БАЛА КЕЗДЕ ӨЛЕҢ ЖАЗСАМ, КЕЙІПКЕРІ МҰҢДЫ БОЛАТЫН…

Біз де бала болғанбыз

Құлбек Ергөбек:

БАЛА КЕЗДЕ ӨЛЕҢ ЖАЗСАМ, КЕЙІПКЕРІ МҰҢДЫ БОЛАТЫН…

«Жасөспірімдерге «спортшы-ларға елікте, соларға қарап бой түзе» дейін десең, көбісінің интеллектісінен шошисың. Сахнада жарқылдап жүргендер тағы да үлгі болып жарытпайды…» Осы сөзді мектеп мұғалімі айтып отыр. Ол кісінің ойынша қазақта идеал болатын адам жоқ сияқты. Неге болмасын? Мысалы, маған анау үлкен ауыл сияқты Түркістанды қалалық кейіпке жақындатқан екі адамның өнегесі ерекше әсер етеді. Бірі – Райымбек Сейтметов. Әртісі жоқ жерге барып, балаларды өнерге баулып оқытты, театрдың іргесін қалады. Екіншісі – Құлбек Ергөбек. Ұстазы Бейсембай Кенжебай атындағы мұражай мен теңдесі жоқ Түркітілдес халықтардың кітапханасын ашты. Егер еліңе пайда тигізгің келсе, осындай істер жаса. Әйтпесе, кәсіпкерлердің халықтың игілігі үшін деп, алақан-дай ауылда алты мешіт салып таста-ғанын да көрдік. Негізгі айтайын дегеніміз бұл емес еді…

Түркістандағы әдебиет сын-шысы, ғалым Құлбек Ергөбекпен жиі сөйлесіп тұрамын. Көбіне өзгелер жайында сыр шертеміз. Өткенде кездескенде өзі жайлы, балалық шағы туралы әңгіме-лестік… «Өсемін» деген балаға өнеге болар сөздерін жазып алдық…

«Жалғыз байлығымыз – есек еді»

Менің де балалық шағым ешкімге ұқсамаған соң, әдебиетке келген шығармын. 6 жасымда әкеден жетім қалдым. Бірыңғай ананың тәрбиесін көрдім. Туған жерім – Отырар. Онда көденің түбін қозғап қалсаң, тарих сөйлеп қоя береді. Содан ба екен, ұлтымыздың тарихына, тарихи тұлғалардың өміріне қызығып өстім. Бірақ, тарихшы емес, философ болғым келді. Философия факультетіне түсе алмадым. Ол кезде философияға кілең басшылықта отырған кісілердің балалары түсетін. Алайда филология фа-культетіне түскеніме өкінбеймін. Өйткені, филфакта журфакқа қарағанда тереңдеу оқытады.

Егер көркем шығарма жазса, менің балалық шағымнан «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» сияқты туынды туар еді. Бірінші сыныпқа Түркістан өңіріндегі Балтакөл елді-мекеніндегі мектепке бардым. Бір ай оқыдым да, қоя салдым, жол қашық болды. Сосын біз көшіп кеттік. Үйде төрт ұлмыз. Жесір ана, жетім балаларға ағайынның ортасында отыру жайсыздау болды. Әкеміз недәуір ауқатты болған кісі еді. Әкей қайтыс болғасын, оның малын сол өңірдегі ұры-қары әкетті, ағайын-туыс «жетім балалар малға қайдан ие болсын» деп бөлшектеп-бөлшектеп алып кетті. Жесірді әмеңгерлікпен алғысы келгендер де болды. Анамыз парасатты кісі еді. Олардың шын мәнінде бізге әке бола алмайтынын сол кезде пайымдаса керек. Төркінінен адам шақырып, бір түнде көшіп кеттік.

Ол кезде ағам 9 жаста, мен 7 жаста, жетегінде 3 жасар, қолында 8 айлық баласы бар анамыз бізді жетілдіруді ғана ойлады. Біз солай Арыс қаласында өстік.

4-сыныпқа дейін сабақты нашар оқыдым. Біздің кезімізде ер мұға-лімдер көп болатын. Оларды балалар қорыққаннан сыйлайтын. Сол мұға-лімдердің көбісі мүгедек еді: біреуінің құлағы, біреуінің аяғы, біреуінің қолы, біреуінің көзі соғыста жаралы болғандар. Олардың соғыс туралы әңгімелері, жарымжан кейіптері бізді ерте есейтті. Егер мен әдебиеттің өкілі болсам, осының барлығы менің әдебиетке келуіме әсер етті ғой деймін.

Біз оқыған мектептің директоры Пернебек Үсенбаев деген кісі болатын. Ол атақты әншіміз Нұржамал Үсенбаеваның әкесі. Пернебек ағайымыздың мамандығы – тарихшы. Бірақ, тарихшы болғанымен, әдебиетке бейім, өлең жазатын кісі еді. Әдебиет пәнінен беретін Тұрсынбек Бейсенов сынып жетекшіміз болды. Осы екі кісі мектептен шығатын «Жас қалам» атты қабырға газетіне алғаш шыққан өлеңдерімді өңдеп беріп, мені руханиятқа баулыды. Алғашқы өлеңдерім – жетім баланың тағдыры туралы еді. Жұрттың өзі қатарлы баласы ойнап жатқанда, менің кейіпкерім ойнамай тұратын. Жұрттың балалары жақсы киініп жүрген кезде, менің кейіпкерім мектептің жетім балаға үлестіретін жәрдем киімін киетін. Менің кейіпкерім 4-сыныпта оқып жүріп, бүкіл ауылдың қойын бағатын. Сол кейіпкерімнің тағдыры – менің тағдырым еді. Айналдырған он қойымызды төлдетіп, жүнін қырқып, киіз басып, Ташкентке апарып сататынбыз.

Дулат Исабеков жазатын дерменемен қатар, итсигек, есекмия деген шөп-дәрілер өседі. Жаз бойы дермене орып, зауытқа өткіземіз. Одан әжептеуір ақша алатынбыз. Нәпақамыздың бір көзі осы болатын. Бір жағынан жүгері де егетінбіз. Сөйтіп, жаз бойы тынбай еңбектеніп, қыста жейтін азығымызды табатынбыз. Бала кезде өлең жазсам да, әңгіме жазсам да, кейіпкерлері осындай мұңды болды.

Жетінші сыныпқа дейін Арыс қаласында оқып, содан соң өзіміздің туған ауылымызға қайттық. Бір жағы менің ағам Берсімбек Сәрсенов пен әнші Ақжол Мейірбеков екеуінің сотқарлығы туған жерге қайтуымызға себеп болды. Екі ағам көшедегі электр желісіндегі ақ тастарды рогаткамен атып сындыратын әдет тапты. Олар-дың бұл сотқарлығы мектепке жетті. Оны естіген анамның жаны жай таппады. Төртеуімізді жиып жиналыс өткізді. «Қарақтарым, сендер ұл бала-сыңдар. Жүрген жерлерің нағашы жұрттарыңдыкі. Ұл бала өзінің туған жерінде өсуі керек. Сондықтан, ертең көшеміз», – деді. Сол жолы Арыстан Отырарға қайта көштік. Жүгімізді машинаға артып жібердік. Жалғыз байлығымыз – есек еді. Оны үлкен ағам мен Көпен Әмірбек (Көпеннің әкесі менің әкемнің інісі – Қ.Е.) сол есекті мініп кетті. Анамыз екеуміз он қойды алдымызға салып, жаяу айдадық.

Ой-түйін: Өткен оқу жылы аяқтала бере Алматы облы-сында бір мектеп оқушылары мен ата-аналары телеарна шақырып, шағым айтты. Сондағысы – мектептің айнала-сын тазалап, ағаш әктеп, көшет отырғызғандарына наразы болған. Қайбір жылы Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен саяхат-қа шықтық. Сонда көрдік, соқталдай қыздардың дастархан жайып, ыдыс-аяқ жууға икемі болмады. Бұл қылықтарына назаланып, тәрбиешілерге: «Балаларыңызға ештеңе үйрет-пегенсіздер ме?» дедік. Сөйтсек, балаларды артық-ауыс жұмсай алмайды екен. Қит етсе, баланың еңбек құқығы туралы заңды айтып шығатын көрінеді. Бүгінгі балалар еңбек етудің қандай еке-нін ұғына бермейтін сияқты… Ал кешегінің еңбек еткен баласын қарашы

«ӘНУАРБЕК ДҮЙСЕНБИЕВ пен КӨПЕН ӘМІРБЕК ОҚУҒА ТҮСІРДІ»

Әдебиетке біржолата мойын бұруыма Көпеннің де ықпалы болды. Ол жастайынан «Қазақстан пионеріне» өлең, мақала жазып тұратын. Соған еліктедім. Бала кезімде өзім бақытты болмасам да, кейіпкерлерім бақытты болса ғой деп қиялға берілетінмін. Бірақ, оқуға түсемін деп ойламаппын. Ауылда жүргенде құрылыс материалдарына қарауыл болатынмын. Өмір бойы ауыл тіршілігі-мен күнімді көрермін дейтінмін.

Мектеп бітіргенімде Көпен – 2-курстың студенті. Студент бола жүріп, өзі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев-термен жолдас екен. Жазғандары «Балдырғанда» жарияланады. Көпеннің оқуға түсуіне де Әнуарбек аға жәрдем берген. Мені де айтыпты. «Беретін түгі жоқ, жетім» депті. Ол кісі: «Өзі жазатын бала ма?» – деп сұрапты. «Жазбайды, айтады. Сұмдық оқығыш», – депті Көпен. Қысқасы, менің жетімдігімді ескеріп, Әнуарбек Дүйсенбиев оқуға түсірді. Курсқа келгенде елу бала ақын екен, оның 49-ы керемет. Мен өлеңдерімді оқуға ұялдым. Нашар екен. Бірден сездім. Дер кезінде өзіме-өзім сын көзбен қарай алғаныма қуанамын.

Ой-түйін: Тап осы сөзді естігенде, бізге келетін кейбір хаттар еріксіз есі-ме түскені. Мысалы, өткенде бір бала «Абай ағама» деп Абай Құнанбайұлына арнау өлең жаз-ғансыпты… Әрине, мұндай хаттарға көңілжықпастықпен әдемі жауап беруге тырысасың. Бірақ қолына қалам алған әрбір жас өскін Құлбек аға секілді көбірек оқып,

өзіне сын көзбен қараса екен…

ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК БЕЙСЕМБАЙ КЕНЖЕБАЕВҚА ҚАЛАЙ ҰЛ БОЛДЫ?

«Жадыра қызым, Кенжебаев туралы айт. Жас ұрпақ оның кім болғанын білсін» дейсің. Там-тұм-дап қана айтайын. Қызыққан ұрпақ өзі іздейді деп сенемін.

Оның туған жері – «Күлтөбеде күнде жиын» атанған тарихи жер, бүгінде «Бөген» су қоймасының астында қалған. Жетім өсті. Малдыбек байдың малын бақты. Кәдімгі жалақ ерін, табаны тілінген жалшы, бақташы болды. Қашып Тәшкен барды. Өзбек байына малай болды. Қыш құйды. Бақша күтті. Соңында байдың деккісіне шыдай алмай, көше кезіп кеткен. Ғани Мұратбайұлы бір топ «шпана» балаға жолығып, №4 жетім балалар үйіне тапсырған. Оның ішінде Бейсекең де бар. Ол интернатта үздік оқып, Мәскеуге оқуға аттанған. Кенжебаевтың алғашқы әдеби сын мақалаларына басшылық жасаған – Мағжан Жұмабаев.

Бейсекең абайшыл һәм алашшыл болған. Сол себептен де партиядан қуылып, қызмет бұйырмаған. Қиналғанда күйсандығын сатайын десе, көршілері «халық жауының» мүлкін алуға қорқыпты. Сол кезде қымбат кітаптарын жары Меңжамал апамыздың қойныны тығып, базарға шығар-тып, нан пұлын ажыратқан.

1979 жылы Меңжамал анамыз қайтыс болды. Өзi сырқат Бейсекеңе қарайтын кiсi болмады. Люда (Шыңғыс ағамыздың екiншi әйелi) Бейсекеңе жағдай жасай алмады. Содан Шыңғыс ағамыз өзiнiң Асқар есiмдi суретшi шәкiртiн Бейсекеңнiң қолына кiргiзiп бердi. Ол жiгiт ұзақ тұра алмады. Кетiп қалды. Бейсекеңдi қыздары – апаларымыз бiрге тұруға шақырады. Бейсекең: «Сүйегiм кемпiрiм шыққан жерден шығады. Қыздарымның үйiнен шығатын тексiз емеспiн», – деп қасарысып отырып алды. Қыздары шарасыз. Не iстеу керек?

«Тентек су» әкелi-балалы екеуiнiң арасын ашты. Келiнi – Люда – орыс қызы. Өзi жас. «Келiнiм бiр борщты маған жиырма күн iшкiзетiн» деп отырушы едi Бейсекең әзiлдеп. Әбден Меңжамал анамыздың дәмдi тағамына үйренген адамға қиын ғой бұл. Меңжамал анамыз бүкiл өмiрiн жарына арнаған, оны аялай бiлген жан едi, марқұм. Әкелi-балалы екеуiнiң арасында «арам судың» кесiрiнен келiспеушiлiк туды. Сол кезде менi Темiр-бек Қожекеев бастаған Бейсекең шәкiрттерi «Бейсекеңе бала қылып, байлап бердi». Баян женгең екеумiз шарасыз келiстiк… Өйткені, ол кезде Бейсекең төсекке таңылып жатқан еді…

Ой-түйін: Қазақ қызына бір сауал – «біз осы жар болатынымызды, келін болатынымызды ойлаймыз ба?» Әй, қайдам… Көбіміз аспаннан салбырап түскендей, ата-ана тәрбиесін көрмегендей бұл сұраққа тосырқай қараймыз ғой. Бейсембай Кенжебаев пен Құлбек Ергөбектің рухани жақындығы, әкелі-балалы болып бір шаңырақтың астында тұруы туралы ойласам – Құлбек ағаның үйіндегі Баян женгейге таңқаламын. Мына заманда ешқандай туыстығы жоқ, сал болып қалған адамды бағу кез келген әйелдің қолынан келе ме екен?! Тіпті, өз ата-анасын өзекке тебетіндер қаншама. Ал Баян жеңеше қазақтың әулие ақсақалын баққан сәулелі келін. Міне, қазақта осындай да келін бар. Тұлымы желбіреген қаракөздер осы жандарға қарап бой түзесе дейсің…

Жадыра НАРМАХАНОВА

(«Ұлан», №41, 15.10.2013)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: