Қойдың құйрық майынан сабын жасады

Жақында «Жастар жетістіктері» Қоғамдық қоры мен «Шеврон» компаниясы «Экология бойынша балалар бизнес-жобалары» атты VIІІ Республикалық байқау өткізді. Байқауға еліміздің әр өңірінен 200-ге тарта бала қатысты. 25 ғылыми жоба мақтау қағаздарымен марапатталды. Ғылыми жобаның 13-і үздік деп танылып, жұмысты одан әрі жетілдіру үшін қаржылай сыйлық беріліпті. Озық шыққан оқушылардың арасында Мөлдір Оңласынның тапқырлығына сүйсіндік. Ғылыми жұмысының тақырыбы да қызық екен. Қойдың құйрық майы қосылған сабын. Біз Мөлдірге хабарласып, сабынды қалай жасағанын сұраған едік.

Бір сабын алу үшін бір апта уақыт кетеді

М.Оңласын: Мен Астана қаласындағы №53 мектеп-лицейдің 9-сыныбында оқимын. Оқушылар сарайында «Химик-зерттеуші» үйірмесіне қатысатынмын. Бірде жетекшім Ерлан Сүлеймен ағай қойдың құйрық майынан сабын жасауға болатынын айтты. Мұны естіп, қызығып кеттім. Сыныптасым Ерзат Майданов екеуміз осы тақырыпты зерттей бастадық. Білмейтін нәрсеміз көп екен. Мәселен, сабын бұдан 6000 жыл бұрын жасалған екен. Бабамыз Бұқар жыраудың өлеңінде: «Қара қойдың терісін, Сабындап жусаң ағармас…» деген жолдар бар. Ертеде қазақ халқы сексеуіл шырпысын немесе өсімдік күлін қайнатып, сабын алған екен.

Ұлан: Сабынның құрамында құйрық майдан басқа не бар?

М.Оңласын: Сабын алу үшін натрий гидрооксидін, дистильденген су, ақ жусаннан алынған 3-4 тамшы эфир майы мен 20 грамм құйрық май қажет. Қоспаларды қайнатып, пішінге келтіріп, түсін таңдаймын. Бір сабын алу үшін бір апта уақыт кетеді.

Ұлан: Дистильденген су дегеніміз не?

М.Оңласын: Суды тазартатын арнайы аппарат бар. Бағасы өте қымбат. Сабынды көп шығаруға осы құрал қолбайлау болып тұр. Келесі жылы тағы да жарыстарға қатысып, түскен қаржыға осы аппаратты сатып алғым келеді.

Ұлан: Жасаған сабыныңа қандай түсті таңдадың?

М.Оңласын: Қызғылт түсті таңдадым. Метилоранаж деген химиялық бояу бар. Осы бояуға көгілдір түсті қосқанда, қызғылт түс шықты. Сабынды жалпылама «Artemisia terrae-albae» деп атадық.

Ұлан: Ол не деген сөз?

М.Оңласын: Ағылшын тілінен аударғанда, «ақ жусан» деген мағына береді. Ақ жусан еліміздің кез келген өңірінде өседі. Жусанды арнайы құрылғыда бірнеше сағат қайнатып, эфир майын алады.

Менің сабыным жөтелге де пайдалы

Ұлан: Сабыныңның денсаулыққа қандай пайдасы бар?

М.Оңласын: Бүгінде дәрігерлер қойдың құйрық майын естісе, «шошып» кетеді. Баланың денесін қойдың майымен сыласа, тері тесіктерін бітеп тастайды. «Қойдың еті де, майы да асқазанға ауыр», – дейді. Егер зиян болса, ата-бабаларымыз қойдың майын пайдаланбас еді ғой. Сәби өмірге келгенде, денесін құйрық маймен сылаған. Себебі, жел тиюден сақтайды. Тұмау тисе, қақырық түсіреді деген. Мен құйрық майдың осы емдік қасиетіне мән бердім. Химиялық қоспаларды өте аз мөл-шерде қостым. Ана мен балаға исі жағымды болу үшін ақ жусанның эфир майын қостым. Егер сәби жөтелсе, осы сабынмен жуындырса, қақырық түсіруге көмектеседі. Теріні жұмсартып, жағымды иіспен жұпарландырады. Бетінде безеу немесе жарасы бар адамдарға да пайдалануға болады.

Ұлан: Сабыныңды бірінші болып кім қолданды?

М.Оңласын: Әрине, әкем. Сабынды Оқушылар сарайының зертханасында жасадық. Сосын үйге жетуге асықтым. Әкем қатты қуанды. «Еңбегің жансын» деп маңдайымнан иіскеді. Қатты суықтан қолы қатайып, жарылып кеткен еді. Сабынмен жуғаннан кейін, жұмсарды. Осы сәттен кейін, түрлі жарыстарға қатысып, сабынды кеңінен таратуға болатынын түсіндім. Павлодар қаласында жас ғалымдар мен мектеп оқушыларының арасында өткен «XIV Сәтбаев оқулары» атты Халықаралық ғылыми конференцияға қатыстым. Ғылыми жоба үздік деп танылып, 1-орынды жеңіп алдым.

Арманым өте көп… Төрт түліктің біз біле бермейтін пайдасын зерттесем деймін. Ата-анам мені әрдайым мақтан тұтса екен…

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

(«Ұлан», №24. 17.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: