Ақындардың шабыты көктемде ояна ма?

Құрметті «Ұлан» газеті! Менің өлең жазғым келеді. Бірақ, құрбыларым «сенен ақын шықпайды» дейді. Достарымнан «Әр ақынның өзінің Музасы болмаса, өлең жаза алмайды» деген пікірлер естідім. Өткенде Мұқағали ақынды оқып отырып: «О, Муза, маған алыс сөреңді бер, Ғайыптан кел де, мені демеп жібер», – деген өлең жолдарын көзім шалды. «Расымен ақынға демеу беретін Музасы болады екен-ау?!» деген ойға қалдым. Сонда Муза деген не нәрсе айтыңыздаршы? Сосын «Ақындардың шабыты көбіне көктемде оянады» деген пікірге де кез болдым. Қазір көктем уақыты ғой, ақындардың Музасы осы мезгілде ғана келе ме екен?..

Сыр ашқан Әйгерім ЖАНТЕНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы №19 мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.

Ескелді ауданы, Алматы облысы

Сырласқан Мақпал ЖҰМАБАЙ, ақын:

Шабыт өзіне ынтызар жанды ғана іздейді

Әйгерім, өлең жазуға итермелейтін құдіретті күш – сол Муза болар деп ойлаймын. Менің ұғымымда Музаның бірнеше сипаты бар. Біріншіден, ол – «тірі». Онымен Мұқағали атамыз сияқты сырласуға, мұңдасуға болады. Екіншіден, ол ешбір тәртіпке бағынбастай, ешбір ережеге сыймастай «еркін». Осы екі себептен де, мен оған «не» деп емес, «кім» деп қараймын. Мен «көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын» сол жұмбақ Музаны тауып алдым деп есептеймін. Өз өлеңдерімді өзіндік мақамымен жеткіземін. Жырла-рымды жазып отыр-ғанда, құлағыма оның «әуені», яғни дауысы келеді. Жазып болған соң, оны гитарамен айта жөнелем. Мен бұл өнеріме «мақамды жыр» деген атау бердім. Дәл осы мақамды жырларым – менің Музам. Мен оған сенем, ал ол маған сенеді. Оның қалауын орындауды, күйін табуды өзімнің парызым деп білемін. Әйгерім, егер сен де жан-дүниеңдегі ерекше күйді сезіне алсаң, өз Музаңды міндетті түрде таба аласың. Сенің Музаң – cаған ғана тиесілі. Сондықтан, оның жауабын өлеңмен бетпе-бет отырғанда өзің-ақ тауып, танып аласың.

Көктемді адам атаулының бәрі сүйеді. Ол – үміт пен тіршіліктің символы. Ақындардың бір ерекшелігі – көктемге деген махаббатын қуанышпен ғана емес, жылап та жеткізе алады. Оны жырға қосады. Осыған қарап, олардың шабыты тек көктемде келеді екен деп ойлау – қате. Шабыт кез келген бұрыштан жарқ етіп шыға келуі немесе жаныңнан мұңайып өтіп бара жатуы мүмкін. Сол шақта сен де оны қарсы алмай я жұбатпай өте шықсаң, шабыт саған көрінуін сиретеді. Маған «шабытым келмей жүр» деген сөз ұнамайды. Оған әр адам өзі ғана айыпты. Бәлкім, сен шабытыңды байқауға да тырыспаған боларсың?! Ойланып көр. Ал, шабыт болса, өзіне ынтызар жанды ғана іздейді. Соның жүрегіне ғана аялдайды. Талабыңа сәттілік тілеймін, сіңлім!

Жазып алған Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №14. 08.04.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Жетккерген Айсұлу айтады:

    ия,ақын апкеміз өте керемет ой қалдырған!Өлең жазғысы келетін адам бастысы оны жүрегімен сезініп,жүрекпен жеткізу керек.Қазіргі таңда бәрі өлең шығаруға өте бейім!Бірақ олардың ішінде де кейбір ақындардың өлең сөздерін қосып алатыны да бар.Әрине,мен нағыз ақын емеспін,Бірақ ақын болу бала кезден бергі арманым!Қазір 8-сынып оқып жатырмын.Алла бұйыртса мен де осы арманыма жетермін деген ойдамын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: