Үй іші бастарының біріккені,
Ал бұрын әр қиырда тұрып та еді.
Бір күні бір-бірімен сөз таласты,
Бір үйдің керек-жарақ мүліктері.

ЕСІК:
Кім келсе үйге алдымен мен көремін, –
Деді есік бәрін өзім меңгеремін.
Мейірімді қонақтардың қолыменен,
Сәбидей оңды-солды тербелемін.

ТАБАЛДЫРЫҚ:
Сол кезде төмендегі табалдырық:
– Теңелген таудың өзі маған биік.
Қор санап көрген жоқпын өзімді ешбір,
Осы үйдің босағасын бағам күліп.

КІЛЕМ:
– Мен, деді, – сонда кілем, гүл тұрағың.
Ешкім де таға алмайды тұрқыма мін.
Жайғасса қақ төріме қонақ келіп,
Жайлаудай жаздыгүнгі құлпырамын.

ПЕРДЕ:
Перде айтты: Етегімнен тарта керді.
Төбеге бір ұшымды арта бердім.
Бөгде көз сұқтанбасын деп сендерге,
Қозғалмай қысы-жазы қалқа болдым.

ДИВАН:
– Біл, деді, – сонда диван, ақ-қарасын,
Жарайсың, жерде жатып мақтанасың.
Жоғарыда тап-таза боп мен тұрғанда,
Сен кірлеп қоқыр-қоқыс боп қаласың.

ТЕРЕЗЕ:
Терезе айтты пердеге: – Жасырдың деп,
Көлегейлеп сұрымды қашырдың, – деп,
Жарығын бұл әлемнің үйге ап кірген,
Бәрінен мен керемет асылмын, – деп.

ШЫРАҚТАР:
Шырақтар сонда күндіз сөніп тұрған:
– Жарық жоқ түнде мендей, берік тұлғам.
Электр қуатым бар, тасқындаған,
Солқылдап тамырымда соғып тұрған.

ҮСТЕЛ:
Үйіміз басымызда бас қалқамыз,
– Осы үйдің – мен, – деді үстел, – атқан таңы.
Әр күні жон-арқама жайылады,
Дән толы берекелі дастарқаны.

ОРЫНДЫҚТАР:
Көтеріп сонда орындық қас-қабағын:
– Үстел ДОС, қатарыңнан тастамағын,
Мен болмасам жайланып іше алмайды ел,
Дастарқанға қойылған ас-тамағын.

ЫДЫС-АЯҚ, ДАСТАРҚАН:
Ашуланып біреуі, бірісі аяп,
Үстел үсті дастарқан, ыдыс-аяқ,
Шулап кетті: Егерде біз болмасақ
Үйдің сәні, үстелдің нұры таят…

ТЕЛЕДИДАР:
Жаңалықты қаладан, жиып қырдан,
Теледидар сөйледі биік тұрған:
– Мен не деген дарқанмын, бүкіл әлем,
Дидарыма аядай сыйып тұрған.

ТОҢАЗЫТҚЫШ:
– Сыртым сұлу, болғанмен ішім мұздай, –
Деп сөйледі мұздатқыш ісін бұлдай.
Айлар бойы жейтұғын азығыңды,
Өз қалпында сақтаймын түсін бұзбай.

КІРЖУҒЫШ МАШИНА:
– Бір өзіме таппадым өмірде тең, –
Деді сонда кір жуғыш көңілі бекем. –
Киім-кешек барлығын жуып-шайып,
Аналардың жұмысын жеңілдетем.

ШАҢСОРҒЫШ:
– Ұзын мойын кеңірдек арқылы кең,
Үйдің ішін тазарттым әр күні мен. –
Деді сонда шаңсорғыш: Жиіркенбеймін,
Қорықпаймын әрқандай шаң түрінен.

ЖЕЛДЕТКІШ:
– Қанаттарым тоқтаусыз айналады –
Деп желдеткіш мақтанып, сайланады.
Менен соққан салқын жел өпкен кезде,
Жаздыгүні жандарың жайланады.

Шығарардай дауласып бүлікті енді,
Барлық мүлік өзді-өзі іріктелді.
Дәл сол сәтте жүзіне күлкі үйіріліп,
Үй иесі есіктен кіріп келді.

– Сыртта тұрып тыңдадым барлығыңды,
Сөздерің көп ой салды, алдым үлгі.
Біреуіңсіз бұл үйдің сәні кірмес,
Аялаймын сондықтан әрбіріңді.

Ретбек Мағаз

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз