Қаракөз бе, Қарагөз бе?

«Ұланға» оқушылардан хат көп келеді. Байқайтынымыз, оқырмандарымыздың көпшілігі өздерінің таңданысын жазса, таңғалдық деп жазбайды, таң қалдық деп жазады. Келген хаттарды оқығанда, ылғи осы жағдаймен кезігеміз. Балаларды былай қойып, еліміздегі үлкен басылымдардың журналистерінің өзі аталған сөздерді дұрыс жазбай жатады.  Бұл жолы «Тұнық тіл» айдарында осы сөздердің дұрыс жазылуы туралы айтпақпыз. Сондай-ақ, Қарагөз, Ботагөз, Амангелді сынды есімдердің де дұрыс жазылуын біле жүргеннің артықтығы жоқ.

Мұны сендерге Сүлейман Демирел университетінің доценті, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің (2001, 2005, 2007, 2013 ж) жауапты шығарушысы және авторларының бірі Құралай Бимолдақызы түсіндіріп береді.

Бота-көз, Қара-көз, Аман-келді деген екі сыңардан тұратын кісі аттары бар. 1983 жылы қазақ тілінің негізгі емле, ережесіне бірнеше түзетулер енгізілген болатын. Соның бірі осы кісі есімдеріне байланысты. 1983 жылы кісі есімдеріндегі, біріккен сөз жігіндегі қ, к дыбыстары  ұяңданады деген ереже қабылданды. Осы ережеге сәйкес, Аманкелді – Амангелді, Ботакөз – Ботагөз, Қаракөз – Қарагөз болып жазылады.  1988 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» аталған сөздер фонетикалық жағынан сындырылып, Амангелді, Ботагөз, Қарагөз деп жазылды. Содан бері әлі күнге осылай жазылып келеді. Сол себепті аталған сөздерді жазғанда сөздікке сүйенген жөн. Кісі есімдерін Қаракөз, Ботакөз, Аманкелді деп жазу қате. Бұл енді жалқы есімдерге байланысты ереже.

Ал жалпы есімдерде көбіне сөздің түбірін сақтап жазу керек. Қара көз қарындастар, қазақтың қара көздері дегенде қара көзді ешқашан сындырып, қарагөз деп жазуға болмайды. Бірге жазу да дұрыс емес.

Дұрысы таң қалдық па, таңғалдық па?

Қазақ жазуы түбірді сақтап жазатын морфологиялық принципке сүйенеді. Бірақ осы принциптен ауытқитын тұстар бар. XX ғасырдың басында қазақ жазуы тұрақтылығын енді жөндеп келе жатқан кезде кейбір сөздер мысалы, қолғап, жарғанат, қолғанат т.б айтылуы бойынша жазылып кетті. Бұл сөздер әлі күнге дейін айтылуы бойынша жазылады. Себебі, бұл – жазудың дәстүрлі принципіне саяды.

Қазақ тілінде таң қалды, таң болды, таңданды деген тұрақты тіркестер бар. Бұлардың түбірі таң. Бұл сөз жалғыз өзі жұмсала алмайды. Қасына міндетті түрде қалып етістік не көмекші етістік тіркеп жұмсалуы керек. Яғни қ – ғ-ға айналып, тұрақты тіркестің екі сыңары қосылып жазылады.   Таң қалу, таң қалмау дегендегі қалу 2001 жылдан бері сындырылып, кіріктіріліп таңғалу деп жазылатын болды. Бұған дейін таң қалу, таң қалмау болып жазылып жүрген. Бұл сөзді кіріктірген профессор Рәбиға Сыздықова. Өйткені, ғалым эфирдегі журналистер сөз қалай жазылса, солай оқып жүргендіктен, таңғалу, шегара, көгөніс деген сияқты сөздерді кіріктіріп, ғ-г-мен жазайық деп ұсыныс айтты. Кейін аталған сөздерді бұлай өзгертуге болмайды деген көпшілік тарапынан қарсылықтар болды. Сөйтіп, арада бұл сөздер қайта қалпына келтіріліп, таң қалу, шекара, көкөніс болып жазылып жүрді. Ал 2013 жылғы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» Рәбиға Сыздықованың негіздеуімен бұл сөздер сындырылып, таңғалу, шегара, көгөніс болып жазылатын болды. Сондықтан балалардың таңғалу деп жазғаны дұрыс.

Жазып алған Қарлыға Айсанқызы

(«Ұлан», №14. 08.04.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: