«Ұланнан» түлеп ұшқан журналистер

Танымал журналист аға-әпкелеріңнің көпшілігі «Ұланның» шәкірттері екенін білесіңдер ме? Үлкен ақын, жазушы, журналистердің дені төл газеттеріңе жазып жүріп қанаттанған.  Бұрынғы «Қазақстан пионерінің», қазіргі «Ұланның» мектебінен өтпеген жазушы, журналист кемде-кем. Бұл қатарда Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, Марат Тоқашбаев, Талғат Айтбайұлы, Алпысбай Шымырбаев, Көпен Әмірбек, Қонысбай Әбілов, Ұлықбек Есдәулетов, Самат Ыбырайым сынды ағаларың бар.

Кейінгі толқыннан ағайынды Қанат пен Қуат Әуесбайлар, Лира Қоныс, Рауан Сәбитұлы, Рахат Жақсыбай, Мақпал Жұмабай, Ақбота Орынбаева, Асхат Еркімбай сынды жазу-сызудың төңірегіндегі аға-әпкелерді де атауға болады. Журналистердің төл мерекесі қарсаңында «Ұланның» бұрынғы жас тілшілерін сөйлеттік. Олар бізге журналистикадағы алғашқы қадамдары қалай басталғанын айтып берді.

Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры:

Әскерде де «Қазақстан пионерінен» қол үзбедім

Ж.Кенжалин: Менің бала кезім 1960-70 жылдар кезеңіне сай келді. Пионер балалар көмекке зәру қарттардың үйіне барып қолға-быс ететінбіз. Бір күні «Балалардың осы игілікті ісін неге газетке жазбасқа?» деген ой келді. Жаздым да, «Қазақстан пионеріне» (қазіргі «Ұлан» – Қ.Д.) жолдадым. Көп ұзамай, жарияланды. Бұған қуанып, жас тимуршылардың атқарған шараларын тұрақты түрде жаза бастадым. Сөйтіп, 1967 жылы «Қазақстан пионерінің» жас тілшісі» куәлігін алдым. Журналистика факультетін тәмамдап, «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан» – Қ.Д.) жұмысқа орналастым. Осының бәрі кешегі «Қазақстан пионері» – бүгінгі өздеріңнің «Ұланның» тәлімінің арқасы. Тіпті, Солтүстік Кавказда әскерде болғанымда да, сүйікті газетімнен қол үзбедім. Үйдегілер «не салып жіберейік?»  десе,«Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жасты» (қазіргі «Жас Алаш» – Қ.Д.) сұрайтынмын.

Ұлан: Журналист болғысы келетін балаларға не айтар едіңіз?

Ж.Кенжалин: Мектепте «Қабырға газеті» деген бар. «Жас қаламгерлер» үйірмелері де бар. Жас тілшілерге арналған жыл сайын түрлі форумдар мен фестивальдер өтіп жатады. Міне, осындай шараларға белсене қатысып жүрсеңдер, тәжірибе жинайсыңдар. Балаларға арналған басылымдарға жазылып, өздерің де мақала жазуға талпыныңдар. Журналист болу дегенің – өмір бойы іздену. Бірде ғалыммен, бірде жазушымен, бірде дәрігермен сұхбаттасуға тура келеді. Қай саланың адамымен сөйлессек те, оның кәсібінен аз да болса хабардар болуымыз керек. Сол үшін көбірек оқыңдар.

Қанат МАХАМБЕТ, «Айқын» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі:

Журналист болуыма «Ұланның» ықпалы бар

Қ.Махамбет: Асхат Еркімбай есімді сыныптас досым бар. Оны жаңа медиа саласының білгірі, танымал блогер ретінде танитын шығарсыңдар?! Міне, сол Асхаттың мақалалары оқушы кезден-ақ газет бетіне шығып тұратын. Мен соған қызығатынмын. Асхат «сен де мектеп, ауданның жаңалықтарын жазып тұрсаңшы» дейтін. Жазуын жазатынмын.  Қалалық газеттерге шыққанмен, «Ұланға» шықпай қалатын. Содан «Ұланға» біраз уақыт хат жолдамай қойдым. 11-сыныпта күтпеген оқиға болды. «Ұланнан» мектебімізге Асхат, Ысқақ деген бала үшеумізге хат келіпті. Газеттің 70-жылдығына орай өтетін мерекелік шараға шақырту екен. Бұл 2000 жылы болатын. «Менің жазғандарым жарамай жүрді десем, ағайлар ескеріп жүріпті ғой» деп мәзбін. Содан Сәтпаевтан Алматыға келдік. Керемет фестивальдің қатысушысы болдық. Сұлтан Қалиұлы ағамыздың қолынан жас тілші куәлігін алдым. Фестиваль барысында Көктөбеге бардық. Сол жерде Жолдасбек Дуанабай ағамыз: «Ал, Қанат, бір өлең шығарып жібер!» – деді. Табанастында бірдеңе етіп шумақ құрап, айтып бердім. Ол газетке жарияланды. Сонда Асхат «әне, мақала түгілі, өлеңің шығып жатыр» деп, мен үшін мәз болды.

Ұлан: Содан «Ұланға» енді хат жазбаймын» деген ренішті ұмытып, қайта мақала жаза бастадыңыз ба?

Қ.Махамбет: Иә (жымиып), содан кейін мақалаларым жарық көре бастады. Аз уақыттан соң «Ұланнан» тағы шақырту келді. Бұл жолы «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» фестиваліне бардық. Осыдан кейін «Ұланнан» арнайы тапсырмалар алып жазып тұрдым.

Ұлан: Сіз де журналист болуды бала күннен армандадыңыз ба?

Қ.Махамбет: Жоқ. Заңгер болсам деген ойда жүргем. Журналист болуға қабілетім жет-пейтіндей көретінмін. «Ұланның» фестивальдеріне қатысып, мақалаларым шыққан соң, ойым өзгерді. Сенім пайда болды. Сол үшін журналист болуыма «Ұланның» және Асхаттың тікелей әсері болды деп айта алам.

Ұлан: Қазіргі жас журналистерге қатысты қандай пікір айтар едіңіз?

Қ.Махамбет: XXI ғасыр сылбыр журналистерді ысыратын заман. Жеткіншектердің көпшілігі телевидениеде бір жарқ етуді ғана ойлайды. Журналист болам дегендер жазуды да, сөйлеуді де меңгеруге ден қойсын. Өзім Еуразия Ұлттық университетінде жас журналистерге дәріс бергем. Біреудің мақаласын көшіріп, өз аттарына «өңгеріп» жіберетіндерді де аңғарып қаламын. Баспасөз материалдарын күнделікті қарап жүретін адамға мұның бәрі байқалып тұрады. Көшіру, плагиаттық жасау – қылмыс жасау деген сөз. «Әдебиет – ардың ісі» дегендей, журналистика да ардың ісі екенін кейінгілер түсіне білсе екен.

Мейрамгүл МӘДӘЛІ, «Хабар» телеарнасының жүргізушісі, продюсер:

Экономиканы оқысам да, журналистикадан алыстамадым

М.Мәдәлі: 3-сыныпта оқып жүрген кезімде «Балдырған» журналына «Гүл мен көбелек» деген тырнақалды туындым шықты. Жоғары сыныпқа өткенде «Ұланға» да жаза бастадым. Бірақ, жазғандарым ә дегеннен жариялана қоймады. Шамасы, мазмұны аса келіңкіремеген болса керек. 7-сыныпта «Қасиетті сан» деп аталатын мақалам жарияланды. Жеті саны туралы жазғам. Редакциядан «Мақалаң жақсы екен. Қаламың ұштала берсін!» деген мазмұндағы хат та алдым. Ой, сол сәтте қуанғанымды көрсеңіз?! «Біздің баламыздың жазғаны республикалық газетке шықты» деп, әке-шешем де мәз. 8-сыныптан бастап Алматыға оқуға ауыстым. Сөйтіп, «редакцияға сонау Қызылорданың түкпіріндегі ауылынан хат жазбай, жақын жерден өзім-ақ барып тұратын болдым» деп қуандым. Ал «Ұланның» жас тілшісі» деген куәлікке 10-сыныпта қол жеткіздім.

Ұлан: «Ұланмен» байланысты қызықты оқиғаларыңыз есіңізде ме?

М.Мәдәлі: Қатарластарымның арасында марқұм Руслан Бөлебай, Ақбота Орынбаева, Рауан Сәбитұлы, Рахат Жақсыбай, Мәулен Алғазы да жас тілші еді. Редакцияға келіп, улап-шулап жүретінбіз. Бірде «Ұлан» жас тілшілерге жазғы лагерьге жолдама берді. Мені сонда мектеп-интернаттан жібермей қойды. Cондағы өкпемді өмір бойы ұмытпаспын (күлді)!

Ұлан: Жас тілші атансаңыз да, экономист мамандығын оқып бітірдіңіз…

М.Мәдәлі: Иә, айналып келгенде бәрібір журналист болдық қой. Және сол үшін «Ұланға» алғыс айтып келемін. Ең алғашқы жетістігіммен де «Ұланым» бөлісіп еді. 2005 жылы Республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиетінен 1-орын алғанмын. Соны газеттегі аға-апайлар естіп, суретіммен құттықтап жазды. Балаларым өскенде оларға да «Ұланды» оқытам.

Дайындаған Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №25. 24.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: