Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ. Торғайлар (Әңгіме)

17-1-бетҚыс. Күн суық. Қаңтарда қарға адым ғана ұзарған күннің әлсіз нұры ауланы шуаққа бөлей алмай тұр. Дәулет терезе алдында жағын таянған күйі сыртқа қарап, жалғыз өзі отырған еді. Үлкен терезенің алдына бір топ торғай келіп, қонып, ұшып қайта кетті, қайта келді. Қарындары қатты ашқан болуы керек. Дір-дір етеді. Жаураған сияқты. Терезені ашу дұрыс. Қаттылау жабылған көрінеді. Апасы: «Ашып қойма, үй суып кетеді», – деген бағана шығып бара жатып. Дәулеттің торғайларға шын жаны ашыды. Көзіне бір тамшы жас ұялай қалды. Енді қайтті? Не істеу керек?
Ол терезені сәл саңылау жасай ашып, дорбадағы бидайдан томпақ алақанымен бір уыс дәнді терезе жақтауына септі. Қанаттылар тез-тез шоқып жеп, қайта ұшып жөнелді. Кенет торғайлар топ-топ болып бұрынғысынан да көбейе бастаған, терезе жақтауына жапырлай қонып, топырлап барады. Енді не қылмақ? Апасы ұрсып жүрсе, бидайды қайда құрттың десе, жауабы қандай болмақ?
«Торғайдың адамға пайдасы көп» дейтін әжесі. Олар ағашқа, алмаға, жүзімге зиянды құрт-құмырсқаны теріп жеп, жамандыққа жол бермейді емес пе? Иә, солай. Торғайды мысықтар ұстап алып жеп қоятыны бар. Мысықтар жаман ғой, тышқанды көрмейді, торғайларды аңдиды. Мысыққа «қой, тиіспе» деген лазым. Әйтпесе, шыбын-шіркейдің көзін жойып, адамдарға көп қолғабыс тигізетін торғайлар азайып кетеді ғой.

(«Балдырған», №2, ақпан, 2015 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: