Францияны мойындатқан Мирас

2Аяқдоптан кеткен есемізді қайтаратын күн де алыс емес сияқты. Біздің балғындар шетел асып, сондағы білікті бапкерлерді таңғалдырғанын естіген сайын осындай ойға келесің. Жақында ғана екі отандасымыз Англияның «Манчестер Юнайтед» және «Манчестер Сити» клубтарымен бірге жаттығып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Тараздық Дінмұхаммед Рахымбердиев пен алматылық Саид Эмал есімді құрдастарың енді ағылшын футболының қыр-сырын үйреніп қайтады. Екеуі де әуелі Францияның «U.G.A Lyon» командасында өнер көрсетпек. Бұл клубтың директоры Араик Адамян қазақ балаларының болашағынан зор үміт күтетінін жасырмайды. Әсіресе, Адамянның ерекше сенім артары – Мирас. 14 жастағы алматылық Мирас Бостановтың Францияда жүргеніне екінші жыл екен. Осы уақыт ішінде біздің бала жергілікті жаттықтырушылардың көңілінен шығып, футболдың «жас жұлдызына» айналып үлгеріпті. «Мирастың спорттық әлеуеті күшті. Жасы 14-те болса да, 18 жастағы футболшылармен бірге ойнап жүр. Команда көшбасшыларының бірі әрі мықты бомбардир. 15 жастағылардың арасында өткен чемпионатта 8 гол соғып, нәтижелі 5 пас берді», – дейді бапкерлері ол туралы.
Біз Мираспен әлеуметтік желі арқылы тілдестік.

17 жасымда 70 футболшының есімін жатқа білдім

– Мирас, өзіңдей балалардың көбі әлі көше футболының айналасынан ұзай қойған жоқ. Ал сен болсаң, кәнігі кәсіби футболшы секілдісің. Шетелдік білгір бапкерлердің өзі шеберлігіңе таңдай қағып отыр. Футболға деген мұндай құмарлықты кім оятты?

– Кішкентай кезімде әкем екеуміз теледидардан Әлем біріншіліктерін тамашалайтынбыз. Онымен қоймай, танымал футболшылардың есімін жаттататын. Әлі есімде, 7 жасымда 70-ке жуық футболшының аты-жөнін тақылдап тұрып айтып беретінмін. Өсе келе, әрқайсысымен тереңірек танысып, кімнің қандай жүлде, қай команданың қандай кубок алғанын зерттей бастадым. 10-ға толғанымда әкем мені Алматыдағы «Локомотив-Юниор» командасына апарды. Сөйтіп, өзім секілді балалармен бірге клуб сапында өнер көрсете бастадым.

– Ал Лионның жергілікті футбол клубына қалай қабылдандың?

– «Локомотив-Юниорда» жүргенімде, бапкерлердің көзіне түскен болуым керек. Менің негізгі жаттықтырушым Андраник Антонян еді. Ол кісі 4 баланы іріктеп, Францияға жіберді. Мұнда келе салысымен, «Olimpiс Lyon» командасында ойнап, өз ептілігімізді барынша көрсетуге тырыстық. Нәтижесінде клуб қызметкерлері өзара кеңесіп, мені алып қалды. Содан бері екі жыл өтті, осы команданың жартылай қорғаушысымын.

Эрик Контонамен кездестім

– Француз балаларымен тіл табысу қиын болмады ма?

– Жасыратыны жоқ, алғашқы жылы тілден біраз қиналдым. Уақыт өте ағылшыншамды жетілдірдім. Одан соң французша үйрендім. Қазір жанымдағылармен француз тілінде сөйлесемін.

– Жергілікті турнирлер жиі өтіп тұра ма?

– Иә. Турнир – өзіңді көрсетудің ең жақсы тәсілі. Кей ойындарды көруге атақты футболшылар да келеді. Ондайда бар өнерімізді салуға тырысамыз. Айтпақшы, «U.G.A Lyon» клубының қожайыны Юрий Джоркаевтың ұйымдастыруымен өткен турнирде әйгілі француз футболшысы Эрик Контонамен кездескенбіз. Бұл кісіні, әсіресе, «Манчестер Юнайтедтің» жанкүйерлері жақсы таниды. Қошеметтеп, «Эрик король» деп те атайды. «Эрик корольмен» аз-кем тілдесіп, суретке түсудің сәті түскеніне қатты қуанамын.

– Франция несімен ұнады?

– Халқы өте ақкөңіл. Әркез көмектесуге әзір тұрады. Өзім құралпы балалардың арасында шеттен келген жалғыз мен болған соң ба, бәрінің маған ықыластары ерекше. Қазақстанды жақсы біледі.

Эйфель бәрібір Бәйтерекке жетпейді

– Алға қойған мақсаттарың қандай?

– Келісім-шарт аяқталған соң, елге оралып, қазақ футболын дамытуға үлес қоссам деймін. Бірақ, әуелі сабағымды жақсы аяқтауым керек. Алматыда жүргенімде, №175 «Жаңа ғасыр» мектеп-гимназиясында оқыдым. Барған соң сондағы оқуымды әрі қарай жалғастырамын.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Бос уақыт көп бола бер-мейді, шынымды айтсам. Сабақ пен жаттығулардың арасында демалып алуға тырысамын. Лиондағы Жерлан стадионына барып, матчтар тамашалаймын.

– Алматыны сағындың ба?

– Әрине. Сыртта жүрген соң, Отаныңның қадірін көбірек түсінеді екенсің. Франция әдемі, Эйфель де керемет, бірақ бәрібір біздің Бәйтерекке жетпейтіндей көрінеді (жымиып).

Сұхбаттасқан Ботакөз Маратқызы

(«Ұлан», №6 10.02.2015)

Сізге ұнауы мүмкін...

1 пікір

  1. Асхат Тұрманов айтады:

    Жарайсың, Мирас!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: