Ахмет Байтұрсынұлы Хлудовты неге сынады?

Жыл сайын 15 мамырда мұражайшылардың күні болады. Мерекеге орай, мұражайға шақырады. Шақырған соң, барасың. Барған соң, тамсанғың-ақ келеді. Мұражайдан қазақтың құнды дүниелерін көрмесең, несіне барасың? Шынын айтайыншы, бұл жолы мен мұражайдан суретшілердің туындыларын іздедім. Көптен бері Әбілхан атамыздың суреттерінің түпнұсқасын көруді ойлап жүр едім. Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайында бар екен. Көрдім, көңілім сүйсінді. Сосын суретшілер жиі мақтайтын Николай Хлудовтың туындыларын да тамашалағым келді. Бірақ, бұл жолы бастапқы кездегі шат көңілім су сепкендей басылды…

Неге дейсіз ғой? Өнер мұражайында сақталған Әбілхан атамыздың суреттерін 100 теңгеге көруге болады. Яғни, кіру құны – 100 теңге. Оқушылар үшін тіпті 50 теңге. Ал Орталық мұражайдағы Н.Хлудов залына 1000 теңге төлемесең, кіргізбейді. Әңгіме ақшасында емес, әрине. Құны жоғары болғанына қарап, Хлудовтың суреттері шедевр шығар деген ойға қалады екенсің. Бірақ, олай да болмай шықты. Суретшінің әжелерімізді, аналарымызды «жалаңаштағаны» шымбайыма батты. Бұл мақаланы жазуға да іштегі сол қыжыл себеп болды…

Николай Хлудовтың картиналары Орталық мұражайға қалай тап болған? Алдымен осыдан бастасақ. 1935 жылы Хлудов көрме өткізбек болып, өз туындыларын Орталық мұражай қорына тапсырған екен. Алайда сол кездегі Мұражайдың ғылыми кеңесшісі Ахмет Байтұрсынұлы суреттерді түгел талдап, 10 парақтан тұратын сараптама жасапты. Хлудовтың 18 суретін сынап шыққан. Өкінішке қарай, бұл сараптама Ахаңның кітаптарына енбеген. Тек мұражай мұрағатында сақталып келгені ғана айтылады. Меніңше, осы сараптаманы қазіргі Н.Хлудов залына іліп қойған дұрыс болар еді. Себебі, суретті тамашалаған адамдар оған қатысты жазылған сынды да бей-жай қалдырмауы керек деген ойдамын. Ахаңның сынын неге оқуымыз керек? Себебі, Байтұрсынұлы суретшінің қазақтың тұрмыс-тіршілігіне жат картиналарын сынға алған.

Хлудовтың суреттерін көре отырып байқағаным, ол кісі суреттерінде қазақ әйелдерін көп жағдайда жағымсыз етіп бейнелейді. Шын айтам, қыздардың көбі жалаңаш. Қай суретін алсаңыз да, қазақ қыздарының шаштары дудар-дудар. Әдемілеп өрілген бұрым қайда қалды? Бас киімдері мүлдем жоқ. Аяқтары жалаңаяқ. Суретке қарап отырып, сол кездегі қазақ қыздары аяқ киім кимеген бе деп қаласың. Ал өзінің қызы Клеопатраның суретін сондай сүйкімді, сұлу етіп бейнелеген. Бұл сурет те сол залда тұр.

Жоғарыдағы айтылған сараптамасында Ахаң былай дейді:

«Суретші Хлудовтың туындыларына жалпылама назар салғанда, оның қазақ тұрмысы мен өмірінде мүлдем кездеспейтін, не аса сирек ұшырасатын құбылыстарды бейнелеуге құмар бағыты бірден көзге ұрады. Бәлкім, мұнысын қазақтардың тұрмысын көпшілік жұртшылықтың санасына әбден сіңген қалыпта, яғни оларды жартылай жабайы түрде елестететіндердің ұғымына сай бейнелегісі келуімен, не нақты жағдайдың біртектілігі суретші көңіліне жақпайтындығымен түсіндіруге болар да еді. Бәлкім, суретші қазақтардың өмірімен үстірт қана таныс, сондықтан оны қалыпты жағдайда бейнелеуге дәрменсіз шығар».

Байтұрсынұлы сынға алған мәселелерге қал-қадарымызша жеке-жеке тоқталсақ.

1) Қазақ тұрмысы мен өмірінде мүлдем кездеспейтін суреттер қандай? Мысалы, «Көш» деген суретте бүкіл ауылдың жүгі бір ғана өгізге артылған. Қай қазақ осылай көшіп еді, айтыңыздаршы? Сосын жападан-жалғыз тұрған киіз үйлерді көп салады. «Қой сауу» суретінде сондай. Киіз үй біреу, қой – көп. Киіз үйін айдалаға апарып тігердей не күн туды? Ауыл-ауыл болып көшіп жүретін аталарымыз қайда қалды сонда? Сол сияқты, «Отынға барғанда» картинасында да қазақ әйелі жалаңаяқ келе жатыр. Басқа-басқа, отынға барған адам жалаңаяқ жүруші ме еді?

2) Аса сирек ұшырасатын құбылыстарға тоқталайық. «Қол диірмен» суретінде 7-8 жасар қызды тағы да тыржалаңаш қылып шешіндіріп тастапты. Әрине, ауылдық жерлерде әлі мектеп көрмеген қыз баласының жалаңаш жүруі таңсық емес шығар. Бірақ әлгіндей ересек қыздардың жалаңаш жүруі мүмкін бе? «Түнгі барымта» суретіндегі екі барымташының бір үйір жылқыны қуалап кетуін «ерлік» демеске амалың жоқ. Бірақ, шындығында, барымтаға шығар адамдар топталып, қаруланып барады емес пе?

Шымбайға бататын тағы бір шығарма – Н.Хлудовтың «Жүлде үшін бәсеке» картинасы. Мұнда қазақтың «Тайлақтарту» деген ойыны суреттелген. Яғни, тыржалаңаш шешінген әйелдер (арасында қыздар да бар) байлаулы тұрған түйенің бұйдасын ауыздарымен шешіп жатады. Сондай жиіркенішті сурет дер едім. Ахмет Байтұрсынов та осы суретті қатты сынға алыпты:

«Суретші Хлудов менімен әңгімесінде мұндай тағылық көңіл көтеруді өз көзімен көргенін айтқаны бар. Алайда, дәл соған сене қою қиын», – дей келе «Хлудовтың суретінде жас келіншектер, тіпті бойжеткендер де жеңіс алу үшін шешініп жатыр. Суретші, сірә, мұның бәрі оп-оңай атқарылады деп ойлайтын болуға тиіс. Бойжеткенді қалың халық алдында шешіндіре тұрып, ол қазақ қыздарының әдетте жас күнінен құда түскен жері боларын, қалыңмал төленіп қойылатынын, күйеу жігітінің барлығын және оның мұндай «ерлікке» қалай қарауы мүмкін екенін жадынан шығарып алады»,деп жазады. Бәлкім, мұндай ойын ертеректе болған да шығар. Бірақ, дәл осы суретті біздің ғасырымызда Орталық мұрағаттың залына қоюдың қандай қажеттілігі бар?

3) Қазақтардың өмірімен үстірт қана таныс екені рас. Мәселен, «Бие сауу» суретінде құлынды енесінен алысқа апарып байлап қойған. Мұндайда бие сауғызушы ма еді? «Қой қырқу» суретінде қырықтықты қыздардың қолына ұстата салыпты. «Қазақ әйелдері жүн сабауда» деген суретті мен мүлде түсінбедім. Әйелдердің көбі – жалаңаш. Жүн сабау үшін шешінудің қандай қажеті болды екен? Ыстықтауы мүмкін дейсіз бе? Олай болса, әлгі әйелдер бастарындағы бас киімдерін неге шешпеген? Соған қарағанда, олай да ақтауға келмейді. Яғни, суретші қиялына қатты ерік беріп жібергенге ұқсайды. Қиялға көп сүйенгендіктен, дәлсіздік жиі ұрынады сосын. «Таудағы пішеншілерде» шөп аз. «Бие сауудағы» бие мен адамның бойы шамалас. Осындай, салғырт-салақтығы біраз суретінен менмұндалайды.

Хлудовтың қаламының арқасында қазақтың талай дәстүрі осы уақытқа жетті. Әсіресе, кезінде суретке түсіріп сақтау мүмкіндігі болмаған көш, қырман басу, мал бағу, ауыл тірлігі сияқты бейнелерді осы суретшінің картиналарынан ғана көргеніміз рас. Оған дау жоқ. Мақаланы жазуда Хлудовты, оның шығармаларын мұқатудан, жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, қазақтың бір баласы ретінде қазақ тұрмысына жат суреттердің залға көп қойыла бермеуін қалаған болар едік. Әрине, біреулеріңіз мұндай суреттер Еуропа, орыс сәулет өнерінде бұрыннан бар тәсіл емес пе деп те ақтайтын шығарсыздар. Алайда, қазақтың дүниетанымын суретші қиялына салып шектен тыс «шешіндіруін» хош көрмей тұрмын.

Ахмет Байтұрсынұлы аталмыш мақаласының соңын: «Хлудовтың суреттеріндегі өзіміз көрсеткен кемшіліктерді сөз ете отырып, бұл суреттердің бәрін музей көрмесінен алып тастау керек дегелі отырғаным жоқ. Керісінше, тұрмыстық тұрғыдан көп қателіктер жіберілсе де, кейбір жекелеген тұстарда дұрыс мән беретіндіктен, Хлудовтың мұндай суреттері қазақтардың тұрмыс-салтын шынайы түрде жеткізе білер жақсы суреттер салынғанша көрмеден орын алуға тиіс», – деп қорытындылаған екен.

Шүкір, қазір бізде қазақтың тұрмыс-салтын шынайы түрде көрсететін суреттер көп. Талантты қазақ суретшілері де жетерлік. Сондықтан да Ахаңның аманаты бойынша Хлудовтың әлгіндей суреттеріне сын көзімен де қарағанымыз дұрыс шығар. Әлде бізде оның орнын басар жақсы сурет жоқ па? Сіздер қалай ойлайсыздар?

Серікбол ХАСАН

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 549 пікір

  1. Таңшолпан айтады:

    не деген сұмдық суреттер???басқа шығармаларын көрмесе де болатындай!ешбір ақтауға келмейді.Өз ұлтым болғандықтан,қыз баласы болғандықтан намысыма қатты тиіп отырғаны анық,бірақ тек ол үшін теріс шығарып отырғаным жоқ.Ол кезде біздің халықта жабайы етіп көрсету басты мақсат болғандықтан,мұның бәрі жалған дүниелер екені анық.Осы біз өзге нәрселерге келгенде қолымыздан бәрі келеді ғой,ал өз ұлтымызға келгенде түк істей алмай қаламыз.Ана мұражайға кірген бала ертең «а біздің қазақ осындай болған екен» демей ме?

  2. Нұргүл айтады:

    не деген сұмдық?????? Не істей аламыз, мұражайдан мүлдем құрту керек қой???

  3. Әлия айтады:

    Қазақтың болмысына жат қылықтарды суреттейтін мұндай суреттерді мұражайдан мүлдем құрту керек, ол үшін Мәдениет министрлігіне хат жазу керек шығар, бәлкім. Ұлтымыздың зиялылары, мәдениетті бағалайтын бетке ұстарлары қайда қарап жүр, жеделдетіп хат жазып, мұны біржақтама ету қажет қой…

  4. Айнұр айтады:

    Суреттерді қарап отырып, Хлудовтың қазақтар туралы мүлде ештеңе білмейтінін көруге болады. Онда бастарына орамал салып не кергі бар?

  5. admin айтады:

    Әлеуметтік желілерде осы мақалаға қатысты төмендегідей талқылаулар болды… Таныс болыңыздар…

    Нұрмұхамед Байғараев ..Бұған Хлудов кінәлі деуге бола ма? Ол бар нәрсені салған. Қателеспесем, дәл осын ойы бір шығармада жазылған еді. Ұйымдастырған – қазақтың байлары – орыстың генерал-губернаторына жағу үшін. Кедей келіншектер шыға бастағанда, халық ашулана бастайды. Толқудан қорыққан орыстың генералы, ойынды тотатады. Онда түйе не бие тігілген еді. Шығарманың атауын ұмытып тұрмын.

    Дина Бокебай Иә, қазақ десең өзiңе тиедi.Бiрақ бәрi Нұрмұхамед аға айтқандай сықылды.

    Багдат Амангельды Нұрмұхамед, мұндай масқара болғанның өзінде онсыз да ар-ұяттан оңбай жүрген кейбір қыз-келіншектеріміз үшін шоққа көсеу салғанмен тең… Келешек ұрпақ үшін бұл дүниенің көзін жою керек! (Картиналарды өртеу керек шығар.) Мысалға, мен бірінші рет естіп, көріп тұрмын. Білмей кетсем өкінбес едім. Амал қанша? Бұл тарихымызда болған деп отқа май құюдың керегі жоқ. Қазақ арасында тексіздер де болғаны рас. Енді сол тексіздік мұқым қазақтың бет пердесіне айналып кетуі мүмкін. Боратты көрген Батыста біз жайлы қандай пікір қалыптасқанына Кансумер қаласында өткен «Намыс дода» сайысындағы оқиға дәлел…

    Аманхан Әлімұлы Хлудов сияқты орыстың өнер адамдары қашанда өзге ұлттарды жабайы көрсету үшін осындай шығармашылық тәсілдерге барған. Олар өз өнерлерін мәңгілік санап, өздерінің келер ұрпақтары да өзгеге сондай көзбен қарауы керек деп есептейді. Ол әзір де бар. Тек Толстой ғана «Хажмұратты» жазғанда ондайға бармаған. Ол тау халқын кемітіп көрсетпеген. Қайта олардың мықтылығын алға тартады. Жазушы гуманистігі сонда. Ал, Хлудовтар тек орыстарға ғана тән шовинизм дертіне шалынып, содан азған өнер адамдары. Әйтпесе, қазақ ешуақытта, еш кезең-кезде,қай заманда да мұндайға жол бермеген. Тарихшы Лепшинде сондай. Оны Шоқан «Шығыстың Геродоты» деп кекетіп, оқыған ортада мазақ еткен. Оны біздің кейбір тарихшылар шын мағынасында қабылдап, тарихи айналымға түсіріп жіберіп, оны әлдеғандай көреді. Отарлаушы елдің, оның ішінде Ресей тарихшылары мен шығармашылық адамдары бізді ешқашан, ешуақытта да дұрыс жазып, ешнәрсенің ақиқатын айтқан емес. Байтұрсынов Хлудовты бекер сынап отырған жоқ.

    Мейрамбек Болысханулы Ешкім білмейтін, шындыққа да аса жанаспайтын бұндай беймәлім дүниені не үшін әңгіме қылып отыр екен. Болмаса біз мынадай болғанбыз деп мақтанайын деп жариялап, жұртқа таныстырып отырғандай. Қазақтың талай ойындарын білеміз естідік, салт-дәстүрінен де мақұрым емеспіз. Мен бұндай болды дегенді кәзір көріп, біліп, хабардар болып отырмын (Қырық қиялдың бірі деп ғана жанымды үнсіз жұбатқаннан басқа айтарым жоқ).

    Альжан Тиленбаев Бұл жариялауга да, талқыға салатын да дүние емес. Келер ұрпақ білмейтіндей өшіріп, көзін жою керек.

    Толеген Сейдуллаулы «Ақ желкендіктердің» бұл суретті Ұлттық кітапханадағы ілулі тұрған орнынан алып тастауы керектігін мәселе етіп көтергені дұрыс деп санаймын. Бұл суреттің салыну тарихын Ахмет Байтұрсынов пен Шерхан ағалаларымыз жазып та кетіпті ғой. Мұндай суретті мұрағаттың шаң басқан түкпірінде ғана «сақтау» керек, яки қоқысқа тастау жөн! Ал ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙДАН дереу алдыру керек, мұражайдың шаң басқан түкпіріне қойылсын. Әрі оның қасына міндетті түрде БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ СЫН-ПІКІРІ ТҰТАС ҚОЙЫЛСЫН.
    Nurgul Seitova Сынау сұмдық қой. Мұражайдан көзін құртуға не, кім кедергі? Не істей аламыз? Алдыртып тастау қолымыздан келмей ме? Сол жерде бұл суреттердің тұруы кімге керек болғаны?

    Serik Kerey Біріншісі бұл бар салт. Ойдан шығарылған емес. «Тайлақ тарту» деп аталған. Тайлақты қазыққа шырмап байлап, соны жалаңаш келіп тісімен шешіп кеткен адам тайлақты не түйені жетелеп кетеді. Ал анау жүн сабап отырған кездегі жалаңаш отыру енді салтта жоқ екен.

    Ахмет Өмірзақ «Тайлак тарту» – салт емес. Салт болса, бар қазаққа ортак болар еді. Ол қайсыбір аста еріккен байлар қызық үшін жүлде тігіп, соны біреудің жеңіп алғаны жөнінде бір жерде ғана айтылған (Дәл қазір есіме түспей отыр). Сондықтан, мынау артық нәрсе.

    Nurshat Jumadilova Намысыма тиді. Аналарымыздың, аруларымыздың тәнін жалаңаштап, қор еткенін мақтан тұтуымыз керек пе?! Мына суретті көрген кез келген қазақтың жаны ауырады деп санаймын. Мұражайға ілмеу керек еді.

    Ахмет Өмірзақ Өртеп жіберсе де артық емес…

    Береке Жумакаева Ш.Мұртаза «Қызыл жебесінде» тура осындай картинаны жазады ғой. Тегінде көне жырлардан келген дүние болуы керек (қайсысынан оқығаным кәзір есімде жоқ): «Сонда мыстан келді дейт, Тісімен шешіп алды дейт» деген жолдар болатын. Ал қазақтың ХҮ ғасырдан бергі әдебиетінде де, тұрмысында да мұндай жайттың орын алуы екіталай. Шерағаң да оқырманын бір селт еткізу мақсатында сол көне жырлардан естігенін кіргізген болуы керек. Шығармасында оны есірген топтың баяғыда осындай болыпты деседі деген қызды-қыздымен істететінін орынды келтіріп кеткен.

    Айсулу Айсулу Бұл Хлудов туралы профессор А.Ісімақова да жазып еді. Қыңқ еткен ешкім болмады. Амал қанша?!

    Айгуль Исмакова Ахмет Байтұрсынұлы суреттер салынған кезде сынап түзету керек деген еді. Көп ұзамай өзі репрессияға ұшырады. Осыдан 4 жыл бурын «Шедевры казахской культуры» деген кітапка академик С.Қасқабасов бастап бұл шедевр деп қайта енгізді. Шет елдегілерден ұят болды. Әр кездің қазақты мазақтау және оны қолдайтындары болатыны өкінішті!

    Кул-Керим Елемес Дұрыс, алып тастаған жөн!

    Багдат Чойбасов Сол картина маған ұнады… Шындық айтылса үркетініміз ұнамайды. Тарих қой ол.

    Zamzagul Tleubek Мен Мәдениет министрінің блогына арыздандым. Хлудовтың суреттерін көрмеден алып тастасын деп. Сілтеме парақшамда тұр.
    Өтінішіңіз сәтті қабылданды. Өтініш нөмірі № 272875. Өтініш берілген күні. 28 мамыр 2014, 13:30. Сіздің атыңыз Зәмзәгүл Тілеубек. Электрондық пошта . Блог Мұхамедиұлы Арыстанбек Санат МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ; Өтініш білдіру мәтіні:
    «Құрметті министр! Мына сілтемеде келтірілген «Ақ желкен» журналына (№5. 2014 жыл) шыққан «Ахмет Байтұрсынұлы Хлудовты неге сынады?» атты мақаланы оқып шығуыңызды сұраймын…»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: