Оюмен өрнектелген өнімдер бір жағы ұлттық өнерді дәріптеу болса, екінші жағынан – кәсіп. Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлден Қыйқымова – қолөнер шебері. Қолөнермен бала кезінен айналысады екен.

«Ұлттық өнерге қызығуыма бірден-бір себепкер болған жан – әкем. Қырық жыл мектепте ұстаздық еткенін айтпағанда, іске келгенде ұста, шебер болатын. Бала кезімнен әкемнің қолынан шыққан бұйымдарға қызығып өстім. Ол кісінің шеберлігі сондай, артық сөзсіз қолда бар азын-аулақ затпен түрлі зергерлік бұйым жасап шығатын. Бұйымдарына көбіне ою жапсыратын. Маған ою салып, қиюды да әкем үйретті», – дейді хоббиін кәсіпке айналдырған Гүлден Қыйқымова.

– Қолыңыздан шыққан түрлі сөмке, әмияндар көздің жауын алады екен. Сатылымға да шығып үлгеріпті. Бұл өнеріңізді табыс көзіне айналдыру туралы ой қашан келді?

– Табыс көзіне айналдыру туралы ұсынысты бірінші болып құрбым айтты. Инстаграм алғаш шыққанда түсінбейтінмін. Сосын парақша ашып, жасаған дүниелерімді қоя бастадым. Біртіндеп бұйымдарымды сата бастадым. Кейін уақыт өте келе жәрмеңке ұйымдастырушылар жекеме хат жазатын болды. Осылайша жәрмеңкелерге қатысуды бастадым. Мұндай ұсыныс хаттар өзге қалалардан да келіп түсті.

– Кәсіп бастағандар кейде қиындықтарға жолығып жатады. Сіз қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз?

– Әрине, кәсіп қиындықсыз болмайды. Өз басым қателіктерімнен көп сабақ алдым. Содан болар, жылдан-жылға бұйымдарымның бағасы да, сапасы да өзгеріп жатыр. Кейде ойға алған дүнием шықпай қалса қайта жасап, жалғастырып кетемін. Сондай-ақ мүлдем қалдық қалдырмайтындардың қатарынанмын. Бұл қасиетке әкем баулыған. «Қалдықты ешқашан лақтырушы болма. Қазір керек болмаса, келесіде бір кәдеңе жарайды», – деп үнемі айтып отыратын. Сол сөзі жадымда жатталып қалыпты. Ал құрал жағынан қиындық жоқ. Қазіргі заманда барлығын сатып алуға болады.

– Шығармашылық қоржыныңызда не бар?

– Ұлттық нақыштағы бірсыпыра бұйым бар. Сәукеле, кәжекей, сөмкелер, шашқыстырғыш, алқа мен білезік, тұсаукесерге арналған заттарды атап айтқан болар едім. Ал түрлі зергерлік бұйымның авторы – әкем. Келешекте киім тіксем деймін. Әлбетте, ұлттық нақышта. Ондай киімнің бағасы аса қымбат болмауын да ескеремін.

– Ұлттық нақыштағы өнімдерді сату табысты ма?

– Шынымды айтсам, ақшаға көміліп отырмын деп айта алмаймын. Мысалы, жаз айларында тапсырыс жоқтың қасы. Ал мейрамдарда тапсырыс көп. Шымкент, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан мен алыс-жақын шет елдерден тапсырыс түсіп тұрады. Бұйымының қалың көпшілікке танылғанын қаламайтын қолөнерші жоқ шығар. Меніңше, танымалдыққа апаратын бірден-бір жол – сапа. Бұйымдарымның сапалы болуы­на қатты мән беремін.

– Табыс тұрақты болмаса, кәсіп ретінде жүргізудің мәні бар ма?

– Меніңше әр адам жанына жақын жұмыспен айналысуы керек. Сонда ғана жасаған дүниесі нәтижелі болмақ. Бар зейініңді істеп жатқан жұмысыңа арнасаң, шабыт келіп, ісің оңға басады. Сүйікті ісіңді кәсіпке айналдырғаннан асқан бақыт жоқ.

Назерке Әсетова

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз