Балтабек Нұрғалиев: Жиырма төрт жаста не бітірдік?

Мен өткенде жап-жас режиссердің жаңа қойылымына бардым. Жасы жиырма төртте. Ол қойылымнан өзімді сырттай қызықтағандай әсермен шықтым. Әдетте дәстүрлі театрларға барғанда, актердің қалай өнер көрсететіні, оқиғаның қалай өрбитіні белгілі болып тұратын. Бұл жолы көрермен «режиссер» бола алмады. Бәрі тосын. Бір ғана мысал – басына қорап киген кейіпкерлер, қағазбен қапталған әппақ орындықтар және бұрқырап шашылған ақ қағаздар спектакльді алып шыққан… Өзі – әрі қоюшы-режиссері, әрі қоюшы-суретшісі…

Бұл жас жігіт туралы театрсыншысы Әшірбек Сығай: «Ертеңінен көп үміт күттіретін режиссер», – деп еді. Режиссер дейміз-ау, бұл жігітті біз алғаш рет ақын ретінде танығанбыз. Былтыр ғана осы жігіт «Шабытқа» қатысқанда, Маралтай Райымбекұлы мінез көрсетіп, қазылықтан кетіп қалған. Бәрібір Маралтайдың дегені болып, ол бас жүлдені алды. Кеше ғана редакцияға келген Ерлан Жүніс өзінен кейінгі ақындар туралы айтып отырғанда: «Бүгінгі жастың ішінде «гений» деп біреуді айтар болсам, ол – Балтабек Нұрғалиев. Ол қазақтың Шекспирі болатындай-ақ ақын», – деп қалды. Өткенде редакциямызға Балтабектің өзін шақырғанбыз. Әлгіндей мақтауларды естіген соң, «тамырын басып» көруді жөн көрдік…

– Балтабек, екі-үш жылдан бері әдеби кештерде жас ақындардың сапында өлең оқитын Балтабекті «жоғалтып» алдық. Өткен жылы «Шабыт» арқылы қайтадан Балтабектің бар екеніне көз жеткіздік. Серік Ақсұңқарұлы сені емес, Ботагөз Мұхитденқызы бас жүлдеге лайық көріпті. Шынын айтқанда, сен қатысқан «Шабыт» шулы болды. Жас ақындардың ішінде Балтабек деген ақын бар ма өзі?

Менің артықшылығым, әрі кемшілігім жарнамаға ұрынбаймын. Қазіргі жастар өздерін жарнамалауды басты назарда ұстайды. Бірақ мен ешқандай жарнамасыз-ақ «Шабытқа» қатысқан жүз ақыннан озып шықтым. Мен жазғандарыма ешкімнен пікір күтпеймін. Жазамын. Тастаймын. Менімен бірге «Шабытқа» қатысқандардың көбінің кітабы шықты. Ал менікі әлі шықпады. Тіпті, мен өлеңдерімді әлеуметтік желілерге де салмаймын. Бас жүлде алуымның өзі кездейсоқтық. Шынын айтсам, «Шабытқа» қатысу керектігін де білмеппін. Шығармаларды өткізіп бітуге екі күн қалғанда, «м-агентте» отыратын «мықты ақындар»: «Балтабек, «Шабытқа» қатысасың ба?» – деп өздері айтты. Конгресс холлдағы марапаттау рәсімінде өлеңімді оқығанда жылап жіберіппін. Кешке қатысқан қыздар қауымы сол өлеңді кейіннен жаттап алып, оқып жүріпті.

– Не үшін жыладың? Ақындығыңнан әртістігің басым болып кетпеді ме?

Мен әртіс емеспін, режиссермін. Спектакльде мүлде ойнай алмаймын. «Өмірдің ысқышы ысатын аямай Адамдар – азалы қобыздар!» – деп келетін екі жол үшін берді дейді біреулер. «Осындай жолдарды қайдан табасың?» – дейді енді біреулер. Білмеймін. Өзін «мықты ақынмын» деп санайтындар көп қой. Мен ондай емеспін.

– Маралтай Райымбекұлы жанкүйерің болды ма?

Дұрысы – Маралтай аға мен марқұм Фариза апай екеуі. М.Мақатаев атындағы арнайы диплом да сол жылы маған бұйырды.

– Өзіңді ақын сезінесің бе, әлде режиссер ме?

Фариза Оңғарсынова: «Режиссер болса да, ақын болса да, өзі біледі. Бізді ақын ретінде мойындатты. Ал режиссер екенін теледидардан естіп жүрмін», – деді «Шабытты» алғанымда. Режиссер ретінде ақындарға қалай көмектесу керектігін түсіне аламын. Режиссер – бірінші кезекте ұстаз. Ол адамның эстетикалық талғамын қалыптастыруға ықпал етеді. Ақтөбеде мектеп оқушыларына өнер үйірмесінің жетекшісі болдым. Сол кезде балалар қазіргі жас ақындарды да іздеп оқи бастады. Маралтай аға бастаған «алтынкөпірліктердің» өзі бір дәуірдің үні. Жоғалып, із-түзсіз кеткен Әділ Ботпановты мектептің баласы түгілі, қазіргі әдеби ортаның өзі жақсы біле бермейді. Ерлан Жүніс пен Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы тап бүгінгі әдебиетке қызығушылығы бар жастың іздеп жүріп оқитын ақындарына айналды.

– Сенде «Осы жолды, осы өлеңді неге мен жазбадым?» деген сезім болмай ма?

Ақындардан сәтті жол естіп жатсам, оны мақал ретінде жадымда сақтап қалам. Несіпбек Айтұлы ағамыздың «Атаң өлсе, өзің ата боларсың, Ешқашанда Отан өле көрмесін» деген жолдары, Ерлан Жүністің: «Адамға сенбейді ешкім, қағазға сенеді жасыл», «Бір досым бар еді менің, ал оның жоқ екен досы», – деген жолдары қазіргі заманның мақалдары деп білемін. Мықты поэзия мақал-мәтелге айналады деп есептеймін.

– Өзіңнің жыр жинағың қашан шығады?

«Сегізінші нота» деген кітабымды дайындап қойдым. Бірақ, қашан, қалай шығатыны белгісіз.

– 24 жаста не тындыра алдың?

«Шабыттан» бұрын Ресейдегі МГУ өткізген ақындардың халықаралық конкурсына қатысқанмын. Оған ТМД елдерінен жас ақындар қатысты. Мен ана тілімде өлеңдер оқыдым. Қазылар алқасы ережелерін бұзды. Қазы болып отырған Иосиф Кобзон: «Орысша бес шумақ өлең шығаршы, бірінші орын сенікі. Өлеңіңнің мағынасын түсіндік, қазақша білмесек те, жыладық», – деді. Ол байқау Ұлы Отан соғысына арналған еді. Жарты сағат МГУ-дың сахнасында жыр оқып, залды ұйыттым. Қорыққан да жоқпын. Ыңғайсызданбадым да. Бастапқыда халық бір-біріне қарап, түсінбей қалды. Бірақ, соңына дейін үн-түнсіз тыңдап, қол соқты. Соғысқа қатысқан қарт кісі сахнаға шығып, жанарына жас үйіріп: «Мен сенің тіліңді түсінбеймін, бірақ жүрегіңнің лүпілін естідім. Рахмет саған, балам!» – деп батасын берді. Мен сонда екінші орын алдым. Өлеңдерімнің мазмұнын өзім орысшаға аударып, жазып өткізген едім.

– ГИТИС-те оқыдың ғой?

ГИТИС-те оқыған жоқпын, оқуға түстім. Мәскеуге оқуға түсуім менің жеңісім де, жан жарам да болды. 2013 жылдың шілде айында Өнер академиясын қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Мәскеуге барып, Ресей театр өнері университетіне оқуға тапсырып, бірден түсіп кеттім. Әзірбайжан Мәмбетов те сонда оқыған. Ал қазақ театр тарихында ақысыз негізде магистратураға түскен тұңғыш қазақ режиссері мен болдым. 2011 жылы 3-курста оқып жүргенде Мәскеу қаласында өткен «Сахналық атмосфера» атты халықаралық режиссерлық жұмыстар байқауында бас жүлдені жеңіп алған едім. Менің ГИТИС-қа түсуіме сеп болған да – осы байқауда лауреат атануым.

ГИТИС-тің магистратурасына Ресейдің еңбек сіңірген әртістері түсетінін білмедім. Менімен бірге оқуға түскендердің жасы елуге таяған кісілер екен. Бір топқа алпыс адамнан 6 адам қабылдады. Неге мен ГИТИС-та оқи алмадым? Себебі, ол жақтың шәкіртақысы теңгеге шаққанда 8 500 теңге ғана екен. Еңбек сіңірген әртістерге шәкіртақы керек те емес. Мәскеу – театрлар қаласы, бір көшеде он театр қаз-қатар тізіліп тұрады. Онда 155-тен аса театр жұмыс істейді. ТМД-ға бөлінген жалғыз грантты жеңіп алуым өзімді «шок» қылды. Бүкіл Өнер академиясы шулап, қуанды. Шетелде оқуыма жәрдемі тиер деген үмітпен «Болашақ» бағдарламасына емтихандар тапсырдым. Психотесттен де, IQ-ден де жоғары балмен өттім. Алайда, жылжымайтын мүлік кепілдігімнің жоқтығынан «Болашақ» стипендиясын ала алмай қалдым… Тап сол кезде анам ауырып, ауруханаға түсті. ГИТИС мені 3 ай күтті.

ГИТИС-ке түсерде алдын ала ғылыми диссертациялық тақырыбың бекітіліп, 10 пайызын қорғауың керек. Менің тақырыбым «Қазақ актерінің ойын әдісі мен заманауи театр формаларының үндестігі» болды. Қазақ актері фольклорымыздан, сонау Қорқыттан басталатынын айтқанымда, мәскеуліктер ойланып қалды. Қазақтың тарихы бар екенін басқаларға неге паш етпеуіміз керек? Принципті түрде бұл тақырыпты таңдадым. Қазақты танытпасақ, мойындатпасақ, не үшін жүрміз?

Осы жылдың сәуір айында болашақ экономистермен бір спектакль дайындағанмын. Олардың әдебиетке, өнерге түк қатысы жоқ. Бірақ, олар «қазақтың кім екенін көрсетпесек, не үшін өмір сүріп жүрміз?» деген сауал қойылғанда, орындарынан тік тұрды. Экономистерді экономист-актерлер театрға шақырды. Бұл бір жоғары оқу орнындағы жәй ғана дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ертең биліктің басына барып, еліміздің экономикасының мәселесімен айналысатындар – сол бүгінгі экономист-студенттер емес пе? Олардың бетін руханиятқа, қазаққа бұру – міндетіміз.

– Жас режиссер ретінде басты театрларымызға жұмысқа тұрғың келмей ме?

Мен 4-курс оқып жүргенде Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театрында дипломалды спектаклімді қойғанмын. Ол кезде де бәрі шулады. Сол уақыттағы театр директоры Еркін Жуасбек ағамыз театр сыншысы ретінде бұл жұмысыма оң бағасын берді.

Бізде театрды басқарып отырғандардың көбі өнер үшін жаратылмағандар. Қазір драматургтерге де обал. Мысалы, Роза Мұқанованың 2005, 2008 жылдары жазылған, әрі жүлде алған қос бірдей пьесасы «шаң басып» жатыр. Әттең, кәсіби үлкен театрда қойылса, аншлаг болар еді…

– Осы уақытқа дейін қанша пьеса қойдың?

Үш жылдың ішінде 10 спектакль қойдым.

– «Қазақ театрына абсурдты алып келді» деп жазды сен туралы басылымдар. Сынға да ұшырадың. Абсурд дегеніміз не өзі?

Абсурд – менің және сіздің өміріңіз. Бес жыл бойы оқу орнында үміт артып оқисың. Бірақ, оқу бітірген соң қайда барарыңды білмей, далақтап қаласың. Міне, сізге абсурд. Абсурд деп қабылдаған пьесам – «Әзәзіл». Жапон жазушысы Минору Бэцуякудің шығармасы. Бэцуяку 300 пьеса жазған. Жапонияның театр ассоциациясының президенті. Бір жазушының 300 пьеса жазуы деген – ол елдің театр өнерінің дамығанын, руханиятының ояу екенін көрсетеді. Шерхан Мұртаза: «Театр көбейсе, түрме азаяды» дейді. Ал, Мопассан: «Театр – тобырды адамға айналдырады», – депті. Бізге де соны түсіну керек. Мешіттен кейінгі рухани тазару орны – театр. Театрына, театрға келетін халқына қарап, бір елдің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін бағалауға болады.

Өнер академиясынан жыл сайын құрығанда 10 режиссер, 100 актер бітіріп шығады. Оның бәрі қайда барады? Осыдан үш жылдықта бітірген курстарды журнал бойынша тексеріп көрсеңіз, өз саласы бойынша өнерге қызмет етіп жүрген ешкімді таппай қиналасыз. Бұл – ойлантатын мәселе. Мәселен, Ресейде студент бітірген соң, студияларда жұмыс істейді, яғни студия – университет пен театрдың арасындағы көпір. Сөйтіп, сатылап өсу арқылы тәжірибе жинайды жас маман. Бізде ондай жоқ. Жас мамандар мәселесіне келгенде, баланы туғызып, оны бақпайтын әке сияқтымыз.

– Қай театрдың көрерменісің?

Театрға бару, тәжірибе жинау – менің жұмысым. Режиссердің таңдаған тақырыбына қарап-ақ, оның қай деңгейдегі режиссер екенін білуге болады. Мысалы, Әзірбайжан Мәмбетов ағамызды алайық. Кең масштабтағы режиссер. Мен ол кісінің екі спектаклін ғана көрдім. Оқып, естігенім бойынша, әр спектаклі жаңалық, оқиға болыпты. Ресейдің бас театрларының бірі Е.Вахтангов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі литвалық Римас Туминас деген режиссер бар. «Дядя Ваняны» қою үшін бір жыл үздіксіз репетиция жасаған. Басты рөлде 90 жастағы актрисаны ойнатқан. 90 жасына дейін массовкада жүрген адамның бағы бір спектакльмен жанды. Бұл соңғы кезде Ресей театрындағы айтулы қойылым болды. Маған негізі неміс театрының эстетикасы жақын.

Өткенде аты дардай театрдан атағы бар режиссер ағамыздың қойылымын көрдім. Соның ішінде кейіпкердің аузында: «Тәуелсіздігімізге күмәнмен қараймыз», – деген сөз жүр. Бұл не масқара? Режиссер бұлай патриот болмай-ақ қойсын. Енді ел болып, етек-жеңімізді жинай алмай жатқанда, лағып, теріс қарай жүреміз. Ол спектакльді мектеп оқушылары көріп отыр еді. Олар не ойлады? Сол сөзден кейін отыра алмай, спектакльдің ортасынан шығып кеттім…

– Нені ұнатасың?

Кітап оқығанды және де домбырада күй шерткенді жаным сүйеді. Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Сүгірдің «Шалқыма», Қазанғаптың «Торы жорға аттың бөгелек қағуы» сияқты рухты күйлерін тартып, айналама қуаныш сыйлап жүргенді ұнатамын.

– Мектепте оқып жүргенде кім боламын деп ойладың?

8-сыныпқа дейін гимназияда оқыдым. 9-сыныптан бастап Мақсұт Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына ауыстым. Ақын боламын деп ойладым. 9-сыныпта А.С.Пушкиннің шығармаларын аудардым. Оны Мұрат Әуезов ағамыз мен С.Бегалин атындағы кітапхананың директоры София Құмарқызы оқып, Алматыға «Сөйлейді Пушкин қазақша» атты республикалық форумға шақырды.

– Қандай ортада өстің?

Анам мен інім ғана бар. Анам – тігінші-дизайнер. Інім – қобызшы. Менің бойымда қандай да бір жақсы қасиет, өнерге құштарлық бар болатын болса, ол анамның арқасы.

– Рақмет.

Жадыра НАРМАХАНОВА

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: