Қанат ӘБІЛҚАЙЫР: Мені «Көршінің қызы» балалар жазушысы деп таныстырып тастады

Сәрсенбі күні Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің қорытындысы жарияланды. Осымен тоғызыншы рет өткізілген байқаудың жүлделі 1-орнын иемденген жас жазушы Қанат ӘБІЛҚАЙЫРДЫ аз-кем әңгімеге тартқан болатынбыз.

Ұлан: Өткен аптада ғана біздің газетке «Атасының баласы» деген әңгімеңіз жарияланып еді. Енді, міне, «Көршінің қызымен» жеңімпаз болып жатырсыз. Жүлдеңіз құтты болсын, Қанат!

Қанат Әбілқайыр: Иә, «Ұланда» жарияланған сол әңгімені жұрт жылы қабылдаған соң, осы хикаятты жазуды қолға алдым. Хикаяттағы барлық кейіпкер өмірде болған. Біздің балалық шағымыз тоқырау жылдарына дөп келді ғой. Сол кезде Еркін деген досымыз токқа түсіп, көз жұмған еді. Мен ол баланың атын да, шынайы болмысын да өзгертпей бердім. Тек Еркін ғана емес, шығармамдағы барлық кейіпкер өз аттарымен жүр.

Ұлан: Шығарманың негізгі өзегі алғашқы махаббат екен. Бастан өткен оқиға ма?

Қанат Әбілқайыр: Бәріміз де бала болдық. Ең алғаш 14-15 жасымызда қызға ғашық болдық. Кеңестік кезеңде мұндай нәркез, шынайы махаббаттың өзін «ұятсыздық» ретінде бағалап келді. Ал мен үшін балалық шақтағы сезім – сезімдердің ең ұлысы. Мұны көршінің қызына ғашық болған 14 жасар Талап арқылы жеткізгім келді.

Ұлан: Балаларға жазу қиын деп жатады. Өзіңіз баланың психологиясын қаншалықты меңгере алдым деп ойлайсыз?

Қанат Әбілқайыр: Бір ұл, екі қызым бар. Балалар әдебиетіне қалам тербеуіме себепкер – сол құлыншақтарым. Әке атанғалы бері балалардың психологиясын түсіне, түйсіне бастаған секілдімін. Қолым қалт еткенде, бүлдіршіндеріммен ойнаймын. Кәдуілгідей сырласамын. Оларға жақсы әке болғым келеді. Ертең ботақандарым мектепке барады делік. Сол кезде барлық бала өз әкелерінің қызметін, лауазымын айтып, мақтанары сөзсіз. Мысалы, қызым Асылдың «менің әкем – жазушы» деуі әбден мүмкін ғой. Демек, мен ең алдымен балаларым достарына ұялмай көрсететіндей туынды жазуға тиіспін. Қолыма қалам алған соң, бар қазақтың бүлдіршінінің алдындағы жауапкершілігімді сезіне бастадым.

Ұлан: Бұдан былай үзбей балалар әдебиетіне жазып тұратын шығарсыз?

Қанат Әбілқайыр: «Дарабоз» бәйгесі біріншіден маған жауапкершілік жүктеді. Екіншіден, оқырмандарға «балалар жазушысы» ретінде таныстырып тастады. Енді менде таңдау қалмаған секілді. Алла аузыма сөз, санама идея салса, жаза бермекпін. Ойымда бір-екі әңгіменің идеясы дөңбекшіп жүр. Пісіп-жетілген соң, қағазға түсірмек ойым бар.

Ұлан: Сіздің бала кезде сүйіп оқыған шығармаңыз қандай?

Қанат Әбілқайыр: Бала кезімде Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын көп оқыдым. Сүйікті шығармам – «Өлгендер қайтып келмейді». Бұл хикаятты әжеме оқып беріп жүріп, жаттап алғанмын. Сосын, ол кезде менде «мынаны оқи қояйыншы» деген таңдау болған жоқ. «Бәленді оқы» деп ешкім бағыт та бермеді. Қолыма ілінген кітапты тауысуға асығатынмын.

Ұлан: Сізді балалар әдебиетінің классигі Бердібек атамыздың ауылдасы екен деп естіп жүрміз. Бізге Бердібек атаның ауылы, жерлестері жайлы айтып беріңізші?

Қанат Әбілқайыр: Бердібек атамыз Райымбек ауданына қарасты Қостөбе ауылында туған. Бұл ауылда бар болғаны жиырма шақты отбасы күнелтеді. Қостөбеде мектеп болмағандықтан, жазушы атамыз Нарынқол, Сарыбастау, сосын біздің Сүмбедегі мектептерде оқыпты. Бердібек атаның ауылы, жерлестері жайлы көп айтуға болады. Бірақ, оны тізбелесем, қазақтың классигін жеке иеленгендей болып қаламын. Меніңше, қазақтың бар ауылы – Бердібектің ауылы.

Ұлан: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

(«Ұлан», №20. 20.05.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: