«ҚАРЛЫҒАШ» ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЛАЙ ҚУАНТТЫ?

Тұңғыштар

«ҚАРЛЫҒАШ» ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЛАЙ ҚУАНТТЫ?

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Сөз басы


Бала кезімізде бізді әжем жанына шақырып алып, ең қызық ертегілерін айта бастайтын. Солардың ішінде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегі де бар-тұғын. Ниеті бұзық айдаһарға өшігіп, маса атаулыны жек көріп, ауыз үйге ұя салған, адамзат баласының досына айналған қарлығашқа махаббатым оянып ұйықтап кететін едім.

«…Болыпты бір қарлығаш

Зұлымдыққа жаны қас…», – деген жолдар санамызға ұялап қалғаны соншалық, даладан қарлығашты көре қалсақ, «қарлығаш біздің досымыз, міне біздің қосымыз» деп шуылдасып қалатынбыз. Мектеп табалдырығын аттаған кезде, қарлығаш туралы екінші ертегіні білдік. Ол ертегіде ұядағы балапандарына жем алып келе жатқан қарлығаштың ұясына жылан келеді. Балапандары шырылдап, өзі шыр-пыр болған қарлығаш кімнен көмек сұрарын білмей ұшып жүргенде, дәуітке кез болады. Бар жағдайды дәуітке айтып береді. «Қынабында қылышы» бар дәуіт: «Көмектесейін»,– дейді. Қуанып кеткен қарлығаш оны қанатына отырғызып алып, ұясына апарып тастайды. Дәуіт жыланның екі көзін шұқып алады. Ал жылан болса, қарлығашқа атылып, тілінің ұшымен құйрығын іліп әкетеді. Содан бері қарлығаштың құйрығы айыр екен деседі…

Осы екі ертегі арқылы біз табиғат пен адам арасындағы нәзік байланысты біліп өстік.

Тағы бір аңыз Төле би бабамызға қатысты еді. Елге жау тиіп, алмағайып күн туып, халық үдере көшіп жатқанда, жалғыз Төле би үйін жықпапты. Жоңғардың қолбасшысы келіп: «неге көшпей отырсың?» дегенде, «шаңыраққа ұя салған қарлығаш бар еді. Балапандары әлі қызылшақа. Балапандарын қанаттандырмай, үйімді жыға алмаймын» депті. Сонда жоңғар батыры «бұл бір әулие кісі екен, кейін қайтайық» деп, қалың қолын кері алып кеткен екен. Содан бері халық Төле биді «Қарлығаш әулие» атап кетіпті.

ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАЙДАРОВЫ


Қазақ халқы осылай құрметтейтін қарлығашқа бір ескерткіштің керегі анық еді. 1967 жылы Әмен Қайдаров аталарың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың тұңғыш мультфильмін түсірді.  Ертегінің желісі бойынша түсірілген фильм әлемнің 48 елінде көрерменге ұсынылып, Ленинград қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде Бас жүлдені, 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультфильмдер фестивалінде қола жүлдені иеленді. Мультфильмнің түсіру жұмысына бір жарым жыл уақыт кеткен. Сол кездегі киноиндустрия саласына басшылық жасаған қазақтың біртуар ұлы Камал Смаилов көп көмек көрсетіп, туындының жарық көруіне септігін тигізген. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиев қазақтың алғашқы мультфильмін музыкамен әрлеген. Бұдан басқа «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Күн сәулесінен пайда болған көжек», «Қожанасырдың қызықтары» атты үздік мультфильмдердің авторы Әмен аталарың тоқсан жасқа таяп қалды. 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген Әмен аталарыңның әкесі Әбжан ақсақал оқыған, ел ішінде алғашқы театр құрып,  мәдениет саласында біраз қызмет еткен. Салиқалы отбасында дүниеге келген Әмен аталарың Алматыдағы суретшілер училищесін бітіріп, 1958-1965 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетін тәмамдаған. 1965 жылдан еңбек жолын «Казақфильм» кино-студиясында бастаған Әмен Әбжанұлы бүгінгі күнге дейін осы салада жемісті еңбек етті.  Қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған қария Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз.

ҚАРЛЫҒАШ пен СПАНЧ БОБТЫҢ АРАСЫ

Бүгінгі техниканың заманында теледидар туралы сөз айтудың өзі оғаш болып қалды. Егер телеарналарда қызықты мульт-фильмдер жоқ болса, дискі сатып алып, болмаса, интернеттен тауып, бүлдіршіндерге көрсете береміз. Оларға басқа қызықтың да керегі жоқ. Спутниктік телеарналар да балалардың бұл сұранысын қанағаттандырып жүр. Nikelodeon, Jetix, CN арналарының тұрақты көрерменіне айналған олар «Өрмекші-адам», «Тасбақа-Ниндзя», «Робот-полицей», «Спанч Боб» секілді сүркейсіз кейіпкерлерді өздерінің өмірлерінің ажырамас бөлшегіне айналдырды. Жақында ғаламторды ақтарып отырып, бір замандасымыздың жазбасын көзіміз шалып қалды.

1-сыныпты үздік аяқтаған 6 жасар ұлын мақтап отырып:

– Жарайсың! Үнемі осылай ақылды болып, жақсы оқысаң, кейін өскенде Президент боласың, – депті.

– Жоқ! Президент болмаймын!

– Енді кім боласың? – деген анасына:

– Өрмекші адам боламын! Ол сондай керемет! Қолынан бәрі келеді! Бәріне көмектеседі! – деп жауап беріпті.

Осыдан жарты ғасыр бұрын жарыққа шықса да, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Ашкөздіктің азабы» сияқты мультфильмдер өміршең. Бала жүрегіне ізгілік нұрын құйып, жақсылыққа бау-литын, адамгершілік, адалдық, мейірімділікке тәрбиелейтін. Біз бала күнімізде көріп өскен орыс мультфильмдерінің дені жан-жануарлар, хайуанаттар туралы еді. Соны көріп отырып, тіпті бүлдіршіннің қоршаған орта, жанды-жансыз табиғат туралы түсінігі, бейнелі ойлауы қалыптасатын. Ал қазіргі Спанч Боб, Арнольд, Джимми Нейтрон, Джинджер сияқты, түрін түсіңде көрсең шошитындай, ұсқынсыз кейіпкерлердің бала санасына оң ықпал тигізетіні өте күмәнді.

Мультфильм – тәрбие құралы. Сол арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы қалыптасып, туған тілге, тарихқа, болашаққа деген сүйіспеншілігі оянады. Қазіргі «Алдар Көсе» мультфильмінің орны да ерекше. Тек қана жоқты айтып, ауызды құр шөппен сүрте беруге болмас. Барын бар, жоғын жоқ деп айтып отырмыз. Мультфильм индустриясы жақсы дамыған елдерде психолог мамандар, педагогтар мен әлеуметтанушылар осы сала бойынша арнайы жұмыс істеп, түсірілуге тиісті фильмнің мемлекеттік идеологияға сай болуын жіті қадағалап отырады екен. Біз де егер ұрпағымыз қазақы жанды, өткен мен болашаққа бейтарап қарай алмайтын саналы ұрпақ болып өсіргіміз келсе, өзге елдердің жақсы жақтарын үйренсек болар еді.

СӨЗ СОҢЫ

Осы ойымның көбі Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне 45 жыл толуына байланысты өрбіді. Мультфильмді тауып алып, қайта көріп шықтым. Қандай өнегелі туынды десеңші!

Осыдан біраз уақыт бұрын қаладағы нағашымның үйіне барсам, немерелері қолымнан тартып компьютердің алдына сүйрей берді. «Қошқар мен теке» дейді. Мен түсінер емеспін. Бір кезде аналары кеп, сондай мульфильмнің бар екенін айтып, өзі қойып берді. Қошқар мен текенің арасындағы жиырма минутқа созылған хикаяның айтпақ ойы: елді, Отанды сүю. Түсірген  «Сақ» киностудиясы екен. Жетекшісі – Нұриддин Паттеев. Өте қызық. Тілі де жеңіл, оқып отырған адамдардың да дауысы жағымды. Бүлдіршіндер күніне екі-үш рет көреді екен. Қатты қуандым. Қиналдым. Қуанғаным қазақтар өзіміздің бүлдіршіндерге лайықтап, ұлттық туындылар жасай алады екен. Қиналғаным, оны тек қолы жеткендер көре алады. Үйінде компьютер болса, ол ғаламторға қосылып тұрса, әңгіме бөлек қой. «Әттең» дейсің…

Қазақ мультфильмдері көбірек түсірілсе екен. Телеарнадан үзбей беріліп, бүгінгі балалардың көз қуанышына айналса екен. Тілегіміз осы ғана.

(«Ұлан», №46,13.11.2012)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: