Қазақтың баласына театр қажет емес пе? Қажет болса, неге бармайды?

бремен музыканттары 1Еліміздің әр қаласында театр бар. Бір Алматының өзінде 10 мемлекеттік және оншақты жекеменшік театр бар екен. Ал осы мәдениет ошақтарына оқушыларымыз барып жүр ме? Қазір театрға көрерменді көбіне әкімшілік жолмен жинайтыны жасырын емес. Ал егер балаларға арналған қойылымдарға көрерменді арнайы жинап әкелмесе ше? Қанша адам келер екен? Бұл сауалымды Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрының қызметкеріне қойдым.

Зәуре Шайзадақызы

− Қаңтардың 22-сінде кассадан 43 билет қана сатылған. Оның өзінде де 34-і бірыңғай 500 теңгелік қатарлас орындарға алынған. Яғни, олар бір мектептен ұйымдастырылып әкелінген көрермендер болуы мүмкін. Ал 23-інде кассадан бар-жоғы 2-ақ билет өткізілген. 24-індегі қойылымға 600 теңгелік 17 билет сатылыпты. Бұл да қаланың бір мектебінен әкелінген оқушылар тобы болса керек. Сондай-ақ, кассадан қаңтардың 29-ында «Батыл көжектер» спектакліне 4, 30-қаңтарда «Мауглиге» 6 билет, 31-інде 5 билет қана сатылған, − дейді театр директорының орынбасары Зәуре Шайзадақызы.

− Ал қалған билеттерді ұйымдастыру бөлімі қаланың мектептеріне таратады. Кейбір мектеп директорлары бізге реніш айтады.

«Мектеп неге ақша жинайды?» деп, ата-аналар наразылық айтады-мыс. Сондағысы баласы театрға баруы үшін жылына бір-екі мәрте жиналған 400-500 теңге. Өзіміздің қазақтың балалары көрмейтін болса, кімге көрсету үшін дайындаймыз? Өздері же-тектеп апармайды. Ал сырттай ұйымдастырып, баласына жақсы дүние көрсетпек болсақ, оған кінә артады. Қайта «барсын, көрсін, үйренсін» демей ме? Дегенмен, бір қуанарлығы, Алматы төңірегіндегі аудан, ауылдағы мектептерден көрермен жинау оңайырақ. Себебі, ол жақтағы ата-ана, ұстаздар «балаларымыз қала мәдениетін көрсін» дейді. Ал, қалада туып-өскен кей балалар мәдениетті тануға ұмтылмайтыны қынжылтады сондайда.

Театр балаларға арналған қойылымдарды жексенбі күнге қоймайтын болыпты. Себебі, ол күні мектеп жұмыс істемейді. Оқушыларды ұйымдастырып әкелмесе, театр ұжымы сол күні бес-он көрерменге ғана жұмыс жасауы да мүмкін екен.

Ойлантарлық мәселе, солай емес пе? Театрдың мәртебесін, өнердің қадірін ойлайсың. Қын-жыласың. Театрларымыз қашанғы «балаңызды театрға әкеліңізші» деген жалынышты күй кешпек?

Орыстілді қойылымда зал толы, ал қазақтілді қойылымда адам аз…

Баланың таным-түйсігін кеңейтуде қуыршақ театрларының алар орны үлкен. Бізде де, өзге елдерде де балабақша жасынан бастап, бүлдіршіндерге қуыршақ-тармен көрініс қою бағдарламаға енгізіледі. Аты солай аталып тұрған соң, бұл театрларда тек қуыршақтармен жұмыс жасайды деп ойлайтындар бар. Олай емес.  Бұл өнер ошақтары балалардың санасына отбасына деген сүйіспеншілікті, еліне, жеріне патриоттық сезімді қалыптастыратын қойылымдарды да сахналайды. Бірақ, осы қуыршақтар әлеміне қазақ балаларының көптеп ағылып жатқанын байқай алмадық. Мысалы, Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының 200 адамдық орны бар. Қойылымдары екі тілде де қойылады. Орысша қойылымдарында залдың кем дегенде жартысы толып отырады. Ең қызығы, алдыңғы қымбат билеттер бірінші сатылып кетеді. Ал қазақша қойылымдарға ары кетсе 30 адам келеді. Оның өзінде де ата-аналар ең арзан билеттерді алуға тырысады. «Арзан билетті алып, алдыңғы бос орындарға отыра саламыз» деген түсінік қалыптасқан. Театр мәдениеті бойынша, әр көрермен билетте көрсетілген орынға отыруы тиіс. Оны да ескеріңдер.IMG_6424

Шетелге суретке түсу үшін ғана баратындар көп

Бүгінде қазақтар шетелге жиі саяхаттайды. «Қазақтар отбасымен демалуды білмейді» деген сөз бекер боп барады. Десе де… Біріккен Араб Әмірліктерінен Алматыға қарай ұшаққа отырарда қасымдағы жеткіншек қазақ баланы сөзге тарттым. «Ал, арабтардың әмірліктерінен не көріп қайттың?» деп сұрадым. Сол кезде 12-13 жас шамасындағы баланың жауабына көңілім толмай қалған еді. Бар айтқаны – ана шетіндегі жағажай, мына шетіндегі жағажай, биік-биік ғимараттар, дүкендер… Өзім танысқан бірнеше мұражайды атап едім, «бармадық» деп басын шайқады. «Сонда бұл халық туралы не біліп қайттың?» деп сұрадым. Тағы да мардымды жауап бере алмады. Ата-анасы болса, баласының күнге күйгенін айтып мәз. Баланың өзі жағажайдағы суреттерін көрсетіп әуре. Сонда бір елге барып тұрып, мәдениеті мен тарихымен танысуға қызықпағандары қалай? Тіпті, тілін түсінбейтін болсаң да, шетелдің театрына бас сұғып қайтсаң, көп жайды аңғарып қайтуға болады. Әрі қазір туризмді дамытқысы келген елдерде тіл түсінбестігі деген мәселе жоқ. Мәселен, Сеулде фольклорлық «Nanta» атты театр бар. Билетінің бағасы біздің театрлардан он есе қымбат тұрады. Алматыдағы балалар спектакльдерінің билет құны – 400-600 теңге, Астананың Жастар театрында балалар билеті – 300 теңге. Ал «Nanta» билеті шамамен 5000 теңге көлемінде. Соның өзінде, екі барғанымда да үлкен залда бос орын болмады. Атауы «ретсіз дыбыстар» деген мағынаны беретін бұл театрға кәрістер үш жасар баласын да ертіп келеді. Ал бізде актер болуды армандайтын кей бала театр көрмей өседі…

Сәкен туралы спектакльге келсең, Сейфуллин туралы оқып кел!

Театрдағы көрермен мәселесі төңірегінде Астана қалалық Жастар театрының әдеби қызметкері Назерке Жұмабайды әңгімеге тартқан едік.

Назерке Жұмабай

Назерке Жұмабай

− Қазір театрға балалар өз еріктерімен келеді дей алмаймын. Әрдайым ұйымдастырумен жинаймыз. Әсіресе, қуыршақ театрларына қазақ балаларының қызыққанын көрмеппін. Сосын бір жай… Өткенде Астанадағы Қаллеки театрына Қанат Жүнісовтің «Сәкен сұңқар» атты танымдық спектаклін тамашалауға бардым. Балалар үшін тағылымды-ақ дүние. Бірақ, келген оқушылардың қыбыр-жыбырына қарап, қынжылдым. Әлгі балалар кім туралы қойылым болып жатқанын түсінбей отырғандай көрінді. Ұстаздары, ата-аналары Сәкен Сейфуллин туралы алдын ала аз-кем мағлұмат айтып бергенінде, бәлкім, балалар қызыға тамашалар ма еді?! Көрермен театрға дайындалып келуге машықтанса жақсы болар еді.

Байқағаным, кейде ересектер «Қорқыттың көрі» немесе «Күйеуіңізді сатыңызшы?» спектаклін көруге 10-12 жасар баласын ертіп бара салуы мүмкін. Ал баланың өз жасы мен танымына сай келерлік қойылымға баруға арнайы уақыт бөле бермейді. Шын мәнінде, баланы жас ерекшелігіне қарай спектакльдерге апаруды ескеру керек. Академиялық театрлардың кей қойылымдары балаларға арналмаған. Мәселен, Алматыдағы Жастар театрындағы «Карменситаға» баланы апару дұрыс емес. Ондағы көріністер баланың танымына қайшы, себебі. Ал, тарихи қойылымдарға апарғаны жақсы. Кітаптан оқымаған тарихи оқиғалар мен тұлғаларды ең болмаса сахнадан танып-біліп қайтады. Өзім қызмет жасайтын Жастар театрында балаларға арналған «Ақыл патшалығы», «Ұр, тоқпақ!», «Алтын балапан», «Аққұс туралы аңыз» атты ертегі қойылымдар бар. Бұл театрдағы «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық», «Алғашқы махаббат» спектакльдерін тек жеткіншектер ғана емес, ересектер де қызыға тамашалайды. Театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай ағамыз әфсаналарға көбірек көңіл бөледі. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс хан» драмасы, Сұлтан Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымдары да сендердің танымдарыңды арттыра түсер еді, − дейді Назерке әпкелерің.

Кей әртістің баласы театрды сүймейді

Шыны сол, қазақтар бала тәрбиесіне мәдени ошақтарға бару мәселесін қоса бермейді. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, ұл-қыздарын анда-санда болса да, театрға ертіп баруды ойластырмайды. Қажет көрмейтіндері де бар. Көптеген елдерде театрды бала тәрбиесіндегі маңызды ошақ ретінде пайдаланады. Әсіресе, баланың сөйлеу тілі-нің қалыптасуына, шығармашылық қабілетінің дамуына ықпалы зор деп санайды мамандар. Кейде балалар бірыңғай өмір қалыбынан жалығады дейді психологтар. Сондайда театр көңіл-күйді жақсартудың таптырмас құралы деседі. Басқа-басқа, театрдың айналасында жүрген азаматтар осы жағын ескере ме екен? Бәрі бірдей болмас, десе де…

Шынар Жанысбекова

Шынар Жанысбекова

Шынар ЖАНЫСБЕКОВА, актриса:

− Шынымды айтайын, бала-ларымды театрға апармаймын. Бірі 7-сыныпта, бірі 9-сыныпта оқиды. Кейде спектакльдегі кішкентай бала-лардың рөлін ойнауға шақырады. Оған да қатыстырмаймын. Себебі, өздерінде қызығушылық жоқ. Ал көңілдері қаласа, онда қуанар едім. Осыдан бес-алты жыл бұрын театрға жиі ертіп баратынмын. Оның үстіне, мен қызмет ететін Әкемтеатрдың кей қойылымдары балаларға түсініксіздеу болуы мүмкін. 5-сыныптың баласы үш сағат бойы «Абайды» тапжылмай қарайды дей алмас едім. Ол түгілі, бір жиенім балаларға арналған «Сезам» театрына барып, «маған ертегі көрген ұнамады, ішім пысты» деп қайтыпты. Қазіргінің балаларына тек интернет пен электронды дүние ғана қызық па деп қаламын. Басқа түгілі, әртіс деген менің өзім балаларыммен театрдан гөрі киноға жиірек барады екенмін. Өйткені, ұл-қызымның қалауы солай. Сәл есейгенде аналары ойнайтын қойылымдарға қызығушылық танытып келмесе, әзір зорлық жасай алмаймын.

P.S.: Балалар! Міне, біз айтар мәселе ұшы осындай. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы бұл турасында не дер екен? Ал, балалар, сендер ше? Сонымен, сендерге театр қажет пе? Оң жауаптарыңды естуге үміттіміз, әрине. Ендеше, оқу жылының аяғына дейін ең болмаса бір рет театрға баруға тырысыңдар, келістік пе? Ол өздерің үшін пайдалы. Мәселен, биылғы маусымда Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Батыл көжектер», «Маугли», «Аждаһаның әлегі», «Бремен музыканттары», «Су патшасы» сынды өздеріңе арналған қызықты қойылымдар жүріп жатыр. Бәлкім, әкемтеатр атанып кеткен М.Әуезов атындағы драма театрды көргілерің келетін шығар? Ендеше, ата-аналарыңмен бірге «Қилы заман», «Шәкәрім», «Қожанасыр тірі екен», «Мөлдір махаббат» қойылымдарына баруларыңа болады. Осы театрдағы аға-апайларыңның айтуынша, осы аталған қойылымдарға оқушылар көбірек келеді екен. Мен өзім тұратын қала театрларының репертуарын атадым. Ал сендер өз аудан, қалаларыңдағы театрларға жақын арада барып қайтуды жоспарлаңдар, жарай ма?

 

Қарлығаш Досанова

(«Ұлан», №6 10.02.2015)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Астана жастар театры айтады:

    Бала танымындағы театрдың рөлін оқушылардың сүйікті басылымы – «ҰЛАНДАҒЫ» әріптестер жақсы көтеріпті. Таудай алғыс!

  2. Айжан Ахмет айтады:

    Қарлығаш түйіткілді мәселелердің басын шалып өтіпсіз. Мен енді өз мектебіме баруды жрспарлап қойдым.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: