ӘЛІМЖЕТТІК:ӘДЕПСІЗДІК ПЕ, ӘЛДЕ «ӘДЕТ» ПЕ?

Ашық әңгіме алаңы

Әлімжеттік:әдепсіздік пе, әлде «әдет» пе?

Мектептегі әлімжеттік туралы мақала жазу біраз уақыттан бері ойда жүр еді. Бірақ, бұл мәселенің бір «бірағы» бар. Ешкімнің бұл турасында ашық әңгімелеп бергісі жоқ. Балалардың «құпия» әңгімесін тыңдасақ, мұндай жайттарды күнделікті қадағалап отыру мүмкін емес тәрізді. Ал қаншама өрімдей балалар күн сайын өз қатарластарынан таяқ жеп жүр…

М-агент арқылы оқырмандар арасында «Мектептеріңде әлімжеттік бар ма?» деген сауалнама жүргіздік. Ә дегеннен жүзге жуық баладан «бар ғой» деген жауап алдық. Құпиялықты сақтаймыз десек те, көптеген балалар болған жайларды ашық әңгімелеуден бас тартты. Ал баян етілген әлімжеттіктің «сюжеттері» ұқсас келеді. Сонымен, мектептегі әлімжеттіктің көрінісі қандай? Балалар бізге нені айтты? Ал мамандар не дейді?..  Танымал тұлғалар ше?

Гүлнар Жанбекова, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:

− Өткен жылдың аяғында жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікке байланысты бірнеше қылмыстық іс тіркелді. Медеу ауданында Н. деген жасөспірім С. деген оқушыдан 200 АҚШ доллары көлемінде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша құзырлы орындарға ақпарат жіберіліп, нәтижесінде Н. ақшаны алу үстінде 20.04.12 жылы ұсталған. Медеу аудандық сотының шешімімен Н. 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазір қаланың барлық мектептерінде арыз-шағым жәшіктері мен сенім телефондары, бейнебақылаулар орнатылған. Жасөспірімдердің құқығын бұзушылыққа байланысты дабыл түскен жағдайда, заңмен қарастырылған қорғау шаралары жүзеге асырылады.

Ақниет, оқырман:

– Біз мектепте оқып жүргенде сыныбымыздың балалары сабаққа кешігіп кіретін. Себебі, жоғары сыныптың жігіттері орта жолдан «гопстоп» жасайтын. Кейін біз 11-сыныпқа көшкенде, біздің ұлдар да кіші сыныптағы ұлдарға әлімжеттік жасай бастады. «Бұларың не? Ондайды қойсаңдаршы?!» десек, «қашаннан бергі салт қой, жоюға болмайды» дейтін.

Дина, оқушы, Алматы облысы, Алакөл ауданы:

– Менің ағам ауылда ата-әжемнің қолында тұрады. Өткенде әжем қалаға келгенде бізге бір жайды айтты. Ағамның сыныбының ұлдары түстен кейін өтетін қосымшаларға барғысы келгенмен, бармайды екен. Себебі, өздерінен жоғары сыныптың ұлдары ақша сұрайтын көрінеді. Апамның айтуынша, мұғалімдер жай ғана тәрбие сағатын өткізеді де, одан кейін бұл мәселені жылы жауып қоя салады екен. Ал, ағамның сыныптастары 9-сыныпқа көшкелі бері далаға да шықпайтын болыпты. «Старшактардан» қорыққаннан, үйде қамалып отыруға мәжбүр.

Бейбарыс, 5-сынып оқушысы, Қызылорда облысы, Қазалы қаласы:

– Оқу жылының басы еді. 6-сыныптағы бір ірі денелі бала бізге: «Ертең әрқайсысың 10 теңгеден алып келіңдер», − деп «зекіп» кетті. Жоғары сыныптар үшін «салық» көлемі арта береді. Біздің сыныпта 18 ұл бала оқиды. Есептей беріңіз… Содан ер мұғалімнің біріне айтып, бұл оқиға әйтеуір жақсы аяқталды.

Жадыра, 10-сынып оқушысы, Алматы облысы, Райымбек ауданы:

– Әлімжеттік біздің мектепте күнделікті орын алуда. Сұраған ақшасын бермесе, таяққа жығылады. Уақытында ақшаны төлеп үлгермеген баланы «счетчикке» отырғызады. Мектеп инспекторы осындай жайларды естіп, талай тексеру жүргізді. Бірақ, әлімжеттік жасаушыларды мойындату қиынға соғады. Өйткені, зардап шегуші балалардың өздері ешнәрсені ашып айтпайды. «Менен ешкім ақша сұрамады, мені ешкім соққыға жыққан жоқ» деп жауап береді. Жақ ашқаны «сдавала» атанады.

Данияр, 8-сынып оқушысы:

– Бір мәселе бар: әлімжеттік көрген бала ағайларға, ата-анасына айтуға қорқады. Айтса, бітпес бәлеге қалады. Ал маған әлімжеттік жасалған жоқ, себебі мен «толпада» жоқпын.

Ермахан Ыбырайымов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

– Мен 1979-1989 жылдар аралығында оқушы болдым. Бастапқыда Тараз қаласындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатта, 9-10 сыныптарды Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында оқыдым. Өзім оқыған мектептерде әлімжеттік болған емес. Балаларымның бәрі Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясында оқиды. Олардың бірде-бірінен мұндай әңгімені естіген емеспін. Бұл мектептің тәртібіне байланысты, меніңше.

Мектептерде елге белгілі азаматтармен кездесулерді жиі өткізіп, балаларға өнегелі әңгіме көбірек айтылуы тиіс. Солайша тәртіпсіз балаларға ой салуға болатын шығар, бәлкім.

Саят Медеуов, әнші:

– 8-сыныптан соң Алматыға училищеге оқуға келгенде, «дедовщинаның» не екенін сонда білдік. Жоғары курс ақша сұрайтын, жақсы киіміңді тартып алатын. Арасында таяқ жеп жүріп, жоғары курсқа біз де жеттік. Сонда біздің қатардағы балалар ұзақ жылдық «дедовщинаның» ол училищеде тоқтатылуына себепкер бола білді. Қарап отырсақ, мұның бәрі адамның санасына байланысты.

Менде ұл жоқ, бәрі қыз балалар. Сол үшін де шығар, ондай тақырып үйімізде сөз болмапты. Ал өткенде нағашымның екі ұлынан сондай жайды құлағымыз шалып қалды. Үлкені Фархат мектеп бұзақыларынан таяқ жеп қалса керек. Сөйтсе, кішісі Данияр ағасын ұрғандардың сазайын тартқызып, өзі «есептесіп» жүр екен. Сонда үлкені кішісіне: «Оларды ұрмай-ақ қой. Сен кейін әскерге кеткенде, олар менен келіп қайтадан өш алса қайтем?» − деген көрінеді. Ал, бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Жалпы, мектептерге қатаң тәртіп орнатылуы тиіс. Әлімжеттік жасаған оқушыны қатаң жазалау керек. Сонда басқалар да аяғын аңдып басатын болады.

Анна Мергенбайқызы, психолог:

– Саят Медеуовтің мысалындағы ағалы-інілі балаларды алайық. Бұл жерде ағасының дене күшінен гөрі психологиялық тұрғыдан әлсіздігі басым. Екеуі бір отбасында өссе де, көзқарас, қарым-қатынастары әртүрлі. Бірі – қорқақтау сияқты, бірі – батылдау. Мүмкін, әкесі үлкен ұлына қаталдау болған шығар? Балада үрей бар. Ал, екінші ұлына жылырақ сөз сөйлей білген, қажет кезінде қолдай білген. Баланың бойындағы батылдық пен сенімділік соның айғағы.

Шындығына келсек, әрбір зәбір көрсетуші баланың өзі де бейбақ. Осыдан біраз жыл бұрын сондай бір қызды анасы маған «сабағы нашарлап кетті» деп ертіп келді. Анықтай келгенде, ол қыз мектептегі әлімжеттік жасаушы топтың «бригадирі» боп шықты. Қыздарды ұрады екен. Ақша жинап алады. Сөзге тартсаң, әжептеуір жақсы қыз. Сонда неге тәртібі нашар? Сөйтсек, әкесі сол кезде түрмеде жазасын өтеп жатыпты. Қыздың шешесіне де реніші жоқ емес. Ата-анасына деген ыза-ренішті қалай шығаруды білмегендіктен, өзінен әлсіз адамды ұрып-соға берген.

Бұл мәселенің тағы бір қырын айтайын. Өткенде маған бір жеткіншек ұл бала келді. Алматыда зиялы отбасында өскен бала. Бірде мектептен үйіне келе жатып, көше кезген бір топ бұзақыға ұсталып қалыпты. «Біреу болса, қашып құтылар ма едім?» дейді. Бірақ, олар көп болған. Бас амандығы үшін қалтасындағы барын беріп құтылған. Оны әкесіне айтса, «қыз емессің ғой, ондай әңгімелеріңді маған айтушы болма» деп жекіген. Ал жасөспірім болса, осындайда өзін қорғай алатындай қандай да бір спорт секциясына қатысуды сұраған. Әке баланың сөзіне құлақ аспай тұр.

Көрдіңіз бе, отбасында түсіністік болса, баланың бойында ашу-ыза, біреуден кек алу деген мінез болмайды. Баланың айтар мұңы мен сырына құлақ асатын ата-ана болса, шіркін!

P.S. Алматы қаласының Әуезов ауданында 9-11 сынып оқушылары арасында  құпия анықтама жүргізілгенде, «бізде бәрі жақсы» деп тыныш «құтылған». Сенім телефондарына сенбейді. Шын мәнісінде, әлімжеттік тоқталмай тұр. Оған жоғарыдағы балалардың сөзі кепіл. Халқымыздың тәрбиесінде «кішіге ізет» деуші еді. Қазіргінің балалары «дедовщинаны» қай салтқа балап жүр? Әлімжеттік жасаушы баланың өзі ол әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылатынын біле ме? Білмесе, мына баптан оқысын.

15-бап. Қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасы

1. Қылмыс жасаған кезде он алты жасқа толған адам қылмыстық жауапқа тартылады.

2. Қылмыс жасаған кезде он төрт жасқа толған адамдар кiсi өлтiргенi (96-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (103-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зардап келтiргенi (104-бап, екiншi бөлiк), кiсi тонағаны (178-бап, екінші, үшінші бөліктері), ұрып-соққаны (179-бап), қорқытып алғаны (181-бап, екінші, үшінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлардағы бұзақылығы (257-баптың екiншi, үшiншi бөлiгi) үшiн қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнен)

Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №7,19.02.2013)

Сізге ұнауы мүмкін...

3 пікір

  1. Орынай айтады:

    Байтуғанова Орынай,8 Б сынып оқушысыМенің пікірім мұндай жағдайлардың болдырмауына көп жағдай жасау керек деп ойлаймын.Біздің мектепте ешқашанда бұндай жағдай орын алған емес және орын алмайдыд д адеп ойлаймын

  2. Мөлдір айтады:

    Біздің мектепте де мұндай жағдайлар орын алуда.Сыныптағы балалар күнде қыздардан қарызға ақша сұрайды.Себебін сұрасақ ешкім ашып айтпайды.Егер айтса басының бәлеге қалғаны.Қатарлас балаларының алдында стукач атанып бүкіл балалардан таяқ жеп жүреді.Бұл жайлы мектептегі бір бала айтқан болатын.

  3. Мөлдір айтады:

    Біздің мектепте де мұндай жағдайлар орын алуда.Сыныптағы балалар күнде қыздардан қарызға ақша сұрайды.Себебін сұрасақ ешкім ашып айтпайды.Егер айтса басының бәлеге қалғаны.Қатарлас балаларының алдында стукач атанып бүкіл балалардан таяқ жеп жүреді.Бұл жайлы мектептегі бір бала айтқан болатын.Өмірі қорқумен өтіп бара жатқан балаларға жаным ашиды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: