Мұрагер САУРАНБАЕВ, домбырашы: «Жігіт сұлтанында» Мейрамбек Беспаевтың шапанын киіп шықтым

● Мен Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қазақстан атты ауылда 1-сыныпқа бардым. Кейіннен оқу жылының ортасында Таразға көштік. Жаңа мектептегі сыныптастарым «қай жақтан келдің?» деп сұрайды. Мен «Қазақстаннан» деп жауап беремін. Олар түсінбейтін. Қайта сұрайды, қайта «Қазақстаннан» деймін. Кейін «Қазақстан» деген ауылдың аты екенін қайдан білейік» деп күліп еді.

● 1-7 сынып аралығында өзімнен бір жас кіші інім Талғатпен бір сыныпта оқыдық. Бір партада отырдық.

● 1-сыныпта мұғалімім «сол қолмен жазба» деп, ескерту жасайтын. Оң қолмен әрең жазатынмын. Мұғалім қарамай тұрған сәтте тапсырманы сол қолмен тез-тез жазып тастайтынмын. Апай көріп қалса ұрсатын. 2-сыныпқа көшерде апайымыз басқа жаққа тұрмысқа шықты. Қуанышыма орай, жаңа келген мұғалім менің қай қолмен жазғаныма мән бермейтін. Солақайлығым сол кезден қалыптасты.

● 1-сыныпта «Жігіт сұлтаны» байқауына қатыстым. Байқауға Мейрамбек Беспаев ағамыздың бала күнінде киген қазақша шапанын киіп шықтым. Анам Мейрамбектің ата-анасымен бірге жұмыс жасайтын. Байқауға қатысар кезде Мейрамбектің шапанын сұрап әкеп берген еді. Жеңімпаз атанбасақ та, алғашқы байқау ерекше әсер қалдырды.

● 3-6-сыныптарда бокс және каратэ үйірмелеріне қатыстым. Бірде қолымды сындырып алып, жарты жыл ол үйірмелерге бармадым. Содан кейін спорт үйірмелері қалыс қалды.

● Бір күні үй ішімізбен теледидардан ақындар айтысын көріп отырғанбыз. Айтыс арасында шыққан кішкентай домбырашы балалардың өнеріне қатты тамсандым. Олар Алматыдағы «Көкіл» мектебінің оқушылары еді. Содан менің де домбыраға деген қызығушылығым пайда болды. Бұл кезде 5-сыныпта оқитын едім. Оны байқаған анам бірден үйдің жанындағы музыка мектебіне апарды. Алайда, домбыра мұғаліміне солақай болғаным ұнамады. «Оркестрде симметрияны құртасың» деп алмай қойды. Содан домбыраға деген құлшынысым тез-ақ басылып қалды.

● Арада бір жыл өткенде теледидардан домбыраны солақай тартып отырған бір атаны көрдім. Ол Нұрғиса Тілендиев еді. Солақай бола тұра, домбыраның құлағында ойнағанына риза болдым. Сөйтіп домбыра үйренуге деген талпынысым қайта оянды.

● 7-сыныпқа дейін мектепте неміс тілін оқыдым. Тараз қаласы бойынша неміс тілінен олимпиадада 2-орын алғанмын. Тілді жетік меңгеру үшін Неміс мәдени орталығына барып тұратынмын.

● 9-сыныпта Алматыдағы«Көкіл» мектебіне оқуға түстім. Оқуға мектеп директоры Абдулхамит Райымбергенов ағамыздың өзі шақыртып еді. Сол жылы Голливудта өткен жас орындаушылар байқауына қатысып, алтын медаль алдым. Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындаған болатынмын.

● Голливудтан келген соң дереу ағылшын тілін үйренуді қолға алдым. Себебі, шетелдіктердің еш сөзін түсінбедім. Өз аузыммен домбырамыз бен күй өнері туралы ештеңе айта алмағаныма намыстандым. Егер ағылшын тілін оқып, жетік меңгермегенімде қазіргідей ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызмет істемес едім.

● 9-10 сыныптағы жазғы каникулда кітап сатушысы болдым. Сол кезде ақшаның қандай еңбекпен келетінін түсіндім.

● Мектепті «Алтын белгіге» бітірдім.

Жазып алған Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №23. 10.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: