Он үште отау иесі

«Ержеттім… Бойжеттім…» айдарына келген сұрақтардың бірін де жауапсыз қалдырған емеспіз. Жасөспірімдерді толғандырған сауалдарға арнайы мамандардың кеңесін беріп жүрміз. Жазған хаттарын, сайтқа қалдырған пікірлерін жауапсыз тастамайтынымызды білді ме, балалар жиі хабарласады. Әсіресе, 7-8-сынып оқушыларының қояр сауалы көп. Өтпелі кезеңдегі жеткіншектерді алаңдататын жайттар жетерлік екен. Осы айда электронды поштамызға үш бірдей сауал келіп түсті. Екеуі қыз баладан. Біреуін өткен нөміріміздегі лазерлі сүндеттеуге байланысты 11-сыныптың оқушысы жолдапты.

1. «ГРЫЖА» АУРУЫ ТУРАЛЫ БІЛГІМ КЕЛЕДІ…

«Жасым – 12-де. Екі айдан кейін 13-ке толамын. «Паховая грыжа» деген диагнозбен ота жасаттым. Сіздерден сұрайын дегенім, «грыжа» ауруы екінші рет қайталануы мүмкін бе? 13 жаста қыз бала жыныстық жағынан жетіледі деуші еді ғой. Менің ауруым жыныстық жетілуіме әсер ете ме? Ота жыныстық мүшеге жақын жерге жасалғандықтан, қатты алаңдап жүрмін. Жақындарымнан сұрауға ұяламын… «Ақ желкеннің» осы санына «грыжа» ауруы туралы жазсаңыздар екен».

Аружан, Бәйдібек ауданы Оңтүстік Қазақстан облысынан.

Аружанның сауалына Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығының балалар хирургі Оразалинов Азамат Жанәбілұлы жауап береді.

– Аружан, «грыжаның» қазақшасы – жарық деп аталады. Ал жарық дегеніміз – бұлшық еттердің арасындағы ақау.  Бұл – балаларда жиі кездесетін патологиялық ауытқудың бір түрі. Жарық туабітті және жүре пайда болады. Туабітті жарық бұлшық еттегі туабітті ақау екені түсінікті. Ал екінші түрі – бұлшық еттің әлсіздігінен, бұлшық етке күш түскеннен, әртүрлі күшенулерден болуы мүмкін. Кейде туабітті жарықтар кеш байқалып та жатады. Жарықтың бірнеше түрі бар: кіндік, сан, шап жарықтары, диафрагмальді жарық, жұлын жарығы, іштің ақ сызық жарығы және алдыңғы құрсақ қуысы мен қабырғаның басқа жерлерінде болатын вентральді жарықтар. Сенікі, Аружан, шап жарығы екен. Шап жарығының өзі қиғаш шап жарығы және тік шап жарығы болып екіге бөлінеді. Алдымен жарықтың қандай ауру екенін, қалай білінетінін түсіндірейін. Жарық кәдімгі қап сияқты сыртқа бұлтиып сезіледі. Томпайған жерді қолмен ұстағанда жоқ болып кеткенімен, артынан қайта байқалады. Қарапайым тілмен айтқанда, жарық дегеніміз – осы. Ал хирургиялық белгілерін түсіндірсек, жарық негізінен қап тәрізді болады. Қаптың ауызы болатыны сияқты, жарықтың да ауызы бар. Ол өте тар болып келеді. Қыздардың аналық безі, жатыр түтігі көп жағдайда қап ауызына қысылып қалуы мүмкін. Ал бұл сол органның қандануын бұзып, қысылған органның іріп-шіруіне де әкеледі. Бұл – жарық ауруының асқынған түрі. Белгілі бір органдардың жарық ауызына қысылып қалуы – өте қауіпті. Мұндай кезде дәрігерлер балаға дереу ота жасаймыз. Жарық ауруында ота неғұрлым ерте жасалса, соғұрлым жақсы.

Шап жарығы жыныс мүшесіне жақын орналасады. Аружан, алаңдаушылығың осыдан екенін айтыпсың. Шап жарығы ұлдарда да жиі кездеседі. Тіпті, ұл балаларда шап ұма жарығы деген бар. Ота дұрыс жасалып, шап жарығы жойылса, алаңдамауға болады. Мұның жыныстық жетілуге де әсері жоқ. Әдетте 12-13 жаста шап жарығы диагнозымен ота жасатқан қыздар «бұл ота жыныс органдарыма әсер етпей ме?», «ертең бала көтере алмай қалмаймын ба?» деген ойларға беріліп жатады. Аружан, сенікі де сондай қорқыныш екен. Ота сәтті жасалса, қорқуға еш негіз жоқ. Сосын отадан қалған тыртықтан да ұялудың қажеті шамалы. Жарық өзгелерге айтуға қымсынатын ауру емес.

«Грыжа» екінші рет қайталануы мүмкін бе?» деп те сұрапсың. Әдетте алғашқыда оң жақтағы сан жарығына ота жасасақ, көп өтпей сол жақта да сан жарығы байқалатын жағдайлар кездеседі. Бұл – жарық ауруының қайталануы емес. Жарық екі жақта да болып, екіншісі бастапқыда білінбеуі мүмкін. Немесе қиғаш шап жарығынан кейін тік шап жарығы пайда болуы ықтимал. Негізінен техникалық жағынан ота сәтті жасалса, отадан соң ешбір асқынулар болмаса, жарық ауруы қайталанбайды. Қайталанатын жағдайлар өте сирек. Жарық диагнозы қойылған бала жергілікті емханаларда хирургтің есебінде тұрады. Отадан кейін де науқас 6 айдан бір жылға дейін дәрігердің бақылауында болады. Аружан, хирургтер қайта қарауға шақырғанда қалмағаның дұрыс! Негізі шап жарығы алынып тасталғаннан кейін уайымдаудың қажеті жоқ. Сондықтан сарыуайымға салынба!

Азамат Жанәбілұлының ата-аналарға айтары бар

АТА-АНАЛАРДЫҢ ҚАПЕРІНЕ:

Балаңыздың шап аймағынан, кіндік айналасынан, іштің төменгі бөлігінен томпаюлар білінсе, салғырт қарамаңыз;

Балалар жыл сайын профилактикалық тексерулерден өтеді. Осындай тексеріс кезінде дәрігер балаңызда жарық бар екенін айтса, дереу балалар хирургінің қабылдауына жазылыңыз;

Сәбиіңізге туабітті жарық диагнозы қойылса, уақыт оздырмаңыз. Өйткені, жарық ауруының емделетін белгілі уақыттары бар. Шап жарығымен туылған балалар 2-3 жастан 5 жасқа дейін емделуі керек. Кіндік жарықтарына ота 5 жастан кейін жасалады. Кіндік жарығына арнайы массаждар жасауға болады. Кей жағдайда кіндік жарықтары өздігінен кетіп қалады. Ал шап-жарығына массаж, әртүрлі ем-дом көмектеспейді. Шап жарығын отамен ғана жоюға болады.

Жарық ә дегенде баланы мазаламауы, ауру сезімдері байқалмауы мүмкін. Ауырмайды деп жүре бермеңіз. Бірте-бірте жарық ішкі органдардың қысылуына әкеледі.

ЖҮРЕ ПАЙДА БОЛАТЫН ЖАРЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН

12-13 жас пубертаттық кезең деп аталады. Бұл кезде жасөспірімде екіншілік жыныс белгілерінің дамуы, жыныстық жетілу кезінде организмнің қайта қалыптасуы жүреді. Дәл осы жаста балаңыздың ауыр көтермегені, спорттың ауыр түрлерімен айналыспағаны абзал. Бала өзінің жасына және күшіне сай дене жаттығуларын жасағаны дұрыс. Себебі, өтпелі кезеңдегі жасөспірімнің бұлшық еті әлсіз келеді. Ал бұлшық етке күш түскеннен жарық пайда болуы ықтимал.

2. «Дұрыс сүндеттелдік пе?» деп қорқа бастадық

«Ақ желкеннің» №3 санындағы уролог-дәрігер Қайрат Нұртуғанұлының сүндеттеу туралы сұхбатын оқыған едім. Ол кісі сүндеттеуді молдаларға емес, хирургтарға электр пышақпен жасатқанның дұрыстығын айтыпты. Мен 5 жасымда сүндеттеліппін. Бірақ мені ауылымызда сүндеттей білетін үлкен кісі «жатқызған» екен. Сыныптастарымның біразын сол кісі сүндеттеген. Біздің ауылдағы балалардың тең жарымын сол ата мұсылман еткен. Алайда, ол кісі ешқандай да молда емес. Мешітте де қызмет етпейді. Бірақ, әйтеуір бала сүндеттейді. Сіздерде жарияланған сұхбатты оқып шыққасын, сыныптағы ұл балалар ойға қалдық. Сонда молдалар мен дәрігерлердің сүндеттеуінде қандай да бір айырмашылық бола ма? Бізді тіпті, «дұрыс сүндеттелдік пе?» деген сұрақ та мазалай бастады.

Асхат, Катонқарағай ауданы Шығыс Қазақстан облысынан.

Асхаттың сұрағына Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының дәрігер-урологы Қайрат Нұртуғанұлының өзі жауап қайтарады.

– Асхат, мені сендердің сауал жолдағандарыңның өзі қуантты. Өйткені, болашақтарыңа алаңдап отырсыңдар. «Сүндеттеуді дәрігерге жасатқан дұрыс» дегенім рас. Ол пікірімнен танбаймын да. Қазіргі кезде бұрынғыдай ескіше сауатты, сүндеттеудің әдісін жетік меңгерген молдалар сирек. Әрі бүгінгідей медицина дамып, медициналық құралдардың жетілген заманында сүндеттеуді дәрігерлердің жасағаны абзал. Сондай-ақ, біз жансыздандыратын укол салып, ауыртпай жасаймыз. Осы жағын да ескерген дұрыс. Оның үстіне сүндеттеу тек салтымыз ғана емес, гигиеналық тазалық үшін де керек.

Ал сенің сұрағыңа келер болсам, сүндеттеу дегеніміз – жыныс мүшесінің, яғни үрпінің басын ашу. Молда да, хирург та осыны орындайды. Сондықтан қорықпасаңдар болады.

3. ЭНУРЕЗДЕН АЙЫҒУҒА БОЛА МА?

Қазір 10-сыныпта оқимын. 9-сыныпта аяқ астынан жол-көлік оқиғасына ұшырадым. Сол қолым сынып, ауруханада жатып шықтым. Бірақ осы оқиғадан кейін, ұят та болса айтайын, кіші дәретімді ұстай алмайтын болып қалдым. Қатты қуанып күлсем немесе ашуланып, қобалжысам кіші дәретімді жіберіп қоямын. Сыныптастарымның алдында бірнеше рет осындай ыңғайсыз жағдайға қалғаным бар. Әйткенмен емделіп жатырмын. Сұрайын дегенім, бұл ауру менде өмір бойы қалып қоймай ма? Жазыламын ба?

Мадина, Талдықорған қаласынан.

Мадинаға да Қайрат Нұртуғанұлының кеңесін ұсынамыз…

– Мадина, кіші дәретті ұстай алмау медицинада энурез деп аталады. Бұл ауру қуықтың әрекетін басқаратын орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан болады. Сондай-ақ, бүйрек қызметінің нашарлауы, зәр шығару жолдарының қабынуы мен қуық безінің кемшіліктері де аурудың басты себептерінің бірі. Шыжың ауруы стрестік жағдайлардың кесірінен де болып жатады. Сенікі осындай жағдайға байланысты сияқты. Шыжың ауруын дәрігерлер бүйректі қуаттандыру, қуық, несеп жолдарындағы ұйықтап қалған каналдарды ашу арқылы емдейді. Сондай-ақ, дене қуатын күшейту, кіші дәретті тоқтататын дене әрекеттерін жасау да өте маңызды. Шыжың ауруын урологтар балалар неврологы, психиатрлар, эндокринологтар мен нефрологтар, физиотерапевтермен бірлесе отырып емдейміз.

Осы талаптарға сай кешенді емделгенде толық жазылуға болады. Ал бүйректе туабітті ақау болса немесе шыжыңдық баланың тұқымында болса, емдеуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу қиын.

Мадина, қалай болғанда да емделуді тоқтатпағаның дұрыс. Жүйелі түрде емделсең, жазыласың. Өйткені, сенікі туабітті ауру емес.

Жазып алған Қарлыға ИБРАГИМОВА

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: