6 жасар Ералы Британияда наурыз өткізді

Иә, ағылшындар елінде де төл мерекеміз аталып өтті. Журналист Қанат Әуесбай ағаларың жұбайы Баян Тұрсынбаева  екеуі «Болашақ» бағдарламасымен Шығыс Англия университетінде оқып жүр ғой. Ал олардың алты жасар ұлдары Ералы Норвич қаласындағы «Recreation road school» мектебінде білім алады. Ералы өзі оқитын мектепте әкесімен бірге Ұлыстың Ұлы күнін атап өтуді жөн көріпті. «Былтыр ақпаннан басталған оқуымыз осы наурызда аяқталмақ. Біз осы бір жыл ішінде Қазақстанды айналамыздағы адамдарға жақсы қырынан таныстыруға тырыстық. Кетер алдында ағылшын балаларына Қазақ елінің салт-дәстүрі, мерекелері туралы көбірек мәлімет бергіміз келді. Содан Ералының мектебіне барып, Наурыз мейрамын өткіздік. Отбасымызбен ұлттық киім кидік. Ұлымыз екеуміз домбырамен «Елім менің» әнін шырқадық. Балдырғандардың еліміз туралы барлық сұрағына жауап бердік. Ағылшын балаларына қазақтың дастарханынан дәм татқыздық. Құрт, тары-талқан, бауырсақ әзірлеп апардық. Балаларға Наурыз торттан ауыз тигіздік. Шетелдегі балалар жақсы әсер алып, халқымыз туралы жақсы пікірде қалды деген ойдамыз», – дейді Қанат ағаларың.

Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №14. 08.04.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: