Тас тұғырдағы тағамдар

Балалар, маған бір ой келіп отыр. Осы бауырсаққа бір әйбат ескерткіш орнатсақ қалай? Астанада немесе Алматыда. Болмаса, Шымкент пен Таразда… Күлесіңдер ме? Бекер күлесіңдер. Өйткені, өзге жұрт өздерінің ұлттық тағамдарына әлдеқашан ескерткіш орнатып алыпты. Мәселен…

  • Жаңа Зеландияның Спринг-филд қаласында пончиктің ескерткіші бар. Пончик деген – майға қуырылған, ортасы тесік тәтті бәліш. Оны еуропалықтар, әсіресе, ағылшындар сүйіп жейді. 2007 жылы бой көтерген бұл ескерткіш пенопласт пен шыны талшықтарынан жасалған екен.
  • Канаданың Глендон қаласына бара қалсаңдар, шанышқы (вилка) шаншылған алып варениктің ескерткішін көресіңдер. Бұл ескерткішті 1991 жылы Украинадан көшіп келген эмигранттар орнатыпты. Биіктігі 9 метрлік, салмағы  3 тонна тартатын ескерткіш Глендон тұрғындарына қатты ұнаса керек. Бүгінде қаланың басты символдарының бірі саналады екен.
  • Ұлттық тағамға қойылған ескерткіш Украинаның өзінде бар. Ол – Полтава қаласындағы галушканың ескерткіші. Галушка жайлы Гоголь шығармаларында көп айтылатыны тегін емес. Қамырды сүтке я суға үзіп салып пісіретін бұл тағамды украиндар ерекше ұнатады екен.
  • Тас тұғырдағы тағамдар Ресейде де жетерлік. Новосібір қаласында шұжықтың, Калининград облысында консервідегі майшабақтың (шпрот) ескерткіштері бар. Ал Мариинск деген қалада картопқа ескерткіш қойылған. Бұл қаланың тұрғындары сонау 1942 жылы картоп жинаудан әлемдік рекорд орнатқан екен. Және де ескерткіш 2008 жылы – Халықаралық картоп жылында бой көтеріпті.
  • Тағамға қойылған тағы бір тамаша ескерткішті Мәскеудегі ірімшік шығаратын «Карат» зауытының алдынан көруге болады. 2005 жылы ашылған бұл ескерткіште Крыловтың атақты мысалындағы қарға мен түлкінің ірімшікті екі жағынан тістеп, өзара мәмілеге келіп тұрғандары бейнеленген.

Сонымен, бауырсаққа ескерткіш орнатуға бола ма екен? Болады ғой, ә? Қалаға сән беріп әрі тәбетімізді ашып тұратын еді… Қалай ойлайсыңдар, балалар?

Әзірлеген Бекен ДАТҰЛЫ

(«Ұлан», №20. 20.05.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

1 пікір

  1. Гакку айтады:

    Иә мен келісемін! Бауырсақтың қасына айран, шұбат. қымыз қойса. Қазы, қарта мен жал жаясын тағы қойса тіптен қатып кетер еді!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: