Оқушы неге әлжуаз?

Көрген-білген, ойға түйген

ОҚушы неге Әлжуаз?

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде дене тәрбиесі сабағы аптасына 3 сағат өтуі тиіс. Жуырда Премьер-министр Серік Ахметов ағаларың сала басшыларына осындай тапсырма берді.

Алдымен сала басшыларының кімдер екенін айтайық. Олардың бірі – Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов. Екіншісі – Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Үкімет отырысында баяндама жасаған бас спортшы мен бас мұғалім мектептегі дене тәрбиесіне қатысты мынадай «қызық-қызық» деректер келтірді:

Еліміздегі оқушылардың 27 пайызы ғана түрлі спорттық үйірмелерге қатысады;

Президенттік тесті оқушылардың 15 пайызы ғана тиісті деңгейде тапсыра алған;

Білім ордаларының барлығы бірдей қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмаған. Кейбір орта мектептерде спортзал деген атымен жоқ;

Сыныптан тыс спорттық секцияларда сабақ беруге мұғалімдер құлықсыз. Өйткені, төленетін қосымша еңбекақы мардымсыз.

Бұған Премьер-министр былай деп жауап қайырды:

«Мектептерде әлжуаз балаларды сауықтыруға арналған дене тәрбиесі топтарын қалпына келтіру немесе жаңадан ашу керек. Қосымша дәрістер өткізетін мұғалімдердің еңбекақысын 100 пайызға көбейтуді тапсырамын».

Біздіңше, бұл – өте дұрыс шешім. Әйтпесе, «спортзалы жоқ мектеп» деген не масқара?! Әсіресе, дәл бүгінгі оқушының сабағы қиындаған, оған қосымша балалар жаппай компьютер мен ұялы телефонға телмірген заманда. Әрбір оқу орны 10-нан астам спорттық үйірмемен қамтылған АҚШ-ты айтпай-ақ қояйық, іргедегі Ресейдің өзі мектептегі дене тәрбиесіне қатты көңіл бөлуде. Естуімізше, қазір бұл елдің мектептеріне бадминтон ойыны енгізіле бастапты. Себебі, спорттың бұл түрі балалардың көру қабілетін жақсартады екен. Демек, үйренерге үлгі көп…

Қысқасы, Премьер-министрдің бастамасын қызу түрде қолдаймыз. Және де берілген тапсырма ойдағыдай орындалар деп болжаймыз.

Бағдат Мәжитов.

(«Ұлан», №29, 23.07.2013)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: