«Ұланда» істеген ағаның көрмесі

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі суретші Алмас Сырғабаевтың «Ұлы Дала тарихы» атты көрмесі ашылған болатын. Көрмеге ХХ ғасырдың 30-жылдары халқымыз басынан өткерген қасіретті бейнелейтін графикалық туындылар мен Алаш арыстарының портреттері қойылды.

Қилы кезеңді өнеріне арқау еткен Алмас аға 1996-2005 жылдары «Ұлан» газетінде көркемдеуші редактор болып қыз-мет істеген екен. Мұны естіген бойда, қылқалам шеберімен жақынырақ танысып, аз-кем әңгімеге тарттым.

– Алмас аға, бүгінгі көрмеге қанша туынды қойдыңыз?

– Көрмені  31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнағандықтан, 31 туындыны іріктеп, жұртшылық назарына ұсынып отырмын. Бүгінгі ұрпақ зобалаң жылдардың қасіретін әрдайым есте сақтауы керек.  Менің көрмем де осы мақсатты көздейді.

– Сіздің «Қаралы көш», «Мұңлы әуен», «Жанталас» сынды графикалық туындыларыңыз көрерменді бей-жай қалдырмады деген ойдамын. Бейнелеу өнерінің бұл жанрының ерекшелігі неде? Графикаға қай кезден бастап ден қойдыңыз?

– Графиканы бейнелеу өнерінің ең көне жанры деуге болады. Ертедегі жартастарға салынған суреттердің бәрі – графика. Ерекшелігіне келсек, бұл жанрда түс пен бояудан гөрі, түрлі сызықтарға, ақ пен қара түстің арақатынасына мән беріледі. Графикалық жұмыстар қарындашпен, көмірмен, қаламұшпен орындалады. Кезінде Мақым Қисамединов деген атақты график-суретші болған. Ол кісі Абай мен Махамбеттің тамаша графикалық портреттерін жасаған болатын. Өзіме келер болсам, графикамен «Ұланда» істеп жүргенде айналыса бастадым. Көптеген танымал ақын-жазушылардың кітаптарын безендірдім.

– Естуімізше, сіз Мұқағали ақынның шығармаларына көп сурет салған екенсіз. Олардың саны қанша?

– Мен Мұқаңның жерлесімін. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылының тумасымын. Бала кезден ақын өлеңдерін жаттап өстім. Кейін есейіп, суретшілікке біржола бет бұрған шақта сол өлеңдердің құпия сырларын қылқалам арқылы ашуға тырыстым. Мұқағали тақырыбына 50-ден астам сурет салдым. Анау жылы Алматыда «Қарлығашым, келдің бе?» деген арнайы көрме де өткіздім. 2007 жылы Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасының желісімен салынған графикалық суреттерімді жинақ етіп шығардым.

–  «Ұланнан» кейін қай жерлерде істедіңіз? Қазір қайдасыз?

– Біраз жыл ауылда мұғалім болдым. Кейін Алматыға қайта оралып, баспаларда көркемдеуші редактор, «Wikibilim» қоғамдық қорында мультипликатор-суретші болып қызметтер атқардым. Қазір Аста-нада тұрамын. «Interactiv Kazakstan» компаниясында суретші-иллюстратормын.

– Әңгімеңізге рахмет! Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан Айдана Марат

(«Ұлан», №25. 24.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: