3 минутта 10 көйлек ауыстырады

Сенің замандасың

3 минутта 10 көйлек ауыстырады

Өмірден ерте озған белгілі иллюзионист Алтынай Байтоқанованың өнерін өшірмейтін сіңлісі өсіп келеді. Туысы емес, әрине. Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылындағы орта мектепті биыл тәмамдағалы отырған Гүлімжан Исақ Алтынай әпкесін үлгі тұтады. 7 минут ішінде 14 көйлек ауыстырып үлгеретін көз ілеспес жылдамдығына тәнті болып, бұл өнердің құпиясын білгісі келіп, ынты-шынтысымен кірісті. Қазір Гүлімжан 3 минут ішінде 10 көйлек ауыстырып, өнер сайыстарында топ жарып жүр. Біз жас өнерпаздың құпиясын білгіміз келіп, әңгімеге тарттық.

«Сахнада ауыстыратын он көйлектің тоғызын алдын ала үстіме киіп алып, соңғысын сақинаның ішіне салып қоямын. Барынша жылдам қимылдаймын. Сырт көзге құпиямды байқатпауға тырысамын. Бұл өнер титтей де қателікті кешірмейді. Сахнаға шыққанда көйлектің сырмасы сырылмай немесе етегі түріліп қалса, бар еңбегің еш кетеді. Сондықтан, аса мұқият болған жөн», – дейді Гүлімжан.

Көрерменге Гүлімжан көйлектерді кәдімгідей ауыстырып жатқандай әсер қалдырады. Ол алдымен ақ түсті көйлек, оның үстіне сарысын, кейіннен көк, жасыл, қызыл түстілерін, соңынан жеңі ұзындау келген қара көйлек киіп шығады. Киімдердің барынша кең болғанына мән береді. Киіп-шешуге оңай болу үшін түймелі көйлектерді кимеуге тырысады екен.

Ал көрерменге Гүлімжанның құпияларын жасырып тұратын сақина екі қабатты матадан тігіледі. Гүлімжан дайын бола салысымен, ішіндегі матаны тартады. Қасында көмекші болып жүрген Әйгерім мен Гүлзада сақинаны төмен түсіреді. Сахнаға қазақ қызының бейнесінде шыққан Гүлімжан осылайша екі секундтан кейін-ақ жарқын еуропалық арудың  кейпіне енеді.

«Мен  иллюзия жолына толық түстім дей алмаймын. Қазір Ұлттық бірыңғай тест сынағына дайындалып жатырмын. Жоғары балл жинап, дәрігер болғым келеді. Ал бойымдағы өнерімді қатар алып жүремін. Әр өнер иесі сахнаға жаңа леппен келу керек. Сондықтан, әлі де жетілдірер тұстарым  көп. Осы салада ізденісімді тоқтатпаймын», – дейді Гүлімжан.

Қаладан жырақ жатқан қарапайым ауылда тұрып, қыр-сыры мол иллюзия жанрын жетік меңгеруге талпынып жүрген Гүлімжанға біз де сәттілік тіледік.

Әйгерім БЕГІМБЕТ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

(«Ұлан», №6. 11.02.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

1 пікір

  1. дана айтады:

    Мен осының сиқырын видеокамерага түсіруді өтінемін. Мен сенбеймын

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: