Жарайсыңдар, Жас тілшілер!

Түлектердің бәрі ҰБТ-да алған ұпайларын санап, «грантқа ілігеміз бе, жоқ па?» деп уайымдап жүр-ау. Ал, біздің жас тілшілер жарады! Түрлі олимпиадаларға қатысып, ҰБТ-ның нәтижесінсіз-ақ еліміздің белді университеттерінен білім грантын ұтып алды.

18 маусым күні Алматыда «Сәт сапар, Жас түлек!» атты дәстүрлі фестиваль өтті. Фестивальге 3 700 мектеп бітіруші қатысты. Қала басшысы Ахметжан Есімов 173 түлекке «Алтын белгі» төс белгісін тапсырды. Сондай-ақ, алматылық 33 түлек арнайы оқу гранттарына ие болды. Әкім қолынан грант алғандардың бірі – жас тілшіміз Думан Смақов. Думанға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің гранты бұйырды. Қала әкімі грантты тапсырып жатып: «Думан, бізді ұятқа қалдырма! Қатарыңның алды бол! Тек қана алға!» – деп, арқасынан қақты. Думанның осы сәтте қалай толқығанын көрсеңдер ғой?! Біз де жас тілшіміздің жетістігіне қуана қол соқтық. Жүзі бал-бұл жанған Думан: «Құрметті Ахметжан Смағұлұлы, сүйікті «Ұланым» мен «Ақ желкенім», мен сіздерді ұятқа қалдырмаймын. Сенімдеріңізді ақтаймын» – деп, ағынан жарылды.

Сондай-ақ, жас тілшілеріміз – алматылық Жамал Жақсытай мен қызылордалық Бақытжан Отарбаева да оқу гранттарының иегерлері атанып үлгерді.

«Ұландық» жүйріктерді студент атануларымен құттықтаймыз!

(«Ұлан», №25. 24.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: