Нұртілеу Иманғалиұлы, тележурналист: Гүлдерім жазу үстеліме қарай иіліп тұрады

01Менің анам он төрт құрсақ көтерген алтын жүректі жан еді. Үйдің сүт кенжесі болғасын, атам бауырына басты. «Шалдың баласы» деп бетімнен қақпайтын. Ерке, айтқанымнан қайтпайтын, қайсар бала болдым. Әкем есепші болып қызмет істеді. Ауылға ақын-жазушыларды, сал-серілерді жиі ертіп әкелетін. Бірде ақын Мұқағали Мақатаев келді. Мәдениет үйінде «Көк орамал» деген өлең оқыды. Соғысқа аттанған жігітке қалыңдығы көк орамал сыйлайды. Жігіт әлгі орамалды тастамайды. Жарақат алып, жарасын таңады. Ақынның түр-тұлғасы, өлең оқуы, халықтың оған деген ықыласы маған қатты әсер етті. Үйге келіп, «Боз орамал» деген өлең жаздым. Кейін ақынның өлеңдерінен «Көк орамалды» таба алмадым. Ал мен өмірдің кейбір сәттерін өлеңге айналдыруды әдетке айналдырдым.

Әжем Күліш емшілік қасиеті бар текті адам еді. Мені жанына ертіп, емдік шөп теретінбіз. Ауылда сырқаттанған қарттарды, бала-шағаны емдейтін. Көкке, жасыл желекке қызығушылық осы әжемнен дарыса керек. Гүлді нақты қай уақыттан бастап өсіргенім есімде жоқ. Гүлдің үлкен ғылым екенін түсіндім. Үйімнің бір бөлмесін шағын бақшаға айналдырдым. Гүлдерім көп. Олардың бірі күнді, енді бірі жарықты, бірі қараңғыны жақсы көреді. Күтім жасағанды, жақсы көргеніңді қалайды. Сондықтан, гүлді тірі табиғат деп түсінемін. Кейде үйде жалғыз қалғанда гүлдеріммен сырласамын. Бір қызығы, барлық гүлдер менің жазу үстеліме қарай иіліп тұрады. Бұл – мені жақсы көретіндігінің белгісі. Жазда аулаға раушан гүлінің бірнеше түрін отырғызамын. Тағы бір әуестігім – қалың дәптер жинаймын. Естіген жаңалықтарымды, көрген-білгенімді ерінбей дәптерге түсіремін. Дәптер толғаннан кейін, қоқысқа тастамаймын. Оны жинап, сақтай білу де өнер ғой. Үйде бір чемодан ескі қалың дәптерім бар. Бұл дәптерде ел қызыға оқитын жақсы нәрсенің жазылғанына сенімдімін.

Жазып алған Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №5 03.02.2015)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Таңшолпан Бегалықызы айтады:

    Бай,қуатты болайық дейтін аға осы кісі ма еді?

  2. Әли Қуанышқалиев айтады:

    Журналист ретінде осы кісіні қатты құрметтеймін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: