Ақ күшік

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Ақ күшік
(әңгіме)
Ақ-қараны әлі айырмаған Қуанышы алып келіп, қиылып тұрып алған соң көнді, амалсыз көнді. Болмаса Алма апаның ақ күшікті үйге кіргізбеуге күші әбден жететін еді.
Баласының талабынан аттаған ана бар ма? Жоқ. Алма апа рұқсатын бергелі бері Қуаныш ақ күшікті тура өзі жататын бөлмесіне алып кіріп алған болатын. Нан береді, сүт береді. Алма апа оған беретін тамақты, сүтті ас үйден амалсыз дайындап беретіні болмаса, өзі олар жатқан бөлмеге бас сұққан емес. Ақ күшікпен ойнап Қуаныш та мәз. Жайлы бөлмеде, жақсы тамақ ішкен ақ күшік күннен-күнге жүндері жылтырап, естене, есейе бастады. Иттік болмысын біліп анда-санда есіктен қараған Алма апаны жатсынып, шәуілдеп үретінді шығарды. Тіпті оның өзін жақтырмайтынын біліп, көзін шақшитып ырылдайтын болды. Абайсызда басқа бөлмелерге шығып кетсе, Алма апаны көре сала-ақ ол «кет» деп ұрыспаса да, оның өзін ұнатпайтынын жаны сезетін ол қыңсылап, қашқан бойы өз бөлмесіне бір-ақ кіреді.
Бір күні Қуаныш үйде жоқ еді. Ақ күшікті таңертеңгі дәретке алып шығатын ешкім болмағасын, Көпес ата амалсыз оны қойнына тығып алып, далаға шықты. Сөйтті де аппақ қардың үстіне Қуанышының аппағын қоя бере салды. Ол үлкен-кіші дәретке кәдімгі адамша отырып алды да, әй, бір асыр салды-ай кеп. Аппақ қар мен аппақ күшік жарасып-ақ кетті. Ақырын-ақырын бастап еді, енді ұзап-ұзап барып оралды. Алысқа, көздің ұшына дейін атқан оқтай зымқап барып, атқан оқтай қайта зымырап келеді. Қызық тіпті.
Ол бұл жолы тағы да бет-албаты зымқап бара жатқан. Зымқап бара жатып, шорт тоқтады. Көпес ата «не боп қалды екен?» дегенше болған жоқ, алдынан көрші сарының қара ала төбеті шыға келгенін көрді. «Е-е, қорыққан болды ғой» деді іштей Көпес ата. Итті ит көрсе оны «күшік екен» деместен бас салатыны қашаннан ит баласының әдеті ғой. Ақ күшікті әлі бір ит талап көрмесе де, қанға сіңді қасиетпен оның өзін сөзсіз тастайтынын іштей білетін ол әдетінен «жаңылып қалмайын» дегендей. Дәл сол өзі ағып барған ізімен, артына бұрыла қарамастан, екі көзін ала төбеттен алмай, шегінгеннен-шегіншектеген күйі тура Көпес атаның екі бұтының арасына келіп бір-ақ тоқтады. Құдай оңдағанда қара ала оған ұмтылмады. Ол да қолда бағылған ит емес пе, ақ күшіктің артында тұрған адамнан сескенген болар, әйтеуір иттік жасамады.
Манадан бергі ақ күшіктің ойынына қызыға қараған Көпес ата оны біртүрлі жақсы көріп кетті. Ит баласы болса да оған ризалық сезімін жасыра алмай «күшігімнің күшігі!» деді де, жерден тік көтеріп, кең-мол тонына орап, қаусыра құшақтаған бойы үйге қайтты.
(«Балдырған», №2. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Өмір Шыныбекұлы айтады:

    Бізді өсірген «Балдырған» ғой…
    1911 ж. дүниеге келіп, сәби шағы ғана емес, бүкіл жастық шағы аласапыранға тура келген әкем қара танымайтын (Бір қызығы – ақша санай алатын, сағат білетін).. Есесіне, жастық шағы соғыс жылдарына тура келіп 7-класстан кейін оқи алмай қалған анам кітапты көп оқитын. Үйде кітап көп болатын. Қоржын тамның бір бөлмесінің бір бұрышындағы ағаш жәшікте қазақ жазушыларының 50-70 жылдары басылған барлық кітаптарымен қатар, сол тұста шыққан аудармалар да болды десем, қателеспейтін шығармын. Кейде, ас-суы уақтылы дайын болмай қалса, әкем «Інстөтке түсесің бе? деп анама дауыс көтеретін кездері де болып қалатын. Кітаптардан бөлек, үйдегілер міндетті түрде «Жұлдыз», «Мәдениет ж/е тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Білім ж/е еңбек секілді» журналдардан бастап газеттерге де молынан жазылатын. Әрине, сол басылымдардың ішінде «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газеті міндетті түрде болатын. «Балдырған» қолымызға тие қалса, бауырларымыз бәріміз таласып-тармасып оқып тастайтынбыз. 2 әлде 3 класстан бастап, «суретші боламын» деп журналдағы суретті көшіріп сала бастадым. Балалық қой, «Балдырғаннан» көшіріп салған суретті сол журналдың өзіне жіберіп, қашан шығар екен деп сарыла күтетінмін. Көрші туратын Қартабай ағаның үйіне күн ара барып журнал келді ме деп сұрайтынмын. Қартекең жиі мазалағаныма ызасы келіп, кейде «Немене, сенің журналыңды сиырыма оқытады дейсің бе? Келсе, апарып берем ғой!» деп зекіп тастайтын….Ағаны «шешеден» естіртпей сыбап, «Осыдан өссем, орныңды тартып алмасам ба» деп кіжініп үйге қайтатынмын…Бірақ, бала кезде уақыттың өтпей кететін әдеті, 2-3 күннен кейін ағаның үйіне қарай тағы құлдыраңдай жөнелемін…
    PS. Тіпті, соғыс жылдарында да пошта байланысы болған ауылымызға өткен жылдан бастап пошта бармайтын болды…Ауылдың балдырғандары не оқитынын бір Алла білсін?!
    Почта бармайтын ауылдың аты «Оңтүстік» (Төлеби ауданы, ОҚО). Мүмкін, біріңіз болмаса, біріңіз менің ауылдастарыма көмектесерсіздер?!

  2. Рахим Шамгонов айтады:

    Мына әңгімеңізді оқып, қиялмен балалық шаққа «саяхат» жасап отырмын. Менің әкем 1908 жылы, анашым 1915 жылы туған екен. Өздері «Ликбезде» оқып, сауат ашса да да, өмірден көргені мен ойға түйгендері көп жандар еді…»Төте жазумен» қолдан көшіріп жазылған дастан-қиссаларды әкемнен тыңдап өстім. «Ерсайын», «Мұңлық-Зарлық», «Орақ-Мамай» және көптеген жырлардың төте жазумен жазылған нұсқаларын өзі дауыстап оқыса, ал «Балдырған», «Жалын» және басқа да баспасөздерге жазылып, маған оқытатын… Кемелденген социализмнен кейін коммунизмге жетеміз деген насихатқа басқаша көзқараспен қарайтын… «Ұлы орыс халқының…» деп басталатын сөз тіркестеріне «Қазақ та Ұлы халық» – деп отырушы еді…Әкеміз қатар болса, «Балдырғанды» оқып өскен біз де замандас болдық қой, Өмір ағай! Әрі әріптеспіз. Иә, расында бізді өсірген «Балдырған»!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: