Аллергиядан қалай айығамын?

Кешке қарай мұрным бітеліп, ұзақ түшкіремін. Көзім, тамағым қышиды. Жастыққа жатсам болды мұрным бітеледі, тұрсам ашылады. Түнімен аузыммен демалып шығамын. Бұл аллергия ма? Қандай көмек бересіздер?

Көркем Базарбайқызы

Сұраққа Республикалық Аллергия орталығының  аллергологы Айнұр Жүнісова жауап береді:

– Көркем, сенде аллергиялық поллиноз болуы мүмкін. Ол – жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын ауру. Алдымен аллергияның неден болғанын анықтау керек. Сырттай дәрігерлік кеңес беру қиын. Сондықтан уақыт өткізбей, аллергологқа көрінгенің жөн.

Аллергияны екі жолмен анықтайды. Біріншіден, терінің астынан сынама жасайды. Екіншіден, қан алу арқылы. Дер кезінде дәрігерге көрінбесең, мұрынның иіс сезу қызметі нашарлап, шырышты қабаттары өзгеріске ұшырайды.

Негізі мектеп жасындағы балалардың ағзасы шаң-тозаңға, гүлді өсімдіктер мен өткір косметикалық иістерге аллергия береді. Егер сенің аллергияң шаң-тозаңнан болса, бөлмеңде кілем, жұмсақ ойыншықтар болмауы керек. Бөлмеңе жиі ылғалды тазалық жүргіз. Сондай-ақ, мысық, күшік, қоян сияқты үй жануарлары мен бөлме гүлдері де аллергияға себепші болуы ықтимал. Түнде ұйқың бұзылып, мұрның бітелсе, бұған салғырт қарама. Аллергияны асқындырып алуың мүмкін.

Жазып алған Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №25. 24.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: