Тұрысбек ЕДІЛБАЕВ. Аппақ ақпан, ақ ақпан (Өлеңдер)

15-бетҚЫС

Маңайымыз ақ мамық,
Сықырлайды ақша қар.
Бүлдіршіндер шаттанып,
Жатыр мүлгіп бақшалар.

Мұз құрсауын құрсанып,
Жалтырайды суаттар.
Жоталарын күн шалып,
Көз тартады қыраттар.

Қысқы дала тыныстар,
Аяз кернеп ауаны.
Аппақ ұлпа күміс қар
Жұлдыз болып жанады.

ҚЫРАУ

Әйнекке ою салады,
Көргендер таң қалады.
Суретшілік өнерге
Үйретеді ол баланы.

МҰЗАЙДЫН

Жылтыр мұздың үстінде
Аяқ тайып тұрмайды.
Керегі жоқ күштің де,
Коньки өзі зырлайды.

БОРАН

Соғады боран, соғады,
Ашулы өзі, долы әрі.
Шулатып орман, даланы,
Қорқытады бар баланы.

ҚАРА СУЫҚ

Кей күндері даланы
Қара суық басады.
Жеңіл жүрген баланы
Тоңдырып ол қашады.

АҚ ҚАР

Қар жауып тұр далада,
Қар жауып тұр қалада.
Аққала ғып соғатын
Керек қой қар балаға.

Қар жауып тұр қорада,
Қора қарға тола ма?
Қар басса егер бау-бақты,
Жеміс те мол бола ма?

Ал аққала соғайық,
Ауламызға сол лайық.
Көрген кісі қызығар
Қардан таза болайық!

АЯЗ

– Аяз деген немене,
Шақырғанға келе ме?
Далада ол тоңа ма,
Әлде үйге кеп қона ма?

– Аяз үйге қонбайды,
Далада да тоңбайды,
Шынықпаған жалқауды
Қырына алса, ол оңбайды.

Көзге де әсте түспейді,
Тамақты да ішпейді.
Бірақ тентек баланың
Құлағынан «тістейді».

ЖҰЛДЫЗДАР

Күндізгі демі басылып,
Күшейгенде түнгі ызғар.
Меруерттей шашылып,
Мөлдірейді жұлдыздар.

Жымың қағып ойнайды,
Түнгі аспанның ғажабы-ай!
Көзін қысып қоймайды
Дәл күлегеш баладай.

(«Балдырған», №2, ақпан, 2015 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: