Үш қыздың әңгімесі

Үш қыздың әңгімесі

«ЖҰЛДЫЗДАР» ЖЕРДЕ ЖҮРГЕНІН ҰМЫТПАСА ЕКЕН

Алматыда әртүрлі қоғамдық орындарда танымал адамдармен жолығысып қаласың. Сондай кезде олардың қоғамдық орындарда өз-өзін қалай ұстайтындарын, қандай адам екендерін байқауға болады. Өткенде кейінгі жас әншілердің бірі Ринат Баситовпен бірге кезекте тұрмыз. Біз барған мекемеге тек жеке куәлікті көрсетіп қана кіреді екенсің. Қас қылғандай сол күні төлқұжатымды үйде қалдырып кетіппін. Журналистік билетімді көрсетсем де ішке жіберер емес. Менен кейін кезекте тұрған тағы бір кісі де құжатын алмай шығыпты. Сөйтіп есіктегі күзетші бізді ішке жіберген жоқ. Мұнысын «тәртіп солай» деп түсіндірді. Не істерімізді білмей, не кері қайта алмай тұрғанбыз. Кенет Ринат Баситовты байқап қалдық. Ал күзетшіміз оны танып, өткізе салды. «Сіз «Азия» тобындағы әншісіз ғой» деп қауқылдасып, әншінің қолынан ұстап жетісіп қалды тіпті (Ринаттың да құжаты жоқ екен.) «Мына кісілердің құжаттары жоқ болғаны үшін тұр ғой» деген ой ешкімнің басына кіріп-шығар емес. Әншіміз танымалдығын бұлдап кетіп барады.

Жақында Алматыға продюсер Баян Есентаевамен ұшақта бірге келдік. Оралда Күләш Байсейітова туралы фильм түсіріп жүргенін алдында естігенбіз. Есентаева екенін танып, оралдық бір кісі амандасып еді, сәлемін сыздана қабылдады. Әлгі кісі: «Күләш апамыз туралы фильм түсіріп жатыр екенсіз. Сізге ризамыз. Қалай, түсірілімдеріңіз бітті ме?» – дегендей әңгіме айтып еді: «Жоқ, түсірілім тобы сонда қалды, мен қайтып барам», – деп дүңк ете қалды.

Қызмет көрсетіп жүрген қыздарға да бір-екі рет мінез көрсеткенін байқап қалдық.

Елге белгілі адамдар өздерін ел ішінде қарапайым ұстаса екен дейсің…

ҚАЛДЫБЕК ҚҰРМАНӘЛІНІҢ АРСЫҢ-ГҮРСІҢІ-АЙ…

Композитор Қалдыбек Құрманәлі арсың-гүрсің адам ғой. Ойына не келіп тұрса да, бүгіп қалмайды. Кейде ойланбай сөйлей салады. Рас-өтірікті әпенделігі де бар. Композитордың осы мінезі көп жерде күлкі шақырады. Кейде ыңғайсыз жағдайға қалдырып жатады. Ілгеріде ақын Әділ Ботпановты еске алу кешінде Әділдің сөзіне жазған өзінің «Сәлеметсіз бе?» әнін орындауға келмей қалған әншіні: «Осы әншілер сыған сияқты ғой. Әр жерде жүре береді. Бүгін міне келмей қалыпты. Бір жерде жүрген шығар сыған құсап», – деп жұртты ду күлдірген. Өткенде Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық кешіне барғанбыз. Қалдыбек Құрманәлі Бекжанның композиторлық қырын мақтаймын деп, «бүлдіріп» алды. Онысын өзі сезбеді-ау тағы… Қалекең сахнада інісіне жылы лебіз білдіріп тұрып: «Бүгінде композитор көп. Бірақ әндері елдің есінде қалмайды. Мысалы, ана бір Нұрлан деген жігіт бар ғой, сап-сары. Өзі күле береді. Сол 400 ән жаздым дейді. 400 әнінің біреуі де менің есімде жоқ», –

деп қалғаны. Залда отырған жұрт Нұрлан Еспановты айтып тұрғанын бірден түсінді. Еспановтың жазған әндерін ылғи керемет туындылар демейміз. Бірақ Қалдыбек Құрманәлі 500 адамның алдында оның шығармашылығын жоққа шығармаса керек-ті. Тұспалдап айтсын, астарлап айтсын, бірақ дүйім жұрттың алдында бұлай сөйлеу жарамас. Біреуді сүмірейте «жерлеу» арқылы екінші адамды мықты деп «мөрлеу» дұрыс емес қой. Жақында Қалдыбек Құрманәлі Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып қызметке кірісті. Осы жаңалық әлеуметтік желіде жылт етіп еді, бір әріптесіміздің: «Үш жасы кем елуге келгенде боқтап сөйлеуді азайтуы қиын шығар-ау», – деп жаза салғаны. Арсың-гүрсің ағамыз мемлекеттік қызметті абыроймен атқарса жарар еді. Жиналыстарда сөйлегенде өзінің аңғалақтығына салып, бірдеңені бүлдіріп алмаса болды, әйтеуір. Қалай десек те, белгілі композитордың елге қайтып, туған елдің тіршілігіне араласқаны дұрыс болған екен, бірақ.

Алтынай  алдымен ана ғой…

Алтынай Жорабаеваның өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүріп, бүгінде 4 балапанның анасы болып отырғаны көңіл сүйсіндіреді. Сондықтан да әріптестеріміз әншіні отбасылық бағдарламаларға жиі шақырады. Былайғы сұхбаттарда да Алтынайдан: «4 баласы бар анасыз, әрі сахнаның адамысыз. Ылғи гастрольде жүресіз. Мұнан сырт әйел адамның өмірі бітпейтін шаруалары бар. Балаларыңызға қарайсыз. Осының бәріне қалай үлгеруге болады?» – деп сұрап жатады. Алтынайға ең жиі қойылатын сауал осы десек артық емес. Әншінің осы сұраққа: «Бала күтімімен айналысатын күтуші ұстаймыз. Туып бергенім болмаса, балаларға негізінен күтушілер қарайды. Екі ай ғана омырауда ұстаймын. Өзім үйде отырғанға шыдамайтын адаммын. Босанған соң біраз уақыттан кейін-ақ сахнаға шыға беремін», – деп жауап бергенін бірнеше рет естідік. «Алтынай ән салмаса, аспан құлап қалмайды ғой, мұнысы несі?» – деп таңқалдық та қойдық.

«Үш қыз»

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Қанат Ғұмаров айтады:

    Керемет материал!!!

  2. Самат айтады:

    Баян, Қалдыбек, Алтынай. Үшеуінің де ақылдылығы шамалы. «Сырт көз сыншы» екенін ескермейтіндер қатарынан ғой…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: