«Қой терісін жамылған қасқырлар» қаптамаса игі еді…

Ресейде балалардың сұлулық байқауларына тыйым салынбақшы. Тиісті заң жобасын елдің Мемлекеттік Думасы талқылап жатыр. Егер заң қабылданса, баласын сұлулық байқауына қатыстырған ата-анаға 4-5 мың рубль көлемінде, байқауды ұйымдастырушы жеке тұлғаларға 40-50 мың рубль көлемінде, ұйымдар мен мекемелерге 800 мыңнан 1 миллион рубльге дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ, халық қалаулылары болашақта заңның барынша қатая түсетінін айтуда.

Ресейліктер балалардың сұлулық байқауларына неліктен шүйлігіп отыр? Өйткені, бұл «мәдени шараның» айналасында дау-дамай көбейіп барады. Сұлулық байқауларын өткізетіндердің ата-ананың қалтасын қағатыны, кімнің ақшасы көп болса, соның баласы «мисс» пен «мистер» атанатыны, балалардың беттеріне бес батпан бояу жағып, жасанды кірпік пен тырнақ жалғап, жартылай жалаңаштанып сахнаға шығатыны… өз алдына бөлек әңгіме. Ең сорақысы – мұндай байқауларды бала аңдыған педофилдер төңіректей бастады.

Өткен жылы Оралда бір келеңсіз оқиға орын алған болатын. Ресей түрмесінде бірнеше жыл отырған Дмитрий Петраковский деген азғынның шоумен болып, емін-еркін балалардың сұлулық байқауын өткізіп жүргені анықталды. Егер сол жолы Петраковскийді біреулер танып қойып, журналистер шу көтермегенде, не боларын бір Құдайдың өзі білер? Әйтеуір, Оралмен қоса, Қостанайда, Өскеменде байқау өткізіп, тайраңдаған Петраковский тартынып, аяғын аңдап басуға мәжбүр болғаны айдан анық.

Бізді алаңдататын жайт – Ресейде балалардың сұлулық байқауларына тыйым салынар болса, ондағы қаптаған агенттіктердің біздің елге үдере көшпесіне кім кепіл? Солармен ілесіп Петраковский секілді «қой терісін жамылған қасқырлар» келсе ше? Біздің депутаттар осы мәселе төңірегінде мықтап ойланса дейсің. Тікелей тыйым салмасақ та, балалардың сұлулық байқауларының, сән агенттіктерінің жұмысын ретке келтіретін, бақылай-тын заң керек-ау, осы.

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, сәннің отаны – Францияда 16 жасқа толмаған жеткіншектер сұлулық байқауына қатыса алмайды. Заң солай!

Бағдат Мәжитов

(«Ұлан», №14. 08.04.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: