«Ақжүніс» апайдың балалары антикафе ашты

Журналист Сәуле Әбединованы бәріміз танимыз. Ол кісіні көре қалсақ, бірден «О-о-о, Ақжүніс қой» деп жатамыз. Жақында «Ақжүніс» апайдың балалары антикафе ашты деп естідік. Бірден атауы қызықтырды. Неге антикафе? «Ұланның» жас тілшілері жиылып, сонда бардық.

Антикафе деген қарапайым тілмен айтқанда, кафе мен үйдің қосындысы екен. Бірақ кафе мен ойын-сауық орталықтарынан айырмашылығы көп. Антикафені мәдени демалыс орны деген дұрыс секілді. Себебі, онда дауыс көтеріп сөйлеуге, ішімдік ішуге тыйым салынған. Есесіне адамның интеллектуалды деңгейін көтеретін түрлі ойындар ойнауға болады. Біз уақытымызды өте көңілді өткіздік. Ендеше антикафеден көрген, білгенімізді баяндайық.

«IQ рухани тойдыруға жұмыс істейді»

Антикафені ашу Сәуле апайдың баласы Абзалдың идеясы екен. Абзал қазір Мәскеуде РХДУ (РУДН) университетінің 3-курсын тәмамдады. Антикафе ашуды демалысқа келгенде анасына айтқан екен. Сосын досы Нұрдәулетпен бірігіп, идеяны жүзеге асырыпты. Ақылдаса келе, антикафелерін «IQ» деп атаған. Оның айтуынша, IQ – ақыл-ойдың шартты түрдегі өлшем бірлігі.

ІQ-дағы басты ерекшелік – айына бір рет қазақтың марғасқа тұлғаларымен кездесу өткізу. Бұл дәстүр бізге де ұнады. Мұнда үстел ойындары – шах-маттан бастап, дойбы, нарды, домино, тоғызқұмалақ, мафия, твистер, PS 3, крокодил, элиас, монополия, Xbox, scrabble деген балаларға арналған психологиялық ойындар бар. Антикафеде отырып, кітап оқуға да болады. Кітапханасы да бар. Болашақта кино залы да болуы мүмкін. Сендерге қызықты болу үшін ойындарға тоқталып өтейік. Шарттары өте қарапайым. Үйде достарыңмен ойнауларыңа болады.

«Монополия» ойыны – жеке мүліктеріңмен сауда жасауға арналған ойын. Ол үшін сендерге қала мен түрлі заттардың суреттері салынған карта мен кубик керек. Ойын басында қатысушыларға ақша теңдей бөлінеді. Кубикті лақтырып, түскен санына байланысты қадам жасайсың. Мәселен, түскен жерің Мәскеу болды делік. Ол жерді өз иелігіңе ала аласың. Кейін қаражатыңды басқара келе, жалға беруге де болады. Естеріңде болсын, кейде жүрісің сәтсіз болуы да мүмкін. Ақшаң күйіп, банкке айыппұл төлейтін кездер де болады. Ойын соңында иелігіңдегі жер мен қаражатың есептеледі. Біздің ойынның соңында Ақниет Төленді миллионер атанды. Ал Гүлдана Нұрлыханованың иелігінде жер телімі көп болды. Бұл ойын сендерге ақшаны басқаруды, үнемдеуді үйретеді.

«Крокодил» ойыны шапшаң ойлауды, тапқырлықты қажет етеді. Бұл ойынды «Тапқыр достар» бағдарламасынан да көрген боларсыңдар.

Ойынды бастамас бұрын екі топқа бөлініп аламыз. Әр топқа суреттері бар парақшалар таратылады. Сол парақшалардағы суреттерді бір-біріңе түсіндірулерің керек. Тек басты шарты: сөзбен емес, іс-қимылмен. Мысалы, саған қоянның суреті түсті. Оны қоянның кейпіне еніп, іс-қимылмен көрсетуің керексің. Тапқан адамға – 1 ұпай. Қай топтың ұпайы көп болса, сол жеңімпаз болады. Біздің ең байқампаз ойыншымыз – Балнұр Қожагелді болды. Ал Гүлім Еркінбек тапқырлығымен көзге түсті.

Біз келген кезде Сәуле апай: «Кафе қарын тойғызуға жұмыс істесе, IQ – рухани тойдыруға жұмыс істейді» деген еді. Расында, IQ-дан рухани байып, сергіп қайттық.

«Некафе: бізде бәрі тамаша»

Антикафенің Алматыдағы Тимирязов пен Марков көшелерінің қиылысында орналасқан бір түрі «Некафе» деп аталады. Бұл жерде де демалуға барынша жағдай жасалған. Оған «жасөркендіктер» болып жас тілшіміз Балнұр Қожагелдінің туған күнінде барғанбыз. Мұнда келушілердің жасына шектеу қойылмайды. Бұл студенттердің жиі бас қосатын жері екен. Себебі, ақысы да аса қымбат емес. Қарапайым студенттің қалтасы көтеретін сомада. 1 минутына 10 теңгеден екен. Сонда сағаты 600 теңге болмақ. Ал 4 сағатқа бірден төлесең, түнгі он екіге дейін тегін.

Біз бір бөлмені әр сағатына 600 теңгеден 3 сағатқа жалдадық. Тек Балнұр ғана 1 сағатқа 100 теңге төледі. «Некафенің» туған күн иелеріне осындай жеңілдігі бар.

Антикафенің сыртындағы «Некафе: бізде бәрі тамаша» деген жазудағыдай, көңіл көтеруге тамаша орын екен. Атап айтқанда, кафе ішіне жайлы орындықтар мен үстел-дер қойылған. Кітап сөрелері де бар. Ол жерден ежелгі дәуір әдебиетінен бастап, қазіргі заман әдебиетіне дейінгі барлық жанрдағы кітаптарды таба аласың. Қыздар бірден үстел жасау қамына кірісіп кеттік. Сырттан әкелген тағамдарымызға «Некафе» тегін кофе мен тәттілер ұсынды.

Мейіржан Жылқыбайдың ұсынуымен ең бірінші ойна-ған ойынымыз «Дженга» болды. Ойын шартына қарап, қарапайым екен деп қалыппыз. Қиын екен! Кәдімгідей ептілікті талап етеді.

«Дженга» ойыны

Бұл ойынды ойнау үшін арнайы 54 тақтайша керек. Ойын басында сол тақтайшалардан 18 қабатты мұнара құрастырасың. Кейін кезек-кезек мұнараның төменгі жағындағы тақтайша-ларды ептілікпен алуың керек. Бірақ жоғары 3 қатардағы тақтайшаларға тиісуге болмайды. Кейін алынған тақтайша-ларды қайтадан мұнараның үстіне қоясыңдар. Кім мұнараны құлатып алса, ойыннан шығып отырады. Осылайша бір адам қалғанша ойын қайталана бере-ді. Соңында қалған адам – жеңімпаз. Біздегі ең епті ойыншы – Арайлым Рамазанқызы болды. Бұл ойын сендерді ептілікке, шыдамдылыққа үйретеді.

«Некафеде» сені ешкім мазаламайды. Қызметкерлері де шақырсаң ғана келеді. Бірақ, бір кемшілігі қазақша қызметтің жоқтығында болды. Бір нәрсе сұрау үшін тілімізді бұрап сөйлеуге тура келді. Әйтпесе, бәрі тамаша! Осылайша үш сағат уақыттың қалай сырғып өте шыққанын білмей қалыппыз. Суретке де түсіп үлгердік. Уақытымыз аяқталғанда отырған бөлмемізді жинап кеттік. «Некафенің» талабы сондай екен. Қызметкерлері де жайдары көңіл-күймен шығарып салды.

«Ваниль» Антикафесі

Бұл антикафені небәрі 26 жасар Иван мен Илья атты екі жігіт ашқан. Кафенің атауы да сол екеуінің есімінің алғашқы буындарынан құралған: Ваня және Илья.

Иван алдымен колледжді, кейін «Тұран» университетінде «Экономист, маркетолог» мамандығын бітірген. Илья болса №16 лицейдің түлегі. Жас та болса, антикафе ашып іс бастаған екеуін көріп, іштей риза болдым. Мені қарсы алған Иван Солдатенконы біраз сөзге тартқан едім:

Иван Солдатенко: Бастапқы кезде қаланы жақсы білгендіктен, автобуста кондуктор болдым. Бір жағы оқуымның ақшасы, бір жағы анама қолғабыс ету тағы бар. Қаланы білгендігімнің арқасында мені жиһаз шыға-ратын фирмаға тапсырыс жеткізуші етіп жұмысқа алды. Ол жерге 3 айда сіңісіп кетіп, біраз пайда келтірдім. Алғашқы көлігімді де сол жерде жүріп алғам. Кейіннен ол жердің жұмысы тоқтап қалып, «Ромат» компаниясында маркетолог боп жұмыс атқардым. Павлодар қаласындағы «Некафені» ашуға да атсалыстым. Осылайша аздап тәжірибе жинақтаған соң досым Ильямен бірігіп табыс көзін ашуды ұйғардық. Бірдей форматта ашқаннан пайда жоғын біліп, ерекшелеу етуді мақсат тұттық. Әзірге онша табыс тауып үлгермесек те, болашақта көп пайда әкелетіндігіне сенімдіміз.

Бұл антикафенің өзгелерінен ерекшелігі көп екен. Мәселен, ашық аспан астындағы кинотеатр, караоке, белгілі адамдармен шеберлік сыныптары да болады. Қайту жолын уайымдамасаңдар да болады. Мұнда келген адамның барлы-ғына қала бойынша 20 % жеңілдікпен такси жүйесі қарастырылған.

Қаладағы бас қосуға оңтайлы орталықтар – осылар. Егер, достарыңмен кездескің келсе, осындай жерлерге баруға кеңес береміз. Интернет клубтар мен ойын автоматтарында уақытың босқа өтеді. Ал, антикафелерде ой-өрісіңді дамытатын ойындар ойнап, сергіп қайтасыңдар.

Айзада ЖАЙЫҚ, Жадыра АҚҚАЙЫР, Әсел САРҚЫТ,

ҚазҰУ-дың І курс студенттері

(«Ұлан», №22. 03.06.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: