Бақытбек нәпақасын балық аршып тауып жүр

Біз жұмыс істейтін ғимарат жанында бір кісі балық сатады. Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысында балық сатып тұрғанын анда-санда көріп қалатынбыз. Жақында сол кісі тағы келіпті. Алдында арбасы бар. Арба толған сазан. Сазаннан біреуін сатып алуға барғанмын. Сауда үстінде сәл-пәл сөйлесудің мүмкіндігі туа кетті.

Ағаның есімі Нартай екен. Қаскелең жақта тұрады. Балықты Шардарада тұратын балдызы жіберетін көрінеді. «Шардараның сазанын көп адам мақтайды. Соны естігесін, балдызыма балық сатсақ деген ниетімді айтып көрдім. Ол құп алды. Осылайша балық сатып кеттік қой» дейді Нартай аға.

Бұл жерде Нартай аға жалғыз тұрмайды. Жанында шамамен жетіншіде оқитын бала жүреді. Жүреді деппін-ау, осындағы ең ауыр жұмысты сол атқарады десе де болады. Біреу келіп балық сатып алса, оны осы Бақытбек аршып береді. Мәселен, мен сатып алған балықты 50 теңгеге аршып берді. Айналдырған бес минуттың ішінде қабыршағын тазалап, ішек-қарнын сылып алып, бөлшектеп бере салды. Мұндай жұмысқа қаланың қазақтары жарты сағатын арнайтын шығар! Сондықтан да, бізді Бақытбектің кәсібі қызықтырды.

Ұлан: Қаншадасың? Отбасың қайда?

Бақытбек: 13 жастамын. Әкем қайтыс болып кеткен. Шешем, бауырларым бар. Қаскелең маңындағы шағын ауылда тұрамыз. Анам ауыл әкімдігінде еден жуады. Бауырларымның бәрі – мектеп оқушысы.

Ұлан: Сен де мектепте оқисың ғой?

Бақытбек: Иә, қаладағы интернатта оқимын. Қолым боста жұмыс жасап, ақша тапқым келеді. Отбасыма көмектессем деймін.

Ұлан: Мұнда жүргеніңді шешең біле ме?

Бақытбек: Әрине, біледі. Нартай аға менің алыс нағашым болып келеді. Бұл кісінің жанында жүргенім маған да жақсы. Өйткені, Нартай аға сондай еңбекқор кісі. Балық сату – бір «бизнесі» ғана. Одан бөлек басқа да тірліктері бар.

Ұлан: Балық аршу қиын емес пе?

Бақытбек: Несі қиын? Екінің бірінің қолынан келетін шаруа ғой. Бірақ, қалада көп адам үйіне дайын балықты апарғысы келеді. Сол үшін де осы жерден аршытып алады.

Ұлан: Бір балықты 50 теңгеге аршисың. Сонда бұл жердегі табысың қанша?

Бақытбек: Нартай аға 45-50 балықтан алдырады. Бұл жерге жеткізуге де көмегім тиеді. Сонда шамамен 3000 теңгедей табыс болады.

Ұлан: Балық күн сайын бола бермейтін шығар?

Бақытбек: Иә, бір айда төрт рет келеді. Бұл жерге айына бір-ақ рет келеміз. Қалған апталарда басқа жерлерде тұрамыз. Бір жақсысы, балық тез өтіп кетеді. Айналдырған 5-6 сағатта жұмыс та бітеді. Сосын балық аршудан басқа да жұмыстар бар ғой. Істеймін десең екі қолға бір күрек табылады. Әсіресе, жаз мезгілінде жұмыс көбейеді. Биыл өзім сияқты балалар бірігіп кірпіш құйсақ па деп отырмыз.

Ұлан: Балаларға жұмыс істеуге заң рұқсат етпейтінін білесің бе?

Бақытбек: Білем. Бірақ біздің жұмыс күніміз 5-6 сағаттан аспайды ғой. Кірпішті таңертең ертерек тұрып құямыз. Күн ысығанда тоқтатамыз, кеште қайта жалғаймыз. Оның үстіне, ақшамды адал жолмен табамын. Анама, інілеріме көмектесемін ғой. Мектеп формасын да өз ақшама алғым келеді.

Ұлан: Жұмыс істеген өзіңе ұнай ма?

Бақытбек: Басында ұнамайтын. Бірақ, басқа амал жоқ. Шешемнің табысы бәрімізге бірдей жетпейді. Жігітпін ғой. Жігіт отбасына қарайласпаса, несі жігіт?

Ұлан: Бірақ сен әлі 13-тесің ғой?

Бақытбек: Мен мұндай жұмыстарды 10 жасымнан істеймін. Он үште отау иесі деп те айтылмай ма? Онда тұрған ештеңе жоқ шығар?!

Ұлан: Жарайды, қазір жаз мезгілі. Жұмыс істеуге мүмкіндігің бар дейік. Ал сабақ басталғанда қайтпексің? Сабақтан қаласың ба?

Бақытбек: Жо-о-оқ, сабақтан қалмаймын. Сабақтан тыс уақытта ғана жұмыс істеймін. Сенбі, жексенбі күндері бар ғой, Құдайға шүкір!

Ұлан: Жазды күндері өзің сияқты балалар демалады. Ал сен…

Бақытбек: Әкем тірі болса, мен де демалар ма едім. Бірақ, бұған өкінбеймін. Сабақ басталғанда каникулда қайда барғанын айтып беретін достарым бар. Бастапқы кездері ішім күйетін. Қазір оған да үйреніп кеттім.

Ұлан: Болашақта кім болғың келеді?

Бақытбек: Әзірше таудай арманым жоқ. Қамқор азамат болсам, ағалар сияқты бір кәсіптің иесі болсам, сол жетеді.

Бақытбектің мынадай сөздерінен кейін,  оны бала деуге аузың бармайды екен. Анама көмектесемін, бауырларыма қарайласамын деп жүріп өзінің бала екенін де ұмыта бастаған. Ерте есейген баланың болашағы нұрлы болса екен. Ол аршып берген балықты алып жатып осыны ойладым.

Серікбол ХАСАН

(«Ұлан», №25. 24.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: