«Компьютербасты» қазақтар қасымызда жүр

«Қазақстанда жылына мың жарымға жуық бала жоғалады. Олардың біразы табылады да, енді біразы із-түссіз кетеді. Қазіргі кезде елімізде іздестіріліп жатқан балалардың саны 5000-нан астам».

Мұндай деректі 29-30 мамыр күндері Алматыда өткен «Орталық Азия аймағында интернеттің дамуы» атты бесінші форумда «Қазақстанның интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабыров келтірді. Шавкат Сабыров, сондай-ақ, өткен жылы интернетте заңға қайшы 612 хабарлама болғанын, оның тең жартысынан астамы адамның жеке басына қол сұғу, ар-намысын қорғау екенін айтты. Бір ширегі нәсілдік және ұлттық кемсітушілікпен байланысты болса, азғантай бір бөлігі интернеттегі алаяқтыққа тиесілі екен. Бір жақсысы, адамның ар-намысына нұқсан келтіретін немесе жеке басына қол сұғатын материалдар жөнінде сайт әкімшілеріне хабарласқан уақытта барлығы дерлік қателік жібергендерін түсініп, хабарламаны дереу алып тастап отырған екен.

Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысқан екі күндік жиын барысында бұдан өзге де көптеген өзекті мәселелер талқыға түсті. Небір қызықты деректер келтірілді. Мәселен, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Леся Қаратаева келтірген деректерге біз де еріксіз назар аудардық. Өткен жылы стратегиялық зерттеулер институтының арнайы тапсырысымен ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілген екен. Зерттеу қорытындысына сәйкес, респонденттердің 83,9 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. 7,4 пайызы пайдаланбайды, бірақ пайдаланғысы келеді. Ал нақты қандай әлеуметтік желілерді пайдаланатындарын сұраған уақытта пікірлер екіге жарылған. Сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызға жуығы Ресейдің «Мой мир» әлеуметтік желісін қолданатындарын айтса, арнайы сарапшылардың тек 36 пайызы ғана «Мой мирге» тәуелді екен. Керісінше, «Фейсбукті» қарапайым адамдардың 17,5 пайызы пайдаланады екен де, ал сарапшылардың 94 пайызы осы желіде тіркелген екен. Респонденттердің ішінде тек 10,1 пайызы ғана «Туиттерді» пайдаланса, арнайы сарапшылардың 82 пайызы «Туиттерді» тұрақты пайдаланады. Алайда, көпшілік әлеуметтік желілерді жаңа адамдармен танысу, таныстармен әңгімелесу үшін пайдаланатынын аңғаруға болады, мұндайлардың үлесі 94,5 пайыз екен. Әлеуметтік зерттеу жүргізушілер қоғамдық пікірге ықпал ету, азаматтық позицияны білдіру, азаматтық акцияларға қатысу жөнінде де сұраған екен. Жалпы, форум кезінде мұнан өзге де бірқатар маңызды мәселелер айтылды, пікір алмастық. Және ең бастысы, осы форум ақпараттық технологиялар, жаңа медиа саласында өте білімді, және сол білімін көптің игілігіне жұмсай алатын қазақтың азаматтары бар екенін көрсетті. Мәселен, жаңа медиа маманы Асхат Еркімбайдың Дата-журналистика туралы баяндамасы ешкімді бей-жай қалдырмады. «Бірде Молдовада дата-журналистикаға қатысты тренинг өтті. Осы дата-журналистиканың көмегімен Молдовада бастауыш сыныпта молдовандар, орыстар және гагауыздардың бірге оқып, жоғарғы мектепке әркім өз тіліндегі мектепке ауысып кететінін білдік», – дейді Асхат. Бір айта кетерлігі, Асхат Қазақстандағы соңғы халық санағының мәліметтерін арқау ете отырып, үлкен ғылыми жоба жасап, оны Америкада қорғаған.

Ақпараттық технологиялар саласындағы «динозаврлардың» бірі әрі бірегейі Тимур Бектұрдың баяндамасын бәріміз асыға күттік. Интернеттегі әлеуметтік жобалар жөніндегі Тимурдың түсіндірмесі әлі талайымыздың қажетімізге жарайтыны анық. Тимурдың epub.kz электронды кітабы да, «Зачем орысша, когда есть қазақша» атты «шалақазақша» жобасы да бүгінде елдің аузында жүргені белгілі. Қыздар жағы да қалысып жатқан жоқ. Әлия Сембай «Ювижн» жобасының негізінде біраз жайттан хабардар етсе, Айжан Кәрібаева видеоблог жасаудың қыр-сырымен бөлісті.

Ал Каспий банктің баспасөз хатшысы Ербол Азанбектің интернеттегі имидж төңірегіндегі әңгімесі қызу пікірталас тудырды. «Әлеуметтік желіде отыратын 400 адамнан интернеттегі имидж туралы сұрадым. 290 адам оның не екенін мүлдем білмейді. 52-сі: «Имидж деген не, шаш сәндеп, сәнді киім кию ме?» – деп өзіме кері сұрақ қойды. 400-дің ішінде тек 5 адам ғана интернеттегі имиджіне мән береді екен. Ал қалғандары «қойшы соны» деп қолды бір сілтеді», – дейді Ербол. Ол сонымен қатар, интернеттегі имиджге мән бермеудің қате екенін айтып, оны жан-жақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Соның ішінде пікір жазғанда көрінгенмен ұрсыса жөнелетін, аузына келгенін жазатын, бір ұйымнан кеткен өшін интернеттен алатын, көрінген тақырыпқа пікір жазатын, жеке адамның ар-намысына тиетін сөздерді жазатын жандардың қоғамдық бейнесі жағымсыз екенін баса айтты. Біз қыз-жігіттердің уақыттың талабына ілесіп, заманның көшінен қалмай, «компьютербасты» қазаққа айналғанына қуандық.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: