе, Абылай ханның атының түсінің де, Роза Рымбаеваның сүйікті көйлегінің де тестте бар екенін дәлелдеп берген ешкім жоқ қой).

Есесіне техникалық қателер оқушылардың есін шығарды. Мысалы, Айнұр Жүнісқалиева есімді оқушының дұрыс жауабын қатеге есептеп жіберген. Ол үшін Тестілеу орталығы директорының өзі кешірім сұрап әлек болды. Кентау қаласында 40 оқушының тест нұсқалары ауысып кетіп, нәтижесі қайта тексерілген. Апелляциялық шағымға 350 арыз түсіп, оның 51-і қанағаттандырылған. Ал Қарағанды облысына қарасты Атасу ауылының тұрғындары тестілеу қайтадан өткізілсін деген талап қойыпты. Өйткені, тестілеу кезінде балаларға психологиялық қысым жасалыпты.

Рұқсат етілмеген құрылғыларды (телефон, калькулятор, т.б) аудиторияға алып кірмек болғандар да, балаларды шешіндіріп тастап тексеріп, дөрекілік көрсеткендер де биыл болды. Мұның бәрі жыл сайын тестілеу кезінде қайталанып тұратын «созылмалы дертке» айналып кеткеніне, міне, 11 жыл!

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тестінің болғанынан боладысы сорақы. Мектеп директорлары рейтинг үшін тырысады, ал ата-аналар «оқымасаң ауылда қаласың, еден жуасың» деп балаларды жүндей түтіп жібереді. Екіжақты қысымның ортасында қалған бала психологиялық күйзеліске түсіп тынады. «Төбемізде қадалып тұрғандықтан, жауабымызды ұмытып қалдық» деген шағым сөздер бекер айтылмайды ғой. Алда осының бәрі ескеріліп, ҰБТ болмас бұрын балаларды психологиялық тұрғыдан дайындап алу керек сияқты. Әйтпесе тестілеу науқаны ешқашан тыныш өтпейді.

Ал, өз арамызда ғана сыбырлап айтсақ, осы ҰБТ-ыңыз балаға бәле болды!

Қазіргі қазақ неден арланады?

Алматы мен Астанада бейшара болып жүрген қазақ көп. Соларды көргенде биліктегілерге өкпе айтатынымыз тағы бар. «Қарапайым халықты ойламайды» деп өкпеміз қара қазандай болады. Нарықтық қоғамда өз қотырыңды өзің қасымасаң, саған ешкім қайырым көрсетпейтінін күніге естісек те, соған көндіккіміз келмейді. Әйтеуір, балапан сияқты аузымызды ашып отыра бергіміз келеді. Бұл енді қазақтың жалқаулығы барып тұрған. Мысалы, Түркістанда Атабай деген ауыл бар. Қала сияқты. Саудасы қайнап жатады. Ол ауылдан киім де, азық-түлік те, жеміс-жидек те сатып алсаңыз болады. Кафесіне барып тамақтың түр-түріне тапсырыс бересіз. Жергілікті халқының 90 пайызға жуығы өзбектер. Жайнатып тастаған ауылдарын. Бірақ, таудың етегіне жақын орналасқан келесі ауылдан ондай тіршілікті көрмейсіз. Суы да, жайылымы да бар. Халқы босып, қаладан жұмыс іздейді. Ала жаздай үлкен қалаға барып тапқан табысын қыс бойы үнемдеп әрең күндерін көріп жүр көбі. Ауыл тозған. Қалада қаңғып жүрсең, ауылда қалған үйдің жайы белгілі емес пе?

Өткенде Құлжаға жол түсті. «Ол жақтағы ағайын қалай екен?» деп зерделеп көрдік. Біздегідей сіңірі шығып, шиқылдап жүрген қандасымызды көрмедік. Басқалар көше сыпырып, қайыр сұрап, қара базарда сауда істеп жүрсе, қазақтар мұнтаздай киініп, әп-әдемі кеңселерде отыр. «Кеңседен бөлек қазақ қайда жұмыс істейді?» десек: «Ауылда мал бағады. Сонымен-ақ күндерін көріп, бала-шағасын оқытып отыр. Көше сыпырып, қайыр сұрауды қазақтар ар санайды», – дейді Қытайдағы қандастар. Бізге осындай намыс жетпей бара жатыр. Қалада болмағыр тиын-тебенге сүйретіліп, оны не пәтерге, не ішіп-жегенге, не киер киімге жеткізе алмай жүреміз. Ауылға қайтып, мал бағып, егін егуді қорлық көреміз. Бәрі бірден бола салмайды ғой. Кеңес өкіметі тұсында малдың басын егіздетіп өргізген қазақ қазір малын көбейте алмайды дегенге тағы сенбейміз. «Қазақ – жалқау» дегенді санадан сілкіп тастап, жақсы өмір сүруге ұмтылатын кез жетті ғой. Енді тек өзің үшін ғана жұмыс істе, қазақ! Әйтпесе, қашанғы «жалқау» деген атақты арқалап жүре бермексің?

«Үш қыз»

(«Ақ желкен», №6. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: