«Талпақ танау» тәрбие

Көрген-білген, ойға түйген

«Талпақ танау» тәрбие

Қазіргі оқулықтар балаға қандай ертегі үйретеді? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Орыс халқының «Колобок» деген ертегісі бар. Біз оны «Ақ бауырсақ» деп қазақшалап алғанбыз. Орыс пешке піскен нанның бауырсақ болмайтынын ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір, қайда барсаң да «Ақ бауырсақ» алдыңнан шығады. «Апамнан да қаштым, атамнан да қаштым» деп тақ-тақ еткен балаларды көресің.

Былтыр бір мектепке «Әліппемен қоштасу» кешіне бардық. Балақайлар «Ақ бауырсақтан» сахналық қойылым әзірлепті. Олардың өнеріне тәнті болған біздер дуылдата қол соқтық. Мәз-мейрамбыз. Тек арамыздағы бір ғана әжейдің: «Нанды домалатқандары несі?!» деп кейігені есімде. «Күлсең, кәріге күл» демекші, бәріміз ду күлістік. Артынан ойлансам, әжейдікі дұрыс секілді. Шынымен-ақ, «Колобоктың» қандай тәрбиелік мәні бар осы? Допша домалап жүріп, ақыры түлкіге жем болғанынан басқа дәнеңе жоқ. Және де осындағы әрбір іс-қимыл, әрекеттің қазақы ұғымға, қазақы тәрбиеге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сөйте тұра, «Колобоксыз» мектепте де, балабақшада да кеш өтпейді. Мұғалімдердің сабақ жоспарынан ойып тұрып орын алған сияқты.

Жақында қолыма «Алматыкітап» баспасы шығарған «Балалар көркем әдебиетімен таныстыру» деген оқулық түсті. Мектепалды даярлық сыныбының балғындарына арналған. Парақтап қарасам, ішінде (38 бетте – Б.М.) «Қысқы орман» деген ертегі бар екен. Ертегі болғанда, сурет түрінде берілген. Балалар соған қарап отырып, әңгіме құрауға тиіс. Ертегідегі басты кейіпкердің бірі – торай. Сөйтіп, қазақ баласы ә деп әріп таныған кезден бастап қоқыста жататын, халқымыз арам санайтын қорсылдақ тораймен «достасады» екен. Осындай «талпақ танау» тәрбие беріп жатырмыз балаларға. Оның несі жақсы? Не үшін қажет? Түсінсем бұйырмасын…

Бағдат МӘЖИТОВ

(«Ұлан», №6. 11.02.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: