Мәлім де беймәлім Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы туралы айтылмаған, жазылмаған нәрсе қалмағандай көрінеді. Бірақ, бәрібір айтылмаған да, жазылмаған да дүниелер шығып жатыр. Кейінгі кезде алмаған атақты алды, істемеген нәрсені істеді деген сөздер де айтылып қалып жүр. Күндердің күнінде аңыз күшейіп, ақиқат тасада қалмаса неғылсын. Демек, кейінгі ұрпақ үшін де бірегей де бірізді өмірбаяндық нұсқа жасап қойғанның еш артығы жоқ. Бауыржан атаның біреу біліп, біреу білмейтін қыры мен сырын өз қолымен жазған күнделігімен салыстыра отырып, келіні Зейнеп Ахметовамен бірге түздік. Алдымен Бауыржан Момышұлының туған жері, туған жылы, айы-күнін анықтап алғанды жөн санадық. Ол дүниеге келгенде ата-анасы құжатқа қаншалықты мұқият болды екен?

– Ата 1910 жылы, 24 желтоқсанда Жуалы ауданының Көлбастау ауылында дүниеге келген екен. Қазір ол ауыл Момышұлы ауылы болып аталады. Үлкен анамыз бірнеше қыз туған. Атаның алдында төрт қыз болған екен. Алдыңғы екеуі шетінеп кеткен. Содан шаңыраққа ие болатын ұл керек деп, ұл күтіп жүргенде дүниеге ата келген екен, – деп бастады әңгімесін Зейнеп апа. – Сонда ата әкесінің 53 жасында дүниеге келіпті. Үлкені – Үбиян, кейін Музей апа аталып кеткен. Одан кейінгісі Әлиман апа. Атаның 90 жылдығы өткеннен кейін Әлиман апам дүниеден өтті. Үлкен атамыз (Момыш ата) қыстың қысында қазіргі Таразға кеткенде үлкен анамыз аман-есен босаныпты. Бүкіл ел қуанып, әкесіне сүйіншілетіп адам жібереді. Сүйіншілеп кеткен адам ол кісіні әзер табады. Қуанғаны соншалық, көрген бетте жылап қоя беріпті. Үлкен атамыз бірдеңе болып қалды ма, әкем өліп қалды ма деп есі шығып тұрғанда: «Жеңешем ұл тапты!» деп әрең айтыпты. Үлкен атамыз бекер молда Момыш атанбаған. Өте сауатты адам болған. Орыс әріптерін түртпектеп жүріп, үйреніп, ежіктеп оқи алады екен. Мұсылманша сауатты болған. Сондықтан атаның туған күнін анықтап жазып қойған. Шатасуы мүмкін емес.

– Сіздің суреттеуіңізде атаңыз қандай кісі болды? Бойы, түр-тұрпаты, мінезі қандай кейіпте есте қалды?

– 1972 жылы біз қолына көшіп келгенде атаның шашына енді-енді ақ кіре бастаған. Бірақ өте сергек, тікесінен тік тұратын. Жалт етіп қарағанда көзінің қарасына төтеп беру мүмкін емес. Қасы қалың, қап-қара. Салбұрыл тарта бастаған мұрты болды. Қараторы кісі болды. Бойы 1 метр, 78 сантиметр. Мұны Бақытжан анық білетін. Өйткені, өзінен анықтап сұраған болатын. Қыстай жатқызып қойып, жақсы күтім жасадым. Бір күні маған ұрысты. «Мынау қарын қайдан пайда болды? Өмірі маған қозықарын бітіп көрмеп еді. Осыны маған сен жапсырып бердің», – деп әбден ұрысты. Сіңірлі, қарулы болған. Тіпті қартайған кезінде ұстаған жерінің өзі көгеріп қалатын. Киім киген кезде көріктеніп шыға келетін. Әскери адам екені көрініп тұратын. Ауру меңдеген адам болса да еңсесін тік ұстайтын.

«Әркімнің өз Баукеңі бар» деп Олжас Сүлейменовтің айтатыны бар ғой. Атаны әркім өзінің көзімен, өзінің өресімен көрді. Кейбіреулер бет жағындағы көбігін ғана қалқып, арғы жағына үңіле алмады. Ал менікі тек келіндік көзқарас. Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Ойыңды ашық айт! Қазулы көр тұрса да шындықты айт!» – дейтін. Ол кісінің көзіне тура қарау қайда маған? Көзін суреттеп бере алмаймын. Жанып тұрған от еді. Иығынан асырып қараймын. Кейін түсіндім ғой. Менің бойымнан жылт еткен бірдеңені көрді ме екен, әділетінен әділетсіздігі басым дүниеде, өзі де сондай нәрсені басынан көп өткізгеннен кейін де шығар, «жақсының да, жаманның да аяғында төселіп жататын төсеніштей болмасын, пысық болсын» деп үйреткен болу керек деп ойлаймын. Әңгіме айтып отырған кезде, ортадан кілт үзіп, пікірімді сұрайды. Кейде есің шығып кетеді. Үндемесең ұрсады. Қазір кез келген нәрсені ашық айтатыным, ұнамағанды бетке айтатындығым атадан қалған болу керек. Менің ең жақсы қасиетім – үндемей құтылатынмын. Жарылып кетейін деп тұрсам да үндемей қалатынмын. Бір кезде: «Балам, мен артықтау кеттім, кешір» дейтін. Бұл енді ұлылық!

Б.Момышұлының күнделігінен:

Қысқасы 21-інде құлап, 28-інде төсектен тұрдым да, Международный институтқа бардым. Онда 2 сағаттай врачтарға көрініп, керекті документтерін алдым. Киінейін деп бара жатқанымда қарсы алдымнан жағы қаусаған, мұрты түксиген, шүңірейген мұңды көзді бір шал шыға келді.

Дағдарып тұра қалдым. «Е! Ғайникамал мен ангина екеуі қосылып, сағымды әжептәуір-ақ сындырған екен ғой» деп үлкен айнадан бұрылып жөніме кеттім.

***

«Қартайғанда қатының өлмесін» – бұл сөзді басыңа келгенде басқаша түсінеді екенсің. «Ат» деген сөз денсаулық екен, қазекең образбен сөйлейді. «Алыс жол» деген жасың екен. «Жасың жетсе, денсаулығың дұрыс болсын» деген сөзден ұғындым.

«Қартайғанда қатының өлмесін» деген сөз саған түсіне білетін, сені күте білетін ең жақын жан-жарың өлмесін деген сөз екен. Осы екеуі де басқа түсіп отыр. Оны уақыт ұқтырып отыр.

***

Сарыағаштан қайтып келсем, әйелім больницада жатыр екен. Балалар болса сандалып кетіпті. Үйде жалғыз жесір жатырмын. Шай қоюға шамам жоқ. «Социалистік Қазақстанда» мақалам шықты. Қуанышым қойныма сыймай отыр. Неге десеңіз, кейбір ақымақ қазақтардың маған жақпаған жаласы, соқпаған қоңырауы жоқ.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ОЮ ОЙҒАН, СУРЕТ САЛҒАН

Біз барғанда Зейнеп апа үстелдің үстіне қағазға ойылған әп-әдемі оюларды, Бауыржан атаның әр кезде түскен суреттерін жайып қойыпты. Оның мәнісін былай түсіндірді: «Атам «Қазақстан» темекісін тартатын еді. Соның ішіндегі жылтыр қағазын алатын да ою оя салатын. Бұл бір альбом болады. Осыны шығара алмай жүрмін. Өйткені, жақсы ғып шығару үшін демеуші керек. Бәрін өзі ойып, қолын қойған. Бақытжан ағаңның басына қойған құлыптасқа әдейі осы оюды салғыздым. Ою оқитындар таңғалды. Сөйлеп отырып қағазды бүктейді де, қасында тұрған кішкентай қайшымен қия салады. Алғашында Ержан сүйретіп жүгіріп жүретін. Кейіннен «мынауың болмайды» деп, алдап-сулап қолынан алып, жинай бердім ғой. Әр оюдың артында айы-күні жазылған. «Ата, мынаны жазып жүріңізші» деп өтініп жүріп жаздырып алғам. Қолына түскен қағазға оя берген оюының саны жетпіске жуық. Бір күні түскиіз фабрикасынан хабарласып: «Атаның оюлары бар екен. Соны бізге берсеңізші» дейді. «Жоқ, көкетай, бермеймін. Алдымен альбом ғып шығарамын. Халықтың игілігіне жұмсалсын. Содан кейін…» дедім. Оюлары бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысында өзінің қолының ізі тұр.

Өткендерді еске алып, ойға толам,

Сұрыптап, тезге салып, көп ойланам.

Ой түбіне жете алмай, титықтасам,

Қолыма қайшы алып, ою оям, – деп Бауыржан аталарың өз қолымен, төте жазумен жазған.

***

Бауыржан Момышұлы суретті керемет салған екен. Кәдімгі кәсіби суретшілерден бір мысқал да кем емес. Мысалы, басылым беттерінде жиі пайдаланылатын қолмен салынған суретін Бауыржан атамыз өз қолымен салыпты. Немересі Ержан қолына қағаз алып келіп: «Ата, сурет салып бер» дейді бірде. Бала қыңқылдап қоймағасын, Ержан екеуінің суретін салып береді. Сонда Ержан былай алып шығып, суреттегі өзінің бас жағына бес, атасының бас жағына екі деген баға қойып қойыпты. Мұны Зейнеп апа айтып берді. «Жалпы күнделігі де, басқа дүниелері де менің ұқыптылығымнан сақталып қалып отыр. Ерен санамасам, бала ойнап жүріп-ақ, жыртып құртатын еді. Жақсы демеуші табылып жатса, осы оюларды тарихымен, арасына атаның ұлағатты сөздерін қосып отырып, шығарсақ деген ой бар.

Ата бір күні Жазушылар одағына барғанда, Ілияс Есенберлин мен Әнуар Әлімжановтың кітаптарына Ержанның атына арнап, қолтаңба алып келді. Негізі өзі: «Ержан немереме! Алжыған атасынан» деп жазып қоятын. Сыртқа шыққанда открытка, төсбелгі ғана алып келетін. «Өзге болмаса да, қазақтың жазушыларынан Ержанның атына автографымен кітап жинаңдар. Өскенше әжептәуір кітапхана болады», – деді. Қазір сол жазушылардың бәрі өмірде жоқ. Мысалы, Шыңғыс Айтматов, Фариза Оңғарсынова, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбековтердің керемет сөздері жазылған. «Барлығы атаңдай бол!» деп атасымен байланыстырып жазады тілектерін. Бірде Қадыр ағаға да жаздырып алайық дестік. Қадыр аға жаза берейін деген кезде Бақытжан қолынан шап беріп ұстап алды да: «Айналайын, Қадеке, «Атаңдай бол» деп жазбашы. Өзі жалғыз бала. Көп қатын алып, итімізді шығарып жүрер», – деді әзілдеп. «Әй, Баукеңе бәрі жарасады ғой», – деген еді Қадыр аға сонда.

Немерем Нұрсұлтан атасынан айнымай қалған. Сөйлей қалса ойып түседі. Сөйлемесе үш күн сөйлемейді. Бір күні әке-шешесіне: «Бәрін дайындап қойдым. Бір ғана анықтама алу керек. Назарбаев зияткерлік мектебіне тапсырайын деп жатырмын», – депті. Әке-шешесі қатты таңғалып қалыпты. Бала қамданып қойғаннан кейін шешесі бір күн бойы жүріп, медициналық анықтамалығын алып берген. Сөйтіп, жаңадан ашылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебіне барған болатын.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫН АЛМАҒАН

Б.Момышұлының күнделігінен:

Мен жоғары штаб академиясын 1948 жылдың басында бітірдім. Ойдағыдай, дұрыс бітірдім. Академия маған өте дұрыс, мақтаулы мінездеме жазып ұясынан ұшырды. ГУК алдымен нашар бітіргендерді бригадаға тағайындап, олардан құтылды. Мақтаулыларды таңдаулы қызметке жібереміз деп бір-екі айдай доғарып ұстады. Сол кезде реформа болып, армия біраз қысқартылды. Мені шақырып алып, маған бірнеше ұсыныстар айтты. Мысалы, «өзің бітіріп шыққан жоғарғы академияға оқытушы болып қалғын», – деді.

– Ол өте құрметті ұсыныс екен.

– Иә, дұрыс айтасыз, бірақ мен Мәскеуде қалғым келмеді.

Мен – 22 жасымнан бері әскер қатарындағы адамның бірімін. Ұлы Отанымыздың көп жерлерін маған қызмет аралатты. Төрт-бес жылғы өмірім қан майдан шебінде өтті.

Мен кеңсе офицері болғаным жоқ. Қатарда да, майданда да алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болдым. Қайда жүрсем де, солдаттармен араласып жүріп, олардың тобының ішінде болуға тырыстым. Қызметті жай қатардағы (рядовой) жауынгерден бастап 15 мың басы (дивизия командирі) болу дәрежесіне дейін жеттім.

З.Ахметованың әңгімесінен:

Көп жер атаның жазған кітаптарын қате жазып жүр. Мысалы, 2008 жылы «Өнер» баспасынан 15 том кітабы шықты. Сол кітаптың артына шыққан ақпарат түгел өтірік. Ал 2010 жылы шыққан кітабының артына дұрыс ақпаратты өзім бердім. Өкінішке қарай, қате ақпаратпен шыққан кітапты олар әлі сатып жатыр. «2005 жылы Халық қаһарманы атағын алды» деп энциклопедияға жазып жіберіпті. Бұл ұят қой. Әлі күнге дейін ондай атақты алған жоқ. Энциклопедиядағыны бәрі көшіріп алып, бере салады. Мысалы, Рақымжан аға Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Сонда әйеліне тапсырды. Ал атаға Батыр атағы берілгенде, «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін Президент Бақытжанға тапсырды. Егер Халық қаһарманы атағын алған болса оны да Бақытжанға тапсырар еді. Ата 1962 жылы Мекемтас ағаны қасына алып отырып, өзінің көп дүниесін мұрағатқа өткізген. Онда да басы бүтін емес, уақытша сақтауға тапсырған. Сол сақтауға берілген заттарының тізімі менде тұр. Бірақ, айтуға, жариялауға болмайтын, ешкім көрмесін деген дүниесінің барлығы үйде қалды. Кейін Жәмила апайға үйленіп, кететін кезде кілтті маған тапсырып: «Мынаны өзіме айтпай ешкімге көрсетуші болма. Ашушы болма. Әйтпесе қолыңды сындырам! Егер маған керек болып жатса, мен саған арабшалап хат жіберем», – деді. Бірақ, ата оны сұратқан жоқ. Бір рет бір папка керек болып, алып бардым, бірақ қайтып орнына салдым. Мен оны ата қайтыс болғаннан кейін бір-ақ аштым. Ашқаныммен ештеңе беруге болмайтынын көрдім. Егемендік алғаннан кейін үйдегі бар сақтаулы тұрған дүниесін Мекемтас ағаның қолына ұстаттық. «Мынаны көшіріп алыңыздар» деп. Өкінішке қарай, олар менің ескертпемді құлағына ілмеді. Күнделікті кейбір адам кейін оқылсын деп жазады. Кейбір адам өзінің ішіндегісін ақтарып салу үшін жазады. Өзі үшін жазады. Мысалы, мен күнделігімді екі кітапқа пайдаландым. Пайдаланып болғаннан кейін өртеймін. Өйткені, оның ішінде өзгенің көзіне түспеуі керек дүние бар. Халыққа, ұрпаққа қажет нәрсе болмаса, оттың басындағы анау-мынау әңгіменің не керегі бар? Ата туралы кандидаттық қорғайтындар мұрағатқа барады ғой. Сонда оларға заң бойынша мұрагерден рұқсат сұралады. «Аға, кандидаттық қорғайын деп едім, рұқсатыңызды беріңіз» деп келетіндерге Бақытжан қолхат беретін. Сөйтіп, сол рұқсатпен жұмыс істейтін. Бұрын мұрагерлік 25 жыл ғана болған екен. 25 жылдан кейін өкіметке өтіп кететін болған. Қазір ұрпағының көзі тірі тұрғанда жалғаса береді. Бұрын атаның мұрағатына Бақытжан рұқсат беретін, енді қазір ол Ержанға өтті. Бәкең қайтыс болғаннан кейін, заң бойынша алты айдың ішінде қайта рәсімделіп, екіге бөліну керек екен. Маған және Ержанға. «Ендігі жерде Момышұлының бас иесі сенсің» деп, барлығын Ержанның атына аударып бердім. Қазір адамдар заңды біле бермейді. Бәукеңдікі ғой деп, бас-көзге қарамай құрастырып шығады. Мысалы, Мәскеуде №229 мектептің атын атаға берерде Ресей Бақытжаннан рұқсат сұрады. «Әкеңіздің атын мына мектепке беруге ризашылық беріңіз» деп. Бақытжан нотариусқа барып, қолын қойып, рұқсатын берді. Оны электронды поштамен жіберуге болмайды екен. Сонда Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген бір қағазды алып Мәскеуге ұшты. Бұл не? Бұл мәдениеттілік. Мұрагердің құқын қорғау. Ал біз ондайға жете қоймадық. Талай нәрсе шығып кеткеннен кейін көзіміз бақыраяды. Әйтпесе, баспалар бәрін білу керек еді. Бақытжан қол қойып, бәрін бір қарап шығуы керек еді. Мұның ішінде атаның ашуланғанда жаза салған дүниелері де кетіп қалды. Ал ұяты бізге келді. Мысалы, «1940-41 жылы «Ұшқан ұя» деген әңгімесін жазды» деп жүр. Мұны оқыған оқушы солай екен деп шатасады. Ол әңгімесі 1975 жылы шыққан негізі.

Б.Момышұлының күнделігінен:

Вчера Есет Аукебаев сказал мне, что по данным книжной палаты, я автор пятнадцати книг (15) изданных в Казахстане. Тиражи около 1500000 экз. Одиннадцать (11) книг изданных в России, Киргизии, Таджикистане, Узбекистане. А за рубежом на шести языках…

Я, автор около 250 статей, около 100-1500 строк стихотворений и афоризмов.

Я был приятно удивлен. Придя домой я на память:

1. История одной ночи;

2. Наша семья;

3. За нами Москва;

4. Генерал Панфилов;

5. Фронтовые встречи;

6. Я помню их;

На казахском языке:

7. Сборник І;

8. Сборник ІІ;

9. Жауынгерлер тұлғасы;

10. Төлеген Тоқтаров;

11. Артымызда Москва;

12. Ел басына күн туса;

13. Біздің генерал;

14. Олар менің есімде;

15. Куба әсерлері;

16. Ұшқан ұям.

Рас екен-ау деп сендім.

Басқа айтқандарым да рас болуы керек.

***

Осы арада Зейнеп апаның өзі қанша кітап жазғанын да сұрай кеттік: «Мен «Шуақты күндердің» екеуін жаздым, орысшасы да шықты. Арасында кішігірім кітаптарым да шықты. Одан кейін бұрын айтуға болмайды деген, цензурадан өтпеген нәрселердің бәрін «Бабалар аманаты» деген кітабымда жаздым. Сұраныс әлі де бар. 4000 кітап түгел өтіп кеткен. «Кітап оқылмайды» дейді, бірақ, сол кітаптарды сатып алғанның көбі жастар екен. Естелік шығару өте ауыр. Сосын ол бір рет оқылады да қалады. Сондықтан Бәкеңнің әзілдерін, бірқақпайларын шығардым. Осындай адам еді деп, еске алып жүрсін деп. Жылына үлгертіп шығардым, енді осыны толықтырып шығару ойда бар… Ата дүние жинамаған адам. Есесіне қаншама байлық қалдырып кетті. Мені әбден шыңдады. Талай жыладым ғой. Ваннаға кіріп алып, суды сарылдатып қойып, талай жыладым. Бірде ата біреумен сөйлесіп отырып, шай құйып отырған маған қарап: «Выйди» – деді. Тұра беріп едім, ұзын халаттың етегіне сүрініп, жалпамнан түстім. Тұра алмай қалдым. Соған қарамай: «Во-о-о-он!» деп айғайлағанда, сенесің бе, еңбектеп шығып кеттім. Оны ағаң «Терпеливая, многострадальная, мудрая, чистая жена» деп жазатыны бар. 45 жыл бір шаңырақ астында бірге өмір сүрдік…» – деп Зейнеп апа көзіне жас алды.

СІБІРДІҢ СУЫҒЫНДА ҚОЛҒАП КИМЕГЕН БАУЫРЖАН

Өткен жалдың аяғында «Хабар» агенттігінің тапсырысымен, режиссер Ақан Сатаев Бауыржан Момышұлы туралы төрт сериялы кино түсіріп, халықтың назарына ұсынған. Әркім әртүрлі пікір айтқанымен, көзін көрген адамның пікірі бөлек болатыны анық. Бұл жайында Зейнеп апа былай деді:

– Кино түсіретін кезде Ақан үйге келді. Көп нәрсені жақсылап айтып бердім. Әйтпесе олар көп нәрсені бүлдіретін еді. Менің бір қуанғаным, сондай адамға жар болып, тентектігін де, тепкісін де көтеріп, үстіне бақандай төрт әйел алдырып, өмірдің ешбір қызығын көрмей өткен анамыздың экранға шыққанына қуандым. Сосын жастай өлген Шолпанды олар білмейді екен. Соны да айттым. Дегенмен қателіктер бар. Мысалы, ата қолына өмірі қолғап кимеген. Тіпті Сібірдің суығында да кимеген. Ал кинода кидіріп қойған. Сосын актерға мұрт қойып қойған екен. «Ойбай, алып тастаңдар!» дедім. Өйткені, ата 53 жасында мұрт қойғанын өзі айтқан. «Актердің акцентін жоя алмай, мұғалім жалдап жатырмыз» дегенде, Ержан екеуіміз: «Ойбай, акцентіне тиме» деп шыр ете түстік. Өйткені, ата орысшаны орыстың шәпкісі айналатындай сөйлегенімен, әдейі акцентпен сөйлеген. Қазақы әдемі акцентпен сөйлейтін. Шалқайып күліп, қолын сермеп сөйлейтінін, талай әдеттерін айтып бердім. Сосын анамыздың басына орамал салып, үстіне қазақша камзол, сөлпеңдетіп көйлек кидіріп қойыпты. Ол бай көпестің қызы болған. Алматыда туып-өскен. Мәскеуде оқыған. Беретка, шляпа киген суреттерін көрсеттім. Дегенмен бұл бала ақылдылық жасады. Көп режиссер кино түсіргенде біз сияқтылармен ақылдаспайды. «Жаужүрек мың баланы» көргеннен кейін Ақанға біраз қазақтың салтына қайшы келетін тұстарын айттым. Мысалы, қазақтың қыздары «жалғыз қалады деп» шашын бірге өргізбеген. Әрқашан екіге өріп жүрген. Сосын қызға жағасыз киім кигізбеген. Актрисаның басына кигізген тақиясы да адам көргісіз. Сарттардың еркектері киетін тақия. Қазақтың құндыз бөркі, кәмшәт бөркі, шашақты сораба, моншақты қасаба, жырға қайда десем, «маған этнографтардың айтқаны осы болды» дейді.

Б.Момышұлының күнделігінен:

1-қатыным – Бибіжамал Мұқанқызы Момышкеліні. Менен 2-ақ жас кіші еді. Өзі ақ сары сұлу кісі еді. Байын күте білетін, үйін ұстай білетін, дастарқанды кісі еді…

Сол кісіден тұңғыш балам Бақытжан Момышұлы туды. Ұлы Отан соғысы басталғанда, ол кісінің аяғы ауыр еді. Соғысқа қашан жүрер-жүрмесімізді білмей жүргенде, жүкті әйел Талғарға келді.

Жақында аттана қоймаспын, сен ауылға барғын, – дедім мен. Сол тілімді алып, ол 2-3 күннен кейін ауылға аттанды. Өзі сұлу, қарны қампиған, соғыс басталған, ауылдағы ағайын-туыстарым: «Қарағым, жақсы кепсің», – деп жақсы қарсы алыпты. Күтпеген жерден эшелонға тиеліп, майданға аттандық. Өзім эшелондамын, әйелім ауылда. Қоштасқан жоқпыз…

Бұрындайдан өтіп бара жатқанда қарадым. Сол күні базар күні екен (воскресенье). Мені өтіп барады деп ойламаған әйелімнің сыртынан ғана көрдім. «Ей, пәлен-түген» деуге уақыт жоқ, пойыз зыр етіп өте шықты. «Қайта көремін бе, көрмеймін бе сені?» – деп бармағымды тістеп өтіп кеттім. Сол маған үлкен әсер етті. Содан бара соғысқа кірістік…

Төрт ай өтті. Хабар жоқ. Хат алмаймыз. Бесінші айда Рахимов (старший лейтенант):

– Сүйінші, сүйінші, ақсақал! – деп жүгіріп келді алдыма. – Жеңгем ұл туыпты, міне, хат алдым, – деп маған хатын көрсетті.

– Рахмет, айналайын, – деп хатын оқыдым.

«Бәукетай, көптен бері хабар алыспадық қой. Сен неге хат жазбайсың? Аман-есенсің бе? Бізде түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ. 3-октябрьде ұл таптым. Атын кім қоямыз деп қатты қиналдық. Тәтем: «Атын Бақытжан қойыңдар, бір жағы әкесінің аты Бауыржанға ұқсас, екінші жағы бақытты болсын» деді. Сөйтіп балаңның аты Бақытжан болды. «40 жыл қырғында ажалды өледі» деген қазақтың сөзі бар ғой, аман-есен қайтсаң, ең үлкен бақытымыз сол. Балаңның көтін иіскеп, жылап жатырмын…»

Ж.Бозжановты шақырып алдым.

– Мә, оқы мынаны, – деп хатты ұсындым. Ол оқып шықты да, қатты қуанып кетті.

– Той істеймін, ақсақал, той істеймін! – деп айқай салды. Мен үн қатқан жоқпын.

Кешке таман күтпеген жерден, қайдан тапқанын білмеймін, бір қойды сойып, қазақша бесбармақ істеп, 3-4 бөтелке арағы бар кешкі асқа күллі штабты шақырып алды. Ол кезде менің арақ ішпейтін кезім. Ырым ретінде дәмін татамын-дағы рюмканы қоя салам. Бақытжан Момышұлы туралы бірінші естіген хабарым осы.

***

Әңгімемен жол қысқарту – атам заманнан келе жатқан салт. Бақытжан ауданда, біз қалада болғандықтан онымен кейінгі екі жылда сирек кездесуші едім. Ол өндіріс басқармасының газетінде әдеби қызметкер болып істейді. Қызметіне байланысты ылғи колхоз, совхоз жұмысшыларының арасында жүреді екен. Халық арасында жүреді екен. Газетке мақалалары, өлеңдері жарияланып тұрады екен. Әрине, барлығының бірдей иі қанбаған, әлі қаламы төселмеген, бірақ барлығы өмірден, тұрмыстан алынғандар…

Ол колхоз, совхоз жұмысшыларының намысқойы болып алыпты. Еңбекқор озаттар туралы сүйсіне әңгімелер айтып отырды. Баламның өмірден сабақ алып, ел танып, жер тани бастағанын сездім. Өз қолы өз аузына жетіп келеді екен.

«Шырағым, үйде жүрсең не етер едің?

Қолыңа құрық ұстап кетер едің», – деген ойыма күліп, ішімнен балама қарап отырып:

«Қарағым, Алматыда не етер едің?

Парктер мен ресторанға кетер едің.

Біз тұмсық туфли мен қуыс шалбар,

Стиляга жалқау боп кетер едің», – дедім.

…Ертеңінде үйден шығуға дайындалып тұрғанымда Бақытжан шифонерден менің макентошымды алып, мені киіндірді. «Бұрын бүйтпеуші еді, бұған не болған?» деп ойладым. Магазиннен бұйымдар алып болған соң «Прага» ресторанына тамақтануға бардық. Гардероб алдында балам мені шешіндіріп, киімді швейцарға тапсырып, одан кейін өз киімін тапсырды. «Бұған не болған?!». Шығарда «Давайте, я сам», – деп, швейцардың қолынан киімімді алып, мені киіндірді. «Бұған не болған?».

Жолда таксиде келе жатқанда ойыма түсті. Кеше Е.В.Вучетич бұрынғыдай мені өзі шешіндіріп, өзі киіндіріп еді, балам соны байқаған екен ғой. «Әкемнің кебісін академик қойғанда, маған не өрескелдігі бар» деп ойлаған екен ғой»-деп, күліп жібердім.

Бауыржан ата мен баласы Бақытжанның арасы қандай болғаны жөнінде Зейнеп апаның айтқаны:

– Мен атаның қартайған кезінде қолына келдім. Кәмеш апай қайтыс болған, Бақытжанның отыздан асқан, Ержанның төрттен асқан кезі. Шераға, тағы да басқа кісілер «әкелеріңнің қолына келіңдер» деді. Жасыратыны жоқ, Бақытжан алғаш көнбеді. «Осы кезге дейін әкеммен тұрып көрген емеспін. Жасым отыздан асқанда тұра алмаймын» деді. Өйткені, екеуі тез тақасатын. Бақытжан атақты адамның баласы болғанымен, әкесіз өскен адам. Нағашыларының қолында өскен. Ата соғыс уақытымен қосқанда 14 жылдан кейін үйіне оралған. Жылына бір рет келіп кетеді, айына ақшасын салып тұрады. Ал анамыз қазақ әйеліне тән парасаттылықпен, төзімділікпен күтіп отырған. «Сен бәйбіше болып отыра бер, кеңдік жаса» деп ата айтады екен. Тастап кетпеген, әйтеуір. Үстіне қанша әйел алса да шыдаған. Ол кісінің ішінде не болып жатқанын кім біледі, бірақ. Өрт боп, жанған шығар… 53 жасында дүниеден өтті. Атаның «соны ғана сыйлағанымды, соны ғана ардақтағанымды өзінің өлімімен дәлелдеп кетті» деп жазатыны бар ғой, жылап отырып.

Ата келгеннен кейін екі жылдай бірге тұрып, қайтадан басқа отбасын құрып кеткен. Соның барлығы әкенің иығына сүйенбеген, қолынан ұстап жетелемеген, бала кезінде іштей қыжыл қалған ғой. Сосын мен: «Жарайды, бармасаң қала бер. Ержанды алам да кетем. Атаны олай қалдыра алмаймын», – дедім. Ата ауырып жүрген, Кәмеш апа қайтыс болған. Бұл 1972 жылы еді. Сөйтіп, телестудияда істеп жүрген жұмысымды тастадым. Совет өкіметінің кезінде өз еркіңмен жұмысты тастау дегенің сұмдық болатын. Қызмет табылады ғой, бірақ, мынандай адамға қызмет ету екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Сонда менің жасым екі мүшелде, 25 жастамын.

Б.Момышұлының күнделігінен:

Бүгін мен сағат 12-де келдім. Үйде үш ай болмап едім. Үш ай ішінде көрмегенімді көрдім… Шыдай алмадым. Сырымды сыртқа шығара алмадым…

Аяғым ауырса да жеті квартал жаяу жүрдім, таяғым есімнен шығып таяқсыз жүрдім. Баяғыда құланға жеткізбес жүйрік едім. Кібіртіктеп, сүйенер ешкімім жоқ, абайлап қана таяқсыз жүрдім. Аяғым шыдамады, басым айнала бастады. «Көшеде құлап қалсам, ұят болар, қолымда сүйенер таяғым да жоқ. Бұған да көндік, Алла тағала», – деп ерегесіп қадамымды баса бердім. Жеті кварталды адымдап басып өттім. Жазушылар одағына зорға жеттім…

Зейнеп Ахметованың әңгімесінен:

– Оң аяғының тобық жағына оқ тиіп, жараланған екен. Сол жері шодырайып тұратын да, аяқкиім кие алмайтын. Сондықтан амалдың жоғынан не үлкен аяқкиім аламыз, не арнайы тіктіретінбіз. Өзі киізден жасалған аяқкиімді жақсы көретін. «Ата, мынау ұят қой. Мұны кәстөммен киюге болмайды», – десем, «Көп сөйлеме! Мен не кисем де Момышұлымын», – дейтін. Сонда оқ тиіп, сүйегін талқандап кеткен. Сол сүйек дұрыс бітпей, кейде мазалайтын. Жалпы, бірнеше рет жарақат алған. Жас кезінде білінбеген, кейін қартайғанда білінді, әсіресе аяғы қатты ауырды. Таяқты қартайғандықтан емес, сәнге ұстады-ау деймін. Кейін қартайғанда таяқ ұстауына тура келді. Әдемі таяқтары көп болды. Бәрін музейге өткіздім де, қолының табы тиген бір ғана таяғын алып қалдым, немерелеріне естелік болсын деп. Жуалыда өзінің атында жалғыз музей бар. Сол музейге 100 жылдығының алдында сақтап отырған 187 экспонат алып бардым. Атаның қолы қойылған 140 кітап алып бардым. Әр затының тарихын жеке-жеке айтып бердім. Өйткені, менен басқа ешкім айтып бере алмайды. Атаның аузына тістеген мүштегінен бастап, жатқан құс төсегіне дейін алып бардым. Қазір оны қалай ұстап жатқанын біле алмадым. Екі жылдан бері ешқайда шықпадым. Амандық болса, жазда барып қайтармын деп отырмын.

ЕЛЕНА БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ТУРАЛЫ

Зейнеп Ахметованың әңгімесінен:

Атаның Шолпан деген қызы болған. Жастай қайтыс болып кетіпті. «Батырдың баласы, батырдың баласы» деп, бәйге аттың үстіне баланы мінгізе салғанда, ат алып қашып, содан құлап өлген. Мама мен атаның арасына сызат содан түскен. «Сен менің балама қарамадың. Өзің той тойлап жүріп, баланы өлтірдің», – деп, маманы қатты жазғырған ғой. Содан бері бұл тақырыпқа жоламайтын, жүрегіне қатты тиген. Қызын өте жақсы көрген. Ата соғысқа кеткенде Бақытжан іште, жеті айлық кезінде қалған екен. Содан 1943 жылдың 24 желтоқсанында яғни өзінің туған күнінде осында келеді. Сонда Бақытжан екі жарым жаста екен. «Тағдыр баламды сирек көруге жазған екен» деп атаның жазғаны бар. Сосын Мәскеуде жартылай сыған, жартылай орыс бір қыздың сұлулығына қатты қызығыпты. Дегенмен ол некелеп алған әйелі емес. Алайда атаның азаматтығы сонда, ана әйел Коркина деп қызға өзінің атын берген екен, ата алып өз есіміне жаздыртыпты. Елена Бауыржанқызы Коркина. Содан ақша салып тұрған. Тіпті, сол кезде салған ақшаларының түбіртегі әлі сақтаулы тұр. Бақытжан сегізінші класс оқып жүргенде: «Сенің Мәскеуде қарындасың бар. Апарып көрсетемін», – депті. Жалғыз жүрген Бақытжан қуанып кеткен ғой. Сөйтіп, Бақытжанды алып барады. Жаңағы әйел үйінен шығады да, жотасымен есікті тіреп тұрып: «Бұдан кейін қайтып келме. Бұл сенің қызың емес», – деп қатты зіркілдеп, кіргізбей қояды. Бақытжан пәтердің, үйдің нөмірін, көшесін, бәрін біліп алады. Сөйтіп, екеуі хат жазысып тұрған. Ал әйелдің бас тартқан себебі, күйеуге тимей, қыздың бетіне қарап отырып қалған. «Қазақтар қызымды алып кетіп, мен жалғыз қалып жүрермін» деп қорыққан. Өйткені, өзінің ешкімі жоқ екен. Ақыры қызы да күйеуге тимей, былайша айтқанда, екі ит, бір мысықты ермек етіп қалды. Іздеуіндей іздедік. Бірақ, мекен-жайы өзгеріп кетіп, таба алмай қалдық. Әкесі қайтыс болған кезде жаңағы мекен-жайға үш қайтара телеграмма салдық. Бірақ, қайтып келе берді. Кейін біз де көштік. Сонымен не керек, ол қыздың шешесі де сексеннен асып, тоқсанға жуықтап қайтыс болыпты. Ал ана қыз Марина Цветаеваның творчествосын зерттейтін ғалым, бірнеше зерттеу кітаптары бар, өзі ғылым кандидаты, тағы да басқа атақтары бар екен. Түр-тұрпатына келетін болсақ, шешесі де қараторы болған дейді Бақытжан. Бірақ, атаға ұқсайды. Қолын сермеп сөйлегені Ержанға ұқсап кетеді. Содан ол қыз Мәскеуде ардагерлердің одағына барған, сол арқылы қазақ диаспорасына шыққан. Өзі қазақтармен араласайын деген болу керек. Содан бір жігіт телефон шалып: «Аға, сіздің қарындасыңызбын дейді. Бізге келіп жүр», – деді. Содан Бақытжан мекен-жайын солар арқылы тауып: «Мен сенен ешқашан бас тартқан жоқпын. Сені таба алмадым. Мен сені таба алмасам да, сен мені тез табар едің. Өйткені, Қазақстанда Момышұлын білмейтін ешкім жоқ. Бірақ, ендігі жерде біздің басымыз бірігу керек», – деді. Сонымен жолына қаражатын, анау-мынауын салып жіберді. Сөйтіп, 2005 жылы екеуі бір-бірін бірінші рет көрді. Осында келді. Үлкен ағаларды, бәрін шақырып, кішігірім той жасадым. Соңынан ағалар да, біз де жайлап айналдыра бастадық. «Зейнеткерлікке шығыпсың. Ғылыми жұмысты қай жерде де істеуге болады», – дедік. Көнбеді. «Моя родина там. Я глубоко православный человек», – деді. «Мүмкін бірте-бірте көндірерміз. Осы жолы осымен доғарайық», – деді Бақытжан. Біздің таныстарымыз күніне екі-үш жерде қонақ қылып, неше түрлі сый-сияпат жасады. Өмірі ондайды көрмеген басы, есі шығып кетті. Мәскеуліктер киімге көңіл бөлмейді ғой, қалай болса солай келген адам, кетер кезінде қабат-қабат киініп кетті. Содан кейін үзбей хат жазып, туған күнінде, мейрамдарда ақша салып тұрдық. 100 жылдықтың алдында Бақытжан оны алдын ала шақыра бастады. «100 жылдыққа келуің керек. Елге апарамын» дегенде ол мүлдем бас тартты. «Мен қалың көпшілікті көтере алмаймын. Өзімді жаман сезінемін. Егер де менің әкемнің туған жерін көрсін десең, бөлек алып бар» деді. Сонымен 100 жылдықтың алдында, жазда шақырттық. Әділ Несіпбаев деген інішекке: «Бұл ресми шақырту емес, сен қонақүй, бәрін ұйымдастыр. Елге апарып, таныстырып келеміз», – дедік. Әділ бәрін дайындап қойған екен. Қазақтың кең пейілін көрсетіп, елге алып бардық. Ол жақта сексенге келіп отырған Рахметқан көкеміздің үйіне бардық. Олар кішігірім той жасап жіберді. Шашу шашып, өлең айтып дегендей… ондайды көрмеген Елена жылап жіберді. «Туысқанның не екенін өмірі білмей өскен адаммын» деп жылап аттанды. Сонда жеңешемнің айтқан сөзі есімнен кетпейді. Ауылда немере, шөбере сүйіп отырған қарапайым кісі ғой. «Текті атаның ұрпағы, сенің келгеніңе қуанып, жүрегімді табаныңның астына төсеуге дайынмын», – деген сөзін Бақытжан орысшаға аударғанда ана қыз еңіреп жылады. Содан ары Жуалыға апардық, атаның өскен жері, жүрген жерін көрсеттік, Момышұлы бұлағына апардық. Алматыға келгеннен кейін жігіттер Шарынды көрсетті. Өзі бес жастағы бала сияқты таза, аңғал екен. Бәрін білгісі келіп тұрады. Біз оның алпыс жылдығына бара алмадық. Бірақ, жақсылап сыйлығын салып жібердік. «Сен жіберген ақшаға бірінші рет жетпіс адамға той жасадым» деді. Бақытжанның жетпіс жылдығына келді. Бұл жолы өзі келді. Француздармен де, ағылшындармен де ғылыми жұмыс істеп, қаражат тапқан болу керек. «Бұдан былай ақша салмаңдар, салсаңдар ренжимін» деді. Бақытжанның жетпіс жылдығына келген кезде туған-туыстардың бәрінің атын жатқа айтып таңдандырды. «Макпалка, красавица» деп құшақтап амандасты. Ол келген кезде Мақпал да шақырып, қонақ жасаған. Сөйтіп, Мәскеуіне кеткен еді. Содан жылға жетпей Бәкең қайтыс болды. Телеграмма салдық. «Аурумын. Жолды көтере алмаймын» деді. Түсіністікпен қарадық. «Егер қазақ болса бауырымдап баяғыда жетер еді» деп пендешілік жасап қоям. Бірақ, өкпе жоқ. Өзге ортада өскен, психологиясы басқа, христиан дініндегі адам. Тек қатты қорқам, иесіз үйде өліп қалса, ана екі ит, бір мысық оны не істейді деп. Бірақ, Ержан электронды пошта арқылы сөйлесіп тұрады.

Ата ұлдан жалғыз болған. Атадан Бақытжан жалғыз. Атаның өміріне серік болған төрт-бес апамыздың жайы басқа. Мен үлкен отбасында өскем. Шешем тоғыз бала тапқан екен. Содан біз, бесеуіміз аман-есен өстік. Мен төрт ұлдың арасында өстім. Құдайдың құдіреті, бір баламен қалдым. Бармаған дәрігерім де, емшім де қалмады. Ташкенде бір көріпкел адам бар деп естіп, оған да бардым. «Қарағым, бұл тұқымымен жалғыз екен. Осы балаңның тілеуін тіле, осы балаңның балалары жалғыз болмайды. Енді ешқайда сабылмай-ақ қой», – деді. Сонымен қазір екі ұл немерем бар. Екеуі де Момышұлы болып жазылады.

Б.Момышұлының күнделігінен:

Бір күні Мәскеудегі Чайковскийдің залына бардым. «Выступает студентка института имени Гнесиных, Клавдия Григорьевна Коркина» деп жариялады жетекші. Тал шыбықтай 18-19-дағы ботагөз, қара шаш, бұрымы тоқпақтай бір сұлу қыз шыға келді. «Карменнен» оңдыртпай соқты. Мен ал-дал болып, есімнен адаса жаздадым. Концерт біткеннен кейін іздеп барып, таптым… Екеуіміздің көңіліміз жарасып қалды…

Московский государственный университеттің алдында келе жатыр едім. Ломоносовтың ескерткішінің алдында тұр екен… Қарсы алдымнан қарны қампиған жас келіншек шыға келді. Шырамытамын, бірақ қайдан көргенім есімде жоқ.

– Неужели, Вы не узнаете меня? Я ведь забеременела от Вас.

Не күлерімді, не жыларымды білместен қатты сасып қалдым.

– Саспаңыз, полковник, әкем әлдеқашан өлген кісі еді. Шешем жақында ғана өлді. Мен жалғызбын әзір. Мен цыганкамын. Жалғыз болғым келмейді. Я блогадарю Вас, полковник. Я от Вас забеременела, значит я не одинока, – деді.

– Я Вас поздравляю, Клавдия Григорьевна, – дедім мен.

– Благодарю Вас, полковник, я не думала, что Вы такой добрый человек.

– Что Вы, Клавдия Григорьевна, будет мальчик или девочка – я отец, а Вы мать, – дедім мен.

– Еще раз благодарю Вас, полковник, – деді ол.

– Пойдемте в кафе, выпьем по чашке черного кофе, – дедім мен.

– С удовольствием, полковник. Я чуствую себя одинокой, благодарю Вас, полковник…

16 сентября 1974 года родилась девочка. Я поехал в родильный дом. Вынес младенца из родильного дома как отец. Привез их домой. До сих пор я их поддерживаю в материальном и моральном отношении. Клавдия Григорьевна окончила институт Гнесина, является главном редактором эстрадных представлении всесоюзного радиокомитета. А Елене Бауыржановне теперь 22 года, учиться в драматическом факультете Московского педагогического института.

МУЗЕЙ АПА ҚАЛАЙ МУЗЕЙ АПА БОЛДЫ?

Бауыржан атамыз үш жасында шешесінен қалған. Содан кейін әжесінің қолында өседі. Үйдің үлкені Музей апаның (Үбиян) да қамқорлығын көп көреді. Үбиян апаның «Музей апай» аталуы да қызық. Елде жоқ есімді Бақытжан қойған екен. Бала Бақытжанды анасы музейге ертіп барыпты. Сонда басына кимешек киген келіншектің суретіне қызығып қарап қалады. Қатты әсер еткен болу керек. Үйге келсе дәл сондай әйел үйде отырады. Мұны көрген Бақытжан: «Бұл музейдегі апа үйге қалай келіп қалды?» – деп таңғалып, содан бері Музей апа аталып кеткен екен.

Б.Момышұлының күнделігінен:

Үйге кіріп барсам, жайылған дастарқан үстінде он шақты адам отыр екен. Төрде Музей апа отыр.

– Айналайын, қарағым, – деп тұрып, мені аймалады… – Сен менің жалғыз бауырымсың. Шешем ерте өліп қалып, сені мен бауырыма басып өсіріп едім. Бәрібір сені көре алмай тұра алмаймын. Мейлі қайда болсақ та, бірге болалық, – деді.

***

«Мен жаман инженер болғам жоқ. Ол кезде қазақи инженер өте сирек болатын. Инженермін деп еш уақытта көрген емеспін. Солдат кезімде (22 жаста едім), мен атақты снайпер болдым. Ел мақтаса да мен оған мақтанған жоқпын. Мен артиллерист болдым, мен шабандоз болдым. Күллі Қиыр Шығыста елді таңғалдырып талай рет бәйге алдым. Көрермендер рахаттанып қалды. Мен мақтанған жоқпын. Себебі, табыстан кемістігім аз болмады. «Еркеліктің де орны бар» деген халқымның сөзі ойыма түседі».

***

Бұл Бауыржан Момышұлының өзіне деген көзқарасы, пікірі. Соғысты былай қойғанда, соғыстан кейінгі мылтықсыз майдандағы өмірінің қалтарыс-бұлтарысынан адам «адасады». 2007 жылы шыққан «Көз алдымда бәріңсің» деген күнделігіне көз жүгіртіп отырып, аяйсың, жаның ашиды, қайран қаласың. Ердің ері ғана көтере алатын тағдырдың тауқыметін мойымай көтергеніне сүйсінесің. Бір қарағанда біз ол туралы бәрін білетін сияқтымыз, алайда біз ол туралы ештеңе де білмейді екенбіз.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 215 пікір

  1. Қанат Ғұмаров айтады:

    Мақала қатты ұнады, өте жақсы жазылған. Кейбір мәліметтерден бүгін хабардар болып отырмын. Бауыржан атамыздың біз білмейтін жақтары әлі де көп қой.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: