«ПРАГА – ҒАЖАП ҚАЛА, БІРАҚ ҚИЫНДЫҚТАРҒА ДА КӨП КЕЗ БОЛДЫМ»

Жырақтан білім іздесең…

Ғалия ҚАРИ, Чехияның Қаржы және басқару Жоғары мектебінің магистранты:

ПРАГА – ҒАЖАП ҚАЛА,

БІРАҚ ҚИЫНДЫҚТАРҒА ДА КӨП КЕЗ БОЛДЫМ


Біз бұл жолы  Чехия еліндегі оқу туралы баян етпекпіз. Әлемге «Шкода» автокөлігі, ыдыс-аяғы мен атақты Карловы Вары шипажайымен  әйгілі ел шетелдік студенттердің көптігімен де танымал. Бір ерекшелігі сол, бұл елде шетел студенттері тегін оқи алады. Иә, Чехияның мемлекеттік оқу орындарында чех тілінде  оқу  ақысыз. Ал жекеменшік  оқу орындарында оқу ақылы. 1999 жылы Чехия Болон үдерісіне қол қойып, еуропалық Бірыңғай Жоғары Білім жүйесіне қосылған болатын. Соның арқасында чехиялық диплом Еуроодақ құрамындағы кез келген елде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бұл елде орыс немесе ағылшын тілді ЖОО-лар да бар. Олардың оқу бағасы – кем дегенде 4000 еуродан жоғары.

Айдарымыздың қонағы – Ғалия Қари. Ол бүгінгі күні Чехияның астанасы Прагада білім алуда. Жас қаржыгер сұрақтарға жауап беру барысында «…жақсы, бірақ…» деген тіркесті жиі айтып қалды. Болашақта Чехияда білім алуды көздеген талапкерлер осынау көптеген «бірақтардан» сақтана білсін деп тілейміз. Алматылық арудың чех елінде оқыған бес жылдық тәжірибесі өздеріңе сабақ болар деген сенімдеміз.

Ұлан: Ғалия, Чехияда білім алуыңа кім себепші болды?

Ғалия: Чехияда білім алуды анам екеуміз  мектеп бітірмей тұрып шешкен едік. Менің мақсатым – Еуропада сапалы білім алып, келешекте  өз елімнің экономикасының дамуына үлес қосу. Неге Чехия дейсіз ғой? Өйткені, Чехия Еуропаның дәл ортасында орналасқан. Бұл менің әр алуан мәдениетпен танысып, әлемнің түпкір-түпкіріндегі адамдармен кездесуіме мүмкіндік берді. «Бір тіл – бір халық» демекші, чех тілін үйренгенім де артық болмайды.

Ұлан: Ал чехиялық оқу орнына оқуға түсуге қалай дайындалдың? Қандай оқу орнын, қандай мамандықты таңдадың ?

Ғалия: Мен – Алматы қаласын-дағы № 141орта мектептің түлегімін. Прагаға 2009 жылы күзде чех тілінен дайындық курсын оқуға келдім. Жарты жыл тіл үйреніп, сәуір айында ESMA-CMI (Escuela Superior de Marketing y Administracion – Czech Managment Institut) институтының экономика және менеджмент факультетіне оқуға түстім. Ал қазір VЉFS (Vysokб љkola finančnн a sprбvnн – Қаржы және басқару Жоғары мектебі) университетінде магистратурада аудит және бақылау мамандығы бойынша білімімді жалғастырудамын. Қаржыгерлік мамандықты таңдауыма отбасымның ықпалы зор болды. Өйткені, менің отбасымның мүшелері – түгел экономика саласының мамандары.

Ұлан: Тегін білім алушылардың бірісің бе?

Ғалия: Жоқ, мен жекеменшік университетте ақылы негізде білім алудамын.Чехияда тегін білім беретін он шақты мемлекеттік университет бар. Мемлекеттік ЖОО-да оқу үшін үлкен талап пен еңбек керек. Талаптанбасаң, оқудан шығып қалуың мүмкін. Мемлекеттік оқу орнына оқуға түсу үшін чех, ағылшын тілдерінен және таңдау пәнінен (мамандық түріне байланысты) тест тапсырасың. Бір қызығы, бұл елде бакалавриатта 3 жыл, магистратурада  2 жыл оқисың. Сосын оқу жылы міндетті түрде біздікіндей күзде басталмайды. Мә-селен, мен бакалавриатта оқуымды көктемде бастадым. Бір жылда үш семестр оқытылады.

Ұлан: Оқуыңның жылдық тө-лемақысы қымбатқа түскен жоқ па?

Ғалия: Бакалаврда жыл сайын 3 мың доллардан төледік. Жалпы бұл елдегі оқу орындарының жылдық оқу бағасы 2 000 – 10 000 евро ара-лығында.

Ұлан: Чехия мемлекетінің шетелдіктерді тегін оқытуының мәнісі неде?

Ғалия: Шетелдік студенттер пәтер жалдайды, күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктеріне қаржы жұмсайды. Осы арқылы мемлекет қазынасына қаражат құяды.

Ұлан: Бұл елде шетелдік студент-терге қандай қолайлы жағдайлар бар?

Ғалия: Тегін оқумен қатар, қолжетімді бағада жатақханалар ұсынады. Мәселен, студенттік жатақханалардың ақысы адам басына 20 000 теңге мен 45 000 теңге аралығында. Ал мен қала орталығында Айдана есімді құрбыммен бірге  пәтер жалдап тұрамын. Қымбаттау, әрине. Айына 70 000 теңгеден шығады.

Ұлан: Чех тілін қанша уақытта және қаншалықты меңгердің?

Ғалия: Прагаға келгенге дейін чех тілінде бір ауыз сөз де білмедім. Алғашқы жарты жыл бойы екі сөздің басын әрең құрап айтатын едім. Әйткенмен, университетке оқуға түскен бойда чех азаматтарымен сөйлесу арқылы тез арада үйреніп кеттім. Енді чех тілінде еркін сөйлеймін. Еш қиындықсыз жаңалықтарды тыңдап, көркем шығармаларды оқи аламын.

Ұлан: Алғаш Прагаға келген кезіңдегі әсерлеріңді еске түсірші, қандай қызықтар мен қиындықтарды бастан кештің?

Ғалия: Білесіз бе, мен ертегіге тап болғандай әсерде болдым. Қайда бұрылсаң да, әдемі ғимараттарды көресің. Ғажайып әлемнің кейіпкері шығармын деп қиялға берілгенім есімде… Гете атышулы «Фаусты» жазған, Моцарт ең алғаш өзінің симфониясын ойнаған қалада өмір сүріп жатқаныма сене алмай жүрдім. Келе салысымен театр, мұражайларды аралап, ел мәдениетімен, тарихымен етене таныса бастадым. Чех астана-сы өзінің готикалық үлгідегі сәулетімен және әлемдегі үздік инфрақұрылымымен танымал. Қала – тыныш. Әр бұрышта бейнебақылау орнатылған.

Дегенмен, алғашында көптеген қиындықтарға да тап болдым. Туған үйім мен елімнен жыраққа аяқ басқанымда бар-жоғы 18 жаста едім. Бұл жаста ата-ананың құшағындағы аңғал баланың бірі болдым. Айналама таңғалып жүргенімде жаңажылдық каникул уақыты таяп, Алматыға демалысқа барып келдім. Прагаға қайта ұшып келгенімде курстың жалғасар сәті кешеуілдей берді. Оқытушы ауырып жатыр деді. Осылайша, күн сайын оқуға бос барып, бос қайтып жүрдік. Бір апта өтті, екі… үш… Ал, чех тілінен курсты жалғастырар түріміз жоқ. Әр кезде әртүрлі сылтау тауып, оған қоса елдегі ата-анамызға әзірге ештеңе айтпауымызды өтінетін. Сөйтіп, арада бір жарым ай өткенде ата-анамызға бастағы жайдың бәрін айттық. Дау болып, төлеп қойған ақшамызды қайтарып беруге уәде берді. Бірақ, қайтармады. Содан қайтып ол адамдарды көрген жоқпыз. Сонда біз 9 айға төлегенбіз, ал олар бізді тек 2 жарым ай ғана оқытты. Міне, менің мемлекеттік оқу орнына құжат тапсырмағанымның бір себебі – осы. Өйткені, тілді жетік меңгеріп үлгермей қалдым. Орта жолдан елге қайта алмаймын. Содан кітапханаларға барып, күн сайын өз бетіммен дайындалудан басқа амалым қалмады. Сөйтіп, сәуірде жекеменшік оқу орнына түстім.

Ұлан: Оқуға түсу үшін қандай емтихандар тапсырдың? Талаптары қандай?

Ғалия: Мен чех тілі мен мате-матикадан емтихан тапсырдым. Алдымен тіл бойынша тапсырасың. Егер 60 пайыздан жоғары балл жинасаң, келесі кезеңге өтесің. Чехияда орта мектепте 12 жыл оқиды. Сондықтан да тапсыру емтихандары күрделі, әсіресе математика.

Ұлан: Оқу  қандай  жүйе  бойынша жүргізіледі?

Ғалия: Бұл елдегі оқуда дәріске азырақ, өзіндік жұмысқа көп уақыт беріледі. Чехияда оқытушы мен студенттің қарым-қатынасы Қазақстандағыдан гөрі әлдеқайда еркіндеу дер едім. Жалпы пәндер университеттерде оқытылмайды. Мәселен, экономика саласының студенті ретінде мен философия, тарих, әдебиет, дене шынықтыру тәрізді пәндерді оқыған жоқпын. Тек кәсіби бағытта оқытады. Үшжылдық білім болуының мәнісі осында.

Ұлан: Бакалаврда диплом қорғаудың, мемлекеттік емтихандар тапсырудың талап-шарттары қан-дай?

Ғалия: Дипломды  беске  қор-ғадым. Ал мемлекеттік емтихандарды тапсыру мен үшін қиынға соқты. Бітіру кезіндегі емтихандар мен қорғау жұмысы Қазақстандағыдай жүргізіледі.

Ұлан: Төрт жыл бойы бастан өткерген қиыншылықтарға қарамас-тан, тағы екі жыл осы елде қалуды ұйғардың. Магистратураға түсу біздің елде оңай емес. Ал Чехияда қалай?

Ғалия: Мені ешқандай емтихансыз қабылдады. Өйткені, мен Чехияда чех тілінде жоғары білім алдым. Ал басқа елде оқыған студенттер чех тілі мен экономикадан емтихан тапсыруы керек.

Ұлан: Прагада қазақ жастары өзара бас қосып тұрасыңдар ма? Біздің елдің жастары көбінесе қандай мамандықтар бойынша білім алуда?

Ғалия: Әрбір  топта  кем  дегенде  5 қазақтан оқиды. Қалада «Тарлан» атты қазақ жастарының ұйымы бар. Қазақ жастары көбінесе қаржыгер және инженер мамандықтары бойынша білім алуда.

Ұлан: Қазақ жастары чехия-лықтарды еліміздің мәдениеті мен тарихы туралы құлағдар етіп жүрген боларсыңдар?

Ғалия: 15 жылдан  астам  уақыт-тан бері көптеген қазақ сту-денттері Чехияда оқу бітірді. Сол жылдардан бері чехтарды қазақ мәдениетімен барынша таныстырып келеді. Жергілікті халық біздің мұнай қорлары мен Байқоңыр туралы жақсы біледі.

Ұлан: Чех  халқының  мінез-құлқы туралы айтып берші?

Ғалия: Чехтар − ашық-жарқын адамдар. Өте тәртіпті. Олар ұлттық мерекелеріне үлкен құрметпен қарайды. Чехтардың ұлттық тағамдары – кнедликтер, қуырылған ірімшік, турамыш. Чех асханасы біз үшін үйреншікті емес, бірақ дәмді. Жасы да, қарты да жыл он екі ай бойы спортпен шұғылданатынына қызыға қараймын.

Қарлығаш ДОСАНОВА

Қазақша-чехше сөздік:

сәлем – аһодж

менің атым – жменужу се…

мемлекет − стат

қала − место

емтихан – зкаушка

үзіліс − преставка

дос − камарад

кітап − книха

қалам − перо

газет − новини

атамекен − власт

ата-ана − родиче

рахмет − декуджи

Біле жүр…

ТМД елдерінің талапкерлері Чехиядағы мына ЖОО-ларда оқығанды жөн көреді екен:

Масариков университеті

Брнодағы техникалық университет

Прагадағы Чех техникалық университеті

Брнодағы Мендлов университеті

Карлов университеті

(«Ұлан», №46,13.11.2012)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: