Гүлсая ТҮМЕНБАЕВА, жазушының қызы: Әкеміз жазар алдында шапан киіп, күй шертетін

Untitled-1«–Балам, шын домбырашы болғың келе ме? − деді шұғыл серпіліп.

−Я, көке!

−Ендеше, домбыра қонатын жолды айтайын саған. Мына үйдің жанынан өтіп жатқан қара жол бар ғой, сол жолдың бойында басыңа домбыра жастап, бір күн түнеп шық. Ертеңіне домбыраны жосылтып кетпесең, маған кел. Түнеймісің?

−Жарайды, − деді Жұмабек іркіліңкіреп».

Бала Жұмабектің аңқаулығына мырс ете қалдыңдар ма, балалар? Жас баланың өнерге деген шын ықыласы болар, иә? Бұл жазушы Жақсылық Түменбаевтың «Домбыра» атты әңгімесінен үзінді ғой. Осы шығарманы оқып отырып, қаламгер өзі туралы жазғандай әсерге қалдым. Өйткені, өзі де күйді шебер орындайтынын естігенім бар. Сүлейлер шыққан Сырдың тумасы емес пе, дегенмен. «Ал балаларын дәл осылай өнерге баули алды ма екен?» деп ойладым іштей. Әлде, өзі сияқты қаламгер болғанын қалады ма? Бір білерім, Түменбаевтың балалары көп-көрім қызмет атқарады. Ал Жақсылық аталарыңның өзі мықты журналист, талантты аудармашы да еді. Қазақ ауылының шынайы бейнесін, әсіресе, соғыстан кейінгі тағдырларды әдемі сипаттай білген. Өздеріңдей балалардың болашақта мамандығын қалай таңдау керектігін де шығармаларында жазып кеткен. Әлі оқыған жоқсыңдар ма? Ендеше, жазушы еңбектерімен танысасыңдар деген сенімдемін.

Атамыздан қалған бір шапан бар еді. Әкем жазу үстеліне отырар алдында сол шапанды киіп, домбыра шертіп алатын. Сөйтіп, ой түйіндейтін, шамасы. Оның домбыраға деген ерекше сүйіспеншілігін анамыз да қатты қадірлеген. Әкемнің 40 жасында анамыз бір шеберге домбыра жасатып, сыйлап еді. Сонда әкеміздің қуанғанын көрсеңіздер ғой! Ол қара домбыра қазір Мұхит ағамның шаңырағында ілулі тұр. Әкеміз пианино да ойнай білетін. Музыкамен жаны егіз жазушы болды.

Мен гимнастикаға да, биге де, әнге де жақын болдым. Бірақ, өмірімізді түбегейлі өнерге арнағанымызды аса қалмады. Ол кісі балалары жан-жақты болғанын ғана тіледі. Үйде әкем екеуміз «Әке туралы жырды» бірге орындайтынбыз. Мен ән салам, әкем домбырамен сүйемелдейтін. Үлкен ағам домбыра, гитарада ойнай біледі.

_Tumenbaev_JaksylykКейіпкерлері – өз ауылдастары

Әкем жазған шығармасын алдымен анамызға оқытатын. Бірге талдайтын. Ақылдасатын. Шығармаларын баспаға анамыз өзі тігіп, қаттап дайындайтын.

Анам көп жылдар балабақшада қызмет етті. Біраз жыл әкемізбен бірге ҚазТаг-та да еңбек еткені бар. Былтыр ол кісіден айырылып қалдық. Әкеміздің жазушылықпен алаңсыз айналысуына анамыздың көп көмегі тиді. Ол кісі жазуға қамданғанда анамыз бізді тәртіпке шақыратын. Мен ғана кейде әкемнің жұмыс бөлмесіне кіріп кетіп, еркелейтінмін. Сондайда ойын бөліп, мені ойнататын.

Шығармаларында көбіне өз ауылының адамдарын бейнелеген. Көп оқиға өмірде болған жайттар екенін естігенмін. «Мен сүйген қыз» хикаятындағы Айдын әкемнің өзіне ұқсайды. Болмысы, әдебиетке жақындығы, мәселен. Бірде «Гүлжанат деген анамыздың прототипі емес пе?» деп, әкемнен шай үстінде сұрап қалғаным бар (күліп). Кейбір оқиғалары өз басынан өткені болса керек. Соғыстан кейінгі жылдардың хал-ахуалын шынайы жеткізе білді. Туған жерінің тыныс-тіршілігін, әрқилы адам тағдырын бейнелей білді. Бүгінде өзі туған Қызылорда облысының Сазды ауылында әкемнің атында мектеп, Қызылорда қаласында көше бар.

Жазушының ұлдары

Жазушының ұлдары

Әкеміздің арқасында балалық шағымыз мағыналы өтті

Әкеміз бізге барынша қазақы тәрбие беруді мақсат етті. Жаздың үш айын ауылда, әжеміздің қасында өткізетінбіз. Атымыздың қай жерде де қазақша қатесіз жазылғанын қадағалайтын. Әлдекім атымызды дұрыс атамаса, әкеміз соған намыстанып, ашуланып қалатын. Бірде дәрігер атымды «Гульсая» деп жазып жіберді. Сонда әкем «оның аты жіңішкелік белгісімен жазылмайды, дұрысы былай» деп түзетіп тастап еді. Шығармаларында кейіпкерлері айтатын «сәбәкі», «сволыш» деген сөздерді өзі жиі қолданатын. Оны сол кездегі қоғамның бейнесіне орай көрсеткен ішкі қарсылығы деп білемін. Әкеміз 1993 жылы өмірден озды. Өкініштісі, үш баласының да қызығын, тойын көре алмады. Немерелері аталарын көрмеді. Үлкен ағамыз – заңгер, талай жыл әкімшілік қызметтерді атқарды. Қазір жеке кәсіпке біршама мойын бұрып жүр. Ал Мұхтар ағам екеуміз журфакты бітіргенбіз. Әкем екі ұлын ертпесе де, мені ешбір жиыннан қалдырмай ертіп жүретін. Менен көп үміт күтті, білем. «Осы қызым жазушы болады» деп ойласа керек. Театрдың премьераларынан да қалдырмайтын. Жазушылардың үйіне де ертіп баратын. Әкемнің арқасында балалық шағымыз өте мағыналы, өнегеге толы болды. Алматыдағы «Көктем» ықшамауданында тұрдық. Күн сайын жарты сағат өзен жағасында серуендеп, әңгімелесіп қайтатынбыз. Маған түрлі ертегілерді оқып беретін. Соның әсері ме, ерте жастан ертегі жазуға талпындым. Сөйтіп жүріп, журфакқа түстім. Бірақ, журналистиканы қойып, мейрамхана ісіне бет бұрдым.

Әкем ҚазТАГ-та 25 жыл қызмет жасады, театрда да еңбек етті. Араласатын ортасы кең еді. Біздің үйдің балалары көрмеген қазақтың мықтылары жоқ шығар?! Әкеміз Әбдіжәмил Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгердей азаматтармен ағалы-інілі жандардай жақын араласты. Тынымбай Нұрмағамбетовпен жақсы жолдас болды. Тынымбай ағаға телефон шалып, екеуі әдебиет турасында сөйлесуші еді. Әсіресе, Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың әкеміздің жазушы болуына үлкен септігі тиді. Ол кісі әкеміздің жазғандарымен сырттай танысып, өзі қызмет ететін журналына жариялап тұрған. Алматыға, әдеби ортаға келуіне де Бексұлтан аға себепкер болды.

«Қаламнан ауыр нәрсе ұстап көрген емес»

Жас кезінде қой баққаны болмаса, әкеміз ауылдың тіршілігіне жоқ еді. Анамыз: «Әкелерің қаламнан ауыр нәрсе ұстап көрген емес» деп әзілдейтін. Анамыз қолмен кір жуып жатқанда, әкем үтіктеуге көмектесетін. Мақтан, мәнсаптан алыс, қарапайым кісі еді. «Денсаулық» журналына қызметке кірген кезінде әкемізге жеке жүргізушісімен қызметтік көлік ұсыныпты. Сонда әкем «оны басқа қызметкерлер пайдалансын, мен өзім-ақ жетем ғой» депті. Шешімтал мінезді еді. Олай дейтінім, негізі о баста техникалық институтқа түсіпті. Екінші курстан кейін ҚазМУ-ге ауысыпты. «Бар шығармашылық орта Алматыда» деп, бір-ақ күнде Қызылордада қызмет жасап жүрген жерінен көшіп келген. Қызылордада тұрмыстары жақсарып қалған кез екен. Ал Алматыда ешкімі де, үй-күйі де жоқ болған. Мүмкін, Алматыда өзін күткен бір несібесі барын сезген шығар.

 

Жазушының ортаншысы – Мұхтар ағаларың да журналист. Бүгінде Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің инновациялық белсенділікті ынталандыру орталығы директорының орынбасары. Ұлы Шайхислам, яғни жазушының немересі – Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқып жүр. Ал қызы Несібе – Астана қаласындағы «Зерде» атты физика-математикалық мектептің 8-сынып оқушысы. Білімге де, музыка мен өнер атаулыға өте жақын балалар екен. Олар аталарының бар шығармасын жатқа білетіндерін айтты.

 

Мұхтар ТүменбаевМұхтар ТҮМЕНБАЕВ, жазушының ұлы:

Бізді қазақша оқыту үшін ұйқысын қиды

– Ағам Мұхит екеуміз мектепке барар жылы Алматыда бір ғана қазақ мектебі болатын. №12 қазақ орта мектебі. Сол мектепке бізді оқыту үшін әкеміз барын салды. Мектептің сол кездегі директоры «балаларыңызға орын жоқ» деп қайтарыпты. Ал әкеміз алған бетінен қайтпай, ақыры орналастырады. Қиын жағдай одан кейін басталды. Біз ол кезде қаланың шет жағындағы «Өжет» ықшамауданында, бір шешендердің үйінің сарайын жалдап тұратынбыз. Ал мектеп орталықта. Жолға кемінде екі сағат уақыт кетеді. Көлігіміз де жоқ. Содан бірнеше автобусқа мініп, әрең жететінбіз. Мұхит екеумізді күнде таңғы алтыда үйден алып шығып, 8-ге таяу, әлі есігі де ашыла қоймаған мектеп алдына тастап кететін. Өзі 9-да басталатын жұмысына кететін. Түскі үзілісінде ас ішудің орнына бізді үйге жеткізіп салатын да, қайтадан жұмысына кететін. Содан түннің бір уағында қайтады. Күнде солай болатын. Өзіміз қатынай алатын дәрежеге жеткенше, әкеміз бізді осылай жетектеп жүрді. Қазір ойласам, бізді қазақша оқытамын деп, ұйқысын да қиған екен ғой. Бертін келе әдеби шығармаларға баулыды. Қай шығармадан нендей ой түйгенімізді сұрайтын. Арасында пікір таластырып тұратын.

Әкеміз марқұм домбыраны керемет шертсе де, ән айтқанын естіген емеспін. Бала кезімде соның себебін сұрағанымда, рахаттанып бір күлгені бар. «Балам, қазақтың күйі өзі-ақ сайрап тұрған жоқ па? Оны өзімнің жаман даусыммен бүлдіріп қайтемін», − деп еді. Есесіне, ол күйді күмбірлеткенде бойымды бейне бір толқын тербегендей күй кешетінмін. Күйді жақсы көретіндігіме риза болғандығы шығар, бірде әркімнің қолына түсе бермейтін қазақ күйлерінің антологиялық жинағын алып берді. Сол кезден бастап мен қазақтың күй өнеріне бұрынғыдан бетер ғашық болдым. Содан қазақтың күйі мен үшін шаршаған уақытта дем беретін, жабырқаған көңіліме жігер беретін айнымас досыма айналып кетті.

Сұхбаттасқан Қарлығаш Досанова

(«Ұлан», №5 03.02.2015)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Кәкен Қамзин айтады:

    Жақсылық марқұммен дәмдес болғанымыз да бар еді.

  2. Таңшолпан Бегалықызы айтады:

    Есей ағаның кітабы бар ғой,сонда Жас Алашқа жазып журген кезиндегі «Әкесі жақсы қандайды…» деген айдарда зиялы қауым ұрпақтарынан сұхбаттарын қайталап отырып,Гүлсая апаймен әңгмесі бар бетті қайырып қойғам,шынымен журналистика саласында жур ма екен,іздеп көрейінші деп.Басқа салада екен ғой.Жақсылық Түменбаев балаларынан көп үміт күтіпті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: