Әбілхаят – қасиетті су

Мұндағы «әб» – су, «хаят» – өмір деген мағына береді. Яғни, әбілхаят – мәңгі өмір дарытатын қасиетті су деген сөз. Оны Қызыр пайғамбар тапқан деседі. Осы суды ішкендіктен, Қызыр баба мәңгі өмір сүруде деген әпсана, аңыз бар. Кие дарыған Қызыр пайғамбар жазды күні елсіз шөл далада қаталап, қиындыққа душар болған жолаушыларды желеп-жебейді. Әсіресе, ежелгі өлең жырларда Қызыр мен Ілияс аталардың есімдері қатар аталған. Әдетте Қызыр-Ілияс деп бірге айтқаны-мен, Қызыр – құрлықта, Ілияс теңіз сапарында жүрген жолаушыларды қолдап, жебеп жүреді деген наным бар. Сондай-ақ, ел ішінде бар бір әпсанада Ескендір Зұлқарнайын тірі су іздеп шығады. Патшаға перілер көмектеседі. Сөйтіп аңсаған арманы орындалады. Ескендір Зұлқарнайын өмір суын ішпестен бұрын ойға шомады.

– Егер әбілхаятты ішсем, мың жасайды екенмін. Бірақ алдым бұлыңғыр. Не қиындық күтіп тұрғаны беймәлім. Азапты өмір болса ше? Одан да Құдайдың берген жасын-ақ жасайын, – деп, қасиетті су толтырылған торсықты балқарағайдың бұтағына іле салыпты дейді.

Күндердің күнінде әлгі торсықты қарға тұмсығымен шұқып тесіпті. Су балқарағайдың түбіне төгіліпті. Содан бері қарға мен балқарағай мың жасайтын болған екен деседі. Келесі аңыз желісінде Ескендір патша қасиетті суды әкеле жатып, арша түбінде дамылдап, сәл-пәл көз шырымын алса керек. Торсықты құзғын тесіп, су арша мен қасында өскен қарағайға да төгіледі. Содан бері олар жап-жасыл түсін сақтап, сан мың жыл жайқалып өсіп тұр дейді. Қасиетті судың қалдығын түлкі жалап, ол жүні ағарғанша жасайды деседі. Тұмсығы тиген құзғын да ұзақ ғұмыр жасайтын болғаны айтылады. Жалпы түркі халықтары, соның ішінде қазақтар, мәңгі өмір суы – әбілхаятты Тәңірдің сыйы дейді. Жаратқан Ие жіберген шипалы су деп біледі. Мәңгі өмір сусыны ұғымымен мәндес Меккеде – зәмзәм, Жұмақта – кәусар деп аталатын қасиетті сулар бар.

Алма ҮМБЕТТЕГІ

(«Ұлан», №14. 08.04.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: