МҰХТАР ШАХАНОВ ОҚУШЫЛАРДЫҢ АЛДЫНДА ОЙЛАНЫП СӨЙЛЕСЕ ЕКЕН…

Үш қыздың әңгімесі

КӘРІСТІҢ ӘНШІЛЕРІ КЕЛІП, ОҚУШЫ ҚЫЗДАР ҚЫРЫЛЫП ҚАЛА ЖАЗДАДЫ

Ақпанның алғашқы күні Республика сарайында болған концертке кездейсоқ бара қалыппыз. Концертке бару ойымызда жоқ еді, аяқасты билет табыла қалып, Алматының жастарымен бірге біз де ағылдық. Жарнамасынан ұққанымыз – бұл кеште «RINGO», «JUNIORS» топтарымен бірге Кореядан келген «MYNAME» атты топ өнер көрсетеді екен. Концерт Қазақстан мен Корей елінің мәдени байланысы негізінде ұйымдастырылыпты. Оңтүстіккореялық топты өз басым танымайды екенмін. Бір әнін тыңдамаппын да. Есесіне, мектеп оқушылары олардың әндерін қосылып айтып тұр. Корейлік топ сахнаға шыққаннан бастап қыздар шыңғырды-ай келіп. Сарайдың іші толы қыз. Ер азаматтарды санасаң, жүзге де жетпейтін шығар. Алматыдағы оқушылар мен студент қыздар қалмай барыпты. Концерт аяқталғанша кәрістің жігіттеріне тік тұрып, қошемет көрсетті. Соққан шапалақтарынан құлақ тұнады. Жан-жағымызда отырғандардан: «Бұл қандай топ? Әндерін сүйіп тыңдаушы ма едіңдер?» – деп сұрап жатырмыз. «Бұл бес жігіттің аты – Гон У, Ин Су, Се Енг, Чжун Кью, Чхэ Чжин», – деп бір оқушы қыз сахнадағы бесеудің атын атап берді. Топтың қай жылы құрылып, қанша альбомы шыққанынан да хабардар екен. Айтуынша, «MYNAME»-нің бұл біздің елдің үлкен сарайындағы алғашқы концерті екен. Не керек, екі сағаттан артық концертте корейлік әншілерге деген құрмет отандық әншілерге көрсетілген қошеметтен асып түсті. Қыздар қолдарымен жүректерін көрсетіп, топқа деген махаббаттарын түрлі тәсілдермен жеткізіп жатыр. Кәрістің жігіттері «Кореяға жүріңдер» десе, еріп кетуге бар, тіпті. Сөйтсек, оқушы қыздардың «MYNAME» деп өліп-талып отырғандары кәрістің 18 бен 25 жастағы бес жігіті. Жігіттер поп стилінде ән айтумен қатар, керемет билейді екен. Бірақ клиптерінде, белгісіз топтармен төбелесіп, қан-жоса болып жатқаны. Түрлері жігіт дегеннен гөрі, қыздарға көбірек келеді. Бәрі де қыз құсап ілмиіп тұр. Бет-ауыздарын бояп алған. «MYNAME»-нің сахнадағы әрбір әні, әрбір қимылы оқушы қыздарға майдай жағып барады. Шүнтиген кәрістің жігіттеріне табынып, шулағандарын түсінбей біз отырдық. Бізде де өнеріне ғашық боларлық әнші жігіттерден құралған топтар толып жатыр еді ғой…

МҰСАБАЕВ ПАТРИОТ ЕКЕНІН НЕГЕ КӨРСЕТПЕЙДІ?

Жасөскін Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевқа еліктемегенде кімге еліктейді дейсің. Сөйткен Талғат Мұсабаев бізге өкпелеп, біз Талғат Мұсабаевқа өкпелеп жүрген жайымыз бар. Жасөспірімдер оны білмейді емес, бәрін біледі, интернеттен оқыған. Соңғы кезде түрлі мінез көрсете бастағанына қарағанда, әлденеге қыстығып жүргендей ағамыз. Өзі де «жабық қаладағы» қатайған, сұр, «жабық» шенеуніктердің біреуіне айналғандай. Сан-сапалақ саясаттың құрбаны болған, қайран ағалар-ай дейсің осындайда. Әйтпесе, Талғат Мұсабаев қазақтың мақтанышы, біртуар азаматы ғой. Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы, ҚР авиация генерал-лейтенанты, Халық қаһарманы, керек десеңіз.

Біз Талғат Мұсабаевты мүлдем басқа қырынан көргіміз келеді. Арзан сенсациялардың «құрбаны» бола бермей, батыл, шыншыл пікірлерін естісек дейміз. Осыдан екі жыл бұрын «Ақ желкенде» «Ізінен аңыз ерген» айдарында Талғат Мұсабаев туралы «Талғат Мұсабаев – ол қандай адам?» деген мақала жарық көрген болатын. Ол мақалада Талғаттың аңызға бергісіз өмірі жайлы айтыла келіп: «…Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігінің басшысы Анатолий Перминов Байқоңырды меншіктене сөйлегенде, біздің Тәкең: «Ресейдің ондай құқы жоқ. Өйткені, Байқоңыр – Тәуелсіз Қазақстанның жері. Ол тек жалға берілген!» – деп кесіп сөйледі. Осыдан соң Мұсабаев ресейліктерге жақпай қалды. Ғарыш мәселесіне келгенде ешқандай да ымыраға келмеу керектігін білдіргендей сыңай таныта келе: «Бұрын қай жағынан болса да, шегініспен келсек, енді шегінетін жер жоқ. Бәрін де айқаспен ғана жеңіп алуға тура келеді», – деп өз ұстанымын айтқан. Неге Мұсабаевтың осындай сөздерін естімейміз?» – деп жазылған болатын соңында. Ғарышта Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқанын байқап: «Менің Қазақстаным» деп бар дауысымен айғай салғанын да сол мақаладан оқып едік.

«Осындай патриоттығын Талғат Мұсабаев халықтың алдында неге көрсетпейді?» деген сұрақ ойымызға жиі оралып жүр. «Қадірін кетірсе ерге сын, қадірін білмесе елге сын» деп көсемсімей-ақ қоялық. Бірақ, осы біздің үлкен ағаларымыз Талғатқа: «Сен екінің бірі емессің. Өзіңді қай кезде де ұлттың мақтанышы сияқты ұста», – деп неге айтпайды, соған таңбыз.

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ НЕ СЕБЕПТЕН ҒАРЫШКЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

2009 жылдан бері «Әне-міне ғарышқа үшінші қазақ ұшады» деп келеміз. Сөйтіп жүргенде үміткер екі қазақтың бірі – Мұхтар Аймаханов Ресей азаматтығына өтіп тынды. Алғаш естігенде біртүрлі қоңылтақсып қалғанымызды несіне жасырайық. Ал екінші қазақ Айдын Айымбетов «Қайтсем де қазақтың көк туымен ғарышқа барам» деп табандап отыр. «Бәрекелді!» дестік. Бірақ, Мұхтар да бекерден-бекер Ресей азаматтығын алған жоқ қой. Жуықта қазақтың нөмірі бірінші ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен әңгімелескенімізде: «Қай елдің азаматтығымен ұшса да, мен оған қуанар едім, «қазақ ұшты» деп. Аймаханов өз мақсатына қол жеткізу үшін қаншама қиындық көріп келеді. Қазақы жерден шыққан бала, әйтпесе. Мақсатын орындау үшін Ресейге кетті. Оның Қазақстанда ұшатындай мүмкіншілігі жоқ. Біздің жігіттер ғарышқа саяхаттап барып қайтатын туристер емес, олар үлкен халықаралық бағдарлама аясында зерттеу жұмыстарымен барады. Сол саланың кәнігі мамандары. Олар ғылымның болашағына үлес қосатын азаматтар», – деді.

Тоқтар Әубәкіров «Қазғарыштың» бүгінгі қызметіне ренжіңкіреп отыр. Ренжитін жөні бар. Мысалы, ресейліктердің Мұхтар Аймаханов туралы түсірген қысқаметражды фильмін көріп, жүрегіміз солқ ете қалды. Гагарин атындағы жұлдызды қалашықта тұрып жатқан Мұхтардың жанындағылардың бәрі ғарышқа барып қайтыпты. Ал біздің Аймаханов бала күнгі арманның жетегінде әлі жүр. Жасы болса, қырық жетіге келді… Айымбетовіміз қырық екіден асып барады. Бірақ, Тоқтар Әубәкіров денсаулығы жарап тұрса, 60 жасқа дейін де ғарышқа барып зерттеу жүргізуге болатынын айтады.

Бүгінгінің баласына «Үлкейгенде кім боласың?» десең, «Бастық болам», «Министр болам» дейді. Аймаханов пен Айымбетовтің арманын орындай алмай жүргенімізді балалар да сезеді-ау, «Ғарышкер боламын!» демейді…

МАҒАУИН МЕН ИСАБЕКОВТІ «ҮНДІК» ДЕСЕК, НЕ БОЛҒАНЫМЫЗ?

Ермек Тұрсынов не айтса да «әдейі айтады» деуші едік. «Дүйім жұртты шуылдатып қойып, сыртынан күле қарап отырады» деп ойлайтынбыз. Ал «Central Asia Monitor» газетінің төртінші санында «Индюки и павлины» деген сұхбатында бүй деп «мұңын» шағыпты: «Вы знаете, я так скучаю по всему настоящему. По настоящим фильмам, настоящим книгам. Песням. Скучаю по всему штучному. Куда-то пропали они – Настоящие. Мне надоели эти холеные пустые самоуверенные физиономии, выдающие себя за творцов и даже, кошмар какой, за элиту нации. Их, настоящих, уже не осталось. Ну, кого я могу назвать, например? Несомненно – Бельгер. Гера-ага. Ауэзов Мурат… Ну и все, пожалуй… Остальные все ушли или разъехались… Ануар Алимжанов, Морис Симашко, Калтай Мухамеджанов, Жараскан Абдрашев, Оралхан Бокеев, Камал Смаилов, Виктор Бадиков, Александр Жовтис, Сагат Ашимбаев… Много их, много. Всех их я знал мальчишкой, со многими успел пообщаться. Совсем недавно ушел Сатимжан Санбаев. И никто им на смену не пришел. И самое печальное – уже не придет. Видите ли, таких не заменишь. И вот за что я хочу поблагодарить Интернет (кстати, это, наверное, единственное, за что я его могу благодарить), так это за возможность услышать, а иногда даже увидеть своими глазами Настоящих. Ушедших и живых. И когда мне становится совсем невмоготу от какого-нибудь “хабаровского” или «КТКковского» дерьма, я надеваю наушники и набираю в поисковике имена – Тлендиев, Калдаяков, Азербаев, Каршыга Ахмедьяров… Слава богу, их у нас немало было – Настоящих». Сөзбе сөз, орысша бергеніміз үшін кешірім сұраймыз. Айтпасқа, жазбасқа амалымыз қалмады… Бұл сұхбатынан Әнуәр Әлімжановты, Қалтай Мұхамеджановты, Жарасқан Әбдірашевті, Оралхан Бөкейді, Камал Смаиловты, Сағат Әшімбаевты оқығанын, кейбірімен араласқанын білдік. Мұнысы енді өзін әдебишалыс етіп көрсеткен түрі ғой. Тілендиев, Қалдаяқов, Әзірбаев, Қаршыға Ахмедияровтарды әлі күнге дейін сағынып, тыңдайтынын айтып, «мен де сондай адаммын ғой негізі» дегісі келіп тұрғанын түсінбей қалатындай топас емеспіз. Ең сорақысы, Тұрсынов:

«А сегодня у нас…», – деп күрсініп алады да: «Понимаете, когда со двора исчезают павлины, их место занимают индюки. Нынешняя творческая интеллигенция в массе своей никакого веса в обществе не имеет», – деп жалғай салады. «Тауыстың» кімдер екенін түсіндік, ал «үндік» кім сонда? Бүгінде көзі тірі классиктерді санап жіберейікші: Мұхтар Мағауин, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Мұхтар Шаханов, тағысын тағы. Бірі кетсе, бірі бар, қарап тұрсаңыз. Көлденең көк аттылар таусыла сөйлейтініндей ештеңе болып қалған жоқ. Одан соң Есенғали Раушанов, Тұрсынжан Шапай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Аманхан Әлім, Әмірхан Меңдеке, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбай, Асқар Алтай, Гүлнәр Салықбай, Светқали Нұржан сынды қаламгерлердің алды аңызға айнала бастағанын қайда қоясыз. Бүгінгі орта және жас ақын-жазушылар қатарынан Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс және басқалары қазір әдеби ортаны дүмпітіп жүр. Міне, бұлардың қоғамда өзіндік орны, салмағы жоқ деп айта аласыз ба? Енді келіп, үлкені бар, кішісі бар, осыларды «үндік» десек не болғанымыз? «Әдебиетті бір кісідей білетін адаммын» ғой деп шіреніп отырған Тұрсынов неге бұларды көзге ілмейді? Яғни, білмейді деген сөз. Екі кино түсірдім екен деп, әркім осындай білместікпен пәтуа айта беретін болса, жетіскен екенбіз!

МҰХТАР ШАХАНОВ ОҚУШЫЛАРДЫҢ АЛДЫНДА ОЙЛАНЫП СӨЙЛЕСЕ ЕКЕН…

Алматыдағы №110 мектеп-гимназия Мұхтар Шахановты кездесуге шақырыпты. «Ақ желкенді» де. Ақынмен кездесуге біз де бардық. Оқушылар шеттерінен Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқып жатты. Ақынның сөзіне жазылған достық пен махаббатты ту еткен әндерді орындады. Кездесу барысында мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: «Оқушылардың сіздерді қалай оқып-біліп жүргеніне көңіл қойыңыз. Бұл кешті жас буынның өзіңізге есеп беруі деп қабылдаңыз», – деп, өзіндік рәуішін жеткізген. Кеш әдемі-ақ өрбіді. Бірақ, сөз ақын ағамызға берілгенде, әдеби кеш басқа арнаға ауысқандай әсерде қалдық. «Құрметті жауқазын буын», – деп сөз бастаған ағамыз: «Өздеріңізбен кездесуде сіздер біле бермейтін нәрселерге тоқталып өтсем деймін. Әңгімені шындық төңірегіне бұрайық. Өйткені сіздердің білмейтіндеріңіз көп», – десін. Сөйтті де қазақ тілі үшін қалай күрескенін, қандай ерліктерге барғанын тізбелей жөнелді. Ұлт мүддесіне қатысты істерде аянып қалмағанын жоққа шығармаймыз, әрине. Бірақ, ұлт зиялыларының кейбірінің атын атап тұрып, «ол Желтоқсан кезінде жастарды қорғай алмаған», «қазақ тілін қолдамаған» деген әңгімелер айтудың қаншалықты орынды екенін біле алмадық. Әсіресе, оқушылардың ортасында… Әдебиетіміздің үлкен алыптарының жаңағыдай істерін шұқып көрсеткесін, оқушылардың оларға құрметі азаяды ғой. Ой-санасы жаңадан қалыптасып келе жатқан балалардың алдында үлкен ақын-жазушыларымызды «мемлекеттік тілдің жағында болмады» деп тұқырту аса көп түсінікті де әңгіме емес. Оқушылардың көкейінде «тіл үшін күресіп жүрген жалғыз Мұхтар Шаханов екен ғой» деген түсінік қалмауы керек, біздіңше. «Жалғыздың шаңы шықпас» деп қазақ бекер айтпаған болар. «Тіл» деп, «ұлт» деп шырылдап жүрген Мұхтар Шахановқа осы бір азғантай базынамызды айта кетсек деп едік…

«ОСЫНЫ АЙТАР АҚСАҚАЛ ҚАЛМАДЫ» ДЕП МАҚПАЛ АШЫНДЫ

Фариза Оңғарсынова қайтыс болған күннің ертеңіне апамызға арналған «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасына барғанбыз. Мұқағалидың Фаризамен сырласуын орындауға Мақпал Жүнісова келіпті. Кірген бойда Мақпал апамыз: «Бірден айтайын, қазір мен «Фаризаны» орындаймын. Қол шапалақтамаңыздар. Бүгін менің өнерімді көруге келген жоқсыздар. Қайғылы хабарға келіп отырмыз. Қазақ қазада қол шапалақтамайды. Қол соққандарды көрсем, қаным қараяды», – деді. Сөйтті де: «Роза Бағланова, Ермек Серкебаев сынды дүлдүл әншілеріміз қайтқанда да осы жағдай алдымыздан шықты. Табытты көтеріп алып бара жатқанда, халық соңынан қол шапалақтап тұрып алды. Бұл не сұмдық? Осыны айтатын үлкендер жоқ арамызда. Айтатын ақсақал қалмады. Ертең мен өлгенде шығарып салып тұрып, қол соқпаңдар деп қазірден айтып жүрмін», – деп ашына сөйледі. Әнші апамыздың бұл сөзін хабарға түсуге келген бірді-екілі үлкендер жақтырмай қалды. «Осыны айтатын ақсақал қалмады» дегені өздеріне тиіп кетті ме, кім білсін?! Әйтсе де, Мақпал Жүнісованың айтып тұрған әңгімесі жөн әңгіме еді. Жаназада қол шапалақтау атамыздан қалған дәстүр емес. Бұл үрдіс кең етек алып кетпей тұрғанда, үлкендер жағы айтып, тоқтату қажет қайта. Қол соғуды былай қойғанда, халық алдында жүрген өнер адамдарының өзі өлім-жітімге қалай киініп баруды білмей ме деп қаласың. Поэзия падишасы құлаған күні апамызға арналған бағдарламаға келген кейінгі жас әншілердің бірі қызыл көйлек киіп, басына үлкен қызыл гүл жапсырып алыпты. Есті әншінің бірі саналатын Сұлушаш Нұрмағамбетованың өзі мойнына үйіндегі бар меруертін тағып келіпті. Қызыл-ала көйлектерін де, жақұт сырға-моншақтарын да үйіне қалдырып, басына орамалын салып келген Мақпал Жүнісованы көргенде, жылап көрісе жаздадық өзіміз.

ТҰСАУКЕСЕРДІҢ СӘНІН ДАСТАРХАН БҰЗДЫ

Жуырда театр тарланы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Сәбит Оразбаевтың «Театрдың өзі – өнер» атты кітабының тұсаукесеріне бардық. Әкемтеатрдың кіші залында өткен тұсаукесерге жиналған жұрт көп болды, зал лық толды. «Бұлай көп адам келеді деп ойламаппын», – деп Сәбит аға да таңданысын жасыра алмады. Бибігүл Төлегенова бастап, Асанәлі Әшімов қостаған өнер майталмандарымен бірге, белгілі ақын-жазушыларымыз, өнердің айналасында жүрген адамдар, ең аяғы балалар дәрігері Камал Ормантаевқа дейін Сәбит Оразбаевтың қуанышына ортақ болды. Кешті Әшірбек Сығай жүргізді. Бибігүл апамыз ортаға шығып, жылы лебізін білдіргеннен кейін, отырған қауым бір ән айтып беруін өтінді. «Бүгін ән айтам деп ойламап едім, даусымның өзі сағат 11-де оянады. Сонда да бір ән салып берейін», – деп, сайрай жөнелді. Даусы 11-де оянса да тұп-тұнық, әдеттегідей сыңғырлап тұр. Одан кейін Бекжан Тұрыс домбырамен бір ән айтты. Сүйсініп қалдық. Осындай жап-жақсы, еш боямасыз өтіп жатқан кештің сәнін фонограмма бұзды. Бибігүл апайдан кейін шыққан әншілердің екеуі фонограммамен ән айтып, кіші залды жаңғыртып, құлағымыздың жарғағын жарып жібере жаздады. «Жап-жақсы кештің сәнін кетірді-ау. Өз дауыстарымен айтса да еш өкпелемес едік», – десіп қалды фонограммадан мезі болған көпшілік.

Кеш аяқталып, бас-аяғы 500 таралыммен шыққан кітапқа таласып-тармасып қолы жеткен халық Сәбит Оразбаевтан қолтаңба алып, масайрап-ақ қалған. Осы жерде тағы бір жүйкемізді тоздырған нәрсе, Сәбит ағамыз кітабына қолын қойып жатса, айналасында жүргендер алашапқындап: «Болды енді, ағаны шаршатасыңдар!» деп, ары-бері ойқастап қоймады. Ол аздай: «Аға, үстіне жүріңіз, үстіне жүріңіз» деп сүйреледі келіп (үстінде дастархан жайылып тұрғаны айдан анық қой енді). Кітап алғандарға қолтаңба беріп, шығарып салғаннан кейін, дастарханға асықпай-аптықпай жайғасса да болады ғой. Ал олар әншейінде театрға келтіре алмайтын халықты жақтырмағандай болып: «Үстіне жүріңіз, үстіне жүріңіз» деп, бір-бірін сонша сүйреледі. Дастарханды біреу көтеріп кететіндей құдды…

НЕГЕ ҮНДЕРІҢІЗ ШЫҚПАЙДЫ, АҒАЛАР?

Осы Алматыдағы кейбір көшелердің атауы не үшін, кім үшін қойылғанын білмей дал боласың. Қызық үшін көпшілікке түсініксіз көшелердің атауын иемденгендердің кім болғандығына көз жүгіртіп көрдік. Сонымен…

Дмитрий Андреевич Фурманов (1891-1926) – революционер жазушы. Октябрь революциясы кезінде, Чапаевтың дивизиясында соғысқан. Оған әйелі мен Чапаев опасыздық жасаған. Содан Чапаев екеуі әйел үшін қатты араздасады. Екі дос арасындағы жалжалдан соң Фурманов қазақ даласына қызмет ауыстырған. Алматыда Кеңес өкіметін орнату жолында белсенді жұмыс істеп, келіссөздер жүргізген. Ол қазақ жерінде бір жылдай аялдаған.

Абдулла Ахметұлы Розыбақиев (1897-1938) – қоғам қайраткері. О.Жандосов, П.Виноградов, Т.Бокин секілді қоғам қайраткерлерімен бірге Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. 1921 жылы маусым айының басында Ташкентте, кейін Алматыда шыға бастаған «Кедей дауысы» газетін ұйымдастырушы әрі редакторы болған. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны қатарына ілігіп кеткен.

Масанчи Мағазы (1885 – 1935) – мемлекет қайраткері. Кеңес үкіметін құруға атсалысқандардың бірі. Өмірінің соңына дейін Қазақстан мен Өзбекстандағы кеңестік органдарда жауапты қызметтер атқарған.

Климент Аркадьевич Тимирязев (1843-1920) – табиғат зерттеушісі, орыстан шыққан өсімдік физиологиясының негізін салушы, әлем мойындаған академик. Айта берсек, осындай тағы да қаншама көшелер бар Алматыда. Ал осы мегаполисте дені дұрыс көше атауы бұйырмай жүрген марқасқаларымыз жетіп артылады. Мұстафа Шоқайдың көшесі шолақ көше, Алаштың айбыны болған Бөкейхановтың көшесі жоғарыда аты аталған көшелердің жанында бүгежектеп қалады. «Оян, қазақ!» деп барша Алашқа рух берген Міржақып Дулатов атындағы көшенің ұзындығы 1800 метрден аспайды. Тізбелей берсек, Алаш арыстарының атындағы көшенің «жыры» да, жырығы да бітпейді. Өткен жылы ақын Есенғали Раушанов Масанчиға Тұманбай Молдағалиевтің атын беру керек деп ұсыныс айтты. Саясаттанушы Айдос Сарым Тимирязевке Кенесарының атын берейік деп үн қосты жақында. Айтуын айтудай-ақ айтып келеміз ғой. Мысалы, Петропавл мен Павлодардың атын қазақшалау керек деп даурығып-даурығып қойдық. Білек сыбанып кіріскен біріміз жоқ. Соңғы кезде Ерлан Қарин де, Берік Әбдіғали да мұндай тақырыптарда жақ ашпайтын болды, тура әлденеден көңілі қалған бала құсап… Бірақ қоғам аузы дуалы азаматтарының айтар салмақты ұсыныстары мен сараптауларын да сағына бастаған сияқты… Неге үндеріңіз шықпайды, ағалар?

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ «ҚАРТАЙҒЫСЫ КЕЛМЕЙТІН» ЖАЗУШЫ МА?

Қабдеш Жұмаділов «Кәрілерге ем болатын дәрілер» деген әңгіме жазыпты. «Қазақ әдебиетінен» жуырда ғана оқыдым. Желісін баяндамасақ та, тақырыбынан-ақ не туралы екені түсінікті шығар. Жасырмаймын, әңгімесі оқылады. Тіпті, оқиға желісі бірден баурап әкетеді деуге болады. «Соңы немен аяқталар екен?» – деп, оқып тауысқанша үздігесің. Бірақ… Оқып шыққан соң әрі-сәрі ойда қалдық. Халық жазушысының жазар тақырыбы ұсақталып бара жатқандай көрінді. Ілгеріде Қабдеш ағамыз «Контузия» деген әңгіме жазған. Ол шығармасында да әңгіме көзге шөп салуға келіп тірелетін. Қабырғалы қаламгеріміздің қаламынан «Донжуан қораз» деген де әңгіме туды. Екі көрші кемпірдің тауықтың жұмыртқасына таласынан туған дауы бірінің жезөкшелігін де айтып жібереді. Осы екі әңгімесін оқып, ақсақал жазушыға ренжіп жүр едік. Бұл жолғы әңгімесі ренішімізді зорайтып жіберді. Ренжитініміз, Шыңжаң қазақтарының «Тағдырын», екі томдық «Соңғы көшті», Қабанбай батыр жайлы «Дарабоз» романын жазған жазушыдан тұщымды дүние күтеміз. Осыдан екі жыл бұрын жазушының үйіне арнайы барып, өзінен сұхбат алғанбыз. «Жас күнгі жазу мен қазіргі кездегі жазудың айырмасы қандай екен?» деп сұрағанбыз сонда. Ағамыз: «Жас кездегі жазу мен қазіргі жазудың айырмасын айтар болсам, қазір шағын жанрға бет бұрдым. Бұрынғыдай том-том роман жазуға, біріншіден, уақытым жетпейді. Бір романға енді қалған бес-он жылымды арнау қиын. Екіншіден, оқырманның қалың дүниені оқуға уақыты жоқ деп те ойлаймын. Бір деммен, бір кеште оқып тастайтын дүниелер жазып жүрмін. Қазір жазушылар әртүрлі тақырыпта қалам тартады. Кейбір ақын-жазушылар сарай маңында, билік нұсқаған тақырыптарды жазуда. Мені жұрт «ұлт жазушысы» деп жүр ғой. Бүгінде адамдардың пейілі бұзылып бара жатыр. Осы тұрғыда сан түрлі типтік образдарды жинақтап жүрмін. Соны, өз заманымның шежіресін, шындығын жасап кетсем деймін», – деген еді. Онысы дұрыс та шығар… Бірақ ұлт жазушысының кейінгі әңгімелерін оқыған ұрпақ: «Қартаюды қаламаған шалдың әңгімесі ғой» деп, көңілі қалып қалмаса бопты, әйтеуір.

ЕЛДІҢ БӘРІ СЫЗДЫҚОВА ЕМЕС

«Нұр Отан» партиясының «ерке қызы» Бақыт Сыздықова 2008 жылы партиядан екі айда қайтарамын деп 7 миллион теңге алып, қайтармай жүргенін бәрі жарыса жазды. Бұған назар аудармауымызға да болар еді, бірақ ол өзін жастардың көсемі құсап ұстап, анда да шошаңдады, мұнда да шошаңдады. Сөйтіп онсыз да сүйкімі кетіп жүрген Бақыт Сыздықова ақыры абыройдан жұрдай болып, партия қатарынан шығарылған болатын. Алған 7 миллион теңгесіне үстеме қосылып, барлығы 15 миллион теңге төлейтін болған. Қарызға басымен кіріп кеткен Сыздықова әлгі он бес миллионды біреу төлеп беретіндей былқ етпеді. «Ол ақша Мәскеуде Жоғарғы лигаға Қазақстанның атынан шығатын КВН-шілерге керек болды», – деп көгереңдегені болмаса, әрине. Енді келіп, «уақытында төлемегені үшін қосылған 8 миллион теңге үстемақыны емес, 7 миллион теңгені ғана төлейді» депті партиядағылар. Партия қатарына қайта кіргізіп алса да шаруамыз жоқ қой. Қайта кіріп алса да таңғалмаймыз. Тек үстемақы қосылған несиесін төлей алмай, түн ұйқысы төрт бөлініп, жүдеп жүрген халықтың жүрегі ауыратын болды ғой деп уайымдап қалдық. «Үстемеңізді төлемей-ақ қойыңыз» дейтіндей олардың бәрі «Нұр Отан» партиясынан қарыз алған жоқ, оның үстіне. Үстеме төлемейтіндей бәрі Сыздықова емес және. Осындай «ерке қыздардың» қылықтары халықтың жүйкесіне тиіп болды, неғылса да. Басқадан жаңылсаңыздар да, кумир таңдаудан жаңылмаңыздаршы дегіміз келеді, қысқасы.

БІЗДІ АЛДАДЫ МА, ӘЛДЕ БІЗ АЛДАНДЫҚ ПА?

Әншейінде Жазушылар Одағында өтетін кештерде адам саны селдіреп отыратын. Халық поэзияны сағына бастапты. Ақын Есенқұл Жақыпбекке арналған кеш 400 орындық Әдебиетшілер залында өтті. Біз ертерек барыппыз. Әйтпесе, сыймай түрегеп тұрған адам қаншама. Есағаңды еске түсірген бейнежазбаларды көріп, көрермен көздерін сүрткіштеумен болды… Осындай әп-әдемі кештің сәнін фонограмма бұзды. Бекжан Тұрыс ағамыз «Алдай-ауды» айтады дегесін, домбырасымен шығады деп күткенбіз. Алайда ағамыз «жансыз» дауыспен ауызын жыбырлатты да кетті. Сәлден соң Жәкен Омаров шықты сахнаға. Ол кісінің қолында қара домбырасы бар екен. Бірақ қолындағы аспап ойнап жатқан музыканы емес, Жәкен ағамызды «сүйемелдеп» шыққандай әсерде қалдырды. Ән орындаушысы да, домбыра да музыкаға ілесе алмай, есімізді шығарды. Залда отырып біз қыпықтадық. Шынын айтайық, сол кезде сахнадан абыроймен кетуін тіледік.

Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндерді орындағандардың арасында Ақан Әбдуәліден басқасы халықты көпе-көрніеу осылай «алдап» кетті. Әнші Ақанның кемсеңдеп айтқан әні қандай әсерлі шықты, мысалы. Бекжан Тұрыстың да, Жәкен Омаровтың да, Саят Медеуовтің де өнерін қатты құрметтейміз. Оларды басқа біреу осындай кеште ауыз жыбырлатты да кетті десе, сенбес едік. Кез келген ортада домбырасын күмбірлетіп, бұлбұлша сайрап қоя беретін өнер иелері емес пе еді бұлар да? «400 орындық залда «тірі» дауыспен ән айта алмады» деген әжептеуір әнші ағаларымыздың атына ұят екен…

«ӘПКЕ» «КЕЛІННІҢ» ҚОЛЫНА СУ ҚҰЯ АЛМАЙ ЖҮР…

Негізі «Келін» туралы мүлде айтқымыз келмеген. Бірақ, «Қазақстанға Ананди келеді» деп, жеті атасын тапқандай қуанып жүр ұлттық арнадағы әріптестер. Қуанбай қайтсін, ұлттық арнаның рейтінгін көтеріп тұрған да осы үндінің сериалы. Ауылдағысы бар, қаладағысы бар, бәрі бірдей Анандимен бірге жылап, бірге күледі. Қазір кішкентай қыздар Дулат Исабековтің «Әпкесі» емес, Ананди болғысы келеді. Бұл отандық сериалдардың шетелдік өнімдердің қолына су құюға да жарамай жүргенін көрсетсе керек. Бірақ, Исабековтің «Әпкесін» 8-сыныпта қалай тамсанып оқып едік біз. Мейірімді әпке болғымыз келіп, еліктеп өстік қой. Өкініштісі, киноға айналған «Әпке» қазақ қыздарына кумир бола алмады…

Мысалы, сол «Келінді» түсіруге керемет ақша бөлінбегені көзге ұрып тұр. Бір үйдің ішінен айналып шықпайды. Бір отбасының шәй-тамақ ішкенінен басқа дымы да жоқ. Бірақ, біз қырылып қала жаздап көреміз. Неге? Актерлардың ойыны үшін ғана қарайтын сияқтымыз. Сендіріп тастайды. Сосын амал жоқ, өзіміздің тағдырымызды іздейміз. Кеше ғана «Ақ желкеннің» бір жас оқырманы «Келін» туралы жазыңыздаршы», – деп өтініш айтты. Наурыз айында «Келінді» кішкентай кезінде сомдаған 17 жасар Авика Гор Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясынан» бастап, бірқанша бағдарламаларға қатысатын көрінеді. Сол кезде біздің де оқырманымыз Ұлттық арнаның алдында «Келінмен» бетпе-бет кездесіп, қарық болатынына сенімдіміз. Негізі біздің айтайын дегеніміз бұл емес еді. Азаннан кешке дейін шетелдің киносын көрген бала түрік пен кәрісті қойып, енді үнді болғысы келетін болды ғой.

Өткен жылы түрік пен кәріс сериалдарына алдана бермейік дегендей әңгіме болған. Алайда «Келінді» тауысып біте алмай жатқанда, «Астана» мен «31- арна» үнді сериалдарын қайта көрсете бастады. Шетелдік сериалдармен қазақтың санасын улай бергенше, Авика Гор секілді шынайы ойнайтын әртістер тауып, аз бюджетпен де «Келін» сияқты кино түсіруге болмай ма осы?

«Үш қыз»

(«Ақ желкен», №2. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

13 пікір

  1. Жарас Кемелжан айтады:

    мына тақырыптардың бәрі «Ақжелкеннің» желкенін жұлып жеп тұр ғой

  2. Сәкен Сыбанбай айтады:

    Жақсы екен. Ұнады.

  3. Сәлеметсізрерме.
    Сіздердің «КӘРІСТІҢ ӘНШІЛЕРІ КЕЛІП, ОҚУШЫ ҚЫЗДАР ҚЫРЫЛЫП ҚАЛА ЖАЗДАДЫ» деген мақалаларыңыз ұнамады. Сіздер Кореяда дәлірек айтсақ Азияда тіпті басқа елдерде де өте танымал әншілерді неге олай сөгесіздер? Мен сол кәрістердің табынушысымын. Және мен сияқтылар Қазақстанда өте көп
    1-ден барлық әншілер сахынаға шығарда әрленіп шығады.2-ден «қан жоса болып төбелесті» деген клипте. Өте жақсы шыққан клип… Ал Қазақстандық әншілерде сондай клип бар ма? әрине жоқ. Барлығы тек махаббат, сүйем-күйем деген сөздер. ішің пысады.. Ал оларда мүлдем басқаша. Олар өздерінің табынушыларның көңілін таба біледі. Ал қазақстандық топтарда ондай жоқ.Ешкім оларды өліп-талып көрмейді. Ал неге дәл солай болмасқа.неге солар сияқты көтерілмеске??? бұның бәрі қызғаныш.көреалмаушылық деп білемін… КЕШІРІМ ӨТІНЕМІН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: